• Әдебиет
  • 15 Қазан, 2009

Табиғат тарландары

***

Ең биік тау Мауна-Кеа ("Ақ тау") Гавайда орналасқан. Таудың Тынық мұхитындағы негізінен шыңына дейін 10 250 метр, яғни Эверестен 1357 метрге биік. Бірақ оның 6000 метрі су астында, ал теңіз деңгейінен жоғарғы бөлігі 4205 метрді құрайды. Кейде біз таулардың биіктігі тереңнен басталатынын байқамайды екенбіз.

***

Ніл мен Амазонка – әлемдегі ең ұзын өзендер. Дегенмен олардың қайсысы көш бастайтындығы әлі күнге дейін даулы мәселе көрінеді. Себебі Нілдің ресми ұзындығы 6695 шақырым болғанымен Насер су қоймасы салынғалы бері ол біршама қысқарған. Амазонканың бірнеше салалары болғандықтан нақты өлшемге келу мүмкін болмай отыр. Егер алысқа шапқан Пара саласын қоса алсақ, онда өзеннің ұзындығы 6750 километрге созылмақ.

Кім біледі, бірақ экономикалық байлыққа деген ұмтылыс Нілді әлемдік атағынан айырып тынуы әбден мүмкін.

***

8848 метрлік әлемдегі ең биік шың 1830-1843 жылдардағы Үндістан генерал-губернаторы, британ геометриялық қызметінің басшысы сэр Джордж Эверест (1790-1866 ж.ж.) есімімен аталған. Бастапқыда бұл атау уақытша қойылған екен. Не десе де Эверестке бүгінде жыл сайын 3000 адам көтерілетін көрінеді. Әрине, жер бетіне әлемнің ең биік нүктесінен көз тіккісі келетіндер қашан да табылады ғой.

***

Индонезияда орналасқан Тоба жанартауының кратері 1775 шаршы шақырымды алып, рекордттар тізіміне еніп отыр. Ол соңғы рет 75 000 жыл бұрын атқылаған. Жанартаулар да ұйқыны жақсы көреді-ау шамасы. Дегенмен оның мазасын алмау да керек.

***

Әлемдегі ең биік сөнбеген жанартау Охос-дель-Саладо Чили мен Аргентина шекарасында орналасқан. Оның ұзындығы 6887 метр. Бесік жырын үзіп, Жер ананың бел баласының тынышын бұзған кім екен?

*** Амазонканың ағысы әлемдегі кез келген өзеннен күшті. Ол әр секунд сайын Атлант мұхитына 200 000 метр су құяды әрі әлемдегі тұщы судың 20 пайызының иесі. Швейцарияның аумағындай жерді арал құрлы көрмейтін су алыбына таң қалмай көр енді.

*** Жердің ең қарт бөлшегі болып саналатын түйірдей цирконий 4,4 миллиард жаста. Тамыры жоқ тастың да тарихы терең болады екен.

*** Негізінен Антарктика мен Гренландияда орналасқан мұздықтар ғаламшардың 11, 4 пайызын қамтиды. 1 миллион шаршы шақырым ауданды иемденіп, ені 64, ал ұзындығы 700 шақырымнан асатын ең жылдам мұздық Ламберта Антарктиканың Австралияға қарасты аймағында орналасқан. Адамзат жанындағы еріп үлгермеген қарлардың көлемін өлшеп көрдік пе?

***

АҚШ-тың Кентукки штатында орналасқан Мамонт үңгірі ұлттық паркі ең үлкен үңгірлер жүйесі. 590 шақырымға созылған түрлі дәліздер арқылы 120 метр төменге түсуге болады. Үңгір аумағы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Ал кең залдар, жер асты өзендері, түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктер оған тіптен ерекше сән беріп тұр. Сәулетшілердің табиғаттан алары көп-ау деп ойлайсың осындайда.

***

25 миллион жастағы әлемдегі ең терең көл Байкалда дүние жүзіндегі тұщы су қорының 20% шоғырланған. Оның қойнын толтыруға әлемдегі барлық өзендердің бір жылғы суы қажет болар еді. Тереңдікті, кеңдікті Байкалдан үйренуіміз керек шығар.

***

Әлемдегі ең үлкен шөл Сахараның ауданы АҚШ территориясына пара-пар. Атлант мұхитынан Қызыл теңізге дейін созылған құмды аймақты кесіп өтуге тек Нілдің ғана құдіреті жеткен сыңайлы. Сахарадағы күндізгі ыстық 60°C-қа дейін жетеді. Бұл оның жыл салып келетін жаңбырға деген сағынышы шығар, бәлкім.

***

Тынық мұхитындағы Үлкен барьер рифі әлемдегі ең ірі, ең әдемі маржан рифі болып саналады. Мұз басу дәуірінде пайда болған жүйенің жасы 10000 жылға жетіп жығылады. Жер шарындағы жан-жануарлар мен өсімдіктерге бай ең ірі жүйеде маржанның 359 түрі, балықтың 1.500 түрі, ұлулардың 5000 түрі, құстардың 215 түрі, теңіз тасбақасының 6 түрі бар. Табиғат тамшаларының жасы келген сайын құны артатын секілді ме? Сіз қалай ойлайсыз?

Әзірлеген Жанар Елдосқызы

3719 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы