• Әдебиет
  • 22 Қазан, 2009

Тар қауызға сыймайтын талант

Шериаздан Елеукеновті өткен ғасырдың алпысыншы жылы, яғни өзім Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен жылы алғаш рет көрдім. Біз оқыған осы факультеттің қазақ тілі және әдебиет бөлімінде емес, мұнымен егіздің сыңарындай журналистика бөлімінде дәріс беріп жүрді. Көп ұзамай өзіне де, есіміне де қанықтым. Бұрын Үкімет үйі орналасып, кейін Қазақ университетінің орталық ғимаратына айналған, қазіргі Бөгенбай батыр, Панфилов көшелері қиылысқан тұстағы бітім-пошымы, архитектурасы алабөтен үйдің дәлізінде қолтығында папкасы бар, орта бойлы, жолындағы көп ешкімге бұрылып қарамайтын, қозғалысы ширақ, тіпті үнемі асығып-аптығып жүретін жас мұғалім бейнесі тап өзіме лекция оқымаса да жақсы жадымда қалыпты. Мұның өз жөні бар, ол кезде біз парақтамайтын газет-журнал болушы ма еді, міне, солардың ара-арасында сын мақала, рецензия, очерк, фельетон, публицистика, тағы басқалардың авторы ретінде Шериаздан Елеукеновтің аты-жөні де көзімізге түсуші еді. Әрі сол университеттің өзінде шығарылатын «Қазақ университеті» көп таралымды газетінің де жауапты редакторы болатын.

Кейінірек ол оқытушылық жұмыстан қол үзбей өзінің саяси, әдеби біліктілігін жетілдіре түсті, әрі ғылыми жұмыспен айналысты, соның нәтижесінде «Қазақ романы және қазіргі заман» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл диссертация сол кезеңдегі ең таңдаулы ғылыми жұмыстардың бірі саналғанына өзіміз куәміз.

Алайда, Ш. Елеукенов саяси, әкімшілік жұмыстармен айналысуды ешқашан тоқтатқан емес, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты қызметтер атқарды, он бес жыл бойы Қазақ КСР Баспа істері жөніндегі Мемлекеттік комитетті басқарды, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директорлығына да тағайындалды. Соңғы жылдары жасының ұлғайғанына қарамастан осы М.О.Әуезов институтында бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп келеді. Мұның сыртында қаншалықты қоғамдық жұмыстармен айналысты, оның бәрін санап шығудың өзі қиын. Солардың ішіндегі ең маңыздыларын ғана атасақ, Ш.Елеукенов Қазақстан КП Орталық Комитетінің мүшесі, депутат, республикалық Жазушылар және Журналистер одақтарының басқарма мүшесі, Шет елдермен байланыс жөніндегі қазақ қоғамы басқармасының мүшесі, ГДР-мен достықтың Кеңес қоғамы қазақ бөлімінің төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссия мүшесі, тағысын тағылар. Баспа комитетінде төрағалық еткендегі бірер ерекше есте қаларлық істерін айналып өте алмадық. Сол жылдары кітап қалашығының салынуы, екі корпусты, 500 орындық жастар жатақханасының бой көтеруі, Баспагерлер үйінде компьютерлік жүйенің енгізіле бастауы, Республикалық кітап мұражайының, жаңа кітап баспаларының ашылуы Ш. Елеукеновтің тікелей араласуы, тіпті жарқұлағы жастыққа тимей мазасызданып, басшылық жұмысты барынша пәрменді ету нәтижесінде жүзеге асқан шаралар екендігі даусыз.

Жә, бұл мәселенің бір жағы ғана. Сол жылдарда кітап баспаларының, әсіресе, «Жазушы», «Жалын» баспаларының жылма-жылғы тақырыптық жоспарларына енгізілетін қолжазбалардың неғұрлым әділ іріктелуі, сұрыпталуы ең үлкен дау-дамай, талас-тартыс тудыратын жағдай еді. Әсіресе, осы аталмыш баспаларда бірен-саран болса да майға сұққан қасықтай жылпос, таза әдебиет мүддесінен гөрі қара басының қамын көбірек ойлайтын немесе көркем әдебиет туралы түсінігі жоққа тән кейбіреулердің жауапты қызмет атқаруы мәселені қиындатпай қайтсін. Соның салдарынан оқтын-оқтын аса ірі көлемді әділетсіздіктерге тойтарыс беруге бел шеше кірісті. Ол да нәтижесіз болған жоқ. Көптеген алақолдылар тиісті жазасын алды. Ш. Елеукеновтің бұл тектес іс-әрекеттері жөніндегі сөзді соза беруге болады.

Енді бұл кісінің әдебиет зерттеушісі, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист ретіндегі еңбегіне ат басын бұрайық. Бұл тарапта әңгіме өрбіту үшін ең алдымен оның қаншалықты ауқымды екеніне оқырман қауымның елестете алуы үшін анау-мынау ұсақ-түйектерді есепке алмай кітап баспалары арқылы жарыққа шығарған ең көлемді туындыларының тізімін келтірейік. Шыққан жылдарының ретімен алсақ ол былай түзіледі: «Замандас парасаты», Қазақ әдебиеті: социалистік реализм мәселелері» (Алматы, «Жазушы», 1977 жыл), «От фольклора до романа-эпопеи», идейно-эстетическое и жанровое своеобразие казахского романа» (монография) (Алматы, «Жазушы» 1987жыл), «Жаңа жолдан». («С новой строки», әдеби портреттер, зерттеулер, Алматы. «Жазушы», 1989 жыл), «Мағжан» ( Ақын өмірі мен шығармагерлігі, «Санат», 1995 жыл), «Әдебиет және ұлт тағдыры» (Алматы, Жалын, 1997 жылы), «Сұлулық іңкәрлік» (Толғау, эссе, хикая, әңгіме, очерк, пьесалар, әдеби сын зерттеулер, Алматы, «Білім», 1999 жылы), «Әттең, дүние» (Роман, эсселер, әңгімелер, Алматы, «Фоллиант», 2002 жыл.), «Ғасырмен сырласу» (Астана, «Елорда», 2004 жыл), «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» 1991-2001 жылдар (Алматы, «Алатау», 2007 жыл), «Казахская литература: новое прочтение» (Алматы, ТОО ИПК «Алатау», 2007 жылы), «Тәуелсіздік биігінен» ( Зерттеу, эссе, әңгіме, Алматы, «Арда», 2007 жыл).

Жоғарыда айтқанымыздай, өмір бойы аса жауапты басшылық қызметтер атқарған, әрі ұстаздық еткен адамның қаламынан әрқайсысы шамамен жиырма баспа табақтық осыншама дүниелер туды дегенге бір жайдан сене алмайсың, бірақ бұл шындық. Жоғарыда келтірілген тізімнің ең басындағы «Замандас парасаты» атты кітап шыққан жылынан да білінетіндей кешегі Кеңес дәуірінің ең бір өрлеп тұрған шағында жазылған ғой. Сөйте тұра қазақ елі тәуелсіздік алған бүгінгі күнде қалыптасып үлгерген көзқараспен оқығанның өзінде де одан Ш.Елеукеновтің тар қауызға сыймайтын бұла талант екенін танимыз. Рас, кітаптың басқы бөлігінде сол заманда үстемдік алған социалистік реализм әдісі хақында біраз толғаулар орын алған. Көптеген шығармаларға сол аталмыш әдіс тұрғысынан талдау жасалған. Бірақ оның аясында қалып қоймай ара-тұра батыл пікірлерге барып, өзінің ой айту көкжиегін біраз кеңейте алған. Бұл ретте әдебиетші-ғалым ең алдымен М.Әуезовтің «Абай жолы», С. Мұқановтың «Ботагөз», «Өмір мектептері», «Аққан жұлдыз», Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген», З.Шашкиннің «Тоқаш Бокин», Х.Есенжановтың «Ақ Жайық», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» атты романдарына үңіліп, өз ойларын солардың негізінде өрбітеді.

Әдебиет тарихынан білетініміздей, өткен ғасырдағы қырқыншы жылдардың басында алғашқы кітабы жарық көрген М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы еуропалық классикалық әдебиет деңгейіндегі аса биік көркемдік жетістікті көре-біле тұра оған осқырына қараған бірқатар әдебиетші-ғалымдардың, жазушылардың қам-қарекеті жайында автор сыпайылап болса да шолу жасайды. Ал қазақ әдебиетінде ең толғағы қатты болған тарихи шығармалардың бірі сөз жоқ Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы еді. Сондықтан Ш. Елеукенов «Тарих және көркем шындық» атты осы мақаласында бұл дүниеге көбірек орын берген. Әлі есімізде, «Көшпенділер» баспа бетін көргеннен соң мынау шектен тыс тарихшылдық қой, тарихи шындық пен көркемдік шындықтың ара жігі қандай болу керек деген сияқты мәселелер төңірегінде айқай-шулы мақалалар бірінен соң бірі жамырады. Міне, осылардың бәрін електен өткізе келіп, Ш.Елеукенов өзінше ой түйеді. Өткен заманды көрсетуде көбіне біржақтылықтың белең алғанын, қазақ жұртшылығының сондайлыққа бойы үйреніп қалғанын, сосын да кейбір тосыннан ашық та батыл айтылған жайларға сенімсіздік білдіру қарпапайым адам табиғатының реакциясы екенін ескертеді. Біле білгенге бұл оңай шаруа емес. Ш. Елеукенов І.Есенберлин трилогиясын талдау үстінде жазушының өткір ұстараның жүзінде отырғандай қалпын, сөйте тұра көп жайды ашып-талдап жазуға ниет еткенін, ол ниетінің қаншалықты жүзеге асқанын кәнігі ғалым ретінде жеткізеді. Кәне, Ш.Елеукеновтің аталмыш мақаласынан алынған мына цитатаға оқушы қауым өзі ой жүгіртсінші. « «Тарихи және тарихи емес» ұлттар кейбір елдер мен халықтардың «артықшылығы» жайындағы мифтердің күл боп көкке ұшқаны баяғыда-ақ. Осы күні бұл жалған мифті империалистік һәм ревизионистік экстремистер әлдеқандай қылып, төбесіне көтеріп жүр. Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар да осы тектес «теорияларды» жоққа шығара отырып тарихты суреттеуде.

Ұлттың «тегі» белгілі бола тұра «Көшпенділерде» кімнің ханы күштірек, кімнің тауы биігірек, кімнің әдет-ғұрпы жақсырақ деген сұраулар төңірегінде сәуегейлеу атымен жоқ. Романның мақсаты бұдан мүлдем басқаша. «Біздің өзгелермен тереземіз тең, бұған куә - тарихымыз», міне, І.Есенберлин шығармаларының айтпағы осы. (106-107-беттер)

Шериаздан Елеукенов осылай ғылыми зерттеу мен әдеби-көркем сынды ұштастыра отырып, жоғарыда біз тізімін келтірген көлемді он бір кітабында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, М. Жұмабаев, Ә.Нүрпейісов, Т.Ахтанов, З. Шашкин, З.Қабдоллов, тағы басқа үлкенді-кішілі көптеген қаламгерлердің шығармашылық әдісіне, жітістіктері мен кемшіліктеріне жарық сәуле түсіреді. Солардың ішінде Ш.Елеукеновтің, әсіресе, көп талдаған Мағжан Жұмабаев еңбектері екені даусыз.

Иә, Мағжан Жұмабаев! Бұл есім жеті қат жердің астында көмулі жатқанда да қай саналы қазақтың көкірегін ауыртпап еді? Кейбір өлеңдерін біреуден біреу көшіріп, сандық түбінде сақтап, тек оңашада оқып, ақын аруағымен сырласушы еді ғой. Міне, енді осы қаламгердің барлық жазбалары оқырман қауымның игілігіне айналып, ал Шериаздан Елеукеновтей тәжірибелі де білімді әдебиетші-ғалым, сыншы оның өмірі мен шығармашылығы жайында «Мағжан» атты көлемді кітап шығарып отыр. Бұл еңбегі үшін автордың ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атануы өте табиғи құбылыс.

Тек Мағжан Жұмабаев қана емес, алаштың аса көрнекті тұлғалары – Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқтылардың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге белсене кіріскен Ш.Елеукенов алғашқы қарқында-ақ біраз шаруа тындырды. Ал бұл бір күннің шаруасы емес, жылдап, табандап еңбек етуді керек ететін жайлар. Соның нәтижесінде «Жаңа жолдан» (С новой строки) атты екі тілде жазылған зерттеу мақалалары қамтылған кітап дүниеге келді. Сөз реті келгесін айта кетейік, ғалым, сыншы ағамыздың орыс және қазақ тілдерін теңдей білуі Ресейлік оқымыстылардың әдебиет тарихы жөніндегі негізгі бағдарламаларын терең меңгеріп, өзі қосылатын жақтарын таратып айтып, ал өзіне күмәнді көрінген тұстар бойынша олармен полемикаға барып, көптеген даулы мәселелерді шешуге атсалысуына мүмкіндік берді.

Мақаланың басында Шериаздан Елеукеновтің ара-тұра прозашылардың да «егініне түсіп», біраз көркем шығармалар, очерктер, естеліктер тудырғанын да айтқан едік. Сондықтан Шериаздан Елеукеновтің «Әттең, дүние» прозалық кітабына атау болған «Әттең, дүние» романының бір қыры хақында қосымша пікір айтқым келеді. Шериаздан ағамыз Өскемен, Семей топырағында дүниеге келгендіктен де шығар Абай поэзиясын жас кезінен бойына сіңіргені анық. Оны осы романынан да байқаймыз.

Орыс білгірлері «Поэзия нового времени будет обращена на строительство души человека» деп түсіндіріп жатыр. Мұның қазақшасы – жан бағуға келіңкірейді. Тән мен жан бағуды рухымен, тәңірімен ұштастыру. Оңай шарт деп атай алмайсың. Абай бір өлеңінде:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл

Өзгесі хаққа қол емес, - деген ғой. Ұлы ұстаз рух тереңіне сүңгудің бір мүмкіншілігі шығармашылықта деп білген. Ендігі әдебиет шындық дүниеден жаңа тұрпатты жағымды кейіпкер іздеп табуға бар күшін салуы тиіс. Жазушы, сыншы, әдебиеттанушының бар қасиетін бойына жинақтай отырып жазған «Әттең, дүние» атты романында Шериаздан Елеукенов осындай жаңа тұрпатты характерді жас та болса хас батыр, кешегі Ұлы Отан соғысының жауынгері, қазақ офицері Можданың жарқын бейнесінен табады.

Жалпы алғанда Ш.Елеукенов жоғарыда тізімін келтірген он бір кітабын қазақ әдебиеті тарихының бір ғасырдан астам кезеңін қамтитын энциклопедиясы десек те жарасатындай. Ұзақбай Доспанбетов

3897 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы