• Әдебиет
  • 15 Қазан, 2009

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Жаман сөйлер, халықтан —

Бастағы мінін жасырып.

Жақсы сөйлер, халыққа

Қызметін асырып.

Намысы бар жігіттер

Ешкімге бармас бас ұрып.

Халық ісіне, жігіттер,

Тоқталып қалма, тартылып.

Қайратсыздың белгісі —

Таласты жер кез келсе,

«Сөйле, — деп, — енді» сөз берсе,

Жалт-жалт қарап тұрады

Берекесін қашырып.

Сабыр — ақыл серігі,

Сабырсыз болма, асығып.

* * *

Жақсы істен, жігіттер,

Тоқталып, сірә, іркілме.

Жұрт қарасын қызығып,

«Бәрекелді», – деп, – шіркінге!»

Арзымас іске еліріп,

Бос салынба күлкіге...

Парасатты ер жігіт

Ақылмен әр іс біледі.

«Мен істедім бәрін, — деп, —

Өзгеден артық әлім», — деп, —

Ие боп тентек жүреді.

Ақылсыздың белгісі —

Орынсыз жерде күледі.

Талап, білім, еңбексіз —

Қалайша тірлік жеңбексіз?

Бос күлкіге салынбай,

Қара терге малынбай,

Жақсы болған кім еді?

Сыртқа біткен қайыңнан

Сазға біткен тал жақсы,

Арық шыққан қазыдан

Кіршік майлы жал жақсы.

Тоя жеген жасықтан

Бір асаған май жақсы.

Ақауы шыққан айраннан

Терлеп ішкен шай жақсы.

Мініс бермес шобырдан

Жеңіл аяқ тай жақсы.

Әдебі жоқ жігіттен

Насихат айтар шал жақсы.

Жауыны ала көктемнен

Желсіз, тынық жаз жақсы.

Сабалап жауған жауыннан

Самалсыз жауған қар жақсы.

Адамдықты ойласақ,

Мал мен бақтан ар жақсы!

5556 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы