• Тарих
  • 04 Маусым, 2015

Өлеңдері жүректерге жол салған

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарба­ев халқымыздың ұлы пер­зенттері ту­ралы «Ұлылардың мұ­ра­сы да, мұ­раты да, атақ-даңқы да, ме­рейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үл­гіге қарап ұрпақ өседі» деген болатын. Міне, сондай  соңына өшпес із  қалдырған біртуар талант иесі, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының халық ақыны, Түркі әлемі Физули атындағы сыйлығының иегері Тұманбай Молдағалиев еді. Еліміздегі өзге өңірлері сияқты Жетісу жұртшылығы да талантты ақынның 80 жылдық мерейтойын шат-шадыман қалыпта атап өтуде. Үлкен жиын таяуда Бәйдібек би бабамыздың ауылында өтті. Әлемге Алтын Адам – сақ жауынгерімен әйгіленген бұл өңір – алтын қалам иесі, махаббат пен жастықтың жыршысы ақынның кіндік қаны тамған жері – Тұманбай ағамызды айрықша мақтан етеді, құрметтейді, ардақ тұтады. «Естен кетпес жүректе тұр жаттағаным, Жырларыңнан шабыт алып шаттанамын. Ел-жұртыңды сусындаттың өлеңіңмен, «Тұмаш аға» тау тұлға деп мақтанамын» деген шумақтар қалың қазақ жұртының елін, жерін сүйіп, аялай білген азаматына деген халқының берген бағасы, ыстық ықы­ласы мен дән ризашылығы. Бұл әр адам­ның маңдайына жазыла бермейтін бақыт. «Сезім мен нәзік лириканың теңдессіз шебері Тұмағаңның өлеңдері көптеген жүрекке өшпестей жол салғаны шүбәсіз. Жан дүниеңді үйіріп, рухыңды асқақтата білетін шыншыл да тәкаппар поэзиясы бұл күнде ұлттық мәдениетіміздің алтын қо­рына, халқымыздың рухани бай­лы­ғы­­на айналды»- деп Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев атап көрсеткендей, жан таза­лы­ғы, адалдық, дарындылық, Отанға деген шек­сіз сүйіспеншілік сияқты биік қасиет­тер ғана атаның ұлы емес, алты Алашқа тән тұлға дәрежесіне жеткізсе керек. Тұманбай Молдағалиев ұлы Мұхтар Әуезовтен дәріс алды. Қа­сым Аманжолов­тың шапа­ғатына бөленді, Әбділда Тәжі­баевтың әкелік қамқорлығын көрді. Мұқағали Мақатаев пен Қадыр Мырза­лиевтің қалам­дас серігі атанды. Мұндай өнегелі өмір­баян ақын ағаның бүкіл тіршілігіне тән. Тұмағаңның көңілді тербетер өлеңдері­не жазылған әсем әндерді тыңдап, сусындап өстік. Оның сырлы сезімге толы жырларынан қуат алып, мейірім мен сүйіс­пеншілік қасиетті бойымызға сіңірдік. Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сияқты заманымыздың заңғар композиторлары ақын өлеңдерін әсем әуендермен әрлеп, халыққа тарту етті. Тұманбай аға аудармашы ретінде әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін қазақша сөйлетті. Қаламгердің артында 40-тан астам кітабы мұра болып қалды. Қазақтың әр баласы «Лениншіл жас» газетінде, «Пио­нер» журналында, «Жалын» альманағындағы қалдырған қолтаңбасымен жақсы таныс. Жаны нәзік, пейілі кең, көңілі таза Тұмағамыз тіршілігінің соңына дейін «Балдырған» журналының бас редакторы болып қызмет атқарды. Еліміздің Тәуелсіздігін қуа­на қарсы алған қаламгерлердің бірі Тұманбай Молдағалиев болатын. Ол Тәуелсіздікті жан-тәнімен жырлады. Халқының қолтығынан сүйеп, дем берді. Егемендіктің қыры мен сырын ұқтырып, оны жыр жолдары арқылы жүректерге ұялатты. Әдептен озбай, жүректен қозғай, нәзік сырлы пәктігімен, мазмұнының сәттілігімен, сырды мұңға бөлеп, мұңды сырмен әрлеп жырлаған ақын қазақ өлеңінің «Құс қанатында» қалықтап, «Бақыт құшағына» оранды. Тұманбай ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. Сол кездегі жастар, әсіресе студенттер бұл жинақты мөлдір, тұнық сезімнің, мәнді махаббаттың, жалынды жастықтың бірден-бір жыршысы деп қабылдады, тө­белеріне көтерді. Әр сөзін жерге түсір­мей қағып алып сән-салтанатта тек қана Тұманбай әндерін шырқады. Жыр жау­һарын жабыла жатқа оқыды, міне, сөйтіп ақын даңқын әуелетіп, атағын аспандатып әкетті. Жақын қалдым мақсатқа сеземін мен, Маған өлең кеп жатыр кезегімен. Дүниеге сыймайтын сияқты ма, Сырласпаса Тұманбай өз елімен, – деп өмірін өлеңмен өрнектеген заманымыздың заңғар тұлғасы – Тұманбай Молдағалиев қазақ поэзиясындағы сыршыл лиризмді дамытқан ақын. Тұмаға басылым бетінде берген сұхбат­та­рының бірінде «Көңілімнен өлеңнің оты өшкен күні жер бетінде жүре қоймаспын. Себебі мен өлеңнен өз орнымды таптым» деген екен. Расында да, ғұмырының соңғы сәтіне дейін ақын ағамыз өлең жазуды тоқ­татпаған. Өлең жыр-жолына бастау алған ақындық алғашқы жолдан, өмірінің соңы­на дейін тау мен даланы, өзен мен көл, ел мен жер тағдыры Тұманбай өлеңдерінің ажырамас өзегіне айналды. Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдерінің бірі, әр сөзі әр жүрекке жа­қын сыршыл да ойшыл ақын Тұманбай ағамыздың 500-ден астам өлеңдеріне ән жазылған. Мәтін мәнді болмаса ән шықпайды. Ал «Құстар қайтып барады», «Куә бол», «Арманымның ақ құсы», «Жан досым» сынды әндер бүкілхалықтық әуенге айналып кетті. Кезінде Әбділда Тәжібаев ағамыз: «Бұл Тұманбай таңғажайып ақындығымен қоса, таңғажайып адам. Ол адамды сүю үшін, оған сену үшін туған» деп айтқан екен. Расында да, ағамыз өлең әлемінде қандай сыршыл, биязы болса, өмірде де солай. Ұстамды, адамгершіл, қарапайым, ақжарқын адам болған. Өз өлеңінде Тұманбай ағамыз Алматы облы­сын Қарасай, Наурызбай, Райымбек, Сүйінбай бабалар, Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Мұқағали Мақа­таев­тар­дың туған өлкесі деп тебірене жырлады. Ал бүгінде Тұманбай Молдағалиевті Жетісу жұртшылығы біздің жерлесіміз деп мақтаныш етеді. «Таң алдында өлең мені түртіп оятады» дейтін Тұмаға таудан төмен құлдырай құлап, сыңғырлай аққан таза мөлдір бұлақ суындай оқысаң көңілің тоятын, ішсең шөлің қанатын құдіретті өлеңдерін газеттер мен журналдардың бетінде ізін суытпай үздіксіз жариялап, жаңа жыр кітабын дүниеге келтіріп отырған еді. Тұмаш ағамыздың сонау 50-жыл­дар­дағы алғаш поэзиядағы күрең жолы өмірінің соңына дейін үзілмей, хал­қына деген сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмаған. Алланың берген дарынымен, тынбай жасаған шығармашылығынан туындаған, көркем де әсем өлеңдері оқырмандарының жүрегінен орын таба білді. Ақындығымен қатар, еңбек жолында да маңдай терін төгіп, халқына ерінбестен елеулі еңбегінің жемісін берген. Керемет ұстаз, адал дос, сүйікті жар болудың таптырмас үлгісі бола білді. Тұманбай ағамыздың маржан жырлары халқымызды мәңгілік сусындата беретіні анық.

Бақтияр Өнербаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары

4900 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7948

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6600

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4344

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3728

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3693

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3653

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3384

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3377

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы