• Ақпарат
  • 02 Маусым, 2010

Қуыршақ театрының «директоры»

Бұрнағы күні бүкіл Қазақстан балалар күнін атап өтті. Көше періштеге толды. Ата-ана балаларын жетектеп қаланың көрікті жерлерін аралатты. Кино көрсетті. Театрға апарды. Біздің балалық шақ қырда өтті. Қыр қазағының тіршілігі бесенеден белгілі. Бұғанасы қатпаған бала отын тасып, шөп шабады. Қой қайырады. Омыртқасы одырайып су тасиды. Қысқасы, еңбекке ерте араласады.

«Тайдың мінілгені, баланың жұмсалғаны білінбейді» дейді біздің қазақ. Көзін ашқаннан еңбекке араласқан баланың тәтті арманы болатын. Қуыршақ театрын көру. Он саусаққа ілінген, қолға киілген қуыршақтардың әрекеті, әңгімесі керемет еліктіретін. Теледидардан анда-санда жылт еткенін көріп, мәз-мейрам, шат-шадыман күй кешетін едік. Ат жалын тартып мінсек те, бала кездегі қиял санадан кетпейді. Өшіргің де келмейтін сияқты. Сондықтан күйбең тіршілік шаршатқанда, тас қаладан жылылық іздегенде қуыршақ театрына бас сұғамыз. Балаша қуанып қайтамыз. Кейде біздің шақша басқа мынадай ой келеді: жердегі пенделер де аспандағы Құдайдың қуыршақтары ғой деген. Артық айтсақ күпірлік болмасын, бірақ кей пенделердің де өз қуыршақ театры барын жасыра алмаймыз. «Мәселенки» дерсіз миығыңыздан күліп. Айтар болсақ, Мұхтар Әбілязов. Шетелде шалқасынан жатқан бұрынғы банкир Қазақстанның саясат сахнасына өз «қуыршақтарын» бірінен соң бірін шығара бастады. Қабылдың баласы туралы қауесетті бұ­рыннан еститін едік. Соның бірі мынадай: Мұхтар Әбілязов өзгенің қолымен от көсеуді жақсы көреді. Осы сөздің бойында бір нәрсе бар сияқты. Болмаса осы арадан Мұхтар Қабылұлының талантын көреміз, яки стратегтік шыдамдылығын. Ол өзі бастаған жобаларды орта жолдан тастап кетпейді. Жоба өз мақсатын орындамаған күннің өзінде оны лақтырып тастамайды. Бір сөзбен айтқанда, кейбіреулер секілді қызылға құмартпайды. Мысалы, Болат Әбілев тәрізді. Байқайсыз ба, Әбілев ұранға толы бастамаларды бастайды да, артынан ұзақ үнсіздіктің тұңғиығына батады. Ал Әбілязов болса, саясат сахнасындағы жеке басының мүддесі үшін қыруар қаржыны да, қажыр-қайратты да аямайды (әрине, мемлекеттен жымқырған ақшаны аямағанда қайтсін?!). Қуыршақ театрының «директоры» кейде бізге соғыс тактикасының шебері секілді елестейді. Майдан даласындағы бір қолы сәтсіздікке ұшыраса, оны соғыс алаңынан шығарып алады. Күнгейге шығармайды. Есесіне, келесі бір топ қолын іске қосады. Мақсаты белгілі, майдан даласында тоқтаусыз атой салу, жеке басының мүддесін көздеген саяси ойынын тоқтатпау, өзінің осы дүниеде бар екенін жұрттың есіне әлсін-әлсін салып қою. Оған кеткен уақыт та зая емес. Өйткені оның бұдан басқа жұмысы жоқ. Қазақстандағы оппозиция бір блогқа бірігіп, барлығы «Азат» партиясына біріккенде кәдімгідей үлкен күш сияқтанып көрінген. Дегенмен Лондонда жатқан «қуыршақшының» арқасында олар үлкен күшке айнала алмады. Қалай десек те, Қазақстандағы Әбілязовтің қолынан жемделіп отырған медиа-ресурстың оппозиция арасында сөзі өтімді екенін жоққа шығара алмаймыз. Өзіне қарасты БАҚ арқылы, сондай-ақ оның айтуымен жүретін саясаткерлер «Азатты» жалған оппозиция ретінде танытуға күш салды. Соның арқасында «шахматист» кейбір қоғам қайраткерлерінің, қозғалыстардың, ұлтшыл-патриоттардың, тіркелмеген «Алға» пар­тиясының өкілдерін, сонымен қатар ком­мунистердің екінші толқынын өзіне қаратып алды. Осының салдарынан «Азат» партиясы қазір жұртта қалған жалғыз үй секілді болып қалды. Ал елдегі оппозициялық ойындардың барлығы Әбілязовтің бастамасымен жасалып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстандағы оппозиция қазір Мұхтар Қабылұлының қолына өтті. Дегенмен оның алғашқы бастамасы сәтсіз аяқталды. Бұл арада ол жемдеп отырған БАҚ-тар туралы айтпай-ақ қоялық. Өйткені ол оның ең үлкен күші болып табылатыны айтпаса да түсінікті жайт. Қазір ол саясат сахнасына тіркелмеген «Алға» партиясын шығарып отыр. Байқасаңыз, соңғы кездері арандатушылық бастамаларға толы ұрандар осылардың тарапынан көтеріліп жатыр. Ал оның соңы кейбір адамдардың тұтқындалуымен аяқталып жүргенін көзіқарақты оқырман біледі. Дей тұрғанмен, тіркелмеген партия өзіне жүктелген міндетті атқара алмады. Себебі 1 мамырдағы митинг Ермек Нарымбаев, Жасарал Қуа­ныш­әлин секілді азаматтардың үстінен іс қозғалу­мен аяқталды. Сонымен қатар «Алғаның» басшылары үлкен шеңбердегі қарсылықтар жасауға дайын емес екенін көрсетті. «Алғаның» ұраншылары жиналған жұртты дүр сілкіндіре алмады. Оны айтасыз, сөздеріне сендіре де алған жоқ. Оппозиционерлердің ойын тізгінін қолдарынан шығарып алып, халыққа сөзін өткізе алмағанын көз көрді. Тек Жасарал Қуанышәлиннің жанұшырған айқайының арқасында ғана митингіге ұқсағандай болды. Осы жолы Әбілязов «тұлға – тобырдан мықты» деген тоқтам жасаған шығар... Сәуір мен мамырда аса белсенділік танытқан «Алға» партиясы бүгінде екпінін басты. Әсілі, Лондондағы «қолбасшы» бұларды демалысқа жіберген болуы керек. Десек те, сахнаға оның басқа сарбаздары шыға бастады. Олар: бүгінде «коммунистердің екінші толқыны» аталып жүрген компартия, Айнұр Құрманов және оның «командасы», сосын ұлтшыл-патриоттар. Оның ендігі әрекеті осы топтар арқылы өрбитінін ішіміз сезеді. Жұрттың жаппай демалыс алатын уақыты таяп келеді. Енді азғана уақыттан соң саясат сахнасындағы тыныштық кезең орын алады. Уақыт өте аз. Сондықтан бар күшті жұмсап, бір ышқына­тын тұс келді. Шымылдық ашылды! Қарсы алыңыздар: түрлі кейіпке енген «қуыршақтар» саясат сахнасына көтеріліп келеді. Енді бір ғана сұрақ бар. Демеушінің қаржысы қашанға дейін жетеді? Мысалы, Кремльге тісін қайраған Борис Березовскийдің жағдайы билікке қар­сы «ғазауатта» қаржының ұзаққа жетпейтінін танытты. Бір нәрсе анық: мұндай ойын­дар Березовский секілді математиктерді де, Әбілязов сияқты «шахматистерді» де биліктің биік Олимпіне әкелуге қауқарсыз... Ғ.БЕКМОЛДИН

3708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7344

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6269

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4014

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3402

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3360

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3329

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3057

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3047

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы