• Қоғам
  • 02 Шілде, 2009

«Санаға сақ, халыққа жақ» жұрт

Журналист қозғамайтын тақырып жоқ. Ол саясатты да, экономиканы да, өнер мен мәдениетті де, шопанды да, егіншіні де, тігіншіні де жазады. Солардың мәселесін жоғарыға жеткізеді. Қысқасы, журналист қоғамдағы барлық саланы қамтиды. Ал енді осыған дейін «журналистер журналистика саласының жайын талқылады» дегенді естідіңіз бе? Жоқ. Дегенмен Астанада осындай басқосу өтті.  Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде еліміздегі БАҚ басшылары мен қоғамның күрделі мәселелерін талдап жеткізіп жүрген белді журналистер дөңгелек үстел басында бас қосты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен аталыш оқу орны бірлесіп өткізген жиында баспасөз мамандары «Қазақ журналистикасы: өзекті мәселелер» тақырыбында қазақ баспасөзінің өте зәру және аса маңызды мәселелерін талқыға салды. Алқалы басқосудағы құлаққа жағымды жаңалық ретінде Еуразия Ұлттық Университетін телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының ашылғанын айтар едік. Ел телеиндустриясының білікті маманы, қоғам қайраткері Ғаділбек Шалахметовтің аталмыш кафедраға меңгерушілікке келуі университеттің ғана емес қазақ журналитткасының олжасы деуге болады дейді оқу орнының ұстаздары. Ал университеттегі баспасөз және баспа ісі кафедрасына жас ғалым, Қайрат Сақ меңгерушілік етеді. Екі кафедраның бағыты айқын, мақсаты үлкен көрінеді. Болашақта осы бөлімдерді біріктіріп журналистика факультетін ашсақ деген оймен университет басшылығы журналистер қауымын әдейі жинаған екен. Және бір жаңалық елімізде күні бүгінге дейін болмаған журналистика зерттеу институты Еуразия Ұлттық университетінің жанынан ашылды. Оған журналистика ғылымының маманы, профессор Намазалы Омашев басшылық етеді. Журналистиканың қоғам өміріндегі орнын айқындау, уақыттың тиімділігі мен бәсеңдігін арттыру, елдің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту, уақыт талабына лайықты білікті мамандар даярлау күн тәртібіндегі мәселе. Бүгінгі жаһандану заманында ақпарат қауіпсіздігі басты мәселеге айналып отыр. Қазақы БАҚ мамандарын даярлауда талқыға салып шешуді қажет ететін мәселе жоқ емес. Елімізде 20-дан аса журналистерді даярлайтын оқу орындары бар екен. Кешегі Кеңес Үкіметі кезеңінде бұл бір ғана білім ордасында жүзеге асқанын ескерсек, соңғы жылдарда журналистика мектептерінің әр жерден ашылуы сапасыз мамандарды әзірлеуде үлкен даңғыл жол болған еді. Сондықтан елімізде журналистерді дайындау 3-4 жерде ғана жүзеге асса жеткілікті болады дейді БАҚ мамандары. Және салаланған талапкерлер есебінен журналистика бөлімінен дербес факультет құрып әрқайсысын ғылыми білім орталықтары деңгейіне көтерсек бәсекелестік жағдайында ұтатынымыз көп екен. Сеніңіз, сенбеңіз, бүгінде республика бойынша журналист кадрларын даярлайтын 20 орталық бар екен. Кеңес өкіметінде бұл істі ҚазҰУ-дегі бір-ақ факультет атқарған-тын. Қазір журналист көп. Бірақ маман жоқ. Ал жаңағы 20 орталықтың бәрі сапалы маман даярлап отыр деу әбестік. Тағы бір мәселе. Астананың бас оқу орны саналатын Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде журналистика факультеті жоқ екен. Бұл енді парадокс. Дөңгелек үстелге жиналғандар аталған оқу орнынан журналист кадрларын дайындау керек деген шешімге тоқтады. Сондай-ақ журналистерді топырлатып әр жерде дайындамай, мақсатты түрде Қазақстанның төрт аймағында оқыту керек деген ұсыныс айтылды. Олар: Алматы мен Астана қалалары және Батыс пен Шығыс облыстары болмақ. Шындап келгенде болашақ журналистерді оқытатын іргелі оқулықтар жетіспейді. Ал журналистиканы зерттеу институтының ашылуы осы олқылықтардың орнын толтырады деген ойдамыз. Аты аталған институт мамандары алдағы екі жылда алғаш шыққан баспасөз беттерінен Алаш публицистерінің еңбектерінен он томдық шығаруды жоспарлап отыр екен. Филология ғылымдарының профессоры Ақселеу Сейдімбекше айтқанда, қазақ халқы 67 пайызға жетті. Бірақ БАҚ сол халықтың рухани ақпараттық сұранымына толық деңгейде жауап бере алмай отыр. Екіншіден, үлкен ақпараттық тегеурінді экспанцияны қазақ халқы мойындамай тұр. Мұның өзі мемлекетіміздің тұрақтылығына, қоғамдық өмірдің орнықтылығына, әсіресе бүгінгі жаһандану заманындағы аласапыранда ұлттық төл тумаларын сақтауға нұқсан келтіретін көрсеткіш екені айдан анық. Күрмеуі шешілмей жатқан мәселелер жеткілікті. Оның бәрін бір басқосуда шешу мүмкін емес. Тек биыл ғана университеттегі жалғыз кафедраның екеу болуы және болашақта оның факультетке ұласуының өзі үлкен іс. Дөңгелек үстелге жиналғандар журналист мамандарын даярлау мәселелері жайында сүбелі ой қозғап, пікірлерімен бөлісті. Жиынға бастамашыл болған оқу ордасына ризашылық айта келіп, осындай алқалы жиынның Баспасөз күні қарсаңында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұруын қолдады. Басқосуға жиналғандар журналистика саласының жай-күйін тереңінен талдап, оны хатқа түсіріп Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктеріне өз ұсыныстарын жолдады. Француздың атақты қолбасшысы Н. Бонопарт «Мен 100 мың қылыштан гөрі үш газеттен қорқамын» деген екен. БАҚ-тың қоғамдық рөлінің қаншалықты маңызды екендігін осыдан-ақ байқауға болады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Журналистер санаға сақ, халыққа жақ болсын» деген сөзі нақылға айналып әрбір елін сүйетін журналистің ой-санасында жүргенін қалар едік. Бейбітгүл ИСАЕВА

3595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы