• Мәдениет
  • 20 Мамыр, 2010

Диссертация қорғаудағы дүдәмалдық ғылыми ізденіске кедергі келтірмей ме?

Қазір біз нарықтық экономика заманында өмір сүріп жатырмыз. Ал оның адам­дарға қоятын басты талабы – кез келген жағдайда бәсекеге қабілетті болу. Ол үшін еуропалық деңгейдегі озық стандарттарға өзімізді қалай да теңгеруіміз қажет. Осыған орай соңғы жылдары Қазақстан ғылымы мен білім саласы жаңғыртулар мен толықтыруларды үздіксіз бастан кешіруде. Сондай жаңалықтың бірі – бакалавр мен магистр және РһD докторантурасы. Әрине, мұның бәрі Болондық үдеріске енуімізге байланысты туындаған жаңашылдықтардың бір легі іспеттес. Соған сай дәстүрлі кандидаттық пен докторлықты қорғау үдерісі де тоқтатылды. Бұл қаншалықты орынды шешім? Ғылыми ортада әзірше екіұдай пікір жалғасуда…Әлқисса, биылғы Наурыз шын мәнінде де еліміздің білім саласы үшін жаңа жыл ғана емес, жаңа жүйенің де бастауы болды. Сол айдың 11-ші жұлдызында Венада Еуропа елдері білім министрлерінің II форумы аясында республикамыз Болон үдерісіне қосылды. Өз уақытында аталмыш жаңалықты Қазақстанның білім және ғылым министрі Мемлекет басшысына арнайы жеделхат арқылы сүйіншілей хабарлаған болатын. Қазақстанның еуро-атлантикалық кеңістіктегі жал­пыға бірдей қабылданған қалып­қа қосылуы туралы шешімді 46 қатысушы елдің өкілдері бірауыздан қолдады. Сонымен біз ондағы нөмірі 47-ші мүше мемлекетпіз. Әділдігіне көшу керек, бүгінде қайсыбіреулер сынап жазып жүр­гендей, атағы дардай ұйымның қа­ғидаларын жүзеге асыру үшін бізде ыңғайлы алғышарттар да жоқ емес еді. Белгілі бір деңгейлерде дайындық шаралары қарастырылды. Айталық, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы «Білім туралы» заңына сәйкес және 2004 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қол қойылған Қазақстан Республикасы білімін дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қазақстан­да  үш сатылы дайындық жүйесі қа­растырылған-ды. Яғни әдепкі нор­мативті оқу мерзімі 4 жылды, екінші оқу мерзімі 1-ден 2 жыл аралығын қамтиды. Бұл жүйені 3 жыл­дық философия докторларын және жоғары мектеп пен ғылым үшін докторлар дайындаудың алғашқы бас­палдақтары деуге болады. Қазір сол негіздерге иек артып, ЖОО-ларда үш сатылы жүйе бойынша мамандар да­йындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қағидаға сәйкес, докторлықтан үміт­ті қандастарымыз алыс-жақын шетелдерге сапар шегіп, біршама кәсібилік дағдылар қалыптастырды. Алайда ескі жүйені жақтаушылар соңғы өзгерістің өзін-өзі толыққанды ақтамайтынын айтып үлгерді. Және де олар бұған дейін кандидаттық және докторлық қорғау қамында жүргендердің тағдырына алаңдаулы екендерін де жасырмауда. Одан қалса, жаңа енгізілімге түбегейлі қарсы болмаса да, оның кезең-кезеңімен сіңірілуін қолдайтын ғалымдардың дені өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың қамында десек, артық айтқандық емес. Бұл ретте ғылым кандидаты дәрежесін іздену үшін орындалған диссертация мен философия докторы атағын алу мақсатында жазылған ғы­лыми еңбектің маңыздылығы да сөз болмай қалып жатқан жоқ. Қалай десе де әзірше таластың біріншісінің пайдасына сөзсіз шешілетіні мәлім. Сондай бір басым пікірге құлақ түрсек, ең оңтайлысы, философия докторларымен қатар аспирантура және докторан­тура арқылы ғылым кандидаттары мен докторларын дайындау үрдісін теңдей жалғастыра беру керек. Ал арғысын, қай жолдың тиімді екенін уақыт өзі көрсетіп береді... Не десе де, үдеріс іске қосылып кет­ті. Жалпы, осы жылдың желтоқсаны­на дейін ғылыми еңбегін қорғап үлге­ре алған ізденушілер ғылыми атағын иеленеді, ал үлгермегендерге шара жоқ. Уақыт жағынан қысылып қалған ондай жандардың ендігіде зерттеудің тереңдігіне емес, бет толтыруына мән беретіні бесенеден белгілі болса керек. Бұл мәселенің бір ғана қыры десек те, осының өзінен көп мән шығарып алуға болады. Олардың конституциялық құқықтары, ұзақ жылғы еңбек өтілі туралы айту таусылмайтын бір гөй-гөй. Рас, РҺD докторлық бағдар­ла­­масын іске асырудың айрықша міндетіне өркениет талабына сай, ғылымды, экономиканы және жаңа технологияны жетілдіруге байланысты маңызды мәселелерді шешуге қабілетті ғылыми-педагогикалық кадр­лар дайындау жүйесін қалып­тастыру кіреді. Қысқасы, магис­тратура мен РҺD докторантурасы бағдарламалары бойынша сапалы мамандар даярлау ісі біздің отандық университеттердің білім беру қызметі нарығындағы бәсекеге кабілеттілігін арттыруды көздейді. Сондықтан да «мынаусы артық», «анаусы кем» деуден аулақпыз. Тек мұндағы мақсат «атаққұмар шенеуніктер мен бизнесмендер қадірін қашырды» деген таңба басылған ескі жүйе мен жаңа жүйе­нің ымыралы тұсын табу ғана.

Тақырыпқа орай:

Гүлжан Әбдіғалиева, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Меніңше, қазіргі дүдәмал жағдай – уақытша ғана құбылыс. Бұл – барлық жаңа енгізілімдерге тән нәрсе. Ғалымдар мен оқытушылар қауымы білім және ғылым саласындағы әрбір өзгерісті сыни пікірсіз қабылдаған емес. Бір жағынан, ғылыми ортадағы консерваторлық ділді де есепке алғанымыз жөн. Сондықтан да РһD докторантарын дайындау дегенді оң қабылдауымыз керек. Қалай десе де біз еуропалық білім стандарттарымен түбі қауышуға тиіспіз. Тек бұл ретте бір айта кетерлігі, кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғауды түбегейлі тоқтату шешімі мерзімінен ертерек қабылданған сыңайлы. Керек десеңіз, РһD үрдісі әлі өзіне өзі келіп үлгерген жоқ. Ол алдағы уақытта көптеген дамыту мен жетілдірулерді талап етеді. Сол себепті де ескі жүйе мен жаңа жүйені қатар алып жүрген жақын мүдде тұрғысынан оңтайлы. Яғни қашан РһD докторанттары аяққа тұрып, дербес, ел мойындайтындай дәрежеге жеткенше бұрынғы жолмен кете бергеніміз дұрыс. Олардың әлеуметтік тұрғыда да бұрынғы жүйе өкілдерімен тайталаса алмайтыны мәлім. Бірақ көш жүре түзелетінін де жоққа шығаруға болмайды. Бәлки, ескі жүйенің ғұмырын 4-5 жылға ұзарту керек шығар. Асығыстықпен бәрібір ештеңе ұтпаймыз. Жаңа жүйе бүгінгі барлық кілтипандары­нан арылып болсын, қалыптассын, алғашқы қарлығаштарын ұшырсын, негізін бекітсін. Онымен қатар докторлық және кандидаттық диссертациялар да қорғала берсін. Дәл мұнан ғылымға нұқсан келеді деп ойламаймын. Әрине, келешек тұрғысында жаңа жүйе үстемдік алуға тиіс. Бәсекелестік тұрғыда да біз түбі соған көшеміз, көшуге тиіспіз. Бұған түрткі болып отырған Болондық үдерістің де мақсаты азаматтардың жинақтылығын жақсарту мақсатында жоғары білімнің ке­ңістігін құру, олардың жұмысқа тұру мүмкіндіктерін кеңейту, сонымен қатар Болон декларациясы еуропалық жоғары білім­нің халықаралық бәсекелестігін жоғарылатуды қарастырады. Өзім осы екі жүйеге де қатысты адам ретінде «уақытша параллелизм» жағындамын. Мен қазір бір жағынан ҚазҰУ-да диссертациялық кеңестің мүшесімін. Және де РһD жетекшісімін. Әзірше екі жүйе қатар жасай берсін. Жақан Молдабеков, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Мәселенің басы Болон декларациясына барып тіреледі. Бұл – 1999 жылдың 19 маусымында Италия қаласы Болонда еуропалық елдердің білім министрлері жабыла құптаған, жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық дәрежесін көрсететін құжат. Ол құрылым соңғы он жылдың көлемінде еуропалық жоғары білімнің радикалды реформаларының дамуына ықпал етті. Атап айтқанда, жоғары білім дәрежелерінің жүйесін жеңіл түсіну кіріспесі ретінде бакалавр немесе ұқсас дәреже – жоғары білімнің бірінші деңгейі үшін; магистр немесе ұқсас дәреже – жоғары білімнің екінші деңгейі үшін; ECTS жүйесі негізінде, академиялық кредиттердің бірдей жүйелерін қатысушы-елдерге енгізу; жоғары оқу орындарының оқытушыларының және студенттердің академиялық жинақтылығын кең көлем­де іске асыру; жоғары оқу орнының және жоғары білімнің т.б.сапасын қамсыздандырудың ұлттық жүйе­лерін құру. Міне, осы тізбектің ішіне РһD докторантурасы да басты қа­ғидаттардың бірі болып кіреді. Мұның да өзіндік объективті себептері бар. Біріншіден, Қазақстанның білім беру жүйесі Кеңес үкіметі мирасынан қалған, еуропалық, оның ішінде германдық түбірі бар негізге жатады. Сондықтан да отандық жүйе үшін тарихи тұрғыда үлгі-ілкі қызметін атқарған сол бір жүйені өзгерту қисынды-ақ. Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес «Еуропаға жол» миссиялық бағдарламасы аталмыш жүйенің іске қосылуына екпін береді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді айтпағанда, бұл шара Еуроодақпен тауар айналым көлемін жақсартады және сыртқы экономикалық байланыс­тарды молайтады. Бұл байланыстарды, әрине, ең алдымен, жоғары білімі бар адамдар жүзеге асыруға тиіс. Сондықтан да бірте-бірте жаңа жүйеге бейімделгеніміз абзал. Ал әзірге қимылымыз асығыстау болып тұр.

Түйін: Бәрін айт та, бірін айт, докторлықтың жырын айт. Басшылықтағы азаматтың бірі атап өткендей, Қазақстан ғылымына үлкен өзгеріс қажет екеніне дау жоқ. Ғылымға жаңалық керек, өзгерістердің болуы шарт. Болон үрдісінің білім беру саласындағы ең озық үлгілеріне бой ұруымыз да – жақсылықтың нышаны. Бірақ ол жаңалықты ә дегеннен РһD арқылы жасаймыз дегенге күдікпен қарағанымыз абзал-ау. Еуропалық экзотикалық өсімдік жаңа топыраққа үйреніссін, аклимитизациядан өтіп, қазақы қоңыржай ерекшеліктерге бейімделсін. Ескі германдық жүйе өзін ақлақтық тұрғыда әбден түгесті деген күннің өзінде осы орында болар еді. Біз, мысалы, кредиттік технологияның өзін әлі бойымызға сіңіріп болған жоқпыз. Бұл туралы да мамандар жамырай айтысып жатыр. Бұл шырғалаңның ішінде білім беру жүйесі дамудың орнына кері кетіп қалуы да кәдік. Сондықтан да заманы басқа болса да жағдаяты ортақ Кенесары серіктерінің бірі Ақбөпе батырдың нақылға айналған сөзі – «қашан мылтықты шебер атуға дағдыланып болғанша, ежелгі дос – қорамсалы садақты да тастамайық» дегіміз келеді. Абылай МАМЫРАЙХАН

3557 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8260

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6774

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4521

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3904

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3871

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3831

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3560

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3558

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы