• Әдебиет
  • 14 Мамыр, 2009

Есімі еленген ер

Қазақстаннан әскерге алынған 1 миллион 200 мың азаматтың жартысынан астамы елге оралған жоқ. Соғыста мерт болды. Хабарсыз кетті. Бұл тарих бұдан бұрын талай жазылды. Әлі де жазыла беретін түрі бар. Олай болатын себебі, соғысқа қанша адам қатысса, соның бәрі – бір-бір тағдыр. Қазақ қатысқан соғысты қазақ ұмыта алмайды. Осы қасірет Орал облысы, Жәнібек ауданына қарасты үш колхозды соғыс жылдары бір мезгілде қатар басқарған Сұпығали Сұлтанғалиевтің отбасынан да айналып өтпеген еді. 1941 жылы ол 76 жаста екен. Қарттық қажытқан осы жасына қарамастан, соғыс жағдайында деп жарияланған облыста қажырлы еңбек етеді. Төрт құбыласын тең қып тұрған төрт ұлының төртеуі де соғысқа аттанады. Үлкен ұлы Жәрдем Сұпығалиев соғыс басталмай-ақ, 1936 жылы әскерге алынған-тұғын. Жапон милитаристеріне қарсы Г.К.Жуков қолбасшылық еткен №57 ерекше корпус құрамында атақты Халкин-гол маңындағы шайқасқа қатысады. Моңғол жері жапон басқыншыларынан тазарып, Кеңес-Моңғол әскері жеңіске жеткенше (1939 жылғы тамыздың 31-іне дейін) сонда болады. Өлім мен өмір арпалысқан қатерлі күндерді бастан кешіп, соғыс дәмін татып үлгерген оған тағдыр тағы бір сынағын дайындап тұр екен. Халкин-гол арпалысынан ес жиып үлгермеген корпусқа Фин соғысына аттануға бұйрық беріледі. Соның соңын ала неміс фашистері Кеңес Одағына баса-көктеп кіріп, Ұлы Отан соғысы басталып кетеді деп кім ойлаған. Неміс басқыншыларының әдепкі қарқыны таудан құлаған тасқындай жойқын болғанын біз, кейінгі ұрпақ, тарихтан жақсы білеміз. Ленинград та, Мәскеу де жау қолына өтіп кете жаздап, тағдыры қыл үстінде тұрған кез. Бас қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығымен Моңғол жерінде соғысқа қатысып, арнайы дайындықтан өткен, отты да, оқты да көріп шыңдалған жауынгерлерден арнайы жасақ құрылған болатын. Жәрдем Сұпығалиев осы жасақ ішіндегі «СМЕРШ» тобына түседі. Оны кейінірек Сұпығалиевтің ұлы Бекес Жәрдемовтің сұрау хатына жауап ретінде жіберген Ресейдегі Орталық мұрағат қағаздары растайды. Майданның ең бір жауапты, ең бір күйіп тұрған алғы шебінде қайрат көрсеткен осы құрылымға жауды қандай жағдайда да жойып жіберу міндеттелген еді. Осындай ауыр міндет жүктелген олар Мәскеу, Ленинград, Смоленск, Сталинград, Ельни қалаларын қорғау үшін жаумен арпалысады. Жолына кесе-көлденең тұрғанды бұзып-жарып, екпіндеп келе жатқан басқыншылар алғаш рет Мәскеу түбінде тойтарылып еді ғой. 1941 жылғы қыркүйектің 30-ынан 1942 жылғы көкектің 20-сына дейін бір толас таппаған осы шайқаста ол ауыр жараланып, госпитальға түседі. Кімнің басы қайда қалып жатқанын біліп болмайтын қиян-кескі шайқастан соң, өлдіге саналып отбасына «қаралы қағаз» жөнелтіледі. Алайда госпитальдан соң ол Сталинград майданынан бір-ақ шығады. Осы шайқаста екінші мәрте ауыр жарақат алады. Елдегі отбасына екінші мәрте «қаралы қағаз» жөнелтіліп жатқанын қайдан білсін, госпитальда ес-түссіз біраз күні өтеді. Бұның алдында бір жылап, көз жасын тауысқан елдегі ата-анасы мен келіншегі, жігіт боп қалған ұлы Бекес «бұнысы да жалған боп шықсашы» деп үміттенген көрінеді. Алайда 1943 жылы бұлар үшінші рет «қаралы қағаз» алады. Бұл жолы онсыз да жіңішкеріп, үзілуге шақ тұрған үміт біржола үзіліп тынады. «Ерлікпен қаза тапты» делініпті онда. Сенбеске лаж қалмайды. Бірақ қай майданда өлгені, сүйегі қайда қалғаны жұмбақ боп қала береді. Бекестің өзі соғыс аяқталуға таяу қалғанда әскерге алынып, бірден училищеге жіберіледі. Бірақ оқуы бітер-бітпестен соғыс аяқталып, әскери қызметін Жапонияда өтейді де, елге 1947 жылдың басында оралады. Бұл кезде Сұпығалидың үш ұлының майданда қаза тапқаны белгілі болып, кенжесі Жұмарыстан соғыстан мүгедек боп келген екен. Осы Жұмарыстан 1986 жылы қайтыс болар алдында, өзі қырық жыл іздеп таба алмаған Жәрдем ағасының сүйегі қайда жатқанын анықтауды Бекеске аманаттайды. – Содан бері сұрау салып, хат жазбаған жер қалмады. Қайда жазсам да, нақты жауапқа қолым жетпеді. Ешкім білмейді. Ресейдегі Орталық әскери мұрағат қызметкерлерінің жауаптары да көңіл көншітпейді. Сөйтіп жүргенде, 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында, ойламаған жерден ақ түйенің қарны жарылып, әкемнің қайда жерленгені туралы хабарға қарық болдық та қалдық, – дейді бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Бекес Жәрдемов. Былай болыпты. Арада жарты ғасыр уақыт өтіп, үміттің үзілер шағына жеткенде Ресейдің Орлов облысына қарасты Должан ауданының әкімі В.А. Семеновтан Бекестің атына хат келеді. Онда Жәрдем Сұпығалиевтің сүйегі Калиновка деревнясында жерленгені жазылыпты, одан әрі аудан әкімі Бекесті ұлы Жеңістің 50 жылдығын бірге атап өту үшін өзі басқарып отырған ауданға шақырыпты. Елу жыл бойы екі көзі төрт болып іздегені аяқастынан табыла қалып, айран-асыр болған Бекес ақсақал сол бойда жолға шығады. Оған Ресей соғыс ардагерлері комитеті тарапынан көмек көрсетіледі. Сөйтіп, Калиновка деревнясындағы бауырластар зиратында әке басына барып тағзым етеді. Аудан орталығы – Долгое селосында өткен мерекелік шеруге қатысады. Аудан әкімшілігі тарапынан жер-жерге шақыру жіберіліп, кезінде Калиновка деревнясы үшін болған шайқасқа қатысқан соғыс ардагерлерін де митингке шақырған екен. Солардың бірі, ардагер В.И. Демидов Жәрдем Сұпығалиевтің ерлік жасап көз жұмған сәтін баяндап беріпті. Қаңтардың ақырғы күндері Сталинград уысынан шығып бара жатқан соң барын салып ышқынған фашистер жаңа үлгідегі «Тигр», «Пантера» танкілерімен, өздігінен жүретін «Фердинанд» пушкасымен жарақтанған жаңа құрамаларын Орел, Курск жағынан лек-легімен жібере бастаған. Арнаулы полк жаудың осы қосымша күшін Сталинград пен Мәскеу бағытына жібермеу үшін тосқауылда тұрады. Жәрдем Сұпығалиевтің бөлімшесі Калиновка деревнясы тұсында жаудың тоғыз танкісін, екі дзотын жойып жіберіп, өршеленген шабуылын он екі рет тойтарып тастайды. Өздері де ойсырап қалады. Ақыр аяғы бүтін бір бөлімшеден өзін қосқанда төртеуі ғана тірі қалыпты. Бірақ төртеуі де жараланған. Шыбын жанын шүберекке түйген сол төртеуі белге граната байлап, төрт танкінің астына түседі. Төрт танкісінен бірден айырылған фашистер сол арада тоқтауға мәжбүр болады. Ардагер В.И.Демидовтың айтуына қарағанда, жүйкесі жұқарған жау әскері Сұпығалиевтің өлі денесінің сау жерін қалдырмай, айуандықпен атқылай берген көрінеді. Жергілікті халық оның бұл ерлігін ұмытпай, аңыз қып айтады екен. Родники деревнясындағы жалпы білім беретін орта мектепке есімін беріп, оқушылар Жеңіс мерекесі сайын тағзым етіп, басына гүл шоқтарын қоюды әдетке айналдырған. Оның үстіне, бауырластар зиратында ерлік жасаған төрт жауынгерге бөлек тас-белгі қойылыпты. Онда: «Супигалиев Джардем. Казах. 1914 года рождения. КазССР. Западно-Казахстанская обл. Джанибекский район. Красноармеец. Погиб 27.01.1943 г. Захоронен Орловская обл. Должинский район, село Родники» деп жазылған. Қатарынан үш соғыстың өртін кешіп, қайталанбас ерлік көрсеткен оның қаһармандығы ескеріліп, көзі тірісінде-ақ «ІІІ дәрежелі Отан соғысы», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «ІІІ дәрежелі Даңқ», «ІІ дәрежелі Даңқ» және үш мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған оны қаза болған соң «І дәрежелі Даңқ», «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапаттайды. Жәрдем Сұпығалиевқа берілген осы ордендердің өзі-ақ Совет Одағының батыры атағымен тең боп есептеледі. Бекес Жәрдемов сол жолы елге жергілікті халықтың әкесіне деген құрметін көріп, көңілі марқайып қайтты. Даңқты адамның ұлы – Бекес ақсақал Должан ауданының әкімі В.А.Семеновтың шақыру хаты бойынша 2001 жылы тағы бір мәрте Родники ауылына барады. Ол жолы Ресей соғыс ардагерлер комитетінің ұйымдастыруымен Жәрдем Сұпығалиевтің басына жеке белгі орнату рәсіміне қатысады. Енді бірер жылдан соң кезінде сол соғыстың дәмін татқан Қазақстан да Жеңістің жетпіс жылдығын атап өтпек. Осы айтулы күн қарсаңында Жәрдем Сұпығалиев сынды батырдың есімін ұрпақ есіне мәңгілік қалдыру шараларын осы бастан қамдай берген жөн болар еді. Көшелерге атын беріп, мүсінін көрнекті жерге орнату – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Нұрлыбек Саматұлы, жазушы

2961 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы