• Тұлға
  • 23 Маусым, 2010

Әңгіме жанрының шебері

Кәдімгі өмір шындығын көркем әдебиет арқылы бейнелеп жеткізе білу мәселесінің қашанда, қай заманда да өзекті мәселе болып келгені белгілі. Қаламгер өз көзімен көрген немесе ой-қиялы арқылы суреттегісі келген шындық көріністері жазылу барысында қалай игерілетіні шығармашылық үдерістердің ең маңызды жағы екені тағы белгілі. Қазақ жазушылары көркемдік болмыстың өткір сауалына өздерінің жазған сәтті туындылары арқылы жауап беріп келе жатқанын әр жылдары өмірге келіп жатқан туындылардан, соның ішінде әңгімелерден де көруге болады.

Қазақ прозасында өзіндік қолтаңба өрнектеуді мақсат еткен қаламгерлердің бірі – Нұрдәулет Ақыш. Ол сонау сексе­нінші жылдардың бас кезінде «Социа­листік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қазақстан әйелдері», «Жалын» журналдарының беттерінде көрінген көркем әңгімелері арқылы-ақ осы жанрдың кезекті бір жақсы қаламгері келгенін байқатқандай еді. Ол өмірде кездесіп жататын түрлі оқиғалар мен жағдаяттарды сұлулап суреттеп, өзінше кестелеп жеткізуге ұмтылыс жасап жүрді. Сондай шығармашылық талпыныстың нәтижесінде оқырмандар назарына ұсынылған «Нағыз әже қайда», «Тентек шалдың ұлы», «Кәрі қыз», «Таныстық», «Мұңды жанардың сәулесі», «Төрге шыққан кім», «Бұрынғы бастықтың әйелі» және т.б. әңгімелерін кезінде оқырмандары жылы қабылдады деуге әбден болады. Неге десеңіз, жазушы діттеген идеяларын жан-жаққа шашыратып алмай, белгілі бір оқиғаны арқау ете отырып, әрбір сюжеттің шешімі айқындалғанша жатық та түсінікті тілмен сипаттап шығар еді. Әлдебір шығармаларда кездесіп қа­латын шашыраңқылық нышаны, ұзақ сүрлеулер кездесе қоймас еді. Әңгіме – табиғатында шағын әрі кінәмшыл жанр. Кей авторлардың әңгіме деп айдар тағып қойып, кейіпкер өмірінің арғы-бергі тарихын қазбалап кетіп жататыны болады. Рас, шеберлік жетіссе, сөйтіп отырып та, жүрдек баяндаулармен мағыналы жақсы әңгіме жазып шығуға болатынын әдебиет тарихынан байқап жүрміз. Қай әңгімесінде де белгілі бір сюжетті әу бастан аяғына дейін шашау шығар­май, сөйте отырып, айтқысы келгенін оқырманға жеткізе білуі Нұрдәулеттің жанр табиғатын жақсы түсіне алғандығын көрсетсе керек. Мысалы, «Төрге шыққан кім?» әңгімесінің сюжеті кәдімгі өзіміз күнде көріп жүрген таныс көріністер, қазақтардың қонақ шақыруы негізінде өрбиді. Сол таныс көрініске жазушы бір тосын штрих қосқан. Үй иелері Сатан мен Гүлсім төрдегі құрметті орынға әдеттегідей үлкен бастықты немесе қария кісіні емес, сырт нұсқасы тым қарабайыр, жұпыны бір жігіт пен әйелін әкеліп отырғызады. Осыған намыстанып, шамданған бастықтың әйелі күйеуін ертіп алып, тайып тұрады. Бөтен біреу емес, үй иесінің жұмысындағы тікелей бастығы екен. Бүкіл қонақтарды ыңғайсыз күйге қалдырған тосын ахуал шығарманың психологиялық сипатын айқындай түсіп, оның себебі де біртіндеп ашылады. Кейіпкерлер арасындағы психологиялық шиеленістің туындау себебін ойлап-ойлап келіп, оқырман өзі табады. Қоғамдық сана, қалыптасқан дәстүр мен адамдардың моральдық-адамгершілік қарым-қатынасындағы қайшылықтық та екенін түсінеді. Бұл әңгімеде оқырманды ойлантатын жағдай – қызықты жалаң оқиға емес, ішкі тартыстардың динамикасы мен оның шешімі. Авторы қонақтың орта тұсында кетіп қалған бастықсымақ Асқарбек Қалиевтың образын ашу арқылы қызықты характер жасай білетіндігін дәлелдейді. Ортамызда күнделікті көріп жүрген кәдімгі қарапайым пенделерді көркемдік ойдың өзегі етіп таңдай отырып, солардың бойынан өзге көзге байқала бермейтін ерекшеліктер тауып алуға құмарлығы – Нұрдәулет шығарма­шы­лығын өзгешелейтін нышан. Мысал үшін: оның «Қажыр мен қаржы» атты әңгі­месінің бас кейіпкері Жаңабаев қатардағы бір еңбек адамы, тепловоз жүргізуші екен. Аты-жөні газет бетіне жиі шығып, бастықтары озат жұмысшы ретінде мақтап жүргендіктен, бұл кісіге пысық бір журналист интервью алмақ болып келмей ме? Сөйтіп, тілші жігіт асты-үстін жездей қақтап, сұрастырып көрсе, бұл кейіпкердің санасында басқа озаттар жиі айтатын Отан игілігіне өз еңбегімен үлес қосу, партия мен халыққа қызмет ету деген сияқты ұлы мақсаттың бірі де жоқ болып шығады. Бұл озаттың ойы жұмысты көп істеп, көп ақша табу ғана екен. Журналистің «Неге жұмысты көп істей бересіз?» деген сұрағына ол: «Көп істесең, көп ақша табасың» деп қарап тұрады емес пе? Жазушы осы бейне арқылы Кеңес заманында кездесетін баз бір озат жұмысшылардың түпкі моральдық бейнесін жалаңаштап көрсетеді. Және ең бастысы – бұл шығарма сол Кеңес заманы тұсында жазылып, жарияланған. Өз уақытындағы идеологиялық талаптарға оншалық сай келе қоймайтын ұстаным арқылы жазушының шығармашылық-азаматтық позициясы да анықталып қалады. Студенттер өмірінен жазылған «Соңғы сын» әңгімесінен де күнделікті өмірдің бір қыры шынайылықпен көлденеңдейді. Бәрі мұрнынан шаншылып жататын сессия болса керек. Түнімен қыдырып енді қорылдап ұйқы соғып жатқан Ғибатолланы қасындағы серігі Мақсат әрең оятып алады. Бас кейіпкер Мақсат күні-түні сабақ оқып, содан шаршап жүрген, сессияны қалайда түгелдей «беске» тапсыруды мақсат етіп қойған озат студент екен. Ал оның пәтерлес серігі ақша шашып, қыдырудан басқа ештеңені парықтай білмейтін жеңілтек жігіт. Сонысымен қоса өзінің арсыздау екені де көрініп қалады. Ақыр соңында осы Мақсат та, Ғибатолла да екеуі бірдей емтиханды «үшке» тапсырады. Бұл арада басымырақ суреттелетіні – Мақсаттың күйзелісі. Еңбегі еш кеткен жас жігіт басқалардан да, тіпті өзінен де түңіліп кете жаздайды. Қатарынан қалып қойғаны үшін әбден сарыуайымға салынады. Соңына қарай Сәмен деген тағы бір ұстазы есіне түсіп, содан көмек сұрайды. Ол жақсы көретін студентіне: «Сен ауылыңа қайта бер. Өзім реттермін» деген сыңай танытады. Меніңше, Сәменнің осы әрекеті артықтау тұр. Ұнжырғасы түсіп, құлдырап бара жатқан кейіпкерге моральдық демеу көрсетпек болған шығар. Ал егер шын мәніндегі шығармашылық талап тұрғысынан қарасақ, бас кейіпкердің өмірде кездескен осынау әділетсіздікпен өзі күрескені немесе күресуге дәрменсіз болып қалғаны суреттелсе, шындыққа қисынды көрінер еді. Бұл әңгімелерді талдап отырған себебім – кезінде Н.Ақыштың «Үнде­мейтін ұл» атты әңгіме-повестер жина­ғына өзім рецензия жазып, қажетінше пікір айтқан екенмін. Есімде қалған тұстарын қайтадан жаңғыртып, жаңа талаптар тұрғысынан қарауға тура келіп жатқанын да жасырмаймын. Менің бір байқауымда, жылдар өте келе, Нұрдәулет әңгіме жанрында өзінің қаламын ұштай түсіп, уақыт өткен сайын тың нәрселер жазуға ұмтылып отырды. Жаңа образдар мен тосын пайымдауларды көркемдікпен жетілдіріп келе жатқанын, философиялық түйіндеулерге басымырақ ден қойғанын байқаймыз. Оның «Баба Таняны кім десек екен», «Дон Жуанның қалыңдығы», «Махаббатпен арашалау» және т.б. әңгімелері өмірдің ащы-тұщылы шындықтарын көркемдеп жеткізе отырып, оқырмандарын ойға қалдырады. Бір қызығы – жазушының кейінгі жылдары жазған туындыларында махаббат, сүйіспеншілік тақырыбы басымырақ көрінеді және осы қасиетті ұғымдарды тілге тиек ете отырып, бүгінгі жастардың болмыс, бітімдерін, көзқарастарын ашуға тырысатындығы байқалады. Мысалы, «Махаббатпен арашалау» әңгімесінен өмір сүрудің басты тіректерінің бірі – шынайы махаббат сезім деген сарынды айқын көреміз. «Әлемді құтқаратын сұлулық» деген белгілі қағиданы жазушы «Әлемді құтқаратын махаббат» деген оймен толықтыра түскісі келген секілді. Бүгінгі «жаңа қазақтардың» бірінің қызы Анардың кедей жігітке ғашық болып, бар өмірін соған арнауы – жиырма бірінші ғасырдың жастарына үлгі, өнегедей болуы да мүмкін. Жазушы жекелеген шығармаларында оқиға шешімін толығымен ашып тастауға құштарлық таныта бермейді. Ар жағын саналы оқырман өзі тауып алатындай бос кеңістік қалдырады. Бұл – дұрыс тәсілдің бірі. Бірақ осы тәсіл үнемі өзін-өзі ақтай береді деп айтуға тағы болмайды. Кейде шешімді автордың өзі жеріне жеткізе айтып тастаса, оның несі мін? Бүгінде алпыстың асуына шығып отырған әдебиеттегі әріптес ініме әлі де шығармашылық табыстар тілеймін. Оразбек Сәрсенбай, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

8478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9332

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7395

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5137

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4519

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4484

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4442

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4179

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4171

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы