• Әдебиет
  • 06 Мамыр, 2010

«Кішаужаң»

Ол сабақтан келе сала теледидарды қосты. 9 мамыр жақындағалы бері қарт­тарды жиі көрсетіп жатыр. Ертең тағы ардагерлермен кездесу. Ал ауылда кеудесіне орден таққан қарттар аз емес. Сыртқы есік ашылды. – Ата, неге асықтыңыз? Айттым ғой, малды сабақтан келген соң суарам деп. Керзі етік күрс-күрс етеді. – Уф, – атасы күрсініп алды. Шеткі орындыққа отырып, шұлғауын тарқатып жатыр. Қара бұлтты жарып шығып, жан-жағына шашыраған күннің сәулесіндей еденге сап-сары сабан төгілді.

– Жарайды, сен одан да тестіңе дайындал, – деді атасы аяқ киімін ретке келтіріп. Әй, атам-ай! Алты баланы жоғары оқу орнында оқытам деп екі адамның нормасын өтеп, шөп жинап, мал бағумен өтті өмірің. Әне, әкем де кеңсе жұмысына еті үйреніп алған. Малдың жайы ойына кіріп-шықпайды. Осыны ойлап, немересінің қабағы түйіліп кетті. – Ата, одан да Қытайда «діректір» болып жүре беру керек еді, ә-ә-ә? – Әй, қой ондайды айтпа. Сендер үшін келдім ғой. – Ол кезде жоқпыз ғой. Қалай біз үшін келесіз? Әзілдеген түрі. – Құдай бұйыртса, оқуға түсіп, жұмыс істесем, сізді Қытайға қыдыртам. «Кішаужаң» боласыз. Атасын Қытайда «Кішаужаң» дейді екен. Бала кезінде мұны ол шпион деп түсінетін. Әрі атасына қытайша үйретші дегенде де бір-екі ауыз сөз айтпаса, арыға бармайтын. Кейіннен білді, «Кішаужаң» «Кәрім мүдір» деген мағынаны беретінін. Сосын тіптен ерекше жақсы көріп кетті. Қайран қарт балалары өз Отанында өссін деп, мансабын да, малын да тастап, елге келген екен ғой. Ақ көйлекті малшының күпәйкесіне айырбастады ол сосын. Сол күпәйке әлі үстінен түспепті. – Ата, мен сізді Қытайға алып барам. Костюм-шалбар киіп алып, өзің басқарған мектепке барамыз. Атасы төсекке келіп жайғасты. – Дархан, бері келші. Көкең хабарласпады ма? Жіберген ет бұзылмай жетіп пе? Алматы қалай екен? Сосын сәл кідірді де: – Бері келші, жезде бар ма екен? – деді қуақыланып. Шаршағанын да ұмытып кеткендей. Тұңғыш немересінің тойын көрсем деп армандайтын. – Қазір, ата. Жүгіріп барып, әпкесінің шешесіне жіберген суретін сөмкеден суырып алды. Атасы мәз болып, қарап отыр суретке. Дархан түскі асын ішер-ішпестен кітап-дәптерін жинап, тестке дайындыққа кеткен. Келсе, үйдің маңы қарақұрым. Есік айқара ашық. Жылаған дауыстар естіледі. Пештің маңында көрші-қолаң қазан тасып, от жағып жүр. Немерелес інісі үйге қарай еңіреп кіріп барады. – Атам-ау! Ертесіне Алматыдан екі әпкесі мен ағасы келді. Болашақ жездесі көлікпен жеткізіп салыпты. Атасының әпкесінің тойын көрсем-ау деген арманы есіне түсіп кетті. Түпкі бөлмеге барып, тағы бір жылап алды. Сосын өзінің енді атасын ешқашан әдемі костюм кидіріп, Қытайға апара алмайтынына өкінді. Содан бері 2 жыл өткен. Атасы мамырда көз жұмып еді. Теледидардан тағы да ардагерлер сөйлеп жатыр. Атасы ешқашан ардагерлермен кездесуге барған емес. Өйткені ол соғысты көрген жоқ. Бірақ әркез «Өмір деген – күрес» деуші еді. Атасының да өз «соғысы» болған. Сол үшін ол мүдірдің мөрін малшының таяғына ауыстырды. «Кішаужаң» деген атының «Қытайдың шпионы» деген ауыр айыптауға алмасқанына да шыдады. «Мені туған жерімде өссін деген екен-ау. Иә, бәрі де біз үшін екен-ау!» Дархан қазір есейген. Жоғары оқу орнында оқиды. Енді ол көп ақша жинап, атасын қыдырта алмағанына өкінбейді. Өйткені әлі де уақыты бар. Әне, атасына бағыштап Құран оқып отыр. Жанар Елдосқызы

2591 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы