• Тарих
  • 20 Мамыр, 2010

«Бабалықов совет өкіметін құлата алмайды...»

d0b6d0b0d0b3d0b4d0b01Отыз жылдай бір шаңырақ астында қатар жүріп, қызметтес болған Жағда Бабалықов дүниеден озғалы алай-дүлей сезімдер иектеп, енді қайтып келмейтін өмір өткелдері ойға оралады, арман-қиялға айналған болмыс-белестер жаңғырғандай болады. 1964 жыл. Көктемнің тамылжыған күндері. Қазақстанда қазақ тілінде шығатын басылымдар саусақпен санарлық. Оларға жұмысқа тұру оңай емес. Әсіресе, бұдан алты жылдай бұрын ашылған «Мәдениет және тұрмыс» журналына тұяқ іліктіру арман. Семья жағдайына байланысты Сарыағаштың газетінен босап, Алматыға келген мен пақыр да күн сайын газет-журналдарға бірнеше бас сұғамын. Бір күні түс ауа мен тұратын пәтерге ойда-жоқта ескі дос Шота Уәлиханов алып-ұшып келді де: «Сені Сапар іздеп жатыр», – деп, «жүр де жүрдің» астына алсын. Төлебаев пен Горький көшелерінің қиылысындағы «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакциясына Шотамен бірге бардық. Сапекең бірден әдеби қызметкерлікке алатынын айтып, «арыз жаз» деді. Орынбасары Сұлтанғали Қадыров он шақты адам отыратын күңгірттеу, ескі бөлмеге апарып, қызметкерлерге таныстырды, отыратын орнымды көрсетті. Жақаңа қатысты әңгімелерді бұлай бастаудың себебі, дәл сол күні танысып, әрі қарай бірге жүріп, бірге тұрған аяулылардың – Сапекең мен орынбасары (жауапты секретарь) Сұлтанғали Қадыровтан бастап, қазір бұл фәниде бірде-бірі жоқ, сау-саламат келе жатқан Жағда еді, міне, енді ол да бақилық (пейіште нұры шалқысын). Мен Сапекеңнің орынбасары Сұл­танғали көрсеткен орынға отырар-отырмаста дәл қарсыма жайғасқан сұңғақ денелі, бір қырым артық еті жоқ, сұйықтау қара шаштарын жоғары қайырған, ат жақты, жылы жүзді, жасы үлкендеу адам: «Ал қош келіпсің, атың кім?» – деп сәл басын ие күлімсірей қарады бетіме. Үні жұмсақ, жүзі жылы, түр-түсінде тектілік бардай... Жақаңды осылай көріп, танысқан едік. «Ат кісінескенше» дегендей, ұзамай редакцияда істейтіндерге бой үйренді. Редакцияда партия, кәсіподақ ұйым­дары бар. Екеуі де ай сайын бір реттен жиылыс өткізуге, әлдебір мәселені талқылауға, қатысқандар сөйлеуге мін­­детті (заң солай). Аупартком мен кә­сіподақ комитетінен жиі телефон шалып, тыным бермейді. Редакциядағы кәсіподақ ұйымының бастығы – Жағда Бабалықов. Көріп, байқап жүреміз, Жақаң араб алфавитіне жүйрік болғанмен, бізше жазуды осында келген соң ілдалдалап үйреніпті. Жазулары айбақ-сайбақ, әріп, емле қателерден құр болмайды. Орысшаға жоқ есебі. Қас қылғандай, аудандық кәсіподақ комитетінен күн құрғатпай телефон соғатын орыс әйелі Жақаңның фамилиясына тілі келмей, «Бабалик, Бабалик» деп тұрып алады. Жақаң үшін мен сөйлесіп, араағайындық жасаймын. «Осы бір нәрсе маған қосымша жүк болды, орысша білмеймін, биылғы есеп-беру сайлау жиналысында сені сайлаймыз», – деп қоятын Жақаң маған. Айына бір рет партия жиналысы, бір рет (насихатшы ретінде) саяси сабақ өткізбесе болмайды. Жақаң кәсіподақта «Бабалик» күйінде қала берді. Ешкімге қабақ шытып, ешкімді ренжітпей, жай дауыспен күлімсіреп сөйлейтін Жағда кішіпейілдік, қара­па­йымдылықтан қамшы салдырмайды. Сөзден-сөз туындағанда, оның бір кездерде арғы беттегі Қазақ автономиялы облысын басқарғаны, жеке мемлекеттің ресми жетекшісі ретінде КСРО-ның Ялта қаласында демалғаны, Сталинмен жолыққаны, т.б. хақында біліп алдық. Артық сөз айтпайды, «қытай тілін білесіз бе?» дегенге «иә» дейді де қояды. Оның қытай тілін аздап емес, бес саусақтай білетіні былай да байқалып тұратын. Қытайда қуғындалып, абақтыға қамалғаны жайлы да өзі айтпағанмен, өзгелерден құлақ шалатын. Жақаңның бастан өткерген қызық-шыжықтарының дені арадан жылдар өткенде жарық көрген Қ.Жұмаділовтің әйгілі романындағы бас кейіпкерлердің бірінің прототипі ретінде айшықталды. Ал өзі атамекенге барлық өрен-жарандарымен дер кезінде келгеніне шүкірлік ететін. Жұрттың айтуынша, Жақаң арғы жақтан оралған соң біраз уақыт баспана, жұмыстың жөні болмай, едәуір тұрмыс тауқыметін тартса керек. Қаланың шет жағында хат тасушы болып жүріп, орысша тіл білмей, итке таланып қалған да кездері болыпты. Әйтеуір, түбі қайырлы болып, пәтер алыпты, қосымша штат беріліп, осы журналға орналасыпты. Жақаң 1980 жылдардың ортасында таралымы жарты миллионға (485 мың) жуықтаған «Мәдениет және тұрмыс» журналында зейнетке шыққанша еңбектенді. Бұл екі арада келіп-кетіп жататын бірнеше бас редактормен қызметтес, дәмдес болды, түсіністікпен жұмыс істеді. Бірге істеген қызметкерлерге сыйлы болды, өз басы да қолдан келгенін аяған жоқ, журналдың жақсы шығуына үлес қосты. Барлығы тақтайдай тегіс еді десек, ала жіптен аттаған болар едік. Ыстықты да, суықты да өткерді. Баз бір сындарлы шақтарда менің жеке басына жасаған азын-аулақ жақсылықтарымды ұмытпайтынын қас-қабақ, жылы ілтипатпен аңғартатын. Көп ашылмайтын. Сыпайылық ба­сым-тын. Көкірегі толы қазына екені көрініп тұратын. Неге екенін қайдам, ол редакцияда жүргенде зейнетке шыққан соң жариялаған көл-көсір еңбектері жайлы айналадағылар аз білетін. Ештен кеш болса да, этнограф-ғалым ретінде танылғаны бек дұрыс, әділ, тағдырдың сыйы, солай болуы тиіс еді. Әлденеге алаңдайтын. Жақында «Ана тілі» газетінің бірнеше санында (біразы көзі тірісінде, біразы өмірден өткен соң) жарияланған толғаныстарын хатқа түсірген Қасымхан Бегманов ініме мың алғыс. Сол жазбаларда осы жолы басын ашыңқыраса көптік етпейтін бірер жайлар баршылық. Әлденеге алаңдайтын. Солай. Қауіпсіздік қызметкерлері білдіріп те, білдірмей де ізінен қалмағаны рас. Неге? Сол баяғы тасып-төгілген күдік-күмән, шамадан тыс қырағылық, тырнақ астынан кір іздеудің ғаламат үлгісі не қанға біткен қараулық та. Пах! Жағда Бабалықов жау, жансыз, тыңшы, Отанын сатқан опасыз бола алатын ба еді? Жоқ! Ешқашан! Мен оны танып-білгеннен бастап ойлайтынмын: осындай ғұлама, ең болмағанда, қытай тіліне жетік жанды дипломатиялық немесе одан да құзырлы лауазымдарға неге пайдаланбайды деп. Қайдан?! Оны айтасыз... 1973 жылы мені «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы Мұса Дінішев өзіне орынбасар (жауапты секретарь) етіп тағайындаған соң, бірер апта өтпей жатып кабинетке өңі сары, көзі көк, қазақшаға судай бір міскін кіріп келсін. Қайдан білейін, мақала ма, өлең бе, сондай бірдеңесін әкелген автор шығар деп, одан-бұдан орағыта сөйлеп отырған сөзінің соңын күттім. Сөйтіп, ол бір кезде куәлігін көрсетіп, кім екенін айтты. Онан соң маған «жаңа қызметіңізге табыс тілеймін» деп бір қойды. Онан соң «бұл әңгіме құпия болуы керек» деп суық жүзбен ескерту жасады. Онан соң ғана «осында жұмыс істейтін Жағда Бабалықовты білетін шығарсыз» деп тоқетеріне көшті. «Білемін», – деймін. «Олай болса...» деді де, айтарын айтып, шығып кетті. «Бас редакторға неге бармайсыз» дей алмадым. О, жоқ, барады, әрине. Оған да «біздің жолыққанымызды екеуміз ғана білуге тиіспіз» дейді екен. Бұдан кейін де әр жолы әр басқа адам келіп жүрді. Қандай шебер! Қалай келіп, қалай кететіндерін білмей қаласың. Бұл жайлы Жақаңа жақ ашпаймын. Бірақ ол да бәрін сезіп, біліп жүретіні анық. Әлгілер кемі жылына бір не екі рет шаң береді. Әбден мезі етті. Оларға мен де етім үйреніп, қатайып алдым. Горбачевтің заманы жетті. Бір жолы жүзі жылы, жасы қырықтар шамасындағы бейтаныс жігіт келді. Ішім қылп етті. Ол тіпті де бейтаныс емес-ті. Керісінше, бұған дейін ешқашан көрмеген нағыз таныстың өзі. «Пәлен облыстағы пәлен ауданнан келіп, осындағы Жоғарғы партия мектебін бітіріп едім. Партия жұмсаған соң, осы қызметке бардым, пәтер берді», – дегендей үйреншікті сөздерін шұбыртып болған соң: «Сіздерде Жағда Бабалықов істей ме?» – десін. Не тұрыс?! – Бабалықов істейді, біліп отырып несін сұрайсыз? – демеймін бе Горбачевті «арқа тұтып». – Енді жай, былай, қызмет бабы ғой. Бабалықов қалай, ештеңе байқала ма? – Байқалады. – Мәселен, не? Ашып айтпайсыз ба? – Мәселен, ашып айтсам, Бабалықов бүгін-ертең совет өкіметін құлата алмайды, байқағаным сол, – деймін тағы да Горбачевті малданып. Суық жымиған бейтаныс жігіт сыздана қоштасып, кете барды. Бірер жылдан соң Жақаң зейнетке шықты... Бертініректе ол да алпысыншы жылдары Қытайдан келген Қиялбек Шайкиннің үйінде осы соңғы әңгімені Жағдаға айтқанымда, мәз бола күлгені бар. Иманың саламат, жаның жәннатта болсын, қайран Жақа. Зәкір АСАБАЕВ

3226 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8056

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6659

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4404

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3788

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3755

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3715

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3446

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3438

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы