• Әдебиет
  • 05 Маусым, 2009

Тарих – еріккеннің ермегі емес

"Ана тілі" газетіАдам баласы қызық қой, егер оны күні кеше ішер ас, киер киімге жарымай, кісі есігінде жүрген жерінен күмбезі көк тіреген ақ мәрмәрлі, алтын тақты салтанатты сарайдың қақ төріне апарып қолына билік, аузына фәтуа беріп қойсаң не істейтінін ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені екінің бірі жыртық шекпеніне өткенінің өнегесіндей қып әлсін-әлсін көз тастап отыратын қайран Аяз би бабамыз емес. Жүздеген жылдар бір елдің отары болып келген ұлттың ешқандай ұрыс-соғыссыз, қарулы көтеріліссіз Аллатағаланың өзі берген азаттықты алғаннан кейінгі тірлігі де кейде осыған ұқсас болып келеді. Иә, біздің кейбір кемшілігіміз көңіл де жетпес, көз жетпес көне тарихымыздан бастап күні кешегі дерлік өткен-кеткенімізді қалай айтуымыздан-ақ көрініп қалып жүр. Ерсіліктерге ескертулер де айтылуда. Амал не, қазір оған құлақ асып жатқан жан баласы жоқ. Шетінен тарихшы, шетінен шежіреші, энциклопедист бір ұлтқа айналдық. Қазір бұрынғы бухгалтер, бұрынғы құрылысшы, бұрынғы автомобилист, бұрынғы зоотехник, қаласа академик, кандидат, ең құрығанда шежіреші, жылнамашы болып шыға келеді. Шынында да толқыны тереңінде тербеліп жатқан тұңғиық тарих-мұхитымызды бүгінде небір жолдан қосылған жолбикелер сан-саққа ала қашып, кімді тыңдап, кімге тоқтарыңды білмейтін сапырмай сөз, бұлдыр болжамға айналдырып, тіпті небір айдай ақиқатты көзбе-көз бұрмалауды кәсіп қып алды. Бұл ретте әсіресе, осы күнгі бал жалаған басшы қазақтардың да, көнін сүйреткен қосшы қазақтың да жаны мен тәніне жара болып жармасқан жүзшілдік, тайпашылдық, ең берісі рушылдық дертінің соры қалың болып тұр. Несіне жасырамыз, қазір бұл бүкіл ұлтымыздың дерлік алпыс екі тамырын қуалай ағып асқынған дертке айналды. Көрнекті жазушы, арғы-бергі тарихымыздың білгірі Мұхтар Мағауин әнебір жылдары қарамағында қызмет істеп жүргенімде бір әңгіменің ретінде көрерсің де білерсің, бұдан былай бұрынғы белгілі-белгілі тұлға тұтып келгендеріміздің бәрі бірте-бірте ұмытылып, олардың орнына қалаларға, көшелерге осы күнгі байлардың, қолында билігі барлардың ата-бабалары мен туған-туыстарының аты беріледі дегені осындайда еске түседі. Қазір екі қазақтың бірі ата-бабасы туралы жазған шежірені қарап отырсаң қазақтың үш жүзі түгіл бүкіл тайпа, руының ата-бабасы шетінен жауға жалаңаш шапқан батыр, шетінен от ауызды, орақ тілді шешен, бәрі би, бек, хан болған екен. Қазір кез-келген ауылдан, аудан орталығынан астына бетон ат мініп, қолына бетон найза ұстаған ешбір тарихтан оқымаған, ешкімнен естімеген әлдебір батырлардың ескерткішін көретін болдық. Қазір жаңадан жасалып жатқан ұлттық тарихымыздың талай-талай мәліметтері осы ауыл-аймақтық ауызекі дүниелерден және тамыр-таныстықпен алынып жатқанын жасырудың өзі күнә. Ұлттық тарих демекші, тарих ғылымының докторы, профессор Қ. Атабаев қазақ тарихын жазу «ұлттық рухымызды ұлықтау» екенін дәлелдеп-ақ берген еді (Атабаев Қ. «Қазақ тарихы», 1,3, 9 беттер). Ендеше, біз ұлттық рухты өз деңгейінде ұлықтап, тарих қойнауындағы ақты — ақ, қараны — қара деп шынайы пәкизаттықпен айтып жүрміз бе? Ендеше неге күні кеше дерлік дүниеден өткен Алашорда арыстарының бірін мақтап, бірін даттап әрқайсысын әр жаққа тартамыз? Сол Алаш азаматтары дегенде неге бас-аяғы 4-5 адамның атын атап, басқаларын «ұмыт қалдыра» береміз? Тіпті, С. Қожанов, Т. Рысқұлов, С. Сейфуллиндер төңірегіндегі әрі итеріп, бері жығудан тарихымызға келер пайда мен зиянның қайсысы басым екенін де таразылай алмауымыз неліктен? Әбілқайыр мен Абылай төңірегіндегі пікірталастар ше? Әрине, ашық пікірталас әрқашан әділетті атқа мінгізеді. Оны біле тұра баспасөз бетінде екі жақтың пікірін бірдей бермей, біріне басымдық бере алатын басылымдар да бар екені рас қой. Сондықтан, мейлің ата-бабаңның шежіресін жазсаң да, мейлің ұлтқа белгілі ұлы тұлғалар туралы жазсаң да ақиқаттан аттамауға тырысу, егер тың бір жаңалық жарияламақ болсаң, оныңды пәленшекем өйдеген екен, түгеншекем бүйдеген екен деген сияқты сылдыр сөзбен сұңқылдатпай нақты деректермен тиянақтап айту керек. Өйтпесең, біріншіден өзіңнен кейін келер ұрпақтың арасына алауыздық туғызуың мүмкін, яғни, ұрпаққа қиянат жасап кетесің, екіншіден бұл өзіңнің азаматтығыңа жұрттың күмәнін туғызады. Осыған нақты бір мысал боларлық жағдаятты жақында Шалқар қаласына барғанда елдің көзі ашық, айналасына сыйлы азаматтары ренжіп отырып әңгімелеп берді. Әңгіменің аужайына толығырақ көз жеткізу үшін баспасөзді парақтап шыққанды жөн көрдік. Сонда әлгіден бері өзіміз айтып отырған осы күнгі тарихшылдықтың бір түрі Шалқарлық Оразбайдың «шежірешілігі» сияқты екеніне тағы бір көз жеткізгендей болдық. Оқыдық. Дұрыс емес десеңіз, өзіңіз біліңіз, бірақ Оразбай ақсақалдың «Рухы биік бабаларымын» оқып болғасын Әбубәкір Кердерінің «Бақа-шаян жайлайды, көл суалып ортайса, қарға көзін шұқиды, алтын тақтан хан тайса» деген аталы сөзі ойға орала берді. Әуелі, бүтін бір Әлімнің шежіресінен шыжым тартып отырған Орекеңнің ең болмаса бабаларымыз демей «бабаларым» дегені несі деп сәл тіксініп қалдық та ойымызды жамандықтан аулаққа салайық деп әрі қарай оқи бастадық. Иә, ықылым заманнан өмірдің небір ащысы мен тұщысын, зәмзәмі мен зәрін қатар татып, небір сұрапыл кесапат пен шуақты шапағатты бірге көріп келе жатқан осындағы ағайынның Орекеңе ренжитіндей-ақ жөні бар екен. Реніштің басы бұл мақалада ықылым заманнан исі қазаққа сіңісті болып қалыптасып кеткен «Тілеу-Қабақ» деген сөз тіркесін кейінгі біреулер «Қабақ-Тілеу» деп бұрмалап айтып, оны мақала авторы баспасөз бетінде осылай орын ауыстырып пайдаланғанынан болып еді. Расында халық әні деп аталып кеткен белгілі ән де «Сұрасаң руымды Тілеуқабақ, ән салсам қозғалады қас пен қабақ» деп басталар еді-ау. Өзіміз оқыған кітап атаулыда да, әлемге әйгілі жазушы осы өңірдің төл перзенті Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен Тер» трилогиясында да тілеуқабақ жігіттері деп жазылған. Ендеше пайғамбар жасынан әлдеқашан асып кеткен Орекең ақсақалдың бұл екі сөзді қайта-қайта орын ауыстырып жазуына жол болсын дегендерді естігенде шынымен-ақ таң қалдық. Мұны жасы келген адамда кездесе беретін бала мінез дей салалық. Бірақ Оразбай ақсақал осы бір әлде мақала, әлде ру тарату сияқты жазбасын біресе аудандық, біресе республикалық газетке жариялатып жар салуы да тым ыңғайсыз екен. Осындайда еске түседі: белгілі жазушы, тарихшы Қ. Салғарин «Елдік негіздері» деген кітабында «Қазақ тарихшылары барлық түйткілдерді ашуға мүмкіндіктерін толық жұмылдыра алмай отыр. Әр кезде әрқалай айтылып, таптаурын болған дерексымақтарға сілтеме жасаудан әрі аса алмайды» деген пікір айтады. Өте дұрыс! (Қ. Салғараұлы. «Елдік негіздері». Астана 2007. 77-бет). Дәл осы пікір Орекеңнің «тарихшылығына» қаратып айтылған ба дерсің. Ол кісінің осы мақаласындағы мысалдар түгел дерлік «пәленшекем мен түгеншекемнің» айтқандарынан алынған. Мұндағы Қоянды жәрмеңкесін Қабақ Абылайұлы Саршонай би ашыпты деуі үлкен күмән туғызады. Шежіреші Орекеңнің өзі де оның қай жылы болғанын анық білмей, «ХҮІІІ ғасырдың орта кезеңі болса керек...» деп бастайды. Бұл мақала азды-көпті қулықтан да құр емес. Ол бірде «Қазір біздің өңірде Қалу деген атамыз туралы көп айтылады» деп, енді бірде Қалу деген атамыздың Бөлек деген баласынан» деп басталады. Олардың арғы тегі туралы ләм-мим жоқ. Оның есесіне Қабақ атамыз хан кеңесінің мүшесі әрі уәзір, ал Тілеу тек «билер кеңесінің мүшелігінде» (?) болған дейді. Сонымен не керек 1683-85 жылдардағы Сайрам соғысында қаза тапқан Тілеуді «Қабақтың ықпалымен» Түркістанға әкеп жерлеген көрінеді. Не істеп отырғанын кім білген, әйтеуір осы кезде Қабақ Түркістанда «Тәуке ханның сенімді адамы ретінде отыр» екен. Тілеу сол заманда әрі би, әрі батыр, елдің сөзін ұстаған белгілі тұлға болған. Ендеше оны «Қабақтың ықпалы» болмаған күнде де ешкім соғыс майданына тастап кетпес еді. Қазақ мұндай атақты адам түгіл қарапайым азаматының сүйегін далада қалдырмаған. Жалпы, әзіл-шыны аралас айтсақ, Оразбай ақсақал еліміздегі сөз бостандығын ең бір еркін пайдаланып жүрген азаматтың бірі. Сонау 90-шы жылдардың бас кезінде бұ кісі өзінің туған әкесі Әділбайды мақтап палуан болған дегенге дейін барды баспасөзде. Ақиқатына келсек, марқұм ол кісі осы Орекең тұрпатты қол басындай ғана қалбаң қаққан қарапайым ақкөңіл адам болатын. Ол кісіні көзі тірісінде Ақтөбе, Қызылорда облыстары түгіл алақандай Құланды түбегінде палуан деп атағанын естіген емеспіз. Тарихшы-жазушы Қ. Салғараұлы қай істің де жүзеге асуы білікті маман-кадрға байланысты екенін, елімізде деректану ғылымын терең меңгерген тарихшылар тапшы екенін өте орынды айтты (Бұл да сол кітапта, 76-бет). Сондықтан біздің қазіргі тарихшы деп жүргендеріміздің ішінде аңыз-әңгімелерден, ауызекі айтылған уақиғалардан шала-пұла естігендерін тарихи дерекке айналдырушылар көбейіп кетті. «Рухы биік бабаларымның» автор исі қазаққа белгілі әулие Мөңке бабамыздың аузына «Сүйегім Тілеу, етім Қабақпын! Себебі мен Қангелді мен Қалдыбайдың тәрбиесінде болдым ғой» деген біреулерден естігенін тарихи дерекке ұқсатып, баспасөзге жариялауды ешкім ғалымдық та, тарихшылық та, шежірешілік те дей қоймас. Бірақ біз дүниеден өткен және ұлттық тұлға дегіміз келген ата-бабаларымыз туралы айтқанда да, жазғанда да оның бүкіл ұлтқа және ертеңгі ұрпаққа өнегелік істерін мәдениеттілікпен, инабаттылықпен һәм есі бар ақсақалдықпен жеткізе білуіміз керек. Әйтпесе, Орекешілеп бүкіл Әлімге анау қорған болған, бүкіл Алашта-Қазақ артық, бүкіл Әлімде Қабақ артық, Қабақтың батырлары мен билері Әлім елінің жел жағына пана болып, барша елді жаудан қорғады деу ақсақалдыққа да,шежірешілікке де жатпайды. Оразбай ақсақалдың бұл жазбасына тереңірек үңілген адам оның Қабақ пен сол бабамыздың атымен аталатын руды қалайда алты ата Әлімдегі ең ержүрек, ең мықты, ең әулие, ең бай ру етіп көрсетпек ниетін анық байқайды. Әрі-берідесін бұл ағайынның арасында салқындық орнатып, алауыздық туғызуы мүмкін. «Сөз қуған бәлеге жолығады» – дейді ата-бабамыз. Осы «шежірені» оқып отырсаң, жоңғарлар басқыншылығынан қашқан қырғыздар «Жетіру еліне барып, олар сыйғызбай, малдарын талап, әйел-қыздарын алып қашып, маза бермепті». Сонымен сол қырғыздар 300 жылдан астам осы елде Қабақ тайпасының ішінде өсіп-өніп келе жатыр екен. Жетіру деген тайпа жер бетінен жойылып кеткен жоқ. Ата-бабалары туралы жоғарыдағы жолдарды оқыған олардың ұрпақтары мен қазір қазаққа Оразбай ақсақалдың айтуынша қабаққа сіңіп, «өсіп-өніп келе жатқан» қырғыз ұрпақтары не ойлайды. Тағы бір ұятты шаруаға зер салыңыз. Бұл мақаланы оқып отырған адам осындағы айтылған деректер Әбіш Кекілбаев, Ғалым Ахметов, Мұхтар Мағауин сияқты белгілі тарихшылардан алынған екен деп те қалуы мүмкін. Шындығында бұл ғалымдардың еңбегінде осы рулардың, батырлар мен билердің аты-жөндері әр тұста ұшырасады. Бірақ дәл Орекең айтқандай не Әлімнің ішінде ең ержүрегі Қабақ руы, Мөңке биді әкесі Тілеу өлерінде Қабаққа аманаттап кетіпті, Қарамашақ деген рудан Жаманақ деген ру мықты, Әлімнің ішінде Қабақ артық деген бір ауыз сөз жоқ. Осы мақалада Орекең әлгі атақты тарихшы ғалымдармен жалғастырып, А. Құнтілеуов, С. Құттыбаев, З. Байдосов, Ұ. Қауыс, Ж. Асанов деген азаматтарға «кейінгі буын тарихшылар» деген атақ береді. Бұл жігіттер біздің білуімізше бірі экономист-заңгер, бірі –автомобилист, бірі кезінде аудандық газетті басқарған журналист және дәл Ғ.Ахметов, М. Мағауин, Ә.Кекілбаевтардың қатарына қондыратындай ғалым-тарихшылар емес еді... Қорыта келгенде осының бәрі профессор Қамбар Атабаев жазғандай «біздің тарих ғылымының методологиялық проблемасы өзінің кең көлемдегі ең басты зерттеу объектісін (нысанын) әлі күнге анықтай алмай отырғанын, Қазақстанның тарих ғылымының ұлттық деңгейдегі басты зерттеу обьектісі қазіргідей Қазақстан тарихы емес Қазақ тарихы болуы тиіс» екенін қазір сезудей-ақ сезініп отырмыз. Қазір әр ауылдан, әр ауданнан шыққан, тарихшы қауымға әлдеқайдан қосыла кететіндер қазақ тарихын әр тайпаның, әр рудың, тіпті, аталықтың тарихына ыдыратып жібере ме деген де қаупіміз жоқ емес. Біз жоғарыда осындай екі-үш келеңсіздіктен ғана мысалдар келтірдік. Ал тарихқа пайдасы күмәнді, әрі ағайын арасына салқындық туғызатын, әрі ғылымның қадір қасиетін кетіріп, қаншама дүниелерді ақшасы барлар кітап етіп шығарып жатыр! Әрине, солардың ішінде шалқарлық азаматтар Қанатбай Елеусізовтың, жазушы-журналист Тауман Төрехановтың «Адамның сұңқары», «Дала Геркулесі» сияқты ұлттың ұлы тұлғалары туралы небір тұщымды дүниелер де баршылық. Сауды тебірентіп, небір шікәмшіл жүректі шым еткізер осындай туындыларда сол даналардың ерлік істері, сұңғыла сезімдері, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен әділ шешімдері ұрпаққа үлгі, өркенге өнеге . Бірақ халқымыздың тарихындағы қасиетті тұлғаларды ендігі тарихымызға тайпалық, рулық деңгейде ұсыну – ұрпағымыздың ақыл-есін, ой-санасын сол тайпалық, рулық шектен шығармай тастауы мүмкін екенін есте сақтайық! Мырзан КЕНЖЕБАЙ

6392 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы