• Әдебиет
  • 08 Қазан, 2009

Кіндік төрі қазақтың...

www.anatili.kazgazeta.kzБиыл Қарағанды облысындағы іргелі аймақтардың бірі – Ұлытау ауданының құрылғанына жетпіс жыл толып отыр. Тау аттас ауданға осынша уақыт болғанымен қарт Ұлытаудың тарихы әріде жатыр.

...Ер Едіге асыл рухын қолдаңыз, Көш құрастық ел боларлық жолда біз.

Қарт Ұлытау кіндік төрі қазақтың, Һәм табиғи, һәм тарихи ордамыз – деп Кәкімбек Салықов ағамыз жырлағандай, расында да Ұлытау қазақ ұлтының тарихи орталығы. Сондай-ақ табиғи ордасы дегенге де келіспеске шара жоқ. Асанқайғы бабамыз «Жер ортасы Көктөбе, Желмая сисаң алып кетер ем» деп жайдан-жай таңданбаса керек.

Ұлытау – қойнауы тарихқа тұнған өлке. Атақты Кетбұқа мен Келбұқаның әкесі, Шыңғыс ханның оң тізесін басып отырып билік айтқан, әйгілі батыр Домбауыл бабамыздың кесенесі – Ұлытау жерінде. Бұл өзі ортағасырлық сәулет өнерінің ғажайып ескерткіші. Осы төңіректе Жошыхан мазары менмұндалайды. Архитектуралық жағынан әсем құрылыс саналатын осы мазарды салуға кезінде Жошы ұлысына қарасты барлық тайпалар қатысқан деген аңыз бар. Бастауын Ұлытаудан алатын Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендері түйісетін биік төбеде орын тепкен Алашахан мазары Х-ХІІІ ғасырларда бой көтерген сәулет өнерінің тамаша үлгісі. Осы аталған ескерткіштердің барлығы республикалық дәрежедегі маңызы зор нысандар ретінде мемлекет қамқорлығына алынған.

Едіге мен Тоқтамыстай арыстарымыздың сүйегі Ұлытаудың биік шоқыларының бірінде жерленген. Атақты Ақсақ Темір де Ұлытауда ат шалдырған. Ол Ұлытауға келгенде тауға шығып, айналаны ұзақ шолып тұрыпты. Сосын әскеріне тас жинатып, одан әжептәуір шоқы пайда болған. Кейін жұртшылық бұл жерді «Алтын шоқы» атап кеткен. Ақсақ Темір осы шоқының басында тасқа қашап, жазу қалдырады. Онда Тұранның сұлтаны Темірдің жүз мың әскермен Тоқтамыс ханмен соғысуға бара жатып, Ұлытауда аялдағаны жазылады. Осы тас қазірде де бар. Ол Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы тұр.

Ұлытаудағы қасиетті жерлердің бірі – «Хан ордасы». Ол аудан орталығынан жиырма шақырымдай болатын жазық далада орнатылған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары ордасын осы жерге тіккен. Ата дәстүр сақталып, Елбасымыз 1993 жылы Ұлытауға келгенде – «Хан ордасында» «таққа» отырғызылды.

Ұлытаудың қасиеті 1992 жылы дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына қатысушылар осында жиналғанда да көрінді. Әлемнің әр түкпірінен келген қандастарымыз Ұлытаудың топырағына маңдайларын тигізіп, аялап жатқанда толқымаған, тебіренбеген жан қалмады. «Туған жердің, Ұлытаудың қасиеті-ай!» десті қаумалаған көпшілік.

Мен Ұлытау баурайында туып-өстім. Біршама уақыт аудан басшылығында қызмет атқардым. Білімімді, тәжірибемді аянып қалған жоқпын. Көкірегімде «Ұлытауым өсіп-өркендей берсе екен. Атына заты сай болса екен» деген ой тұрды.

Туған жер қашанда ыстық. Ылғи да көз алдымда, ылғи да көңіл түкпірімде. Мәртебең биік болсын, Ұлытау! Жайнай бер. Той-қуанышың көп болсын!

Серік Тілеубаев,

ҚР Мәдениет қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы

3034 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы