• Әдебиет
  • 22 Қазан, 2009

SOS – ана әңгіме

Алқаның алдында отырған келіншек ойдан әбден қажыған. Жанына сөзден жұбаныш іздейді.

– Әпке, не істейін? Күйеуіме шындықты айтып ажырасып кетейін бе, жоқ әлде оған білдірмеген қалпыммен ұрлықтан бала туайын ба?

Алқаның ішкі дүниесі мұңайып қалды. Қайтпек керек? Өз өмірі өзгешелеу болып өзге біреудің жанынан үңіліп тұрғандай. Құлағы шуылдап кетті. Тек мұның мына жас келіншек секілді басы дал болмаған. Адалдық дегеннен өзге ой ойлап көрмепті.

... Тұрсынәлі екеуі кеше ғана қосылған секілді еді. Көзді алдап, бойды арбаған түлкі-уақыт тез-ақ өте шығыпты. Алқаның жаны енді үнсіз жылайды. Көңілі кірлеп, еңсесі пәсейіп қалған.

Өзін жұбата алмайтын, күресе алмайтын бір нәрсесі бар. Ол – жұрттың Алқаны бедеу деп қабылдайтыны. Жиырма бестегі толықсыған, қайратты, бала тууға қабілетті жанына пұшайман халі қатты батты.

Тұрсынәлі екеуі Алматы асып барып тексеріліп қайтқан. Дәрігердің алдынан Тұрсынәлі жайраңдап шықты. Соңынан кірген Алқаға дәрігер:

– Айналайын, күйеуің белсіз екен. Бірақ, оған онысын айтпадық. Себебі, біріншіден, ондай нәрсені еркектер көтере алмай асылып өліп немесе араққа салынып кетуі мүмкін. Екіншіден...

Дәрігер бір сәт үнсіз қалды. Жымиғысы келмесе де, күлген сыңай танытты.

– Туа беруіңе болады. Ол өзіне сенімді, күдіктенбейді, – деді.

Алқа алқынып қалды. Үстін тер басып кетті. Тершең емес еді. Болмысының қорғаныс реакциясы. Жауап қата алмағанда үнемі осылай болады.

Дәрігер қолына қағазын ұстатты. «Күйеуіңіз көріп қоймасын», – деді. Бұл Алқа үшін қағаз емес от секілді. Біресе ішкі қалтасына, біресе қол сөмкесіне тығып, әбден әбігерге түсті. Тұрсынәліде тіпті күмән жоқ. «Емдел, емдел, тағы да емдел» деп құшақтап қояды. «Сәл ғана суық тиген деген не тәйірі, дәрігер бір емдесе түк те қалмайды» деп қопаң-қопаң етеді. Алқа Тұрсынәліні аяп кетті. Етжеңді, бар қызылы бетіне жиналған жанның осылай болуы неліктен? Алқа жауап таба алмады. Жоқ, болды. Енді ешнәрсе өзгерте алмайсың.

Арада тағы да біраз жыл өтіп, екеуі де қырықтың арғы-бергі асуына ілінген. Бұрынғыдай емес, бала туралы айтуды доғарған. Бірде Тұрсынәлі:

– Алқа, мен бірнәрсе айтайын деп едім, – деп көп қипықтады. Айта алмады. Содан кейін киініп шығып кетті. Сол кеткеннен түн ортасы ауа бірақ оралды, аздап ұрттап алыпты, Алқаны жанына отырғызды. Бұл жолы батылдау.

– Алқа, мен сені жақсы көремін. Сондықтан сені ешкімге айырбастамаймын. Бірақ мені қарабасып, бір нәрсені бүлдіріп қойғаным, – күйеуі шын жылап отыр. – Бухгалтерияда істейтін Гүлшат менен туғалы отыр.

Алқа «ол өтірік» деуге шақ қалды.

– Мүмкін емес, – деді жайбарақат, бірақ іші күйіп кетті. Пәсейіп, қорланды. Күйеуі сондай жиіркенішті көрінді.

– Мен оған үйленбеймін, бірақ бала менің кіндігімнен ғой, егер сен қарсы болмасаң баланы туған соң біз асырап алсақ деп едім, бәрібір сен енді тумайсың... – күйеуі күйреп, даусы әзер шықты.

Алқада дыбыс жоқ. Күдік деген аяқ асты екен ғой. Сонда дәрігерлер қателескен бе? Қағазы әлі күнге дейін қолында ғой. Күйеуінің абыройын ойлап оны жергілікті жердің дәрігеріне өткізген де жоқ. Қазір әкеліп сол қағазды қолына ұстата салсам ба екен деп бір ойланды да, аузына «пісмілла» түсіп, тұрып қалды. Бала үшін күйеуі аяғына жығылуға әзір.

– Емдел дедім. Еміңнен ешнәрсе аямас едім. Емшіге бар дедім. Тыңдамадың.

Бұл үндемеген сайын Тұрсынәлі өрекпіп келеді.

– Қысқарт, сен маған сөйлеме! – деді зілді дауыспен Алқа. Тұрсынәлі оқ тиген жауынгердей үнсіз қалды.

Бір кезде суып бара жатқан өмірді жылытқысы келгендей болып сіңлісінің екі жастағы баласын бауырына басқан. Бірақ Тұрсынәлі одан жанына дауа таппады. Тіпті сырттан тұлданып, бетінің түгі тікірейіп кіретінді шығарды. «Осы бала менің баласыздығымды күн сайын есіме салатын болды, анау көрсе де, мынау көрсе де «ажыраспаған соң бала асырап алғандарың дұрыс болыпты» деп құлақ етімді жеп қояды. Пәленше, түгеншелер де кезінде солай болып еді, енді әне, қызығын көріп жүр» дейді. Сөйтіп мені айтып пәленше-түгеншелердің қырық жыл бұрынғысын қопарады. Бұл бір өле-өлгенше қыр соңыңнан қалмайтын, бірге туған бауырымдай болып кететін лақап па деймін» деп күйінеді. Алқа үнсіз тыңдайды. Сонда күйеуінің бойындағы қорғасындай ауыртпалықты жеңілдетудің орнына жыртыққа тесік жамап алғанын ұққан. Тұрсынәлі баланың бетіне қарамай қойған. Бала да Тұрсынәлінің түксиген қабағынан бата қоймайды. Бірде оны күйеуінің қасына қалдырып өзі сиыр саууға шыққан. Сауынның иіні келгенше өзі де терезеден қарап алаңдап тұрғанда баланың шар еткен даусынан төбесі шымырлап кетті. Сиырдың бауырынан тұра салып үйге жүгірді. Бала бір аттап, екі аттап есікке жеткен, сонда сыртқа шығар деп қыңқылдай бастаған ғой. Тыныштығын бұзғанына ызаланып, басына жастанып жатқан жастығын лақтырып кеп жіберген. Қуыршақтай бала жастықтың ауырлығына шыдасын ба, басы есікке ұрылып, шыр ете түскен. Алқа баланы бауырына басып тұрып, сонда осы үйден біржола кетіп қалсам ба деп ойлаған. Сол ашумен көшеге шыққан. Өзінің бойындағы көнбістігінің ығына жығылып, көше айналмай жатып қайтып келген. Сонда Тұрсынәліге деген бір мұздақ ішін жайлап, жүрегінің басына барып тұрып алып еді. Сол сәттен бастап күйеуіне түрі жылығанымен, іші онша жылымайтын. Жаны қызылала қан болған, бірақ оны жан адамға сездірмейтін. Енді, міне...

Алқа жатын бөлмесін іштен іліп, Тұрсынәліні кіргізбеді. Ол сырттан есікті ұрғылап әлек. Өзіне-өзі қол жұмсайды, не дәрі ішіп уланады деді ме, күйеуі есікті ілгегінен жұлып алды. Алқа тасбиығын ұстап, өзін-өзі сабырға шақырып отырған. Шешесіне Құран ұстап тұрып; «Ақ боламын, адал боламын» деп ант берген сәті есіне түсіп, нәркес жанарынан мөлт-мөлт еткен жасты саусағының ұшымен іліп тастап, өткенін ойлап іштей күйрейді. Ойша шешесімен сөйлеседі. Құдай қайсысына жақ, күйеуінің намысы үшін сап-сау бола тұра, ауру болып көрінген жанға ма, жоқ қандай жолмен болса да өмірге бала әкелетін әйелге ме? Жаратушы пендесіне ерік берген дейді. Ол еріктің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Алқа ұшығына жете алмады. Күйеуі мұның сабырлы жүзіне қарап аңтарылып қалыпты.

– Тұрсынәлі, мені сыйласаң, менің жанымды азаптағың келмесе екі-үш күн көзіме көрінбеші, – деді ашуын шамасы келгенше тежеп. Күйеуі Алқаның өтінішін жерге тастамайтын. Сол әдетімен машинасын барып от алдырды. «Дүр-дүр, гүр-гүр» еткенімен, машина орнынан қозғалмады. Содан абдырып тұрып мал қораға бас сұғып қайта айналып шыға бергенде басын діңгекке қағылған шегеге қатты ұрып, есеңгіреп қалды. Жер шыркөбелек айналып бара жатқан секілді. Шеге әжептәуір кіріп кетсе керек, қан бұрқ ете түсті. Тоқтар емес. Пәле-жала деген аяқ астынан екен. Әйеліме ашуы басылғанша көрінбесем көрінбей-ақ қояйын деген ойы орындалмады. Өңі құп-қу болып үйге кірді. Алқа қанды көріп ұшып тұрды. «Не болды?» деп басын сүйегенше Тұрсынәлі қисая берді. «Жедел жәрдем» шақырып, ол келгенше жүріп те кеткен еді. Болған біткені сол.

Алқа содан бері жалғыз. Туған-туыстары бар ғой. Қолында қайраты барда олардың бәріне көмектесті. Інісі де, сіңлісі де балаларын «ой, мынау Алқаның баласы» – деп бұған итермелегендей-ақ итермеледі. Бұл да соларды жеткізем деп тырбаңдады, еңбектенді. Олар өскен соң әрқайсысы өз жайымен кетіп, дағарадай үйде жалғыз өзі қалды. Енді туыстары: «дағарадай үйде жалғыз өзі ойнай ма, біздің балаларымызды қолына алып, соларға бермей ме?» деп мұның баспанасына қызғана қарайтынды шығарды. Алқа ондайда өзін-өзі іштей жейді, өзін-өзі кінәлайды.

Алдында отырған келіншекке осының бәрін айтайын деген. Қорытындысын өзі шығарсын. Бірақ:

– Күйеуі бола тұра, өзге еркектен некесіз бала туу күнәнің үлкені, – деді ақырын.

Даусы өзінікі емес секілді. Айтарын айтса да өз ойына өзі таңданды.

Келіншек бала үшін ол күнәні көтеруге бел буған секілді. Мұның сөзін құлықсыз тыңдап, жедел шығып кетті.

Алқа бармағын тістеді. Енді өзі ойына өзі де келіспейтін секілді.

***

Теңіз-күйіктің түбіне батқысы келмей, қиянға кетіп қалғысы келетін. Алыста үмітінің жібі жалғанатындай, мұңлы тағдырынан бозамық сәуле іздейтін.

– Sos балалар қалашығына sos-мама керек екен. Ой, Алла-ай, естімейтініміз де, көрмейтініміз де қалмады-ау, – деді газет парақтап отырған құрбысы.

– Ол не екен? – Алқа елең ете түсті.

– Отбасына ұқсастырып салынған балалар үйі ғой деймін шамасы.

– Енді біреулер суррогат-ана болуға келісімін беретін жан іздейді – құрбысы тосын хабарландыруларды оқып, таңырқауда.

– Ол не болды екен? – Алқа білмейтініміз көбейіп кетіпті-ау дегендей денесін тіктеп, енді газетті қолына алды.

Sos балалар қалашығында 12-14 отбасы болады екен. Әр отбасында 8-10-нан әр жастағы балалар тәрбиеленетін көрінеді. Кәдімгі қазақтың қарапайым шаңырағы секілді. Жетімдерді жебеудің тиімді бір жолы болса керек.

Үміт-әуен Алқаны алды-артына қаратпай Алматыға әкелген.

– Sos-ана емес, шынайы ана болғым келеді, – деді бұл үлкен мекеменің үлкен бастығына.

– Боласыз, – деді тікбақайлау, қазақшаға қыры жоқ, бірақ өте мейірімді болып көрінгісі келген бастық, Алқаның сөзінің қаңқасын түсінгенімен, тереңіне онша сұғына қоймады-ау.

Бұл жердің тексерісінен өту қылкөпірден өтуімен бірдей ме дейсің. Пәпкі пәпкі қағаз толтырасың.

– Күйеуге шықпайсыз, шықсаңыз бұл қалашықта қала алмайсыз.

– Қызық екен, sos-әке болуға болмай ма? – деді Алқа күйеуге шығуға ниеті бардай.

– Олар бөтен 9-10 баланың жауапкершілігін мойнына ала алмайды. Психологиясы сондай. Сіз әлі де ойланыңыз, – мейірімді болып көрінуге тырысатын тікбақай бастық.

– Мен ойланып келіп отырмын. Ендігі өмірімді балалармен бірге өткіземін. Өзіме тууға бола ма? – Алқаның сана түкпіріндегі ойы тіл ұшына үйіріле кетті. Ту десе, туа салатындай монтаны бола қалыпты.

– Туам деген адамға тууға болады, бірақ бұл жерде емес. Ұрлықтан бала тусаңыз тәрбиелеп отырған жетімдерге не айтамыз? Онсыз да олардың саны жетерлік, – бастық қатулана қалып еді, өзіне осы сұсты бейнесі жараса кетті.

«О, құдырет-ай, туатын адамды туғызбайын десе шарасы жетерлік екен ғой» – деп Алқа орнынан көтерілді.

Алғашында абдырап қалғаны рас. Бір сәтте 9 балаға ана болып шыға келу оңай ма?! Ең кішісі 9-да да, ең үлкені 17-де екен. Әр тараптан келген әр түрлі тағдырлар. Мұндағы Маша мен Вика бірге туғандар. Руслан негр баласы. Қазақтың қызы бетіне қарамастан перзентханаға тастап кетіпті. Қазір көрсе туған шешесінің өкінері хақ. Тіп-титтей болып алып үлкендерше әңгіме айтады.

– Кейін, кейін мен үлкен болғанда қап-қара балаларды аппақ жасайтын дәрігер боламын, сонда қара балаларын ешкім де далаға қалдырмайды.

Өзімнің 10 балам болады, сонда олардың ешқайсысын да тастамай үлкен үйде бәріміз бірге тұрамыз, иә, мама, – деп Алқаның алдына жайғасады. Алқа басын изесе «иә деп айт, иә деп айт» деп, бетіне қарайды. Алқаның аяқ-қолы дірілдеп, басы айналып, жүрегі лоблып, көзінен моншақ-моншақ жас парлаған. Руслан «жылама, жылама, мама, не сен менімен бірге тұрғың келмей ме?» деп кемсеңдей бастады. «Тастамашы, енді тастама» деп жылауын үдетті. Алқаның «мама» деген сөзге көңілі босаған, Русланның мына қылығы ет-жүрегін одан сайын елжіретіп жіберді. Бірақ бұлай босай беруге болмайды. Жыласа 9 бала үрпиіп қалады. Оның үстіне бұл отбасылық балалар үйі. Ертең психолог келіп «балалардың жүйкесіне салмақ түсірдіңіз» деп біраз сөйлейді.

– Мама, біз енді өзімізге папа іздеуімізге бола ма? – бұл 10 жасар Юраның сөзі. Өзі Астанада өтетін жас тілшілердің жиналысына баруға жиналып жатыр.

– Болады, болады, – деп Алқа күлді.

Бұрын сыртқа шықпаған бала алыс жолдан жүрексініп те тұр. «Бірге барайықшы» – деп ара-арасында өтініп те қояды. Оған қайда! Үйдегі балаларды қараусыз қалдыруға болмайды ғой. Алқа оны шығарып салу үшін вокзал басына келген. Алысқа баратынына бір жағынан қуанып, бір жағынан қобалжып бауырына тығылып тұрған. Поезд келіп тоқтағанда: «Мама, мына поезды танимын, мамам мен папамды бір адам осы поездың терезесінен лақтырып жіберген» деп жыламасы бар емес пе? «Мінбеймін, бармаймын» – деп зар иледі. Алқа да қосылып жылады. «Бармаса бармай-ақ қойсыншы» деп қайта жетектеп кетейін деп бір тұрды да, ертең мұның үлкен әңгіме болатынын ойлап:

– Қой, қарашы, өзіңдей балалардың қайсысы жылап тұр, – деп әрең көндірді. Ботадай боздауға өзі де шақ тұр.

Үйге келісімен Юраның өмірбаянын оқыған.

Әкесі «Ұлан» мектебінде, шешесі саудамен айналысыпты. Көршілері Майра Ауғанбаева Юраның кіндік шешесі екен. Юраның шешесімен бір мектепте оқыпты. Істері алға басқан соң енді Қытайға барып киіз үй әкеліп, Алакөл секілді шипалы жерге тігіп, демалушыларға қызмет көрсетпекші болады. Ойларын Майраға айтады. Майра Қытайға ертіп баратын, жер жағдайын білетін әрі аудармашы болатын адам табады. Сыртқа шыққанда қасында жер, су жағдайын білетін адамның болғанына не жетсін. Юраның әке-шешісі бұған балаша қуанады. «Сауданы сен жасайсың ғой» деп қаржының қомақтысын соның қолына ұстатады.

Сарыарқаның Жетісуға ұласар тұсы қалғып жатыр. Сора-сорасы шыққан тастар ғана әр жерден ағараңдайды. Титтей арамдығы байқалмаған аудармашы жігіт аяқ астынан өгізге салған ыңыршақтай ыңыранып, үн-түнсіз қалды. Терең бір сағым-ойдың жетегіне беріліп кеткендей...

Арақ сұрады. Аудармашының аяқ-астынан құбылғаны Юраның әкесіне ұнамады. «Оны ісімізді бітіріп келгеннен кейін ішсек қайтеді» деп еді, сұп-сұр боп мелшиді де қалды. Поездың терезесін сырттағы ағыл-тегіл жаңбыр ұрғылап, купедегі үшеудің ішіне сұмдық бір суық кіргендей. Әкесін иығынан түріп қалып сыртқа шығуға икемдеді. Әкесі әйеліне жалт қарап бірнәрсе ымдағандай болып еді, бұрын қулық-сұмдықпен қоңсы қонып көрмеген әйел дымға түсінбей отыра берді. Екі еркек сыртта ұзақ аялдады. Аудармашы қайта кіргенде, әйел кішкентай Юрасын бауырына басып жатып та қалған еді. Аудармашы енді оны сыртқа шақырды. Жанынан бір нәрсе опырылып түскендей әйел жүрек тұсын ұстап басын көтерді. Аудармашының көзі қанталап кетіпті. Юраның шешесі бір жаманшылықты сезгендей тартыншақтай беріп еді, купенің қалың терезесін саңғыр еткізіп сындырып, шынашақтай әйелді қаңбақ көрмей лақтырды да жіберді. Әйнектің саңғыры, кішкентай баланың шар етіп жылағаны түнгі тыныштықтың шырқын бұзып, үрей туғызды.

Сұп-сұр аудармашы жігіт сол жерде ұсталып, түрмеге, ал әке-шешенің еш жақыны жоқ Юра балалар үйіне алыныпты. Сол сәттер түгелімен сақталмағанымен, сана түбінде шешесін лақтырған сурет қалып қойған ғой.

Алқа мына өмірдің қым-қуыт құпиясына қайран қалмасқа лажы жоқ. Осы Юра «аудармашы» деген сөзді қолданғысы келмейді. «Неге?» десең «білмеймін, жек көремін» дейді де қояды. Титтей баланың ұғымындағы қара нүкте оңайшылықпен кете қоймас.

Бір отбасындағы тоғыз баланың қиын тағдырын ойлап күрсінсе кеудесі күңіреніп кетеді. Мұндағы жүректердің бәрі тілімделген, жігерлері мұқалып, опырылған Алқаның өмір бойы бала аңсаған мейірімі, сағынышы осы жүректегі жараларды емдеп жазуға жете ме, жетпей ме?!

Өзінің шерін қайтеді?! Шашырап шыққан түтінін осыларға сүйеніп түзете ала ма? Үмітінің оты жана ма? Ауылдан кеше бір туысы келіп, Гүлшат баласын туа салысымен шешесіне тастап, басқа күйеуге тиіп кеткендігін айтты. Тағы бір жетім. Жаны тағы мұңға батты.

Маша мен Виканы Атырауда тұратын ата-әжесі алып кетті. Ұлдары қайтыс болған соң, келіндері араққа салыныпты да, аналық құқынан айрылып, екі қыз балалар үйіне жіберіліпті. Ит арқасы қияннан іздеп келіп алып кетті. Алқа бауыр басып-ақ қалған екен, мейірімді болып көрінгісі келген бастығы шақырып: «екі баланың туыстары табылды, беру керек» дегенде бұл көтеріліп барып басылған.

– Қаламаса тастайды екен, қаласа алады екен, сонда бұл не болғаны? – Алқа біраз сөйледі. Жүйкесі сыр берді. Көзіне жас толды. Баяғыда 3-4-сыныпты оқып жүргенінде асыраған жетім қозысын әкесі сатып жібергенде осылай тамағына өксік тығылып бір жылағаны бар...

Көктем айларының бірінде әкесі өрістен кішкентай қозыны қоржынына салып алып келген. Шамасы енесі жерініп тастап кетсе керек. Уыз ембеген қозы тілерсегі дірілдеп қайта-қайта құлап қала береді. Әлсіз маңырағаны жүрегіңді шым-шым еткізеді. Аласұрып енесін іздеп тауып бергің келеді. Бұйра жүнді сүйкімді қошақанның зарлы үнін қалай тоқтатарын білмей, шешесіне қараған:

– Емізік тауып кел де, сиырдың шикі сүтін бер, бірақ артық беріп қойып тышқақтатып алма.

Алқа берген сүтті езуінен ағыза-тамыза ішіп алды. Қарны тойды ма, көңілі тоғайды ма, маңырағаны басылды. Тәлтіректеп тұрып, жан-жағына қарады. Қасына барып еді, мұны түртпектей бастады. Алқаның бала жүрегі оның енді енесін іздегенін аңғарып, мұңайып қалған. «Осы малдар туған төліне неге қарамай кете беретін болды екен?»

Жетім қозыны ыждағатпен күтімдеп еді, аз уақытта-ақ отығып кетті. Алақанына тосқаныңның бәрін жейді. Шақпақ қантты күтірлетіп асағанын көрсең... Уақыт өте келе артынан бір елі қалмайтын сыңарына айналды. Алқаның қыздармен теннис ойнайтыны бар еді. Осы бір қошақанның алаңға барып кішкентай доптың бағытымен ары-бері асыр салып жүргенін айтсайшы.

Алқаның кейбір ойынпаз достары ондайда оның кекіліне қызыл лента тағып, жүнін тарап ұйпа-тұйпасын шығарады. Оған да керегі осы.

Кейін марқа болып отарға қосылғанда да осы әдетінен танбады. Сырттан тойығып келсе де, аулаға кіре салысымен Алқаны түрткілейді. Бұл алақанына қос уыс жем не қант салып шығады. Соны жеп барып қораға кіреді. Мал емес пе, кейде бөтен қораға кіріп кетеді, ондайда Алқа барып қойдың маңырағанындай дауысқа салса болды, едіреңдеп жүгіріп жететін. Сол қойын әкесі Алқа алыстағы туыстарының үйіне қыдырып кеткенде сатып жіберіпті. «Маңырап маза бермеді» дейді. Алқаны іздеген ғой.

Жетім қозысын есейгенде сатып жібергені үшін бұл үйдегілерге қатты ренжіген. «Әкем де, шешем тас жүрек» деп екі-үш күн тамақ ішпей, бұртиып жүрген. Денесі дірілдеп ауырған.

– Бір малға бола онысы несі-ей. Әр нәрсеге бір осылай елбірей берсең Сартбайдың Айшасы боласың да шығасың – шешесі тиып тастады. «Сартбайдың Айшасы» көшеде жүретін жындысүрей әйел. Ешкімнің ондай болғысы келмейді.

Маша мен Виканы туыстарының алып кетуі Алқаның жандүниесінің астан-кестеңін шығарды. Енді Русланын, Юрасын... қалған жетеуін алып кететіндер табылса ше...

Онда Алқаның «Сартбайдың Айшасы» болып қалатыны айдан анық.

Юра тілшілер жиналысынан олжалы оралды. «Табиғат тажалы Алладан емес, адамнан» деген тақырыбы кішкентайлардың ғана емес, үлкендердің де қалғып бара жатқан болмыстарына біраз ши жүгірткендей.

– Не айттың, күнім? – Алқа мейірлене қарайды.

– Нұржан Өркешбаевты айттым.

– Ол кім еді?

– Мам, таза ауаның құрамы арган мен көмірқышқылының қоспасынан тұрады. Ал қазір ауа дегеніміз небір улы газдардың қоспасына айналған.

– Соны айтқан адам ба?

– Туу, мам, сен де бір газет, кітап оқымайтын адам секілді сөйлейсің ғой. Ол менімен жасты бала, бірақ адамдардың табиғаттың қойнына қолын уыстап салуынан қартайып туған.

– Содан ба?!

– Иә, «Теңізшевройл» өндірген мұнайдан бөлінген күкірттер, Ертіс суындағы мыс пен цинк, Каспий маңындағы дем алатын ауа жоқтықтан ұша алмай қалған құстар туралы айттым.

Өскеменнің Глубокое деген жерінен таза мыс өндіреміз деп баланың басындай таза мыс алғанға құнығып жерді кеулеп, төбелерді тып-типыл еткендерін, Алатаудың етегіндегі құм-шағылды шетелге өткізіп, тау астын кеуек жасағандар Алланың қаһарына ілігетіндіктерін айтқанда өзім қатты екпіндеп кеткен болуым керек, үлкен ағалар әзер тоқтатты.

– Оларға сөзің ұнамады ма?

– Құдай әу баста бәрін таза жаратып, Египет папирусына: «Мен ағын суды бөгемеймін» деген ант іспеттес асыл сөз жазып қалдырған» дегенімде күлді де, осындай экологиялық апаттан құтқаратын Нұқ пайғамбардың кемесі секілді құтқару кемесі керек дегенімде залдағылар ұзақ қол шапалақтады.

– Күнім сол. Көптің ойындағысын айтқан аузыңнан айналдым. Маңдайың жарқырап жүрсе екен, – Алқа Юраны бауырына қысып, ұзақ құшақтап тұрды. «Тіл көзден сақта!» деп күбірледі.

– Мама, тағы бір нәрсе айтайын ба?

– Айта ғой, күнім.

– Мен бір қызды ұнатып қалдым.

– Адамдардың бірін-бірі жақсы көргені жақсы ғой.

– Бірақ... – Юра мұңайып сөзін жұтып қойды.

– Не бірақ?!

– Ол мылқау. Керемет биші екен. Билегенде бар ғой, сәуле нұрға, нұр ғажайып әлемге айналып кетеді. Билегенін көріп отыра бергің келеді.

– Тай Лихуа секілді ме?

– Ол кім? – Енді Юра шешесіне сұраулы жүзбен қарады.

– Сен де бір газет-журнал оқымайтын адам секілді сөйлейсің, қытайдың әлемге әйгілі мылқау биші қызы – Алқа Юраға күле жауап беріп еді, Юра:

– Бір де бір – деп шешесін құшақтап, еркелей алдына құлады. Құлдырыңдап Руслан келді де, Алқаның мойнына асылды. Балаларының күміс күлкісіне шомылған Алқа сол сәтте тіптен жасарып кеткендей еді.

***

– Әй, Білгішбек. Бері кел – іргедегі мектептің ұрыншақ баласы мұның жолын тосып тұр.

– Келдік, – Юра жанына жақындағанда, иығынан итеріп қалды.

– Сенің Қазақстанның құмы мен тасының қайда кетіп жатқанында шаруаң қанша?

– Түсінбедім, не айтып тұрсың? – Юра кикілжіңнен аулақ жүргісі келіп, істің мәнісін сұрады.

– Енді түсінетін боласың, – деп талмау жерден соғып қалды. Юра әлсіз қолымен қарсылық жасап, итергендей болғанымен, қуатты бала міз бақпады.

– О, о, бұл Білгішбек те төбелесе алады екен, – ұрыншақ баланың жанына бойлары серейген, құлақтары қалқиған ұсқынсыз екеу келіп қосылды да:

– Сенің паханыңның жұмысы жайлы айтқан әлгі эколог-сымақ осы ма? – мұның шағын денесіне көңілдері толмай, тиіссек пе, тиіспесек пе деп тұрған сыңайлы.

– Ой мынаған қол былғаудың қажеті жоқ, ұрып айызың қанбайды ғой – ұсқынсыз шегір көз сырт айналғандай сыңай танытып келіп, жүрек тұсынан соғып, соғып жіберді. Жұдырығы ауыр екен. Юра жүрелеп барып отырып қалды. Қатты ашуланғанда мұрнынан қан бұрқ ете түсетіні бар, бетін қан жауып кетті.

– Ой, әкеңнің, әкесіз, шешесіз құнсыз неме, жерге қағып жіберейн бе? – ұрыншақ бала бұл үндемеген сайын зығырданы қайнап, тісін шықырлатты.

– Әкем мен шешеме тіл тигізбе, олар адал еңбегімен күн көргендер – Юра тәлтіректеп орнынан тұра бастағанда, жүрек тұсынан тағы да тепкіледі. Есеңгіреп қалды. Бастапқыда қорқып та қалған. Енді тайынатын ешнәрсе жоқ. Бойына бар күш-қуатын жинап бұл да қолын оңды-солды сермелей берді. Лезде айналаға балалар жинала қалыпты. Қаны қызып тұрғандар жұдырық сілтесіп жатыр. Дайындалып келген үшеудің қолында ауыр темірлері бар екен. Соны сілтеп қалғанда Юраның жанындағы баланың басына тиіп, ол сылқ ете түсті. Көзі ақиып кеткен. Жанындағылар үрпиісіп тұрғанда шегір көз ұзынтұра бала қалтасынан пышағын жалаң еткізіп оның кеуде тұсына кірш еткізді де, жалма-жан қаша жөнелді. Юраның пышақты суырып алмақшы болған әрекеті босқа кетті. Сабынан ұстаған қалпында есеңгіреп құлады. Одан кейін не болып, не қойғанын білмейді. Мұны ауруханаға әкелген. Пышақ тиген бала сол жерде тіл тартпай кетіпті. Біреудің ұлдан да, қыздан да жалғызы екен. Ең қиыны – төбелесті бастаған да, пышақ салған да Юра болып шықты. Куәгерлердің сөзі қаперге алынбады. Юраға тиіскен үш баланың бірінің әкесі Алматыдағы «Құмшағыл» ЖШС-нің директоры екен. Ол бала сотқа бір рет қана куәгер ретінде шақырылып, одан кейін көрінбеді. Юра он жылды арқалап балалар колониясына кетті.

Алқа түс көргендей. Бәрі жақсы болып келе жатыр еді, мұнысы несі? Сол бір жиналысқа барарда өзі де поездан сонша шошынып еді. Сонда Юраны жібермей-ақ қоюы керек па еді...

– Сіз жұмысыңыздан кетесіз. Біз халықаралық деңгейдегі беделді ұйымбыз. Мына оқиға масқара болды. Сізді енді өзге балаларға sos-ана етіп қалдыра алмаймыз, – мейірімді болып көрінгісі келетін бастық тым сұсты.

– Юраға жала жабылғанын бәріміз біліп отырмыз ғой. Экологияға қатысты баяндаманың кесірі. – Алқа соңғы үмітінен айрылғысы келмегендей таусыла сөйледі.

– Жер ананың тесік өкпесін бітейтін ба едіңіз, жоқ әлде алапес, соқыр, рак ауруын тиятын сіз бе едіңіз?! Мыс пен цинкте, уранда шаруаларыңыз қанша? Эколого-биогеохимиялық карта жасау керек деп баланы желіктірген де сізсіз ғой. Қазақстанның таза ауасы, таза суы сізге ғана керек пе? Тайсойғанның малдарының ішінен ірің ағады деп жаздырыпсыз. Не, сол жақтың малдарын соғымға жейін деп па едіңіз? Адам өз шамасын, өз деңгейін, қай жерде не айту керектігін білу керек қой, – бастық бұрқырап барып басылды. Ашуланғанда қазақшаға судай жорғалайды екен. Тіптен тәмсіл де айтып жіберді.

Баяғыда бір мұсылман бала пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «кімде-кім жанаттан үмітті болса, пайдалы сөз айтсын немесе үндемесін» деген сөзін естіп, соған лайық әрекет етуге тырысады екен. Өзі жас, пайдалы ешнәрсе айта алмайтын болған соң, үндемеуге бел буыпты. Баланың тілсіз қалғаны әке-шешесін қатты алаңдатады. Оны емшіге апарады.

– Балаңызды үйде ұстамай, сыртқа қыдыртыңыз, ол зеріккен, – депті.

Әкесі баласын орман, тоғайлы жерге ертіп апарады. Екеуі келе жатса, бір тотықұс шықылықтай береді. Әке баласының көңілін көтермекші болып, тотықұсты іздеп жүріп тауып алады да, торға сала бергенде:

– Әй, байқұс! Шықылықтай бермей, үндемей отырсаң, сен мынандай күйге түспес едің, – дейді.

Әкесі болса:

– Сен сөйлей алады екенсің ғой, Ендеше елдің бәрін неге әбігерге саласың? – деп шапалақпен тартып жіберіпті.

Сонда бала:

– Міне, мен де үндемей қойғанда шапалақ жемес едім, – деген екен.

Осы нәрсе бұдан кейін де ойыңызда жүрсін.

Алқа енді сөйлеудің артық екендігін білді. Орнынан үнсіз көтеріліп, сыртқа шықты. Үйдегі алты балаға не айтады? Русланды қайтып тастап кетеді?

Күздің сұрқай соңғы күндері иығын басып, еңсе көтертпейді. Бақ ішіндегі жемісі мол ағаш жалаңаштанып қалыпты. Ұшар басында бір алма ілініп тұр. Сілкіп қалсаң топ ете түспекші. Онда алма мен ағаштың байланысы үзіліп, үйлесімділіктің быт-шыты шықпақшы. Алқа алма мен ағашқа тағы көз салды. Өмірдің үйлесімді әуенінің қай жерде ырғағы бұзылды екен деп ойлады.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА.

Алматы.

796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы