• Әдебиет
  • 08 Қазан, 2009

«Алаштың анасы» ардақталған күн

Ілгері заманда Шәкерім қажы Құдайбердіұлы «Сыр – алаштың анасы» деген сөз айтыпты. Тәуелсіздік тұсында осы сөз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да тіліне тиек болды. Қазақтың білімпаз қос бірдей ұлы Сырдың бойын анаға теңеді. Неге? Мән-мағынасына, түп-тереңіне, мазмұнына үңіліп көрдіңіз бе? Әдетте біз «ата жұрт», «атамекен» деп жатамыз. Ғасырлар бойына қалыптасқан осы түсінікті Шәкерім қажы мен Назарбаев білмеді дейсіз бе? Білгенде қандай. Дегенмен мұның төркіні басқа жақта.

Ғасырлар тізбегінде қазақтың көрген құқайы аз емес. Небір шапқыншылықты, жаугершілікті, жұтты көрген, бастан өткерген. «Байтал түгіл бас қайғы» замандар өткен. Сайын даладан сая таппай, ағыла көшіп, аңырап қалған күндерді де көрген бабалардың ұрпағымыз. Қарға тамырлы қазақтың тамырына талай балта шабылса да, жерден нәрін, күннен нұрын үзген емес. Сондай қысылтаяң, ел басын күн туған керзаманда алаш баласы Сырдың бойын сағалапты. Жарасын жазыпты. Бойын түзепті. Есін жиыпты. Етегін жауыпты. Елдікті ойлапты. Сырдың нулы тоғайы сол қазаққа пана, сулы аймағы ықтасын болған екен. Ашқұрсақты тойғызған, кедейді байытқан, жоқты жеткізген. Қысқасы, қазақ сырды емген. Сөйтіп, ұланғайыр далаға қайта тарап тіршілігін жалғастырған. Енді өзін емізген, асырап-баққан аймағын қазақ анаға теңемегенде не дейді?! Сырдың алаштың анасы болатын себебі осы. Қос тұлғаның теңеуі де осы арадан тарқайды.

Біздің жұртта аңыз көп. Сол аңыздың бірі былай аяқталады. «Сырдың бойынан шыққан лақ үйлердің үстінен секіріп отырып Түркістанға жетеді екен». Тамырына бойлаған адам осы сөзден қазақ даласында өркениеттің қандай болғанын біле береді. Ойлаңыз, қазіргі Қызылорда мен Түркістанның арасы екі жүз шақырымнан асатын жол. Яғни, өткен заманда осы екі араның барлығында ел болған деген сөз. Ел болғанда да, жәй жатқан жұрт емес, қала салған, өркениет өрісінде өз ізін қалдырған халық отырған. Білетіндер, біз сөз етіп отырған аралықта 50-ге тақау қалалар болған дейді. Әсілінде, осы сөздің жаны бар.

Қазаққа пана, жоқтықта жаға болған сыр өңірінде той болды. Өткен апта. Ол не той? Қызылорда облысының құрылғанына 70 жыл, ал Қызылорда қаласының іргетасы қаланғанына 190 жыл. Қос тойы қабат келген абат аймақ туған топырақтың мерейлі мерекесін дүркіретіп өткізді. Құдайшылығын айту керек, бұл өзі дарақылықтан ада, ас ішіп, аяқ босатуды ғана ойламайтын, берері көп, тәрбиесі мол той болды. Енді соны оқушы қауымға асықпай баян етелік.

Қызылорда қазақтың бар жақсысын жинап той өткізді. Оған Әбдіжәмил Нұрпейісов, Бибігүл Төлегенова, Қадыр Мырза Әлі, Ұзақбай Қараманов, Сұлтан Сартаев, Асанәлі Әшімов, Иран-Ғайып секілді алаштың ардақты ұл-қыздары бастаған ұлт зиялылары қатысты.

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы әлемге аты әйгілі «Шахнаманы» қазақ тіліне аурадып, қазақша сөйлеткен, ғаламдық жауһарды қазақша сайратқан ақын. Тұрмағамбеттің кіндік қаны тамған, тірісінде тіршілік еткен жері де осы Сырдың бойы. Қызылорда тойының шымылдығы Тұрмағамбеттің шығармашылығына арналған ғылыми-танымдық конференциямен ашылды. Жер-жерден жиналған шығыстанушы ғалымдар Тұрекеңнің шығармашылығына терең бойлап, түбін қазып, маржанын терді. Жылдар бойына мұрағатта отырып Ізтілеуұлының шығармашылығын зерттеген Шәкен Күмісбаев Тұрекең турасында көлемді баяндама жасады. Оның барлығын тәпіштеп жеткізу артық шығар. Дегенмен Күмісбаевтың бір пікірі көпшіліктің көңіліне қонды. Ол «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы әлемдік ойшылдар Данте, Гетемен иық тіресіп, қатарласып тұра алатын, қазақтың аса дарынды ойшылы» деген сөз айтты. Расында да, сырдың бойында жатып әлемдік классикалық туындыны қазақ тіліне аударып және оны түпнұсқадан кем қылмай жеткізген ақынды қалайша осал дерсің?!

Ғылыми-танымдық конференцияға жиналған ғалымдар «Ұлылар үндестігі», «Шығыс әдебиетінің дәстүрі және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Тұрмағамбет Ізтілеуов және Фердоусидің «Шахнамасы» секілді баяндамалар жасады. Ислам Жеменей, Құлбек Ергөбек секілді мықтылар Тұрмағамбеттің шығармашылығы мен өмірі туралы толымды пікір, тұщымды сөз арнады.

Сыр бойы адамдарының көмейіне бұлбұл қонған. Алты Алаштың баласы жиналған тойға сырдың саңлақтары мерекелік концерт қойды. Сүлейлердің сарқытындай болған Алмат Алмасов бастаған ән мен жырдың дүдүлдері өнер көрсетті.

«Адамнан жасырғанмен, Алладан жасыра алмайсың». Қазіргі кезде әркім өз атасын түгендеп, батыр мен биді, болыс пен бекті, ақын мен шешенді меншіктеген, өздеріне ғана теліген көріністерге куә болып жатамыз. Атағы асқан, даңқы асқақтаған, айналасы жасқанған адамды қазір бір ғана ру өзіне меншік етіп ала салады. Бұл арада оның қазаққа қылған еңбегі сырт қалып жатады. Тап бір ол қазақтың жерін сол ру үшін ғана қорғағандай әсерде болатының да жасырын емес. Бұл енді жақсылыққа бастамайтын жол. Қызылордада Қара қыпшақ Қобланды батырға ескерткіш ашылды. Ел арасында «Қобландының Қызылордаға қатысы қанша?» деген әңгіменің айтылғанын құлағымыз шалды. Бұл жаңағы меншіктеу психологиясының жемісі болса керек. Ескерткіштің ашылу салтанатында қазақтың төлқұжатына айналған Алаштың Асанәлісі санасы бар адамға меншіктеу мен бөлінудің соңы жақсылық емес екенін тәпіштеп түсіндірді. Әшімов сөзінің тобықтай түйіні мынау: Қобыланды қазақ үшін айқасқа түскен, басын бәйгеге тіккен азамат. Ол бүкіл қазаққа ортақ батыр. Осы ескерткіштің Қызылордада ашылғанына ерекше қуанып тұрмын. Қобландының ескірткіші тек бір жерде ғана емес, Қазақстанның әр облысында тұруы керек. Асекеңнің сөзі осы. Бұған біздің де жанымыздан қосар ештеңеміз жоқ.

Қызылорда тойға тыңғылықты дайындалыпты. Қабат келген қос тойға тартулары да мол екен. Енді соның бірерін айта кетейік.

Дария бойындағы қала жасыл желекті аймаққа айналып келеді екен. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов қазақ жерінен жиылған қонақтарды бастап сондай көрікті тұстарды аралап қайтты. «Сыр сүлейлері» деген аллеяны көзіміз көрді. Үлкен қазақы үйдің іші талай дүниеден сыр шертеді. Оның алдына бір шетінен қарасаң домбыра, екінші шетінен қарасаң қобыз болып көрінетін, ортасында сия сауыт пен қалам жатқан ескерткіш қойлыпты. Болашақта бұл аллеяға үлкен экран қойылып, сыр сүлейлерінің әндерін 24 сағат бойына көрсетіп тұру ойда бар екен. Онан кейінгі желекке оранған жер «Самал» қонақүйінің алды. Айналаның барлығы жап-жасыл. Адам жанын жадырататын жер екенін байқадық.

Қызылорда Сырдарияның бойында тұрса да, осы уақытқа дейін онда жөні түзу жағажай болмаған. Облыс әкімінің арнайы бастамасымен «Сыр самалы» деп аталатын жағажай жасалыпты. Арнайы қоршалған, топырағы мен құмы төселген, концерт қоятын сахнасы жасалған демалыс орнында балалар асфальтқа сурет салып ойнап жүр. Сырдың сарқырап ағып жататыны белгілі. Дегенмен облыс басшылығы су үнемі тазарып тұру үшін арнайы канал қазып, жағажайға су жеткізіп қойыпты. Ол жағажайға ғана су жеткізбейді, жолай бассейндерге құйып, балалардың бейқам суға түсуіне жағдай жасайды. Игілікті істерімен таныстырып жүрген облыс әкімі Болатбек Баянұлы сөз арасында былай деді:

– Жыл сайын ондаған бала суға ағып кетеді. Жабайы жағажайларда жағдай жоқ. Ол – балалалар үшін өте қауіпті. Биыл арнайы осы істі қолға алдық. Ең болмаса бір баланың өмірін аман алып қалып жатсақ, онда еңбектің өтелгені.

Осы күні қала тұрғындарының қамсыз жүруі үшін Астана даңғылы ел игілігіне берілді.

Ақмешіттің мерейтойына орайластырып Қызылордада республикалық ақындар айтысы өтті. Оған Сара Тоқтамысова, Ринат Заитов, Бекарыс Шойбеков, Кәрима Оралова, Күмісай Сәрсенбаева, Әбілқайыр Сыздықов, Кенжебай Жүсіпов, Еркін Садықұлы, Нұрдәулет Махамбетов, Мұхтар Ниязов сынды мықтылар қатысты. Айтыс десе, ішкен асын жерге қоятын қызылордалықтар Нартай Бекежанов атындағы театрдың залына сыймай кетті. Әлеуметі алқалап отырса, ақындарда жан бар ма? Ақындар жанын салды. Бекарыс пен Нұрдәулеттің, Кәрима мен Мұхтардың арасындағы сөз сайысы жергілікті жұрттың санасында көпке дейін жүреді. Біраздан бері айтысқа шықпай қалған Нұрдәулет Бекарысқа «жолыңды бер» деп қолқа салды. Тісққан ақын мұндайда тосылсын ба? Інісін әбден мақтаған Бекарыс «Қызылора мен Түркістанды жалғап жатқан қара жолдың бәрін саған бердім» дегенде шапалақтан құлақ тұнды. Мұхтар Кәрима жеңгесін машинаға, оның ішінде «Каринаға» теңеп, ақыр аяғы қайнылық қалжыңмен «Каринаның мінгізші кабинасына» дегенде зал толыға халық күлкіге көміліп қалды. Қадыр Мырза Әлі бастап, Иран-Ғайып, Нұртөре Жүсіп қоштаған әділ-қазылар алқасы жеңісті Бекарыс Шойбековке берді. Солайша, Бекарыс Қызылордадан темір тұлпар мініп қайтты.

Мерейлі мерейтойдың соңы гала-концертке ұласты. Қызылорданың орталық алаңы күрделі жөндеуден өткен екен. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары жиналған мерекелік концертті көруге 120 мың адам жиналды. Оның сыртында бүткіл облыс халқы бұл концертті тікелей эфирден тамашалап отырды. Мұндай құбылыс Қызылордада бұрын-соңды болмапты. Облыс басшылығының тұрғындарға ең үлкен тартуы парсы шығанағынан Ақмешітке Араштың келуі. Алаш жеріне аяқбасқан Араш халықты әнге бөлеп кетті.

Ақмешіт тойы солайша өз мәресіне жетті.

Ержан БАЙТІЛЕС

3617 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы