• Әдебиет
  • 11 Наурыз, 2010

Этнографпен әңгіме

Этнографпен әңгіме(Жалғасы. Басы өткен сандарда) (Абыз-ақсақал Жағда Бабалықұлы қазақтың салт-дәсүрінен, әдет-ғұрпынан сыр шертеді)

Бесік әлеммен байланыстырады – Аға сұхбатымызды қазақтың қасиетті тал бесігіне қарай ойыстырсақ. Осы біздің бесіктің қасиеттері жайында не айта аласыз? – Қазақтың бесігі – ешкімге ұқсамайды. Біздің қазақ арғы тегінде көшпелі өмірді басынан көп өткізді. Сондықтан атқа мінгенде, баланы бесікпен ұстап отыру, өңгеріп жүру үшін бесіктің орны мүлде бөлек болды. Бесік өз алдына баланың жататын үйі секілді. Басы иілген, төрт аяғы, астында төсегі, арқалығы, үстіне жапқышын жапқанымен, ауасы кең, бала ешқашан тұншықпайды. Оның ішінде бала қысылмайды, еркін жатып ұйықтай алады. Сәбидің өсуіне біздің бесікте жағдай толық жасалған. Қазақтың бесігі – баланың өміріне өте лайықты ойластырылып, шебер дайындалған. Айта берсең таусылмайтын қасиеті жетерлік. Байқасаңдар біздің қазақтың бесігінің аяғы еденге, топыраққа тиіп тұрады. Ішінде жатқан бала әлеммен тікелей байланысып жасап жатады. – Бүгінгі заманның да бесіктерін көріп жүрген шығарсыз? – Қазіргі сәбилерге дүниеге келе сала астына «полиэтилен жарғақты» төсеп кеп жібереді. Кіші дәретін жіберіп қояды деп сәбидің астына жарғақ салады. Сонымен ол қашан топырақты басқанша барлық әлемнен тыс, оңаша жатады. Егерде қазіргі медицина ғалымдары осы менің айтқанымды қуаттап, ғылыми түрде дәлелдей алса, онда бұл мәселенің алдын-алуға мүмкіндік туар еді-ау. Өйткені баланы қымтап, құндақтап табиғи нәрселерден мүлде тыс ұстасақ, онда керісінше денсаулығына кері әсер етеді. Бүгінгі бесіктер заман талабына сай лайықталып жасалса да, біздің бір нәрсені ұмытпағанымыз абзал. Ол он сегіз мың ғаламмен болатын байланыс. Біз бұл күндері табиғи жөргектен мүлде қол үзіп қалған халықпыз. Ол жөргек қандай еді өзі? Үндістан мен Қытай арасындағы Памир тауында саны мыңнан аспайтын шағын ғана халық бар. Мен осы халықтың табиғи жөргегі жөнінде естігенімде таң қалдым. Өздері түрік тілінде сөйлейді екен. Егін салмайды. Сауда жасамайды. Аздаған ұсақ мал ұстайды. Қодас сиырлары бар. Қыста таудың күнгей бетін, жазда теріскей бетін мекендейді. Өздері өз алдына дербес ел. Ешбір мемлекетке қарамайды. Осы халық қойдың құмалағын үгітіп, електен өткізіп, әбден жұмсартып, жаңа туған баланың астына төсейді екен. Мүмкін біздің ата-бабаларымыздың да алғашқы табиғи жөргегі осы шығар? Мұны да терең зерттеу қажет. Мен қазақ бесігінің сыртқы жобасын емес, қасиетінің қайта келуін айтып отырмын. – Сіздің тәжірибеңізде ұлттық болмысымызды сақтаудың тәсілі қандай деп ойлайсыз? – ХХ ғасырдың бас кезінде жапон елі ұлттық салт-санадан ауытқи бастаған болатын. Аса қауіпті қоғамдық апаттан сақтану мақсатында жапон мемлекеті әрбір аудан орталықтары мен жеке қалалардың іргесінен ұлттық салт-саналық ауылдар құрып, сол ауылдарды этнопедагогикалық мақсатта тиімді пайдаланған. Жапон елінің ұлттық салт-санасын қайта қалпына келтіруге осы ауылдардың орасан зор пайдасы тиіп, жақсы нәтиже берді дегенді естіп отырмын. – Мүмкін осы тәсіл бізге де керек шығар? – Осы бір әдіс, қазаққа да керек. Мүмкін ұлттық менталиттетке қарай бейімдеп алу керек пе екен. Салт-саналық ауылдар Ислам дініне сай болады. Арақ, шарап, апиын, есірткіге мүлде тыйым салады. Барлық тірліктерін көне қазақ салтына сай яғни төрт маусымы мал шаруашылық талабына сәйкестендірсе дұрыс болатын шығар. Ойлану керек. Айта берсе өте күрделі іс қой бұл. Ең алдымен мұны Астана, Алматы қалаларының іргесінен екі ауыл құрып, тәжірибеден өткізу керек шығар. – Қазақтың сөздік қорын жинау қай кезден басталды? – Біздің қазақ ғалымдары 1937 жылдан бері ілгері-кейінді қағазға түскен сөзді тіркеп келеді. Ел аузынан жинаған кездері де болған. Өткен дәуірде қағазға түскенді түгел тіркей алмағаны анық. Десек те Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолында қырық-елу томдық түсіндірме сөздік бере алатын сөз қоры жатыр. Біздің мөлшерімізше қолымыздағы сөз қоры жалпы қазақ тілі сөз қорының жиырма-отыз пайызын әрең-әрең құрайды. Тілдік қорымыздың жетпіс-сексен пайызы ел аузынан жинаудың үлесінде қалып, әлі жиналмай жатыр. Қазақ тілін терең білетін адамдар қатары күн санап сиреп бара жатқанын еске алсақ, ХХІ ғасырда аз санды ұлттар тіліне, соның ішінде қазақ тіліне ерекше қауіп-қатер төніп тұрғанын ескерсек, қазақ тіліне деген мемлекеттік жауапкершілікті өтемесе болмайтын парыз ретінде қарайтын уақыт келді. Тіл тағдырына байланысты ең басты жұмыстың бірі сөзді ел аузынан жинау ғой. Сөзді ел аузынан жинау ең күрделі, аса ауыр жұмыс. Оның үстіне сөзді ел аузынан жинауға мол қаржы керек болады. – Ол үшін не істеуіміз керек? Нақты талдап, таратып айтып берсеңіз... – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі институтын керегінше кеңейтіп құрып, сөзді ел аузынан жинауды соларға баса жүктеп, оларды қажетіне орай қаржыландыру керек. Егер мемлекет оларды қаржыландырмаса, олар сөзді ел аузынан жинай алмайды. Моңғолиядағы қазақтардан басқа жердегі қазақ ауылдарында ассимиляциялық үрдіс әлі күнге тоқтаусыз жүріп жатыр. Қытайдағы қазақтар енді алдағы жиырма-отыз жылда тілінен мүлде айырылады. Егер сырттағы қазақ ұлтын тездетіп көшіріп алмасақ, қазақ тілі сөз қорын ел аузынан жинап қалмасақ, қазақ мемлекеті тәуелсіздігіне үлкен қауіп төнеді. Сондықтан қазақ көші-қон тағдыры мен қазақ тілі тағдырына, қазақ мемлекеті ерекше көңіл аудару керек. Тілімізді, ділімізді, дінімізді, ұлттық рухымызды, салт-санамызды, ән-күй өнерімізді, жалпыұлттық болмысымызды аздырмау үшін Салт-саналық (этнопедагогикалық – автор) оқулықтарды шығару кезек күттірмес мәселе. Осы тілге қатысты өзім оқыған бірнеше деректің бетін саған бүгін ашсам деп отырмын. – Ол қандай деректер аға? – Атақты ағылшындық Шекспирдің сөздік қоры он бес мың сөзден тұрады екен. Байрон мен Маяковскийдің де сөздік қоры осы шамада. Ал Пушкин болса өз шығармаларында жиырма бір мың жүз тоқсан жеті сөз қолданыпты. Әлішер Науаи бұлардан да асып түскен көрінеді. Оның сөздік қоры жиырма алты мыңды құраған екен. Лениннің қоры отыз бір мыңмен шектеліпті. Ал біздің Мұқаң ше, Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында он алты мың тоғыз жүз сексен үш сөз қолданыпты деседі. Ал сөздік құрастырған Дальдың елу үш жыл бойына жинаған сөзі екі жүз мыңды құрайды екен. Бұл енді өте құнды еңбек қой. Он жеті томнан тұратын қазіргі академиялық әдеби тіл сөздігінде жүз жиырма бір мың төрт жүз сексен сегіз сөз бар екен. Ал, өндіріс, ғылым, мәдениет, тұрмыс тіршілігіне қатысты сөздерде қисап жоқ дейді біздің ғалымдар. 1953 жылы қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасауға кіріскенде Ғылым академиясының қорында жүз сексен мыңға жуық сөз болған екен дейді. Ал 1972 жылы оларды қайта тіркегенде сөз қоры көбейіп, екі миллион бес жүз елу мыңға дейін жеткен. «Ақ» сөзі жүз отыз түрлі мағынаға ие – Қалай, қайдан, қайтіп көбейтіпті, жаңсақтық жоқ па екен мұнда? – Мұның осынша сатыланып көбеюі қазақтың бір сөзінің бірнеше мағынаға ие екендігінде жатыр. Мысалы қазақтың «ақ» деген сөзі – жүз отыз түрлі мағынаға ие екен. Ұлты неміс, қазақстандық жазушы Герольд Бельгерді Орталық Комитетке Мищенко деген біреу шақыртыпты. Ол енді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ізі суымай, әлі басылмай тұрған кезі болса керек. Сол кісі айтыпты Бельгерге «қазақ тілінің қоры екі жүз сөзден тұратыны рас па?» деп сұрапты. Не деген ақымақтық бұл? Оған сондай деп ақпар берген ғой біреулер. Мищенко сияқты ноқайлар сондай өтірік ақпарға сенеді депті біздің Бельгер. – Аға қазақ халқының мәдениеті, дәстүрі бай деп жатамыз. Қазақтың келіндері үлкенге иіліп сәлем салады, ізет көрсетіп жатады. Бұл дәстүрімізге қалай қарайсыз? – Келіндердің қайын атаға, қайын ағаға тәжім етуі бұл енді керемет нәрсе. Бұл әдептің басы. Тұнып тұрған иба. Бұл мінез, аналық мейір, шапағат. Дәстүрдің әкесі – осы ғой. Қазіргі кейбір келіндер соғып өтеді ғой, сәлем салмақ түгілі. Бәрі сондай деуден аулақпын. Әйтсе де қолына стакан ұстап, «кел, аға соғыстырып қоялық» дейтіндерді талай көрдім. Солай да келін бола ма? Өзім бір нәрсеге таңқалатынмын. – Ол не нәрсе? Бала кезімде бір кемпір болушы еді. Басында үлкен кимешек тәріздес бас киімі бар. Біздің үйге күнара келіп тұрады. Келгенде бір тізерлеп тұрып менің әкеме сәлем береді. Үйден шыққанда айналып шықпайды, шегініп шығады. «Бұл кемпір кім?» деп кейін сұраймын ғой. Менің әкемнің немере інісінің бәйбішесі екен. Сонда біздің үйге келін ғой. Көрдің бе қандай тәрбие, қандай әдеп. Әйтпесе жасы да келіп қалған кемпір ғой. Сол уақытта мен көргенде жасы жетпістің шамасында болатын. Жалпы қазақтар бұрнағы кезде «Армысыз» деп қолын көкірек тұсына қоятын. – Байқап жүрмін, сізде қол беріп амандаспайсыз... – Мен жалпы қол беріп амандасқанды ұнатпаймын. Бұл қол беру қайдан келді өзі? Біле білсең бұл үлкен апаттың алды. Бұл қол алу арқылы ауру таралады. – Апырай, ә? – Бірде қонаққа шақырып, үлкен бір дастарқанның ортасында отырдым. Барлығы өз орындарына жайғасқан. Әлі бастамай, келетін имамды күтіп отыр екен. Біраздан соң ол кісі де келді. Имам ішке кіргенде бәрі өре түрегеліп, оның қолын алып жатыр. Екі жаққа жайғасқан жұртпен тегіс қол алысып шықты. Төрде отырған маған келгенде, мен айттым «қолымды жуып келіп едім» деп. «Жоқ, менің де қолым таза, жаңа ғана мешіттен шықтым» деп ақталып жатыр ол. Мен бетіне тура қарап тұрып, «Мешітте қанша кісімен амандастың, оны білмеймін, ал мына жерде екі жүз адамға қол бердің, қайсысының қолы таза екеніне кепілдік бере аласың?» деп едім үндемей барып төрге жайғасты. Осындай тұтас ұлтқа тікелей зияны бар дәстүрлерді мүлде жоюдан қорықпау керек. 1954 жылы Кореяға іс-сапармен бардық. Төрт-бес айдай болдық онда. Бір күні жергілікті корейлік бізге өзінің өкпесін айтады. Біз олардың бетінен сүйіп амандасамыз, мына қытайлар бізді неге сүймейді деп. Қытайлар ешқашан кісі бетінен сүймейді ғой. Оларда сондай қатал тәртіп бар. Жалпы беттен сүю өте қауіпті нәрсе. Елдің терлеп тұрған бетінде не бар екенін сен қайдан білесің? Бетіне қонған көшенің шаң-тозаңын сен жалап аласың. Ол аузыңа кіреді. Аурудың бәрін осылай жан-жағыңа таратып жүресің. Бұдан кейін біздің халық кім көрінгеннің бетінен сүюді мүлде тыю керек. Әсіресе көпшілікте жағалай сүйіп шығу деген не сұмдық. Қытайлардың өсіп-өніп жатуының осындай сырт көзге елеусіздеу көрінетін себеп-салдарлары көп. – Біздің халықтың тәрбиесі ешбір елдің мәдениетінде жоқ десек те болады. Соның ішінде келіндерге қайта оралсақ. Қайын атасының, қайын ағасының, тіпті қайын сіңлілері мен қайын інілерін де өз атымен атамайды. Мұнда да тұнып тұрған тәлім, тәрбие, тағылым бар емес пе? – Әрине мұның өте дұрыс. Жалпы бізде «ат тергеу» деген нәрсе бар. Әсіресе әйелдерге көбірек қатысты нәрсе бұл. Қазақ халқында өзің айтпақшы басқа ұлтқа ұқсамайтын ерекшеліктер көп. Біреуі осы – қазақ әйелдерінің ат тергеуі. Қайын ата мен қайын ененің жөні бір бөлек. Қайын ағасының атын атамайды, қайын інісінің де атын атамайды. Барлығына өзі ат қойып алады. Біздің қазақ үлкенге білдірген өнегесі ретінде атын атап шақырмайды. Жәке, Сәке дейді. Аға дейміз, әпке дейміз, мұның бәрі құрметтен туындаған нәрсе. Мына біздің батыс жақта Көтібар деген батыр өткен. Сол кісіні келіндері қалай атағанын білесің бе? – Білмедім? – «Өзінде бар да, басқа да жоқ қайнағам» деген. Сол секілді бұрынғы келіндер «тентек», «тетелес», «еркем», «кенже» деп қайнылары мен қайын сіңлілеріне өзінше ат қойған. Бұл не? Бұл әдептің басы. Осы ғажап әдеп-ғұрыптан қол үзіп бара жатырмыз ғой қазір. Бұл «ат тергеу» зерделей түссең өз алдына үлкен ғылым. Әдет-ғұрпымыздың ішіндегі ең озық салттың бірі осы. Мұны тереңірек зерттеу керек. Өте керек нәрсе халқымызға. Мұндай мәдениет ешбір ұлтта жоқ. Тек бізде ғана бар. «Ат тергеуді» осы күнгі ұрпақтың санасына сіңдіруіміз керек. – Дәстүр, салт, ғұрып турасындағы әңгімеге келгенде біздің «қалың малымыз» жайында да сөз қозғап кеткенді жөн көріп отырмын. Өзге елдің салтында бар нәрсе ме бұл? – Бұл «қалың мал» төлеу басқа ұлттарда бар-жоғын анық біле алмадым. Қазақта ғана қызға «қалың мал» беретінін білем. Жалпы ойланып қарасақ осы дәстүріміз кейде өзімізге кереғар секілді көрінеді. Ал, шын мәнісінде біреу баласын бой жеткізіп, саған келін етіп тәрбиелеп берсе, оған неге құн төлемеске? Жиырма жылдай бағып, қағып, аман-есен өсіріп берсе, құн төлемей қайда барасың? Қазақ тарихында осы «қалың малды» төлеуде көптеген хикаяттар кездеседі. – Бұрын қағазға түспеген оқиғалар болса айта отырсаңыз дұрыс болар еді, елге жете берсін? – Семей жақта баяғыда бір қызға қалың малға жүз тайлақ берген екен. Өзі талайдың көзі түскен өте көрікті сұлу қыз екен. Сонда қыздың әкесі, ен салынбаған, мұрны тесілмеген жүз тайлақ бересің деген шарт қойыпты. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, адамның құны мүлде малмен өлшенбейді ғой. Дегенмен жүз тайлақта аз емес қой бағалай білгенге. Сол қыздың аты кейін ел ішінде Жүз тайлақ болып аталып кетіпті. Отызыншы жылдары болған азапты ашаршылық жылдары осы әйел қашқан елмен бірге Қытай жаққа өтіпті. Әрине байлар ғой енді бұлар. Байғұс кемпір сол жақта қайтыс болды. Сол бір аяулы әйелдің сүйегі Қытай жерінде қалды. – Ал қыз алып қашу дәстүріне сіз осы қалай қарайсыз? – Алып қашу деген сөздің өзі екі түрлі жүйеге бөлінеді. Бірі – той-томалақ, тағы басқа үлкенді-кішілі салттарды жасамай-ақ бірге болайық дейді де, бір-бірін ұнатқан екі жас қол ұстасып бірге қашып кетеді. Бұл енді өздерінің келісімі бойынша. Ал енді ертеректе қыз алып қашу деген тіпті қиын болған ғой. Сүйген қызыңды бере қоймайды, сен алам дегеніңмен. Өйткені жарлы жігітті бай ауыл менсінбейді. Осындай жағдайда қыз жігітті ұнатып тұрса жігіт сонда ғана алып қашады. Үшінші бір түрі бар қыз жігітке ықтиярлы емес, бірақ жігіт оған өлердей ғашық. Мұндайда қызды қапысын тауып зорлап алып қашады. Барғаннан кейін еріксіз оның келіншегі болады. Қайда барады сосын ол мұңлық. Ана Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамырды көрмейсің бе? Қалқаман-Мамырдың тағдыры қызық қой. Қыз ықтияр. Бірақ қызды бұрын атастырып қойған басқа бір жаққа берейін деп отыр. Әйтсе де жігіт пен қыз өзара серттесіп келіскен. Алып қашып ұсталып қалады ғой. Соны би аямай жазалайды. Сонда би Қалқаман атпен шауып өтсін дейді. Қыздың ағайын-туыстары жігітті садақпен жан-жақтан дәлдеп атсын деп кеседі би. Атқан адамнан болды ма, әйтеуір Қалқаман жараланады ғой. Сонда да қызды алып қашып кетеді. Мына Қалқаман мен Мамырдың осы Алматыда үрім бұтақтары әлі бар. Өздері Арғыннан тарайды. Жалпы қыздың қалауынсыз ата-ананың зорлап басқаға итермелеуінен болып тұр ғой барлық пәле. Енді бұл дәстүр өкінішке орай қазірде бар. Қазақта 1500-ге жуық тағамның түрі бар – Аға осы қыран құсын пәлен дүниеге айырбастапты иә болмаса оның құны мынадай екен деген деректер бар ма, сізде? – Қазақ халқында ежелден бері қыран құстың белгілі бір бағасы болмаған. Даңқы шыққан қыранға қызыққан не алғысы келген адам оны иесінен қиылып сұрайтын болған. Мұндайда халық салты бойынша, тұғыр жабарына – ат, түйе, қары кілем, қара жамбы атап, алдын-ала солардың бірін беріп тұрып, «енді қолқаңды сал, сұрағаныңды аласың» деген уәдесін алған. Құстың иесі сұрағанын алады. Немесе өзінің дос көрген, жақын тартқан адамына сыйға тартқан. Егер құс иесі дүние қоңыздық жасап, қыранды сатқысы келмесе, алғысы келіп, құлшынып отырған адам малдың бетіне қаармай, сұрағанын беріп, қалаған қыранын алады. Бірақ халық салтында қыран сатқанды қаламайды. – Бұл жайлы ел ішінде ескі әңгі естіген жоқсыз ба? – Осы орайда мына бір әңгімені айта отырайын. 1942 жылы қыста Жоңғария өлкесінің Жайыр, Майлы тауын мекен еткен атақты құсбегі Қажыбек Шалғайбайұлы сол маңда шабыттап ұшып жүрген ақ тұйғынды көреді де, оны ұстау қамында сол ақ тұйғынның артына түскен екен. Бірақ қанша артына түссе де құсты ұстай алмай қатты қамығады. Сөйтіп жүргенде сол елден шыққан Рүстем дейтін бір құсбегі жігіт әлгі тұйғынды ұстап алады. Тұйғынның ұстатпаған қорлығының үстіне, оны басқа біреудің қолға түсіргені намысына тиген Қажыбек құс құмарлықпен қызығып алғысы келсе де, мақтан үшін алғысы келсе де, Рүстемге түйе бастатқан бір тоғыз беріп, ақ тұйғынды сол Рүстемнен сатып алған екен. Қазақ халқының арғы-бергі құс аңшылығы тарихында мұндай оқиғалардың талайы болғанын білем. Бір кезде қолына қыран ұстап, саятшылық жасау, құсбегілік мамандығын үйрену, тым болмаса құс құмар болу жігіттікке, азаматтыққа, мырзалыққа, сән-салтанатқа тән ұлттық бедердің бірі болғаны анық. – Ұлттық тағамдардың қайсысын ұнатасыз? – Ұлттық тағамның қайсысы ұнамайды дейсің. Бәрінде талғамай жей берсең болады. Қазақта жалпы мың бес жүзге жуық тағамның түрі болған. Оның көбісін бүгінгі жастар жемек түгіл, аттарын естімеген де болулары мүмкін. Денсаулығыңа пайдасы мол қазақтың төл тағамдарына жер бетінде ештеңе жетпейді. Әсіресе, атам қазақтың сүттен жасалатын тағамдарын айтсаңшы. Жүз елуге жуық сүттен әзірленетін астың атауы бар. Мұның бәрі қасиетті тағамдар ғой. Мен 1986 жылға дейін «Қорықтық» ішетін едім. – Шынымды айтсам «Қорықтықты» мен де бұрын естімеппін. Бұл өзі қалай, неден дайындалатын тағам? – Қойдың сүтін сауып аласың да, далада жатқан тастарды жуып тазалап алып, отқа қатты қыздырып, сол ыстық тасты сүтке тастап жіберсең, сүт қайнайды. Қайнаған сүтті ішсең, жаның бір рахаттанады. Кейін соны алдыртып ішуге менің мүлде мүмкіндігім болмай қалды. Мұхтар Әуезовтың бір шығармасында мынадай бір тағамның аты бар. «Сірне» жедік дейді. Ал, қытайдағы қазақтарда «Серне» деген тамақ бар. Мүмкін екеуінің жасалуы бір, баспадан кеткен қателік шығар дедім де қойдым. 1992 жылы ғой деймін бір топ адам болып Алакөлге демалуға бардық. Бір жұмадай аунап-қунап жаттық. Көлге шомылдық. Қысқасы жақсылап тұрып демалдық. Қайтуға әзірленіп жатқан едік, бір қазақ жігіті қонаққа шақырды. «Біз кеткелі жатырмыз, бара алмаймыз» деп бас тартып едік, жоқ, бұлай болмайды Сіздерге арнайы «Сірне» дайындатып жатыр едім» деп, ағынан жарылды. Сонан соң жігіттерге айттым, «әй, мына сірнені жеп кетейік, құтты қонақ қылып шақырған соң бармасқа болмас» – дедім. Ал, сол «Сірне» қалай жасалған дейсің ғой? Қойды сойып жіліктейді екен. Сосын оны жақсылап тұздайды. Қазанға мол етіп майды қыздырып, соған жіліктерді салып, қашан қызарғанша қуырады екен. Әбден қызарған кезде етін бөлек алады. Қазандағы майды басқа ыдысқа аударып, орнына су құйып, қайтадан бұқтырады екен. Бұқтырған соң ол ет жібиді. Сол кезде барып табаққа салады. Өте дәмді тамақ өзі. – Ал қытайдағы қазақтар жасайтын «Серне» қалай дайындалады? – Жылқышы жігіттер таңнан кешке дейін жылқының соңында жүреді. Қарындары ашқан соң әрине, олар тамақ іздейді. Содан бір атты ноқталап, сол маңдағы бір кісінің үйіне апарады. Сол үйдің баласына арнап, «ат әкелдік» дейді. Ат әкелді дегені – атты беріп кету емес, бізге бір қозы, қой сойып бер деген сөз. Баласын атқа мінгізіп, үй иесі балама ат әкеліпті деп, қозы немесе бір лағын сойып, етін түгел қазанға салып, басына дейін асып береді. Оны «Серне» дейді. Бұл енді біздің бір дәстүрімізге жатады. – Осы қазақтың көне медицинасын қалай атаған? – Оны енді Халық емі деп атады ғой. Кейде дәрігер дейді, емші деп жатады ғой ел ішінде. – Бұған бақсылықтың қатысы бар ма? – Бақсылық негізінен басқа нәрсе ғой. Ал емшілік бөлектеу. Халық емі жөнінде көп нәрсе айтуға болады. Шөппен емдеу, сөзбен емдеу секілді оның тәсілдері көп. Мен бірде өте қызық нәрсеге кезіккенім бар. Жалпы бұрын да өзім оның шет-жағасын білетін едім. Бір адам жынданыпты десе, оны ағашқа байлап қояды. Қозғалмайтындай етіп, мықтап, тас қып шандып байлап тастайды. Ол бейшара бақырып-шақырып тұрады. Бір кезде соның жанынан от жағады. Қызып тұрған отқа темір ме, көсеу ме соны салады. Ол әбден қызады. Байлаулы тұрған адамға темірді отқа салып жатып «қазір сені өлтірем, қазір сенің көзіңді жоям» деп әбден қорқытады. Қып-қызыл боп жанып тұрған темірді алып, міне сені өлтірем деп бетіне қарай тақап қалғанда, ол айқайға басады. Болды. Сол «а-а-а» деп бақырған дауыстың шығуына байланысты ауырған адам айығып шыға келеді. Мына адамның жүйке жүйесінде сондай бір түйін бар. Осындай аурумен ауырған адамдарды жазу барысында бұл тәсілді біздің бақсыларда кеңінен қолданған. Жалпы бір жағынан бақсыларда емші ғой. – Өзіңіз көзіңізбен көрген қызық оқиғалар жоқ па? – 1948 жылы мен әскердемін. Біздің штабтың жанында Шихо деген қалашық бар еді. Арамыз жақын болған соң барыс-келісіміз көп. Бізді тұрғындардың көбі әбден танып алған. Ауданның орталығы ғой. Шағын ғана. Анда-санда барып, шәй ішетін бір қазақтың отбасы сонда тұратын еді. Соның он жеті жасар қызы болатын. Жас қыз ғой. Бірде сол байғұс қызды жынданып кетіпті деп естідім. Бұл хабарды ести сала, мен бірден бара алмадым. Сол маңдағы әскери дәрігерлер бар, жергілікті дәрігерлер бар бәрі жабылып қарап, «мұны жазу біздің қолымыздан келмейді» депті. «Сіздер бұл қызды Құлжаға апарыңыздар» деп әке-шешесіне кеңес береді. Ол уақытта зыр етіп бара қоятын машина жоқ, арбамен апарады ғой. Құлжаға жету үшін бір жеті жол жүру керек. Екі-үш күн жүріп, Жың дейтін өзен бар еді, сол өзеннің жағасына келіп, түстенуге отырады. Көктем уақыты, су тасып жатқан кез. Дастарқандарын жайып, асқа отырғанда қызы да бірге жайғасады. Бір кезде қыз ұшып түрегеліп, бұлқынып-сілкініп, өзенге қарай тұра қашады. «Әй, қайда барасың?» деп шешесі оның артынан қуа жөнеледі. Шешесінің сөзіне бағынбай құз жардан құлап кетеді. Тасып жатқан су ғой. Әкесі қарулы адам болатын. Өзеннің аяқ тұсынан барып қызын судан шығарып алады. Енді ары кеткенде бес минуттың ішінде болған оқиға ғой. Судан шығарса қыз сап-сау дейді. Көрдің бе? – Мұның мәнісі неде екен? – Меніңше, қыз суға жардан құлап түскенде қатты қорыққан ғой. (Жалғасы бар) Қасымхан БЕГМАНОВ.

4903 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы