• Ақпарат
  • 20 Мамыр, 2010

Баға бағынбай тұр...

Бесіктен белі енді шыққан балаңызға дейін «ұшты, ұшты, баға ұшты!» десеңіз, қанат қылып қолын қалықтататын болды. Бүгінде базар бағасының өзгергенін балаға дейін біледі. Жылдағы қалыпты құбылыс биыл да қайталанды. Баға биыл тағы ұшты. Зейнеткерлердің зейнетақылары мен бюджет қызметкерлерінің жалақыларына 25 пайыз қосылғаны сол еді, баға аспандап кетті.

Сарапшылар бұл маусымдық қана құбылыс дегенімен, соңғы бір айда баға орта есеппен 5 пайызға көтерілген. Кей азық-түлік өнімдерінің құны 30 пайызға дейін қымбаттап кетті. Көкөніс бағалары тіптен шарықтады. Ол аздай, Монополияларды реттеу агенттігінің болжамына сенсек, жыл соңына дейін тарифтер бағасы орта есеппен 14 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бағаны ауыздықтай алмағандықтан, халық еңбекақыға қосылған үстемені сезіне алмайды. Бұдан кейін баға біткеннің шарықтауы инфляцияның өсуіне әкел­мей ме? Бірақ сарапшылар инфляция­ның ұсыныс пен сұраныстың арасында­ғы тепе-теңдік жойылған жағдайда өсеті­нін алға тартады. Сұраныс артпаса, ұсыныс өнімнің бағасын неге өсіреді? Өткен аптада Министрлер кабинетi­нiң отырысында азық-түлiк бағасын ауыздықтау және басқа да тауар түрлерiнiң бағасын тұрақтандыру жайы талқыға салынды. Әдетте баға қымбаттаған кезде «бақылау жойылған» деп жергілікті жерлердегі басшыларды жазғыруға асықпыз. Бұл жолы да азық-түліктің қымбаттауын Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова өңiрлiк әкімдіктерге аударып: «Коммуналдық базарлар өздерiне жүктелген мiндет пен тапсырманы орындай алмады» дегенді жеткізді. Алайда нарықтың дені – монополияның қолында екендігі, олар құнды қалай құбылтам десе де еркі екендігі, өнім өндіретін құрал-жабдық, техникалардың ескілігі, соны сылтауратып өнім өндірушілердің бағаны жыл са­йын өсіруі, одан бөлек өнім өндіруші мен тұтынушы арасында ортадан көлденең табыс тауып, «екі жеп биге шығатын» делдалдардың ашкөздігі бағаны өсірмесе, арзандатпайтыны сөз болмады. Мәселен, еліміздің шекарасына енген кезде картоптың құны 30 теңгеден аспайтын болса, біздің базарларымызда оның келісі 70 теңгеден төмен сатылмайтынын, қызанақ, банан, апельсин өнімдерінің бағасы алғашқы бағасынан 3 есеге бір-ақ секіретінін байқауға болады. «Бұл үшін баз біреулерді жазғырғаннан гөрі, сондай-ақ ғұмыры баянсыздау бағдарламалар­дан арылып, ауыл шаруашылығына бастан-аяқ жаңа реформалар енгізу керек» дейді кей сарапшылар. Бұдан бөлек бүгiнде қалың бұқараның дағдарыста жүйкесi мен қалтасын тоздырып жүрген жайт — коммуналдық тарифтiң көтерiлуi туралы да сөз қозғалды. Бақсақ, коммуналдық қызмет көрсетушілер бағаларын жыл са­йын көтеруге бар. Қосымша құн салығы бар, басқасы бар, түрлі себеп-сылтаула­рын құзырлы органдардың құлағына құйып қойған. Сол жиында вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев: «Қазақстанда­ғы азық-түлiк өнiмдерi нарығындағы жағдай тұрақталғанша, коммуналдық қызметтер тарифiн көтермеу керек», – дедi. Алайда Монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергеновтің айтуынша, коммуналдық тарифтер маусым бо­йынша өзгереді. Жаз айларында – су, күз бен қысқа қарай жылу бағасы өседі екен. Сондай-ақ газ бен көмір құны да көтерілмек. Бұл да бұқараның қалтасын жұқартатын тағы бір жайттың құлағы қылтиғанын аңғартады. Қазір қарапайым халық «қосымша қаржы қосылады» десе қорқатын болды. Өйткені бұқара бұдан ұтылмаса, ұтпасын жақсы біледі. Қымбатшылық, құнға құрық сала алмау қайталанатын құбылысқа айналды. Қалай десек те, құн құбылып тұр. Динара ІЗТІЛЕУ

3044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8173

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6725

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4472

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3855

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3822

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3782

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3512

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3507

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы