• Ақпарат
  • 27 Мамыр, 2010

Түркістанда тұсауы кесіліп, Астанада жалғасқан келісім

turkiya-prezidenti-abdulla-gul_1Апта басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүл ресми іссапармен келді. Саяси сарапшылар бұл қатысуды өздерінше геосаяси ой-толғамдарға түйіп үлгерді десек те, бұл бұған дейінгі Президентіміздің түркиялық сапарының қарымта жоралғысы екендігі анық. Яки батыл түрде солай деуге қол жеткізілген екіжақты келісімдер салмақты дәлел бола алады.

«Алыстағы ағайын, Сен келгенде жарқырап, Толысты ғой маңайым, Алдың­нан шығып, қарсы алып, Құшағымды ашайын, Бауырыма басайын» демекші, Түркия басшысын Шымкент әуежайында Елбасының жеке өзі қарсы алды. Ертеңіне екі ел басшылары Түркістан қаласына ат басын бұрды. Бұл, бір жағынан, Түркістан топырағына бірінші рет аяқ басып отырған түрік басшысының түркілік дәстүрге тағзымы іспетті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл әуелі екі елдің бірлескен жобасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болуды жөн санады. Университет қауымы да сақадай сай екен, ел басшылары оқу орны жанындағы ашылған клиника­лық-диагностикалық орталықтың жұмысын көз­бен көрді. Мұндағы түрік оқытушылары мен сту­денттерінің хал-жағдайымен танысты. Жаңа оқу бағдарламалары мен технологияларды талқыға сал­ды. Бір сөзбен айтқанда, жиырма жылдық тарихы бар іргелі оқу орнының бүгіні мен ертеңіне ерекше тоқталды десе де болады. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: – Мен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университетінің маманымын деген кезде, оған барлық жерде сұраныс болу керек. Түр­кия Пре­зиденті Абдулла екеуміз университет бас­шы­ларының, Қазақстанның Білім министрінің алдына осындай мақсат қойып отырмыз, – деп көкейіндегі орамды ойын ортаға салды. Түркия Президенті де өз кезегінде Түркістанға келгеніне аса қуанышты екендігін айта келіп:

– Бұған дейін талай марапатқа ие болып жүрмін. Әйткенмен бүгінгі құрметтің орны мен үшін ерекше. Әсіресе, мұндағы университетті көріп, бір марқайып қалдым. Енді бұл оқу орнын барлығымыз күш салып дамытуымыз қажет, – деді. «Орамал тон болмайды, жол болады». Осынау салтанатты жиында Гүл мырзаға уни­верситеттің «Құрметті профессоры» ата­ғы беріліп, арнайы дипломмен марапатталды. Бұдан кейін сөз алған Абдулла Гүл: – Қазақстан бүгінде Орталық Азия елдері ішінде экономикасы, әлеуеті дамыған, әлем таныған мемлекет болып дараланды. Мен Түркия елшілігінде өткен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі елдерін біріктірудегі қажырлы еңбегін бағалап, түркі әлемінің көшбасшысы деген атаққа лайық екендігін айтқан едім. Алайда Қазақстан басшысы ұсынысымды қолдаған жоқ. Бірақ мен де өз ұстанымымнан қайтпай, сол ұсынысымды тағы да қайталап, айғағы ретінде асатаяқ ұстатып, иығына шапан жабамын, – деді. Мұнан соң бауырлас елдер көшбас­шылары көне шаһардағы рухани орынның іргесін қалады. Мұнда болашақта 400 мың кітап қоры болатын кітапхана тұрғызылады. Яғни түбі түркі жұртының ғалымдары осында жұмыс істеуіне мүмкіндік болады. Бұдан бөлек оқу орны жанында арнайы қалашық бой көтермекші. Кездесу соңында екі ел басшылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы тоқтады. Сөйтіп, атақты шайхы аруағына тәу етті. Түркия Президентінің ресми сапары одан әрі Қазақстанның Елордасы Астана қаласында жалғасын тапты. Елорданың төріндегі кеңейтілген құрам­­дағы келіссөздер кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық дағдарыстың салдары­нан төмендеп кеткен Қазақстан мен Түр­кия арасындағы тауар айналымын қалпына келтіріп, ұлғайту қажет деп санайтындығын жеткізді. Абдулла Гүлдің ойындағысы да осы екен. Сондай-ақ Түркия Президенті 2010 жылы Қазақстанда өткізуге жоспарланып отырған ЕҚЫҰ саммитінің өте жақсы бас­тама екенін және бұл шараға Түркия тарапы қолдау көрсететінін жеткізді. ЕҚЫҰ саммиті Ыстамбұлда бұған дейін табысты өткенін және 2010 жылы Қазақстандағы бұл саммит өте жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді. Мұнымен қоса, Азия кеңесі Қазақстанның бастамасымен құрылғанын атаған Абдулла Гүл Қазақстанның алда, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі өте маңызды екенін де сөз етті. Түркия Президенті Абдулла Гүлдің өзі де сол кейін шегіндірілген экономикалық позицияларды қалпына келтіру қамында екендігін жасырмады.Онымен өткен келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы ол түйткілдерді де тарқатып өткендей болды. – Біз Түркияның ірі бизнесінің Қазақ­станды индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасына қатысуын қалаймыз. Өткен жылы мен Түркияға ресми сапар жасадым. Онда біздер стратегиялық әріптестік орнатуға келістік. Содан бері көптеген жұмыстар жасалды. Қазақстанға көптеген түрік бизнесмендері келді. Қазіргі таңда Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Біз Түркияның ірі бизнесінің осы бағдарламаға қатысуын қалаймыз, – деді. Әрине, бұл да негізсіз емес. Қазіргі таңда Қазақстанда түркиялық капиталдың қатысуымен 1500-ге жуық компаниялар жұмыс істеуде. Алайда бұл жеткіліксіз. Олардың санын ұлғайту қажет-ақ. Бәрін айт та, бірін айт, екі ел басшылары Астанадағы түркітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бо­йынша ІІІ халықаралық құрылтайы мен «Қазақстан – 2010 қала құрылысы форумына» қатысуды ұмытпады. Тәуел­сіздік сарайында өтіп жатқан түркітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бойынша ІІІ халықаралық құрылтайы мен «Қазақстан – 2010 қала құрылысы форумы» барысында ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан мен Түркия Президенттерін «Түркі әлеміне сіңірген ерекше еңбегі үшін» орденімен марапаттады. Атап айтқанда, Түркия Президен­ті Абдулла Гүлге, сондай-ақ ұлтаралық бірлік пен экономикалық дамуға орасан зор үлес қосқаны және бас қала Астананы салғаны үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі әлеміне сіңірген ерекше еңбегі үшін» ордені тапсырылды. Ал келіссөздер қорытындыларына келсек: біріншіден, Түркия мен Қазақстанның арасындағы екіжақты сауда 10 миллиард АҚШ долларына жеткізілмек. «Біз энергетика, транзит, көлік жүйелері, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сондай-ақ кәсіп­керлік салаларында көпжақты қарым-қатынасты дамытуға дайынбыз» дегенде де Н.Назарбаев осыны меңзеп айтқан болатын. Екіншіден, 2009 жылдың қазан айында Түркияға жасаған ресми сапарының барысында қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы келісім ынтымақтастығы одан әрі кеңейе түсті. Қалай десе де, осы сапар екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға, экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастарымызға зор сер­пін береді. Үшіншіден, түркітілдес ха­лықтардың ғалымдары бірігіп, жалпы түр­кі тарихын жіті зерттеуі мүмкін болмақ. Бұл туралы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып өтті. Кім не десе де, түркітілдес елдер әлемнің өркендеуіне зор үлес қосты. Түркітілдес халықтар өз заманында дүниеге ықпал етті. Әйтсе де, Елбасы айтпақшы, ол тарихтан біз ажырап қалдық. Сондықтан біздің ғалымдарымыз бірігіп, түркі тарихын зерттеуі тиіс. Біздің батыр бабаларымыздың жасаған ерлік істері Батыс тарихындағы ұлы адамдардың ісінен еш кем емес. Соның барлығын елге паш ету керек. Осы орайда тәуелсіздік жылдарында түркітілдес елдердің басын біріктіруде ауқымды жұмыстар атқарылғанын да атап көрсету керек. Мәселен, түркітілдес мемлекеттердің кеңесі құрылды, Қазақ-түрік университеті өмірге келді және бір жағымды жаңалық: Астанада түркі әлемінің академиясы ашылғалы жатыр. Ал осының бәріне Астанада жақында ашылған Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші символдық бекітпе тәрізді. Абылайхан ҚАЛНАЗАР, Бейбітгүл ИСАЕВА

3061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7349

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6270

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4017

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3403

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3361

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3330

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3058

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3048

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы