• Әдебиет
  • 11 Наурыз, 2010

ҒАСЫР ЖАҢАЛЫҒЫ НЕМЕСЕ ТӘҢІРДІҢ РУНИКАЛЫҚ КОНЦЕПЦИЯСЫ

ҒАСЫР ЖАҢАЛЫҒЫ НЕМЕСЕ ТӘҢІРДІҢ РУНИКАЛЫҚ КОНЦЕПЦИЯСЫАманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, филология ғылымдарының кандидаты, әл Фараби атындағы ҚазҰУ-і журналистика факультетiнiң доцентi

Өткен жылдың желтоқсан айында белгілі рунолог Тайжан Досановтың “Руника құпиясы” (“Тайна руники”) атты еңбегі орыс тілінде Алматыдағы “Өлке” баспасынан жарық көрді. Монография көлемі 37 баспа табақ. Бұл іргелі еңбек – автордың осы саладағы отыз жылдан бергі тынбай ізденісінің нәтижесі. Зерттеу жұмысы ежелгі төрүк [түрүк] руникалық жазуының генезисіне арналғанмен қамтыған мәселесінің ауқымы кең, ғылыми-әдістемелік тәсілі ешкімге ұқсамайтын өзгешелігімен ерекшеленеді. Теңрінің [Тәңірдің] Руникалық Концепциясында [Тұжырымдамасында] логикалық жалғастық пен сабақтастық бар. Соңғы жағдай алдыңғымен тығыз байланысты, шындық бірінен бірі өрбіп, бірін-бірі дәлелдеп отырады. Бұл дедукция әдісі екені сөзсіз. Осыған байланысты А.Н. Булыконың дедукция терминіне берген анықтамасын оқып көрелік: “Дедукция (лат. deduсtio=выведение) – способ рассуждения, при котором новое положение выводится чисто логическим путём на основе предыдущих; ...” (Большой словарь иностранных слов. М., 2008. C. 180.). Демек, автордың бұл зерттеуі таза ғылыми әдіске негізделгенінің белгісі. Еңбектің ғылыми құндылығы – ғаламшардың жаратылысы мен дүниедегі стихиялық күштердің тылсым сыры, Тәңірдің Руникалық Концепциясы туралы құпия ілімді Оғыз қаған [хан] арқылы адамзатқа таратқанынан ақпарат береді. Тәңірдің шарты бойынша адамзатқа жіберген ілімінің шешуін тапқан қабілет деңгейі мен білік өресі биіктердің ғана пайдалануына қолжетімді. Жаратқанның бұл рухани қазынасын ежелгі төрүк тектес ру өкілдері ой-санасының кемелдігін танытып, біліктілігімен жұмбағын шешеді. Олар зеректігіне Тәңірдің құрмет белгісі [ордені] ретінде тиісті генетикалық кілті – рулық таңбасын алған. Сондай-ақ, Тәңірдің назары ауған төрүк тектес ұлыстың руникалық жазу таңбалары тұңғыш саналы пенденің дүниетанымын қалыптастыру мен рухани ағартуға қызмет еткен киелі құралы екені анықталып отыр. Сонымен бірге адамзатқа ортақ құндылық болып саналатын символдық (рәміздік) белгілердің мәні мен маңызы туралы мағлұмат береді. Тәңірдің құдіретімен жаратылған ғаламның күллі құпия сыры мен сипаты туралы ақпарат қоры тарының қауызына сыйғызғандай жүйеленген қасиетті графикалық “Пішін” таблицасында сақталған. Бір қызығы, ҚР Дизайнерлер Одағының вице-президенті Игорь Владимирович Поляков Т.Досановтың қалпына келтірген “Пішін” таблицасының шындығын тексеру үшін компьютерге енгізіп, үш өлшемді тұрпатын жасағандығын атап өткен жөн. Демек, бұл таблицадағы объекті – әлем тауы пирамида тәрізді екендігі анықталып, ол жан-жақтан визуалды-көзбен көрінетін болды. 200 миллионнан астам төрүк тілдес ұлт пен ұлыстың төрүктанушы ғалымдарының бұрын-соңды ойына келмеген жаңалықтың құпиясын бір ғана адам ашуы таңғаларлық жағдай. Дүниенің күллі құпия сыры, яғни дүниетаным ілімі геометриялық шаршы:

төрт бұрышқа сыйғызылған. Осы төрт бұрыш кестеден иероглифтік алфавиттің ақпаратына сүйеніп, ойлау қабілеті арқылы ежелгі төрүк руникасы мен рулық таңбалары шығатындығын дәлелдеп беру әлемдік ғылым тәжірибесінде бұған дейін болмаған жаңалық. Егер мұндай ғылыми жаңалықты ағылшын, грек, еврей, неміс, араб, жапон өкілдерінің бірі ашса, ұлттық мақтаныш ретінде аты дүниежүзіне танымал тұлғаға айналдырар еді. Француз әскері жеңіспен оралғанда Париж халқы көше бойына аяғынан тік тұра, Бонапарт Напалеонның мәртебесін көтеріп, оның басқан қадамы сайын гүл шоқтарымен қарсы алады. Қалың бұқараның ерекше құрметі мен ықыласына селт етпеген ұлы қолбасшыдан кеп, осының себебін сұрағанда ол: “Мен отаныма жеңіспен оралсам – халқым жолыма гүл лақтырады, ал жеңіліспен оралсам – өзіме тас жаудырады”, – деп жауап берген екен. Сондай-ақ, қазақта біреу түкке тұрмайтын, елеусіздеу “жаңалық” ашса, жабыла қолпаштап, жұмыла мақтай жөнелетін әдет бар. Керісінше, зерттеушінің ашқан ғылыми аса құнды жаңалығына бөркін аспанға атып, қуанудың орнына, аяғынан шалып, таласа тас лақтыратыны бәрімізге белгілі. Тайжан Досанов ізденісі мен табандылығы британдық Джордж Смиттің 1872 жылы Шумер жазуындағы Нұқ пайғамбардың праобразы болған Утнапиштим туралы жұмбағын тапқан ғылыми жаңалығымен пара-пар, тіпті одан да маңызы орасан зор деуге болады. Руна Концепциясында ақпарат қорының негізі болған “Пішін” таблицасынан руникалық және рулық таңбалар мен саналы тіршіліктің дүниетанымы шығатындығын дәлелдеу жұмбақ жазудың мәтінін дешифровка жасаудан әлдеқайда күрделірек. Ұмыт болған ежелгі төрүк руника жазуын 25 қараша 1893 жылы қайта тірілткен дат ғалымы Вильгельм Томсеннің ұлы жаңалығынан ғылыми маңызы артық болмаса, еш кем емес. Өйткені Еуропаға руна жазуын біздің жыл санауымыздан бұрынғы бірінші ғасырда Каспий жағалауындағы ру көсемі бастап алып барғандығы туралы хроникалық дерек сақталған (Мэнли Палмер Холл. Энциклопедическое изложение масонской, герметической, каббалистической и розенкрейцеровской символической философии. М.–С.–Петербург, 2003. С. 82–83; Медоуз К. Магия рун / Пер. с англ. К.А. Савельева. – М.: Агенство “ФАИР”, 1997. С. 14.). Ендеше, скандинав елдері (алман, кельт, гот, саксон, швед, т.т.) рунасының бастау бұлағы қазақтың ру таңбаларымен, бағзы руна жазуымен тікелей байланысты екен. Демек, В.Томсеннің ежелгі төрүк руника жазуының құпиясын алғаш табуы мен көп ұзамай іле-шала В.В. Радловтың оқуы – бұл мәдениет олардың тарихи санасына сіңгендігінің айғағы. В.Томсен Еуропа қолданған руникалық жазу таңбаларының сыртқы конфигурациялық ұқсастықтарына сүйене отырып, кейбір белгілердің ішкі мағыналық астарындағы үндестік арқылы айқындауға көмегі тигені күмәнсіз. Әлбетте, әрбір ғылыми жаңалықтың тарихи маңызын ешкім жоққа шығармайды. Біздің ойымыз ілгерідегі ғылыми жетістіктерді жоққа шығару емес, Тәңірдің Руникалық Концепциясының ашылуы салыстырмалы түрде адамзат қоғамының айырықша рухани шығармашылық олжасы санатына қосылатындығына назар аударту. Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойын мерекелеуде оқыған “Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс” тақырыбындағы актілік дәрісі білім беру саласында “интеллектуалды ұлт” қалыптастыру бағытында жаңа міндеттер жүктеді. Міне, Елбасының алдымызға қойған “интеллектуалды ұлт” қалыптастыру мақсатын жүзеге асыруға Тәңірдің сыйға тартқан ілімімен қайта қаруланудың тарихи мүмкіндігі туып отыр. Зады, Елбасы мұрат еткен “интеллектуалдық секіріс” жасаудың кілті ретінде Тәңірдің Руникалық Концепциясы қолымызға тиюі түсінгенге рухани өміріміздегі тың серпіліс туғызар айтулы оқиға. Бұл жаңалықты енді құзырлы министрліктер мен ғылыми элита интеллектуалдық ұлттық мүдде тұрғысынан дұрыс пайымдауға тиісті. Ғылыми еңбектерде адамзаттың рухани сапалық деңгейіне көтерілуіне негіз болған жазу тілінің шығуын Құдайдың пайғамбарлар немесе апостол арқылы жіберген ілімі мен идеялық сенімін уағыздаудан туған деген қисыны қалыптасқан. “Ондай тілдер санаулы. Индус ұлыстарында бірінші діни [культтік] тіл – веда тілі, кейінірек оған жақын деп есептелетін санскрит; қытай, жапон, корейдің вэньянь (Конфуций еңбектерінің тілі) және тибеттің әдеби жазба тілі; ежелгі және ерте ортағасырдағы зороастризмді құлшылық еткен халықтар – Авеста тілін; мұсылмандарда (араб, түркі [төрүк], иран халықтары) – араб (Құран тілі) әдеби жазба тілі мен парсы классикалық тілі. Еуропаның христиан халықтарының апостол тілі – бұл грек пен латын, православ славяндары мен румын, бұдан басқа, шіркеуи славяндары (ескі славян) өзінің бірінші культтік тілі – ІХ ғасырдың 60–80-ші жылдарында аударылған қасиетті Кирилл мен Мефодидің қасиетті мәтіндері бар...” (Мечковская Н.Б. Язык и религия: Пособие для студентов гуманитарных вузов. – М.: Агенство “ФАИР”, 1998. С. 16.). Ресей ғалымдары төрүк тектес ұлттар мәдениетінің терең қабатын, нәр алар тамырын ыңғайы келсе, әдейі ескермеуге бейім тұрады. Бұл төрүк тектес ұлттардың ежелгі төлтума графикалық жазу тілін білмегендіктен емес, сондай ғажайып мәдениетті төрүктерге қимағандықтан оларды жарнамалауды артық санаған теріс насихат. Жалпы осы ғылыми ұстаным еуроцентристік көзқарастағы оқымыстыларға тән құбылыс. Әйтпесе төрүк тектес ұлт пен ұлысқа араб-парсы тілі мен ислам діні VIII-IХ ғасырдан былай ене бастағаны тарихтан белгілі. Әсіресе бұл үдеріс тек отырықшы төрүктерде тез қарқынмен жүрді. Ал қазақ сияқты көшпелі елді ислам дініне енгізуге ХVIII–XIX ғасырда Ресей империясының мүдделі болғандығы туралы құжат мұрағат қорларында жетерлік. Демек, төрүк этносының культтік сенімі – Тәңірі, яки Жаратқанның графикалық тілі – ежелгі төрүк бітіктастарында қолданылған [Естеми мен Бумынның, Күлтегін мен Білге қағанның, Тонұқұқ пен Мойын Чордың] әдеби тілі болғандығы еш шүбә келтірмейтін ақиқат. Жазу Құдайдан келген деген идеяның бар екендігін И.Е. Гельб еңбегінде де атап өтеді (Опыт изучения письма. 1981. С. 219). Осы ғылыми болжамды “Руника құпиясы” атты монографиясында Тайжан Досанов ежелгі төрүк руника жазуының Тәңірден келгенін графикалық тілдің дизайны арқылы нақты дәлелдеп, кейбір философиялық, космогониялық, теологиялық, мифологиялық, геометриялық, симметриялық, физикалық, логикалық, лингвистикалық, эзотерикалық, тарихи және мәдени-рухани деректермен жан-жақты растап отыр. Біздің оқымыстылар, соның ішінде философтар, тарихшылар, лингвистер, мәдениеттанушылар арасында тосын жаңалықты қорыта алмай, пендешілік іштарлық пен көреалмаушылық әдетке айналғаны түсінікті жайт. Бірақ бұл мәселеде іштарлыққа мүлдем жол беруге болмайды, өйткені мұнда бір адамның, бір этностың ғана емес, тұтас төрүк ұлыстарының мүддесі тұр. Егер Тәңірдің концепциясына қызғаныш жасасақ, күнәсі өте ауыр екенін біз саналы түрде сезінуге тиістіміз. Тәңірдің Руникалық Концепциясына сүйенсек, біздің тотемдік-этникалық анамыз ҚазаҚ аспанның төрінде тұрғаны мәлім болды. Демек, А.Е. Алекторов (Легендарная сказания о происхождении киргизов. “Астраханский Вестник”, 1894, №1331, 20 января) пен И.И.Краф ел аузынан жазып алған 1898 жылы Орынборда жарық көрген “Далалық облыстардағы қырғыздар туралы заңдар жинағы” (Қазақ тарихынан. Шежірелер, жазбалар, пікірлер, зерттеулер. А.: “Жалын баспасы” ЖШС, 2004, 346-б.) атты еңбегінде ҚазаҚ ұлты Ақ Қаздан жаратылған деген аңыздың түпкі астарында шындық барын дәлелдейді. Парадокс сол, ресми ғылымда қалыптасқан қазақ ұлты XV ғасырда емес, тіпті дүние жаратылмас бұрын Тәңірдің проектісінде тұрғаны айқындалды. Демек, қазақ жер бетіндегі ең ежелгі ұлт екен. Енді бір таңғаларлығы, Рус [Орыс] ҚазаҚ екенін автор ғылыми уәжбен дәлелдеп береді. Яғни осы ақпараттардың негізінде Орыс этносы бізбен түбі бір туыс болып тұр. Бұл ретте араб миссионері Ахмед Ибн-Фадланның 921-922 жылдары Еділ бойындағы бұлғарларға сапарында қалдырған ақпараты назар аудартады. “Оның кітабында кейбір кездескен халық өкілдерінің тұрмысы мен әдет-ғұрпы туралы, соның қатарында Бұлғарияға әйтеуір сырттан ағылып келуші саудагерлер, “рустар” жөнінде жазбалары сақталған. Осыған орай ақсүйек рустың қазасына байланысты жерлеу рәсімінде оба тұрғызылып және қабыр басына жазылған ескерткіш орнатылғаны: “Сонан соң дөңгелек обаның ұшар басындағы қақ ортасына үлкен ақтеректі қадап, марқұм мен рус патшасының есімі жазылып тарасады” (Ковалевский А.П. Книга Ахмеда Ибн-Фадлана о его путешествии на Волгу в 921-922 гг. Харьков, 1956. С.145.). Белгісіз автордың арабша “Моджмал ат-таварих” шығармасында былай деп жазады: “Рус пен Қазар бір ана мен әкеден туған” (Древнерусское государство и его международное значение / Новосельцев А.П., Пашуто В.Т., и др. М., 1965. С. 401.). Қазар мен ҚазаҚ этнос термині синоним екендігі ғылыми жан-жақты дәлелденген. Демек, орыстың арғы тегі болгарлар сияқты ҚазаҚ екен. “Қазар қағанатын 965 жылы Святослав князьдің соғыс ашып, басып алғанын ескерсек, – дейді Дмитрий Громов пен Алексей Бычков, – бұл жазылған үзіктен “Рустің” жазуды өте ежелгі уақытта қолданғандығы мағлұм болып отыр. Аталған деректің кемшілігі анық аңыз тәрізді және жазылған датасы әлдеқайда кеш – 1126 жыл. Славяндардың өз жазуы болғандығын куәландыратын жанама дерек византиялық “Пасха хроникасы” (“Пасхальная хроника”) (VII ғасырдың ортасы) бойынша қолданыстағы төлтума жазуы бар халықтар санатында: “Шын мәнінде тұтынатын өзіне тән әріптері барлар: каппадокиліктер... сарматтар... скифтер” (Гедеонов С. Варяги и Русь. СПб., 1876. C. CXI.). Мұнан кейінгі дәуірдегі византиялық авторлар мәтінінде скифтер мен тавроскифтерді рустар деп атаған (Қараңыз: Лев $цакон. История. М., 1988). Алайда скифтердің төл жазуы болғандығынан ештеме белгісіздігін атаған жөн” (Дмитрий Громов, Алексей Бычков. Славянская руническая письменность. Факты и домысли. “София” Москва, 2005, стр. 71-73.). Сондай-ақ, сақ-юэчжи заманынан қазақтың адай руы [Адйе, Ахи, А-де, Гядйе, Эдиз] алғаш Тәңірдің Руникалық Концепциясындағы [?] – ұйғұр таңбасын ашып, ең бірінші ұйғыр атанған. Кейін көк төрүк дәуірінде адайлар тоғыз оғыз, яғни ұйғұрдың негізін құраған. Соның қатарында дулат [Тулу – Дулу] пен байұлыны [Байегу – Байоғлы] атап кеткен абзал. Дүниенің жаратылысы туралы адамзат қоғамында көптеген мифтік аңыздар тасқа бәдізделіп, қыш таблицаларға, папирус пен бамбук ағаштарына жазылып бүгінгі күнге жетті. Бірақ дүниенің жаратылысы туралы мифтің руникалық таңбаларға кодпен құпия сақтау тәжірибесін ғылым тарихы бұған дейін мүлдем білген емес. Ең бастысы – қолданылған құпияны сақтаудың әдісі әлемдік код пен шифр тарихында еш кездеспеуімен таңғалдырады. Бұл – Тәңірдің құдіретін танытатын графикада жазылған түпкі ойының дизайны (проектісі). Т.Досанов: “Дүниенің жаратылысы туралы мифтің руникалық әріп белгілері мен рулық таңбалардың жиынтығында сақталып, Орқұн ескерткіштерінде көк төрүк – көктің [аспанның] таңдаулылары, ал Енесай жазбаларында теңрі елі – көктің елі [ұлысы] аталып бүгінге жетті. Бұл дүниенің жаратылысы туралы версия бізге мәлім әлем халықтарында бар мифпен егіздің сыңарындай ұқсас ғана емес, сонымен бірге көптеген ежелгі аңыздардағы түсінуге ең көмескі қырларын ашып береді. Ойды жеткізудің ерекше пішіні көптеген геометриялық белгі-символдардың шығу мәнінен ақпарат беретін руникалық жазу таңбаларының астарына жасырылған, соның ішінде Крест символы да бар, археологиялық деректерге сүйенсек, бұл белгі Христостың туғанынан едәуір бұрын кең таралған” (Тайна руники. 17-б.). Оған қоса: “Открыв в себе невидимое Око, бог Тенгри создает внутри него величайший Проект будущего мира... С этого момента графический код Тенгри: – Крест!”. [Түпнұсқаны аудармай сол күйінде бергенді мақұл көрдік – А.Мек.]. (Тайна руники. 167-б.). Крестің анықтамасы автордың пайымдауынша: “Құдайдың аты Теңір = Тең + ІР (ИР) осы шақ пен келер шақтың форманты, екі бөліктен құралып, НАҚ ОРТАДА ТҰР деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, ТЕҢеРІ=ТЕҢ (ортақ, тең) + еРІ (жері, орны) [бұл арада еР сөзінің қолданыстағы VII мағынасында (Древнетюркский словарь. Л., 1969. С. 175.)], яғни “нақ ортада тұрған” немесе “бәріне бірдей тең” дегенді білдіреді” (Тайна руники. 18-бет.). Демек, Крест-Ашамай Тәңірдің графикалық коды. Бұл символдан қазақ баласына шошитындай еш себеп жоқ. Осыған байланысты иісі қазақ ежелден Кресті қастерлеп, төбесіне көтеріп, шаңырағына орнатып қойғандығы нақты дәлел екендігін атаған орынды. Оған қоса көк төрүктер де төбесіне [бас киіміне] қойып, ерекше қастерлеген [фото]. Бұл суреттегі Крест Пішін таблицасынан алынғаны хақ. Ендеше, осы бас киімді киген адам “Тәңірдің қорғауында немесе төбесінде Тәңір тұр” деген сенім қалыптасқан. Бұған дейінгі ғылыми еңбектерде Теңрі [Тәңірі] туралы нақты түсіндіріп берген анықтама жоқ. Мұрад Аджи: “ – бог Тенгри”, крест төрүктікі деген пікір білдіреді. Бірақ өз пікірін бұлтартпайтын ғылыми уәжбен дәлелдей алмайды (Полынь половецкого поля. М., 1994.). Тәңірдің Руникалық Концепциясы бойынша Дүниені жарату мақсатында Құдайымыз өз денесін құрбан еткен. Бұл не деген ғажап! Түнек басқан шексіз космоста Тіршілік Жобасын іске асыру мақсатында қажетті материал таппағандықтан, қанша жанына батса да Өз Денесін аямай Құрбан етеді. Демек, бізді Қоршаған Дүние [Орта] тұтасымен Тәңір деп түсінгеніміз лазым. Қытай аңызы бойынша “Көк пен Жер бір-бірінен бөлінбей тұрған дәуірде тіршілік әлем тұтастай астан-кестен ретсіз түзіліп, сырт пішіні орасан зор тауық жұмыртқасын еске түсіретін-ді. Одан біздің алғашқы ататегіміз Пань-гу өмірге келді. Ол осы орасан зор жұмыртқада өсіп, демін ауыр алып, ұйқы құшағында жатты. Сонан бері Оның кенеттен оянғанына он сегіз мың жыл өтіпті. Ол төңіректі шолуға көзін ашты, бірақ, әттең! – дым көрінбеді. Оның айналасы тұтас қап-қара және жабысқақ қапас екен, жүрегі қамықты. Пань-гу бұл жұмыртқадан қалай шығуды білмей қайдан іліккені белгісіз орасан үлкен балтаны қолына алды да, алдындағы қара түнек қапасты бар күшімен соқты. Тау құлағандай құлақ тұндыратын қатты гүрсіл шықты, алып жұмыртқа жарылды. Нақ осы шақта барша жеңіл мен таза зат жоғары көтеріліп Көкті түзді, ал ауыры мен ласы төмен түсіп Жерді құрады. Пань-гу Көк пен Жерді екіге бөлген соң, оның және қайтадан бірігіп кетуінен сақтанып, аяғымен Жерді, төбесімен Көкті тіреп тұрды... Ақыр соңында Ол күллі адам атаулы сияқты құлап түсіп, өліп кетті. Оның ауыз қуысынан ытып шыққан демі – жел мен бұлтқа, даусы – күркірге, сол көзі – күнге, оң көзі – айға, кеудесі мен қол-аяғы – ғаламның төрт елі мен әйгілі бес тауға, қаны – өзенге, тамыры – жолға, тәні – топыраққа, басындағы шашы мен мұрты – аспандағы жұлдыздарға, денесіндегі түгі мен терісі – шөптерге, гүлдерге һәм ағашқа, тістері, сүйегі, миы, т.б. – жалт-жұлт еткен металға, қатты тасқа, жылтыраған інжу мен яшмаға, тіпті, мүлдем қажеті шамалыдай көрінген тердің өзі – жаңбырдың тамшысы мен шыққа айналды. Бір сөзбен айтқанда, Пань-гу өлісімен өзінің барын оған берді, сөйтіп, бұл жаңа әлемнің бай әрі көрікті болуын көздеді...” (Юань Кэ. Мифы древнего Китая. М., “Наука”, 1965, стр. 41-42). Дүние жаратылысы туралы бұл мифтік ақпарат “Пішін” таблицасында сақталған Руникалық Концепциядан алынғандығы белгілі болды. [өгіз-фото] (Су-Бейхай. Шыңжандағы жартас суреттері. Үрімші, Шыңжан көркемсурет баспасы, 1994 жыл. 22-ші сурет). Қасиетті Библия, Авеста, Қасиетті Құран адамзатқа Жаратқан Ие жіберген. Бірақ, осы киелі кітаптардан бұрын адамзатқа Тәңірдің Руникалық Концепциясы жіберілгені анықталды. Осыдан шығатын қорытынды бұл ең бірінші жіберілген Қасиетті Ілім, сондықтан оны қадірлеп, бағалай білу біздің азаматтық парызымыз. Бұл Ілім адам баласынан өте жоғары пайымдау қабілетін талап етеді. Оған қоса Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының “интеллектуалды ұлт болуды” мұрат еткен идеясына сәйкес бүгінгі буын-буын ұрпақтың өре деңгейін өсіретін даналық ілім. Асылы, ерекше дамыған, өркениеті ең жоғары деген елдің өзінде дәл мұндай мұра, мұндай рухани байлық жоқ. Демек, біздің бабаларымыздың өркениеті – бәрінен биік тұрғандығын мақтаныш етіп, жас ұрпақтың интеллектуалдық өресін шынықтыратын, өз ұлтын, өз тілін, өз жерін қастерлеуге тәрбиелейтін идеологиялық пәрменді құрал. Бұл басқа ұлт өкілдерін кемсіту емес, себебі олардың бәрі де о-о баста ҚазаҚ екендігі Тәңірдің Руникалық Концепциясынан аян боп тұр. (Жалғасы бар)

6752 рет

көрсетілді

107

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы