• Әдебиет
  • 08 Қазан, 2009

ТӨРҮК РУХЫНЫҢ БЕСІГІ көктөрүк қағанаты ту тіккен өлкеге сапар

www.anatili.kazgazeta.kz“Айтар сөзiм болса, мәңгi тасқа жаздым…”

(“Күлтегiн”, кiшi жазу, 11).

Байөлке баяндары

Мен Баян-Өлгийдегі “Думан” қонақүйіне екі апта тоқтадым. Осы қонақүйдің кең залында күн құрғатпай үйлену тойы болып тұрды. Қазақ отбасыларының шаңырақ көтеру қуанышына іштей марқайдым. Той – Құдайдың қазынасы. Той демекші, шілденің 11-нен бастап моңғол халқының ұлттық “Наадам” мейрамы үш күн қатарынан дүрілдеп өтті. Баян-Өлгийден он бір шақырым Бәйгетөбеге жиналған ел ойын-сауық құрды, сейілдеді, қиқулаған ат жарысын қызықтады. Бәйгетөбе басында елдің әкім-қараларымен жүздестік. Баян-Өлгий аймағының әкімі Қабыл Сәкейұлы, әкімнің іс басқару кеңсесінің басшысы Зарқұм Баймерген, сот бастығы Асқабыл Райханұлы, бас прокурор Жәнібек Құрметұлы, оқу бөлімінің бастығы Іңгәй Жақайұлы, аудит бастығы Салтанат Сіләмхан, т.б. азаматтармен танысудың, дәмдес болудың реті келді. Той үстінде Эвересті бағындырған альпинист, бизнесмен моңғол жігіті Жуков Нокооұлы және оның зайыбы техникалық колледждің директоры Әділбішпен әңгіме-дүкен құру көңілге нұр құйды. Ерлі-зайыптылар қазақша ағып тұр. Мақалдап сөйлегенде оларды моңғол екен деп ойламаппын. Моңғол ұлысының өкілі екенін кейін білдім. Есімін әйгілі қолбасшы, маршал Жуковтың құрметіне әкесі қойыпты. Сол күні қонақүй дәлізінде Дос Көшім мен Болат Дүйсенбіні кездестірдім. Моңғолия қазақтары өмірімен жақынырақ танысу мақсатында Алматыдан келгеніне бір-екі күн болыпты. Дос: “Бізбен бірге Досан Баймолда және Болатхан Зиядан бар. Олар әкімшілік жанындағы қонақүйге орналасты. Мейрам өтісімен, бұйырса, Ұланбатырға жол жүрмекшіміз”, – деді.

Екінші күні Орталық спорт кешенінде садақ ату мен палуандар күресі жалғасты. Стадионға лық толған жанкүйерлердің делебесін қоздырған палуандардың ақтық айқасы болды. Моңғол ұлттық күресі “бұх барилтаның” ережесі бойынша: тізе мен шынтақ жерге тисе, жеңілген боп есептеледі. Палуандар белдесуге шығар алдында қанатын қомдаған қыран құсша қолдарын ақырын қағып, бұлшық еттерін бұлт-бұлт ойнатып, санын алақанымен шапақтай стадион алаңындағы мемлекеттік туды айнала билейді екен. Бұл маған бәйгеге қосылар алдындағы тұяғымен жер тарпыған жарау тұлпардың ауыздығымен алысып, тықыршыған бейнесін елестетті. Ауыр салмақтағы дене бітімі келісті палуандардың жекпе-жегі бір сағаттан астам уақытқа созылды. Көрермен жанкүйерлердің ішін пыстырған қос палуан әдіс-айла қолдана алмай, ұстасқан күйі ұзақ жүрді. Қолайлы сәтте бірі көз ілеспес шалт қимылмен жұлқып тартқанда қарсыласының тізесі жер жалап өтті. Стадион дүрлігіп кетті. Әлгі палуанды жанкүйерлер төбесіне көтеріп мәз-мейрам. Қарсылас жағы дау айтып, стадион у-шу болды. Бас төреші, “мемлекеттік лашын” атағын иеленген қазақ палуаны Бақыт Одынайұлы күрес алаңынан арнайы репортаж жүргізіп тұрған телеоператордың бейне таспасына жүгініп, күмәнданғандар дүдәмалын сейілтті. Бірақ жеңілген палуанның жанкүйерлері наразылық білдіріп, стадионды басына көтерді. Тәртіп сақтау бөлімінің бастығы, полиция майоры Төлеу Есетұлы бастаған сақадай сай сақшылар қызуқанды жігіттердің бұзақылығы мен шектен шығуына жол берген жоқ. Үстіне киген киімі сымдай тартылған, көрік-келбеті келісті жігіттің қимылы да ширақ. Ұланбатыр Полиция академиясының түлегі, отыздан жаңа асқан Төлеудің кәсіби ұйымдастырушылық шеберлігіне тәнті болып, тәртіп сақтау мекемесіндегі қазақтардың үлес салмағын сұрадым. “Өлгийде полиция құрамы түгелге жуық қазақтар, арамызда екі-ақ моңғол жігіті бар” деп жауап берді ол.

Мерекені өткізу комиссиясының төрағасы, аймақ әкімінің іс басқару кеңсесінің басшысы Зарқұм ат бәйгесі мен палуандар жекпе-жегінің жеңімпаздарын атап, оларға арнайы тағайындалған бағалы сыйлықтар мен жүлделер тапсырды. Жарыс додасын, әсіресе күрес бәсекесінен алған әсерімізді өзара бөлісіп, ақырын қонақүйге қарай аяңдадық. “Моңғол күресі басқа да шығыс елдерінің күрес өнерімен ұқсас. Жапон сумосында жекпе-жекке түскендердің қайсысы қарсыласын кілем ортасындағы шеңберден итеріп шығарса, сол – жеңгені. Моңғол ұлттық күресінің ережесі бойынша, қарсыласының тізесі мен шынтақ ұшын жерге тигізген палуан жеңіс тұғырына көтеріледі, – деді Дос Көшім. – Қазақша күрес бұларға қарағанда әлдеқайда күрделі және әдіс-айла мен үлкен шеберлікті қажет етеді, себебі, қарсыласының жауырынын кілемге тигізген палуан ғана жеңімпаз атанады”.

Шілденің 12-сі күні сағат 12-де бізді Баян-Өлгий аймағы әкімінің іс басқару кеңсесінің басшысы Зарқұм Баймерген ресми қабылдады. Бұл отырысқа аймақтың бұқаралық ақпарат құрал өкілдері түгел қатысты. Моңғолияда туып-өскен Досан Баймолда сапарлас серіктерін жеке-жеке таныстырып, әрқайсымызға кезекпен сөз берді.

Республикалық “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшім: “Қазақстанда күн тәртібінде тұрған үш мәселе бар: 1) жер, 2) тіл, 3) оралман. Моңғолияға сапарымыздың негізгі мақсаты – осындағы қандастарымызды көш басын Қазақстанға бұруға үгіттеу. 1990 жылдан бастап біздің әрекетіміз Қазақстанда ұлттық мемлекет құру еді. Бұл үдеріс өте баяу жүруде. Қазақстан Халықтары Ассамблеясы арқылы корей, ұйғыр, орыс, т.б. ұлт өкілдері Парламентке сайланып отыр. Біздің Парламентте оралмандар мүддесін қорғайтын бірде-бір өкіл жоқ. Бұл түсініксіз жайт. Және бір мемлекеттен екінші мемлекетке қоныс аударудың қиыншылықтары мен бюрократиялық тосқауылдарды, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани мәселелерді шешуге көші-қонды тек өз басынан өткізген оралмандарды көптеп тарту керек. 2002 жылы құрылған “Ұлт тағдыры” қозғалысының негізгі мақсаты осы үш мәселеге атсалысу” екенін білдірді.

Досан Баймолда: “Елбасының жарлығымен биылдан бастап жылына 20 мың отбасы квотамен көшіріліп алынады. Квота негізінен Өзбекстандағы қазақтарға берілуде. Үстіміздегі жылы үш пилоттық жоба жүзеге асып отыр. Шымкентке – Өзбекстан, Қызылжарға – Моңғолия қазақтары ұйымдасқан түрде барса, дайын үймен қамтамасыз етеді. Келген оралман жұмыс істей жүріп, несиеге берілген үйдің ақшасын 10–15 жылда мемлекет қазынасына қайтарады. Немесе Курчатов қаласына келем деушілер болса да, дәл осылай дайын пәтер алуына мүмкіндігі бар. Осыған орай Қазақстанға қоныс аударушылар беталды шашырап кетпей, топтасып баруын аймақ әкімі ұйымдастырса, оңды болар еді. Менің Моңғолияға жүретінімді естігенде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев осы үш пилоттық жобаны таныстыруды өтінген еді”, – деді.

Биология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Болатхан Зиядан: “Мен 30 жылдай ғылым саласында қызмет етіп келем. Биотехнологияны дамыту арманым еді. Алты ғылым кандидатын дайындадым, енді өз жерлестерім арасынан да ғалымдар тәрбиелесем деймін. Моңғолиямен, осы Баян-Өлгий мен Қазақстан арасында біріккен ғылыми жоба жасасақ деген ойым бар”.

Орайлы сәтті пайдаланып, мен де өз тарапымнан пікірімді ортаға салдым. Моңғолия аумағында мыңдаған жылдық бағзы ұлттық ескерткіштеріміз сақталған. Ол мәдени-рухани құндылықтарымызды иесіз тастап, Моңғолиядағы қандастарымыздың түгел Қазақстанға қоныс аударуы дұрыс болмайды. Бұл құтты өлкеде жағдайы барлар шаруасын күйттеп отыра бергені жөн. Қазақстанға жастарды оқыту, жұмысы жоқ, әлеуметтік әлеуеті төмендердің квотамен көшуіне жағдай жасау лазым. Моңғолияда ұлттық жазу тарихымыз бен этномәдениетімізге қатысты жәдігерлердің сақталуы Қазақстанмен бірлескен ғылыми жоба жасауды қажет етеді. Оған әуелі біздің еліміз тарапынан мүдделілік таныту керек. Қазақстандағы тиісті мемлекеттік құзырлы мекемелер бұл ұсынысты қолдайды деп ойлаймын. Екі жақты ғылыми қатынастар Моңғолиядағы қандастарымыз үшін де тиімді болары сөзсіз.

Аймақ әкімінің іс басқару кеңсесінің басшысы Зарқұм Баймерген ой-пікірлерін бөліскен қонақтарға ризалығын білдіріп, басқосуды түйіндеді. “Бізді де бұл мәселелер қатты толғандырады. Түркістанда өткен Дүиежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Моңғолиядағы қазақтардың тілі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі қаймағы бұзылмай отырғанына Моңғол мемлекетіне шексіз алғысымызды айтамыз” деген еді. Қазір рухани-мәдени деңгейіміз төмендегені рас. Себебі Қазақстаннан келетін мектеп оқулықтары, көркем әдебиет, газет-журналдар мүлдем тоқтап қалды. Моңғолияда бұрын бір-екі министр қазақ болатын. Қазір бұл ескерілмей қалды. Біздің жерімізде байлық жетерлік, бірақ инфрақұрылым жоқ. Қытай, Өзбекстан қазақтарынан Моңғолия қазақтарының әлеуметтік тұрмысы бәлендей жақсы десек қате болар еді. Қазақстандағы бюрократизм шектен шыққан. Көші-қон саясатымен Қазақстанға қоныс аударғандар арасында үйсіз-күйсіз қаңғырып, кері көшушілер де бар. 1999 жылы Моңғолияға келген ресми сапарында Нұрекең бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін әдейі сыртқа шығарып жіберіп, қазақтармен оңаша қалғанда “мен сіздер үшін келдім, не керектің бәріне Қазақстан тарапынан жәрдем болады. Атажұртқа келемін деушілерге есік ашық, құшақ жайып қарсы аламыз. Бірақ, ата-бабаның мәдени мұрасы шоғырланған, көркем жерде тұрмысы тәуірлердің тұра бергені құп емес пе? Бұл тарихи мекенінде де қазақтың болғаны жақсы” дегенін естігенде Президенттің қамқорлық сезіміне ризалықтан көзімізге мөлтілдеп жас келген. Нұрекең сол жолы “Баян-Өлгий қазақ музыкалы драма театрына ұлттық киім мен 5 мың тонна бидай береміз” деп уәде етті. Президент тапсырмасын ҚР Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов аяқсыз қалдырып, ақыры орындамады. Министр қабылдауына кіруге жіберген үш адамымызды бір сағат күттіріп, бос әуремен құрқол қайтарды. 5 мың тонна бидайды әйтеуір шаққа дегенде алдық. Ұланбатырда Қазақстанның мәдени орталығы ашылды, онда бар болғаны 5 мың қазақ тұрады. Ал, Баян-Өлгийде 100 мың қазақ мекендейді, бірақ, мәдени орталық жоқ. Сонда, бұл жердің қазағы қайтіп рухани-мәдени дамып, көктейді?!”.

Зарқұм мырза қабылдау соңынан қазақстандық қонақтарын дәмге шақырды. Төменгі қабаттағы жайылған дастархан басында аймақ әкімі Қабыл Сәкейұлы, Баян-Өлгий халық өкілдерінің іс басқарушысы Баян Қыстаубайұлы және бірсыпыра мәртебелі меймандармен жағалай қол алысып амандасқан соң, үстелді айнала жайғастық. Төрде отырған ат жақты, ақ сары, еңселі кісі Қазақстаннан екенімізді естісімен орыс тілінде өзімізді жеке-жеке таныстыруымызды өтінді. Бесеуміз кезекпен аты-жөнімізді, қызметіміз бен Моңғолияға келген мақсатымыз жөнінде қысқаша ақпар бердік. Қабыл Сәкейұлы біздерге қарап мәртебелі қонақтарды қазақ тілінде таныстырып өтті. Әлгі төрде отырған Ресейдің Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Борис Александрович Говорин екен. Оның жанындағы жұбайы және Ресей елшілігінің екі қызметкері болып шықты. Әкімнің жанындағы әскери шендегі кісі Моңғолия–Ресей арасындағы шекара бастығы генерал Дамдинбазар, оған қатарлас отырған моңғол-орыс тілдерін еркін меңгерген аудармашы жігіт екен. Елші Баян-Өлгийге екі ел шекарасындағы жағдаймен танысу үшін келіпті. Қонақасы үстінде мемлекеттік маңызы бар шекара мен кеден ісіндегі қордаланған мәселеге байланысты сөз қозғалды. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып, аймақ әкімі Қабыл Сәкейұлы Моңғолиямен шекарадағы Ресейдің “Ташанта” кеденінен өтудің қиыншылықтарына қарапайым елдің өкпесі қазандай екенін мемлекеттік тіл – моңғолша жеткізді. Оның аузынан шыққан сөз лезде орыс тіліне аударылып тұрды. “Ресей аумағындағы Қосағашта этникалық қазақтар тұрады. Екі арадағы шекарадан өтудің машақаты, әсіресе, “Ташанта” кедені жасыратыны жоқ, біздің азаматтарға қиын тиіп тұрғандығы Қазақстаннан келген қонақтар да растайды, – дей бергенде Досан сөзін бөліп, “біз таможняда алты сағат тұрдық” деп реплика тастады. Әкім ойын жалғастырып, – Қытайдың Алтай аймағының әкімі бізге Қытай арқылы Қазақстанға барып-кеп тұруға келісім берді. Дегенмен, бізге қытайдан орыс жақын. Сондықтан елшіден шекаралық қызметте екіжақты жеңілдік жасауды сұраймыз. Бір мысал келтірейін. Жасы ұлғайған қарияның Қазақстандағы балаларына тірнектеп жинаған сый-сыбағасын “Ташантадан” өтерде “затыңыз мөлшерден тым артық, сауда жасағалы жүрсіз” деген уәжбен кеденшілер тырнақ астынан кір іздеп, тәркілеген. Жыл бойы ішпей-жемей жиған азын-аулақ дәмі жаттың жемсауына түскеніне қапаланған ақсақал бауыр еті – балапандарына құр қол баруды намыс көріп, келген ізімен кері қайтады. Менің қабылдауымда болған әлгі қарт кісі бұлай қорланғанына шыдай алмай, ызадан сақалынан жас сорғалап, еңкілдей жылағанда, бейкүнә жанды қорғауға дәрменсіздігіме пұшайман болдым” – деді Қабыл Сәкейұлы. Дастархан басында бірер минут үнсіздік орнады. Үнсіздікті Дос Көшім бұзып, “Ташантадағы” көзімен көрген Ресей шекарашылары мен кеденшілері тарапынан Моңғолия және Қазақстан азаматтарын әрі-бері өткізуде әуре-сарсаңға салған әбігерін жіпке тізгендей баяндап берді. ҚР Мәжілісі жанындағы қоғамдық Палатаның мүшесі, “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы: “Елші мырза, Сіз Моңғолия мен Ресей Федерациясы шекарасындағы кеден мәселесіндегі осы келеңсіздіктерді шешуге өзіңіздің азаматтық беделіңіз бен өкілеттілігіңізді пайдаланып, мемлекеттік жоғары деңгейде ықпал етуңізді өтінемін. Бұл шекара мен кедендегі орын алған әрекет кімге де болса жағымсыз әсер қалдырады. Сондықтан еларалық қатынасқа нұқсан келтірмеу бәріміздің ортақ парызымыз. Әлбетте, ондай-мұндай олқылықтар қай елдің кеденінде де болып тұрады. Бірақ біз дер кезінде байқаған кемшілікті жоюға тиіспіз” деп тақпақ айтқандай нақпа-нақ шегелеп айтты. Оның пікірін Болат Дүйсенбі іліп әкетіп, “шекара және кеден қызметкерлері моңғол мен қазақстандық мәшинелерді тоқтатып қойып, Ресей нөмірлі көліктерді еш кідіріссіз өткізетінін айтып, наразылық білдірді. Бұл Ресей мемлекеті тарапынан тиісті шұғыл шара қолдануды қажет етеді” деді. Сөз сүйектен өтеді. Елші мырза да сабаз екен, сабырлы күйі “көңілдегі күдіктің түйткілін шешіп, түйінін тарқатуға екі жақтың ақылы мен парасатты пайымы жетерлік” екенін тілге тиек етті. Онан әрі ТМД елдерінің арасындағы ахуалға тоқталып, әлгі қолайсыздыққа орай Дос Көшім мырза Қазақстанға оралған соң “Парламентте көрген, сезген оқиғаны ортаға салсаңыз, әлі де шекара мен кеденде ойланатын жайттың барлығын хабардар етсеңіз, екіжақты пайдалы іс болар еді. Қазақстан мен Ресей арасындағы еларалық саяси-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынас жағдайы жақсы, екі ел Президенттерінің жоғарғы деңгейдегі кездесуі бұған куә” деді. Ресей Федерациясының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Говорин Борис Александрович Баян-Өлгий әкімі мен басқа да мансап иелері алдында “Ташантадағы” кеден қызметкерлері тарапынан жіберілген ағаттыққа кешірім сұрады. “Біздің астаналарымыз алыста, алайда өмір болған соң түрлі келелі мәселелер туындауы заңды құбылыс, мына жердегі екі елдің тұрғын халқына сол орын алған мәселелердің тиімді шешілуі үшін Баян-Өлгий әкімімен келіссөз жүргізуге келдік” деп аяқтады Елші мырза.

Моңғолия мен Ресей арасындағы шекара бастығы генерал Дамдинбазар әңгіме арнасын басқаға бұрғысы кеп, қазақстандық әріптесі генерал Болат Закиевке дұғай-дұғай сәлемін жеткізуді өтінді. “Мен Моңғолияда генерал Болат Закиевті қарсы алғанмын” деді ол. Біз генерал Дамдинбазардың сәлемін “Ана тілі” газеті арқылы жеткізуге уәде бердік.

Бұл қонақасыға жиналған лауазымды тұлғалар арасындағы әңгіменің ұлттық мүдде тұрғысынан мәні зор болды. Сөйтіп “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшім мен Болат Дүйсенбі Ресей Федерациясының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісіне “Ташантадағы” шекара мен кеден қызметіндегі жайсыздықтарға кешірім сұратуға себеп болды. Қонақасыдан соң Баян-Өлгий аймағының әкімі Қабыл Сәкейұлы “Қытайдан келген қонақтар болса, мұндай мәселені қозғауға араластырмас едік, себебі олар біздің сөзімізді сөйлеуге жасқанады. Сіздерге сендік қой. Біз сіздер болмағанда шекара мен кедендегі орын алған мәселе туралы қатты сөзге барып қалуымыз ықтимал еді, Қазақстаннан келген қонақтардың алдында бет жыртыспайық дедік. Сіздер мәселені сыпайы да, орынды айтып, бізге жақсы демеу болдыңыздар”, – деп шынайы ризашылығын білдірді.

Баян-Өлгийде болғанымда елдің бойкүйездікке апаратын бимарал тірлікке дағдылана бастағандығын байқадым. Өйткені нарық экономикалық қатынастарына енген негізінен мал шаруашылығымен шұғылданатын аймақ жекеменшік иелігіне біржола ауысқан. Моңғолия жері – от, суы – мол, қысы-жазы өз аяғымен жайылатын малға өте қолайлы. Бұл жағдай күнкөрісі малдың өнімімен тікелей байланысты қазақтар үшін бейқамдыққа еті үйрене бастаған. Баян-Өлгийдегі орталық базар жұмысын түскі сағат 11-ден өте аша бастағанын көзіммен көргенде елдің жалқаулығы түбі бірдеңеге апарып соқтыра ма деген көңіліме кірбің келді. Қазақ даналығы “ерте тұрған еркектің бір ісі артық, ерте тұрған әйелдің ырысы артық” демей ме.

Шілденің 13-күні Баян-Өлгий–Ұланбатыр бағытына “Уаз” көлігімен жолға шықтық. Көлік жүргізушісі Бекболат Қатпаұлы жер жағдайын жақсы білетін, әрі техника тілін жетік меңгерген жігіт екендігін аңғартты. Ең әуелгі жол-жөнекей аялдаған Қобда аймағының Қобда сұмынына түнгі сағат 10-да жеттік. Арамыздағы биолог-ғалым Болатханның нағашы ағасы Бақыт жақын-жуық туыстарымен бірге бізді Қобда сұмынына он шақырым жетпей алдымыздан шығып қарсы алды. Болатхан туған жеріне араға он алты жыл салып, сағынтып оралып тұрғаны екен. Түн ортасында алыстан ат терлетіп келген сыйлы қонақтарды Болатханның нағашы жеңгесі Толғанай, қарындасы Айжан мен күйеубаласы Салауат, ел ағасы, зейнеткер Шәйзан Әбдиұлы, мектептегі ұстазы Шілдебай Қылаңбайұлы, достары Қуанхан Бейсенбі, Тілеу, Ердай Құмарұлы, Ғұсман Дүрдебайұлы, т.б. күтіп бәйек болды.Түн ауғанша ел жаңалығын тыңдап, киіз үйге дем алдық.

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

филология ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Суреттерді түсірген автор.

Алматы–Бийск–Таулы Алтай–Қосағаш–Баян-Өлгий–

Қобда–Қарақорым–Ұланбатыр–Новосибирск–Алматы

Арнайы “Ана тілі” үшін

4276 рет

көрсетілді

44

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы