• Тұлға
  • 15 Маусым, 2016

«ӘБДІРАМАНОВ ТЕҢДЕУІ» секілді көптеген жаңалықтар ғалым есімімен аталады

Жамбыл облысы өңірінде ғылыми мектеп құрған ғалымдар санаулы десек, солардың бірі әрі бірегейі – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Әбдіманап Әбдіраманов. Өмірінің әрбір күнін, әрбір сағатын, әрбір минутын ғылымға арнаған ғұлама ғалымға таяуда ғана Ресей жаратылыстану ғылымдары Академиясының шешімімен «Ғылыми мектептің негізін салушы» атағы берілді.

Енді осы танымал ұлағатты ұстазымыз­дың, арқа сүйер әріптесіміздің, үлгі тұтар ағамыздың, өмір жолдарына тоқтала кетсек. Ә.Әбдіраманов 1940 жылғы қазан айының тоғызыншы жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында «Қазақстанның ХХ жылдығы» ауылында дүние есігін ашты. Балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыстың зұлмат заманымен тұспа-тұс келген Әбдіманап жастай әкеден айырылды. Әкесі Әбдіраман мектеп мұғалімі болатын. Ол өзінің болашақ ұлын көруге үлгермей, 1939 жылы фин соғысына аттанды. Ел қорғаған миллиондаған жауынгерлердің қатарында шейіт болды. Анасы Болған көкірек көзі ашық, қара қылды қақ жарған әділ адам болған. Ер-азаматтары соғысқа аттанған ауылды басқарып, елде қалған әйелдерді, бала-шағаны, қарттарды тыл еңбегіне жұмылдырды. Балалық шағы қаншалықты ауыр жағдайда өтсе де, ата-анасынан дарыған қабілет-күшімен, ақыл-ойға зеректігімен жеті жылдық мектепті үздік бітірген Әбдіманап 1954 жылы Шымкенттегі ауыл шаруашылық техникумының «Гидромелиорация» бөліміне оқуға түседі. Бұл мамандықты таңдауға сол бала күнінен ауылшаруашылығына араласып, еңбек еткені себеп болды. Техникумды үздік бітірген өрімдей жас Әбдіманапқа екі жолдың бірін таңдауға тура келді. Біріншісі – ауылда жалғыз қалған анасының қасына оралып тіреу болу, туған жерінде алған мамандығы бойынша ел үшін қызмет ету болса, екіншісі – бойындағы білім мен ғылымға деген ерекше құлшыныс, білім алу жолын әрі қарай жалғастыру. Әрине, оңай болмаса да екінші жолды таңдады. Балалық шағынан ғалым болсам деген асыл арманы, ұстаздарының «бойыңдағы қабілет-дарыныңды бағалай біл, ғылымға бар, ғылымға сен сияқты қазақ жастары керек» деген ақыл-кеңестері қамшы болды. Оның үстіне анасының да тілегі осы болатын – ел ішіндеміз ғой, маған бола алаңдама, біліміңді жалғастыр деп ақ батасын берді. Алайда асыл ана ұлының жоғары білімді маман болып қалыптасқанын көре алмады. Бойын меңдеген сырқаттан ерте дүниеден озды. Ә.Әбдіраманов 1959 жылы Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының «физика және жалпы техникалық пәндер» мамандығы бойынша студенті атанды. Инс­титутты үздік тәмамдаған ол Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеді. Үздік дипломмен ғылым жолына жолдама алған жас маман 1965 жылдан бастап 11 жыл Қазақтың су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді, кіші ғылыми қызметкерден бастап бөлім бастығына дейін өсті. Сол тұстары институтта көптеген жаңалықтар ашылып, жүздеген ғылыми құнды еңбектер, мақалалар жарық көріп жатқан кез болатын. Бұл жетістіктерге майталман ғалымдардың бел ортасында аянбай еңбек еткен Ә.Әбдірамановтың да қосқан үлесі мол еді. Ғалымдығы толысып, ғылым жолындағы жиған-тергені молайған шағында Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына ұстаздық қызметке ауысты. Институт ректоры, ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Марс Үркімбаевтың өзі қолқа салып, шақырған болатын. 1976-2011 жылдар аралығында «Теория­лық механика», «Гидравлика», «Гидро­энер­гетика», «Су ресурстары және гидро­тех­никалық құрылымдар» кафедраларын басқарды, одан соң инженерлік-мелиора­тивтік факультетінің деканы қызметін атқарды. Ғалым 335 ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 9 монография, 1 оқулық, 5 оқу құралы, 120 өнертабыстарға берілген патент бар. Әбекең мыңдаған шәкірттерге білім берумен қатар, ғылым жолын қуған ондаған ғалымдардың тәлімгері. Оның ғылыми жетекшілігімен 4 ғылым докторы, 5 РhD докторы, 10 ғылым кандидаты, 11 магистр диссертациясын қорғады. Ғалымның аты, еңбектері әлемге танымал, су саласына қатысты ғылыммен айналысатын ғалымдар мен мамандар арасында жоғары беделге ие. Ә.Әбдіраманов өзі тікелей үлес қос­қан Қазақстанның ғылыми жетіс­тік­терін үлкен ғылыми форумдарда – Гидравликалық зерттеулердің халықаралық қауымдастығының (МАГИ) ХХ конгресінде, теориялық және қол­данбалы механиканың V, VI, VIII съездерінде, V Дүниежүзілік инжени­ринг және технологиялық конгресте (WCET-2012) паш ете білді, ол Ирак, Тунис, Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстаннан шыққан ғалымдардың докторлық және кандидаттық диссертация­ларының ресми оппоненті болды. Азаматтың еңбегі мемлекет және ғылыми қоғам тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығы» медалімен, «КСРО өнертапқышы» төсбелгісімен, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс және қола медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» «Еңбек ардагері» «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл» медаль­дарымен, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, екі рет «ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік гранттарымен және В.И.Блинников атындағы ЕАПО-ның алтын медалімен марапатталды. Өткен жылдың маусым айында іргелі және қолданбалы ғылымдарды дамытуға қосқан үлесі үшін Еуропалық ғылыми және өндірістік консорциум Михаил Васильевич Ломоносов атындағы алтын медальмен, сонымен қатар физика-математика ғылым­дарын дамытуға қосқан үлесі үшін Исаак Ньютон атындағы медальмен марапаттады. Ресей Жаратылыстану ғылым академиясы ғылым мен білім беру саласындағы ерен еңбегін бағалап, «Ғылыми мектептің негізін салушы», «Ғылым және білім беруге еңбегі сіңген қайраткер» деген құрметті атақтар берді. Сонымен қатар аталған академияның Президиумы бірауыздан Академияның корреспондент-мүшесі етіп сайлады. Ресей академиясы оны дүниежүзілік ғылым мен өнертабысқа қосқан үлесі үшін «Первый среди равных» орденімен және «Альфред Нобель» атындағы медальмен марапаттады. Гидротехника саласында мемлекеттік тілде жазылған кітаптар көп емес. Ұлтжандылық сезім мен ғылым тілін мемлекеттік тілде сөйлету анау-мынаудың қолынан келе бермейді, ол үшін бірінші кезекте өте терең білім, сонан кейін мемлекеттік тілдің қыр-сырын өте жақсы білуі керек. Өз өмірінің жарты ғасырға жуығын су саласының ғылымын қазақ тілінде сөйлету үшін барын салып, аянбай еңбек етіп келе жатқан ғалымның кітаптарын айтпай кетуге болмайды. Оның гидротехника саласына енгізген қазақы терминдері «Су техникасы терминдерінің орысша-қазақша сөздігінде» (Ә.Ә.Әбдіраманов, Б.Қ.Манақбаев. – Алматы: «Рауан», 1991 ж.), 31 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктің» (Жалпы редакциясын басқарған А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Рауан»2000 ж.) 17-томында, 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктің» (Жалпы редакциясын басқарған А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы, 2014 ж.) 16-томында, «Гидравлика» (Ә.Ә.Әбдіраманов. – Тараз, 2000 ж.) оқулығында пайдаланылған. Ғалымның ұсынуымен қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттерде қолданысқа енген терминдердің бірқатарын айта кетер болсақ, олар: сұйықтың жүктену күштері, ақпа, өтім және өтім қимасы, турбулентті лыпыл, турбуленттіліктің ұйытқу теориясы, жатық өзгермелі сұйық қозғалысы, шұғыл өзгеретін қозғалыс, қондырмалар мен сұғын­дырмалар, көмілмеген еркін ақпалар, бұрал­ған ақпалар, алмағайып тереңдік пен еңістік, лай тұндырмайтын жылдамдық, ­шайып кетпейтін жылдамдық, гидравликалық шап­шыма, суұрма шұңқыр мен суұрма қабыр­ға, гидравликалық тығын және т.б. Ал ғалымның ғылыми жаңалықтарына келер болсақ, ғылыми мектептің негізін салушы ре­тінде тек Қазақстанға емес, дүниежүзілік ғы­лымға да үлкен үлес қосты. Бұны Ресей жа­ра­тылыстану ғылымдары академиясы мен бү­кіл әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам ғылы­ми ұжым кіретін Еуропалық ғылыми және өндірістік консорциум да мойын­дап отыр. Таяу­да оның еңбектерін Германия ға­лым­­дары неміс тіліне аударып, басып шығар­ды. Ә.Әбдірамановтың сұйықтар механикасы, өрістің математикалық теориясы, гидродинамиканың негізгі теңдеулері, сұйықтың орныққан қозғалысы, сұйықтың құйынды және бұрандалы қозғалысының теңдеулері, сұйықтың біртекті-құйынды қозғалысы, циркуляциялық және құйынды ағындардың дифференциалдық теңдеулері, цилиндрлі құбырдағы сұйықтың құйынды қозғалысы, гидроциклондардағы сұйық қозғалысына құйынды және бұрандалы ағындардың теорияларына түсініктемелер, және т.б. сияқты ғылыми салаларда ашқан жаңалықтары мен қосқан үлесі өте көп. Бұл ұғымдар қарапайым халыққа күрделілеу, түсініксіздеу болып көрінгенімен, сол саланың мамандары үшін өте құнды дүниелер. Ғылымдағы заңдылықтар мен жаңалық­тарды оны ашқан адамның атымен атау дәстүрі қалыптасқан. Ғалымдар осы дәс­түрге сәйкес Ә.Әбдіраманов ашқан бірқатар жаңалықтар мен заңдарға, мәселен, денені айналып өткен потенциалды ағын кезіндегі байқалатын гидродинамикалық эффектілер (Әбдіра­манов күші), «Қайталама құйын­дар» функциясындағы тұтқырлы сығылмайтын сұйықтың қозғалысының теңдеуі, жетілген гидравликалық шапшыманың негізгі теңдеуі (Әбдіраманов теңдеуі), айналып тұрған денедегі потенциалды ағынның қысымының көлденең күші (Әбдіраманов заңы), сондай-ақ Әбдіраманов сфероиды, Әбдіраманов тығыны, Әбдіраманов беті және т.б. оның есімін беріп отыр. Туған топырағымыздан шыққан талантты ғалымдардың бірі ретінде профессор Ә.Әбдірамановқа шығармашылық табыстар мен зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Сапарбек ЖОЛДАСОВ, техника ғылымының кандидаты Тараз

6864 рет

көрсетілді

1407

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8597

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6963

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4710

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4094

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4061

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4020

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3751

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3751

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы