• Білім және ғылым
  • 27 Мамыр, 2010

білім бағы сыналар шақ. ҰБТ-дан ұтарымыз көп болсын

d0bad0bed0bbd0bbd0b0d0b6

Міне, тағы бір жыл артта қалды. Тағы бір топ түлек үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Тағы да бір толқыныс әрі қуаныш. Кеше ғана 100 мыңнан аса түлектер мектеп қабырғасынан ұзап шықты. Үлкен өмірге аттанды. 11 жыл білім нәрін сепкен алтын ұя – мектебімен қош айтысты. Балалығының балдәурен сәттері артта қалды. Енді олардың алдында үлкен жауапкершілік тұр. Ол – елінің еңсесін биіктетуге атсалысу. Оған жасалатын алғашқы қадам да әне-міне дегенше бой көрсетіп қалды. Ол – ҰБТ. ҰБТ. Демек, 11 жылғы білім са­пасының анықталатын тағы бір сәті туды деген сөз. 2004 жылдан бері білім жүйесіне енген осы бір сынақ түрі әу бастан дау-дамай мен айғай-шу тудырды. Ондай кереғар пікірлер әлі де жалғасып келеді. ҰБТ орта білімнің әділ таразысы бола алмайды деген пікір қоғамды шарпып кеткен. Мұндай ойлардың тууына итермелейтін де – жыл сайынғы ҰБТ тапсыру кездерінде орын алатын келеңсіздіктер. «Өткен жыл­ғы салғырттық пен немқұрайдылықтар қай­таланбайды», «жауаптардың дұрыс кодтарын сату болмайды» деп үйіп-төгілген уәдеге қарамастан, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалуда. ҰБТ басталған күннен-ақ небір қи­тұрқы әрекеттерге бой алдырып жатамыз. Өткен жылдың өзінде тест тапсыру кезінде талапкердің орнына екінші адамның кірген фактілерімен қоса, ұялы телефонмен, шпаргалкамен кіргендер де кездесті. Сонымен қоса Алматы қаласында тестің дұрыс жауаптарын сатуға әрекет жасаған КИМЕП-тің 4 студенті ұсталған. Кейбір ауылдарда тест өтіп жатқан аудиторияларға жасырын кірген ұстаздар да анықталды. Міне, бұлар шелек жалап тұтылғандар, ал айран ішіп құтылғандар қаншама? Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтары 4-10 маусым аралығында өтпекші. Министрлік тарапынан биыл тағы да бір өзгеріс болар деп күткен едік. Олай болмады. Бәлкім, өзгеріске етіміздің үйренгені болар. Білім және ғылым министрлігі сынақ өткізу ережелерін тек реттеп, мұқияттаумен ғана шектелді. Үстіміздегі жылы тест сынақтары 49 қала мен 105 аудан орталығында, яғни 154 тестілеу пункттерінде болады. ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргендер саны биыл 110 мыңға жетіп, барлық мектеп бітірушінің 80 пайызын құрап отыр. Ал қалған 20 пайызы мектепте міндетті мемлекеттік емтихан тапсырмақ. ҰБТ 2008 жылы енгізілген өзгеріске сәйкес 5 пән бойынша өтеді. Олар: білім алған тілі (қазақ немесе орыс тілі), Қазақстан тарихы, математика, қосымша мамандығына сай таңдаулы пән және қазақ мектептері үшін орыс тілі немесе орыс мектептері үшін қазақ тілі. Бірақ аталған бесінші пәннің оқуға қабылданар кезінде есепке алынбайтындығы жайында бұған дейін де сан мәрте айтқан болатынбыз. Ол мәселенің шешімі әлі табылған жоқ. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалды». Айтпақшы, былтыр «Алтын белгіге» үміткер 2 938 бітірушінің 2845-і ҰБТ-ға қатысып, 1547-сі, яғни 54,4 пайызы өздерінің үздік білімдерін растапты. Бұл нені аңғартады? Мектеп қабырғасында орын алып жүрген тамыр-таныстық пен «бармақ басты, көз қыстылық» па? Әлде тестің тезге салынбағандығынан ба? Байқасақ, бүгінгі күні бастауыш сыныптың өзінде баланың білімін тест арқылы анықтауға ден қойып алған сияқтымыз. Бұл балалардың ойлау қабілетін шектеп жатқан жоқ па? Мұның бәрі – жауапсыз жанұшырған сұрақтар. Ал ЖОО-на түсу кезінде қолданыла­тын тестің жағдайы көңілден шыға қоймай жүргенде, мектеп қабырғасында қолданыста жүрген сынақ сауалдарының жайы нешік деген сауал мазалайды. Бұл жайында Астана қаласынан жолданған пікірге құлақ түріңіз. *** Өзім бірнеше жыл математика пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен соң балаларым мен немерелерімнің математика оқулықтарын жіті қадағалап та отырамын. Сондай сәттерде түкке тұрмайтын есептерді оқулық беттерінен жиі кездестіремін. Менің ойымша, математикалық есептерді құрастырғанда көптеген талаптарды орындау қажет. Мысалы: – есептің шартында артық сан да, артық сөз де болмауы тиіс; – мағынасын толық түсіну үшін сөйлемдер грамматикалық ережелерге сәйкес құрылуы керек; – есептің шартында бұрын пай­даланылмаған, оқушыларға таныс емес сөз болса, онда ол сөздің мағынасы толық түсіндірілуі керек; – кез келген сөз ретсіз қайталанбауы керек. Өкінішке орай, оқулық авторлары бұл талаптарға көңіл бөлмейді. Оқулықтардағы есептердің дені қа­те­ге толы болған соң, Республикалық тес­ті­леу орталығынан еліміздің мек­теп­теріне таратылып жатқан тест есеп­тері­нің са­пасы төмен болуы – заңды құбылыс. Мәселен, өткен жылы Елордамыз Астанада орта мектеп оқушыларының білім сапасын анықтау мақсатымен ұйымдастырылған, «Кенгуру» деп айдар тағылған, әртүрлі пәндерден білім жарысы болып өтті. Бұл сайысқа бағын сынап менің немерем де қатысқан болатын. Сол тест сұрақтары менің қолыма тиді. Тест тапсырмаларын парақтап отырып, жағамды ұстадым, таңғалдым. Қатеден көз сүрінеді. Бассыздықты көріп, бар­мағымды тістедім. Кімге кінә артарымды да білмедім. Себебі 5-6-сынып оқушыларына арналған тесте 30 есеп бар екен, соның тек алтауының ғана іліп аларлық жобасы бар. Қалған 24-і іске жарамсыз. Есептердің грамматикалык қателе­рін былай қойғанда, сөйлемдері дұрыс құрылмаған, оқулықтарда жоқ ұғымдар пайдаланылған; орыс тілінен сөзбе-сөз аударып күлкіге ұрынып жатқан есептер қаншама? Сондай аяқ алып жүре алмас қатеге қарамастан оларды оқушыларға есеп ретінде пайдалануға ұсынған. Со­рақылық деп осыны айт. Орта мектеп оқушыларына арналған математика оқулықтарында «ойық приз­ма» ұғымы берілмейді ғой. Тіпті 5-6-сынып оқушылары «ойық призма» түгіл «призма» дегеннің не екенін де әлі білмейді. Ал ол ұғым жоғары сыныптарда, геометрия пәнінің «стереометрия» деп аталатын бөлімінде қарастырылады. Бұл есептің дұрыс жауабы «18 қыры бар» болу керек, бірақ ол көрсетілген бес санның ішінде жоқ болып тұр. Міне, бір ғана есепте екі бірдей қателік. Бірі баланың жас мөлшеріне қарамағандық болса, екіншісі дұрыс жауаптар арасында нақты дәл жауаптың да болмауы. Осыны қарап бұл есептерді сонда қай пәннің мұғалімдері құрастырып отыр деген ойға қаласың. Болмаса есеп құрастырушылар өздері көрсеткен бес санның қайсысы дұрыс деп есептеп отыр екен? Бұл да бізге беймәлім. Осы есепті дұрыс шығарған оқушыға 3 (үш) ұпай есептеледі екен. Қалай болған жағдайда да оқушы үш ұпайдан қағылып тұрғаны анық. Енді 4 (төрт) ұпайға бағаланған бір есепті қарастырып көрелік. Бұл – 15- есеп. «1-ден 8-ге дейін нөмірленген сегіз карточка А және В жәшіктеріне әрқайсысында карточка нөмірлерінің сомасы бірдей болатындай етіп орналасқан. Егер А жәшігінде тура үш карточка жатса, онда міндетті түрде: (А) В жәшігінде тақ нөмірлі үш карточка бар; (В) В жәшігінде жұп нөмірлі төрт карточкасы бар; (С) нөмірі 1 болатын карточка В жәшігінде жатпайды; (D) нөмірі 2 болатын карточка В жәшігінде жатады; (Е) нөмірі 5 болатын карточка В жәшігінде жатады». Есептің шарты мен жауаптарында орыстың «карточка» сөзі тура сегіз рет қайталанған. Номер – «нөмір» болып, ящик – «жәшік» болып қазақшаланған соң, соларға сәйкес «карточканы» неге «кәртішке» демеске? Мұнан басқа тапсырмадағы сөйлем олпы-солпы құрастырыла салған. Қазақ тілінің заңдылығына бағынбайды. Қала берді, математика оқулықтарында «сома» деген ұғым жоқ. Екі немесе бірнеше сандарды қосқандағы шыққан нәтижені «қосынды» деп атап әу бастан үйреттік емес пе? Осы есепті қазақы ұғымға сай етіп құрастырсақ жөн болар еді. Мысалы: «Сегіз асық 1-ден 8-ге дейінгі сандармен нөмірленген. Екі дорбаға: біріншісінде үш асық, қалғаны екіншісінде болатындай етіп салынған және әр дорбадағы асықтардың нөмірлерінің қосындысы бірдей болған. Сонда екінші дорбада міндетті түрде: (А) тақ нөмірлі үш асық болады; (В) жұп нөмірлі төрт асық болады; (С) нөмірі 1 – асық болмайды; (D) нөмірі 2 – асық болады; (С) нөмірі 5 – асық болады». Бұл жағдайда біз көп нәрсе ұтар едік. Есеп әрі түсінікті әрі ұлттық ұғымға сай. Енді ең көп 5 (бес) ұпайға бағаланатын есептердің біреуін қарастыралық. 22-есеп. Тапсырмасы мынадай: «Суретте 6 үшбұрышты қырдан құралған фигура бейнеленген. Әр қырдың төбелерінде орналасқан сандардың сомалары өзара тең болатындай етіп, осы фигураның бес төбесінің әрқайсысына қандай да бір сандар орналастырады. Орналасуы суретте көрсетілгендей, 1 және 5 сандарынан басталса, онда барлық бес санның сомасы нешеге тең болады?Есептің шартын оқып шығып, 5-6-сынып оқушылары былай тұрсын, жоғары білімім бар, математика пәнінің мұғалімі – менің өзім басым қатып, отырып қалдым. Өйткені фигураның «қыры» – кесінді болатыны әркімге аян. Есептегі «үшбұрышты қыр» деп отырғаны несі? Ал «үшбұрышты кесінді» дегенді кім естіп көрген?! Мүмкін, «қыр» деп отырғаны фигураның «жағы» болар? Әйтеуір түсініксіз. Бұл есепті 5-6-сынып оқушыларына беруге болмайды. Олар кеңістік фигураларын геометрия пәнінің «стереометрия» деп аталатын бөлімінде, 10-11-сыныпта оқып жүргенде қарастырады. Сонымен ұпай саны 3, 4 және 5-ке бағаланатын үш есепті ғана талқылап көрдік. Осыдан-ақ өзіңіз ой түйе беріңіз. Өз балаларымызға өзіміз қандай қиын­дық келтіріп отырғанымызды ішіңіз сезіп отырған болар. Біресе дүбәра аударма жасаймыз, біресе баланың жасына сай келмейтін есептерді жіпке тізгендей етіп құрастырамыз. Ең сорақысы, солардың осындай тест жүйесінде жүргендігінде емес пе? «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, есептердің бәрін қарап отырып мұнан да басқа өрескел қателерді көзім шалды. Кейбір көзге ұрып тұрған кемшіліктерді атап көрсетелік. Мысалы: «төрт бұрыш» дегенде – бұрыштардың саны төртеу екендігін айтамыз, ал «төртбұрыш» деп бірге жазылса, онда төрт төбесі бар, төрт қабырғасы және төрт бұрышы бар белгілі бір фигураны айтамыз ғой. Есеп құрастырушыларға бөлек жазылғаны, бірге жазылғаны бәрібір сияқты. Ал бір есепте: ақ, сұр және қоңыр түсті үш фигураның суреті салынған екен. Құрастырушылар олардың сұр түстісін «ақшыл-бұлыңғыр» деп, қоңыр түстісін «қара-бұлыңғыр» деп қайдағы жоқ түстерді айтқан. Бұл жерде кімге кінә артамыз?! Аудармашы ма, әлде қадағалаушы ма? Белгісіз... Ендігі бір есепте: «Әр апта сайын мектепке 6 жаңа бала және 8 жаңа қыз келеді», – депті. О заманда, бұ заман «жаңа бала» мен «жаңа қыз» дегенді қалай түсінеміз? Сонда сөзге бай деген қазақ тілінің бұдан басқа қолданыстағы сөзі жоқ па? Тағы бір айта кетерлік жайт: «Кенгурудің» 18-19-есептерінде Френсис, Андреа, Бронимир, Селестин, Давор деген балалардың есімдері жүр. Балалардың қазақша аттарын келтіруге болады ғой. 26-есепте «Кенгуру бүтін саны ұйғарды» және «Ол сәйкес арифме­ти­калық әрекеттерді орындады» деген сөйлем бар. Мұнда арифметикалық «әрекеттер» емес – арифметикалық «амал­дар» емес пе? Осындай сан түрлі кемшіліктерді қарастыра келе, «Кенгуру» тестілерінің есебін құрастырушылар математикадан болар-болмас қана хабары бар адамдар болар деген тұжырым жасауға болады. Біз тестіге қатысты бір пәнді ғана әңгіме еттік. Сондықтан жас жеткіншек ұрпаққа сапалы білім беруде ойласатын мәселе бар деп ойлаймын. Балқаш Наханов, зейнеткер-ұстаз Астана

4493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7384

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6289

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4036

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3421

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3379

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3348

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3076

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3066

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы