• Мәдениет
  • 02 Маусым, 2010

Ақ қарға алау жаққан Азиада

Азияның басқа құрлықтан ерекшелігі – өзінің жеке Олимпиадасы бар. Төрт жылда бір сары құрлықтың елуге жуық елі жазғы һәм қысқы ойындардың көркін қыздырады. Биылғы жылдың күзінде Қытайдың Гуанчжоу қаласында Жазғы Азиада алауы тұтанса, 2011 жылдың қысында Алматы мен Астанадағы Азия ойындары қол бұлғап тұр. Сонымен Астана мен Алматыда өтетін Азиадада спорттың 11 түрінен (конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, допты хоккей, шаңғы жарысы, биатлон, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, шаңғымен бағдарлау) 65 медаль жұбы сарапқа салынады. Қазақстанның қос мегаполисінде өтетін Қысқы ойындарға құрлықтың 30-дан астам елі қатысады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Азияның 45 мемлекетінен жиналған спорт басшыларының басын біріктіретін Азия Олимпиадалық Кеңесінің ассамблеясы да Алаш астанасында өтеді. Тарихымызда тұңғыш рет өткізілетін доданың ашылу рәсіміне алыс-жақын шетелдердің президенттері, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Азиялық Олимпиада кеңесі басшылары және 2000-ға жуық спортшы, 700-ден астам жаттықтырушы, 1000 шақты БАҚ өкілдері, 1500 қызметкер және 60 мыңға жуық туристер келеді деп күтілуде. Осы шараға «Алматы дайын ба?» деген сауал туындайды санада. Онсыз да көлік кептелісінен көз ашпайтын көшелеріміз осыншама қонақты қабылдай алады дегенге сену қиын. Ұйымдастыру комитетінің уәдесіне қарағанда, бұл мәселені шешу жағы қарастырылып жатыр.VІІ Қысқы Азия ойындарының ресми бөлігі биылғы жылдың 30 наурызында басталды. Алматы қаласында Ақ Азия ойындары қарсаңындағы шеф де миссион (Chefs de mission Seminar – Азия ойындарын ұйымдастырушы елі өткізетін міндетті жиын. Бұл жиында Азия ойындарына дайындық пысықталып, ұйымдастырушы елдің дайын­дық-есебі тыңдалады) жиыны өткізілген-ді. Мәслихатқа Азия Олимпиадалық кеңесінің басшылары Вэй Джижонг (вице-президент), Хайдер Фарман (арнайы өкіл) және Азия мемлекеттерінің Ұлттық Олимпиада ко­митетіне мүше 45 елден арнайы делегаттар келген. Жиын барысында қонақтарға Қазақ елінің Азия ойындарына дайындығы жайында толық ақпарат ұсынылады. Жарыстар өткізілетін спорт кешендері, антидопингтік ережелер, қауіпсіздік шаралары, билет сату жүйесі, маркетинг, еріктілер қызметі… бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның құрлықтық Олимпиаданы өткізуге дайындығының есебі тыңдалды. Келген жұрт мақтауымызды асы­рып, олқылығымызды жасырып, дайын­ды­ғымызды бас бармақпен бағалап кетті. Мәртебелі меймандар былай деді. Вей ДЖИЖОНГ, Азия Олимпиадалық кеңесінің мәңгілік құрметті вице-президенті: – Азия ойындарын өткізуге Қазақстанның дайындығы жоғары деңгейде. Ойындардың сәтті өтетініне сенімім мол. Себебі бұл іске ел билігінің қолдауы өте күшті. Дәл осындай ірі доданы өткізуге билік тарапынан қолдау болса, сәтті өтетініне сене беруге болады. Ұйымдастыру комитетінің жұмысы да жоспар бойынша атқарылуда. Сондықтан дәл қазір біздің ұйымдастырушыларға айтар уәжіміз жоқ. Хайдер Фарман, АОК өкілі: – Азия ойындары – масштабы жағынан кіші демесеңіз, ауыртпашылығы Олимпиада ойындарымен бірдей. Біз келер жылы өтетін додада жаңа әлемдік, құрлықтық рекордтар­дың куәгері боламыз деген үміттемін. Сондай-ақ осы шара барысында Ақ Азиаданың кері сағатын орнату рәсімі өткізілді. Көз алдыңызға тасты жарып өскен тау гүлін елестететін бұл сағат 2011 жылдың 30 қаңтарында басталатын VІІ қысқы Азия ойындарына қанша уақыт қалғанын көрсетіп тұрады. Елордадағы кері сағат жаңадан бой көтерген 30 мыңдық «Астана-Арена» стадионының жанына орнатылса, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының жанында бой көтерді. Енді Азия ойындарының алауы жайлы айтсақ. Азиада алауы биылғы жылдың соңында, яғни 31 желтоқсан күні Кувейтте тұтанып, 2 қаңтар күні VІ Азия ойындары өткізілген Чангчун (Қытай) қаласына ат басын бұрады. Ал 3 қаңтар күні алау Алматыға жеткізіліп, артынша ол бір ай бойы Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, еліміздің бас қаласы Астанадағы Қажымұқан атындағы спорт кешенінде өтетін ашылу салтанатында тұтайды. Азия ойындарының ашылу салтанаты «Мәдени Азиада» атты өнер жұлдыздарының концертіне ұласады деп жоспарланған. Әзірге Азиаданың ашылуы рәсімі қандай сипатта өтетіні белгісіз. Дегенмен жұрт аузында гу-гу әңгіме. Бір белгілісі, Азиада ойындарының ашылу рәсімінде Ерболат Құдайбергенов­тің орындауындағы «Мен – Қазақпын» әні шырқалып, қазақ тарихынан сыр шертетін қойылымдар көрсетілмек. Өткен жылдың соңында «рекордтар ұста­ханасы» атанған еліміздегі ең ірі «Медеу» мұз айдыны екі жылдық күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне қайта ұсынылды. Алдағы уақытта «Медеудің» маңында жаңа қонақ үй мейрамхана, фитнес клуб, және медицина­лық орталық бой көтермек. 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өткізіле­тін қысқы Азиада қарсаңында «Медеуге» күрделі жөндеу жұмыстары басталған-ды. Жөндеу науқаны басталғанда мұз ай­дынның төбесіне ашылмалы-жабылмалы шатыр орнату жағы қарастырылған. Алайда дағдарыстың кесі­рі­нен бұл бастама жүзеге аспай қалды. «Ме­деудің» бүгінгі жай-күйі жайлы білмек мақ­сатта біз мұз айдынның директоры  Сабыржан Бектемісовке хабар­ласқан едік. – «Медеуге» күрделі жөндеу уақытында аяқталды. Өткен жылдың соңында «Ме­деуді» пайдалануға бердік. Бұл біздің қала тұрғындары мен қонақтарына жасаған сыйлығымыз деп біліңіздер. – Бұрынғы «Медеу» мен жаңа «Медеудің» өзгешелігі неде? – Мұз айдынның орындықтары мен электр қондырғылары жаңартылды. Алдағы уақытта жаңа электронды табло орнатылады. Бұрын «Медеу» өз қонақтарын тек бес ай қабылдаса, енді жыл он екі айдың жеті айында келушілерге есігіміз ашық. «Медеу» мұз айдынының қайта жаңғырту жобасына 15 миллиард теңге бөлінгені белгілі. 2011 жылға дейін ол толықтай пайдалануға беріледі. Мұз айдынындағы жарысты енді 8 500 адам еркін тамашалауға мүмкіндігі бар. Ал «Медеудің» қонақүйі бұдан былай 130-150 адамға дейін мейман қабылдайтын болады. – «Медеудің» төбесіне ашылмалы-жабылмалы шатыр орнатылады деп еді… – Ондай идея болған. Бірақ қаржы тапшылығынан бұл жоспар іске аспады. Азия ойындарын өткізетін спорттық кешендердің құрылысына мемлекеттік бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінген. Дәл қазір «Медеу» және «Шымбұлақ» спорт кешендері арасында аспалы жол құрылысы қолға алынуда. Сондай-ақ Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайын қайта жаңғырту үшін 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Алматы маңынан К-92 және К-125 тұғырдан секіру, Талғардағы шаңғы жарысы өтетін жарыс жолының құрылысы да жүріп жатыр. Барлық шаңғы кешендерінің жалпы құны 16,8 миллиард теңгені құрайды. Оған қоса 2000 адамға арналған Олимпиадалық қалашық бой көтермек.

Түйін: Міне, Қазақ елінің Азиада сынына дайындығының көрінісі осындай. Дайындығымызды сәтті деуге келмес. Бірақ Астана мен Алматыда қазір Азиаданың «иісі» шыға бастады. Қала көшелерінде арнайы билбордтар, насихат тақталары кеш болса да ілінді (бұл шара биыл, нақтырақ айтсақ, наурыз айынан басталды). Қазір жоғары билік Азиаданы сәтті өткізсек, ақ Олимпиаданы қабылдауға қауқарымыз жетеді деп жатыр. Шыны керек, қазір Қазақстанның экономикасы, инфроқұрылымы Олимпиада ойындарын қабылдауға қауқарсыз. Азиада мен Олимпиаданы салыстыруға келмес. Және Халықаралық Олимпиада комитеті біздің еркеліктерімізді көтерер ұйым емес. Және ХОҚ ойындарды қос қалада өткізуге де қарсы. Демек, қазір Алматыға халықаралық жарыстарды өткізу жағынан тәжірибе жинау керек. Мәселен, қазір Қысқы ойындарды қабылдауға сан мәрте ұсыныс жасаған Кореяның Паньчонг, Австрияның Зальцбург сынды «тәжірибелі» қалаларына алау жағу бақыты бұйырмай келеді. Ал Алматыны аталмыш қалалармен салыстыра алмайсыз. Азиаданы сәтті өткізсек, біздің ел қысқы спорт түрлерінен әлем кубогының кезеңдерін қабылдауға ұсыныс жасағаны жөн.

Руслан МЕДЕЛБЕК

3374 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7412

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6303

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4050

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3436

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3396

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3362

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3091

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3080

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы