• Тұлға
  • 23 Маусым, 2010

Қолтаңба

d0bdd183d180d182d0b8d0bbd0b5d183Тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлына хат

Армысың, Нұртілеу? Көптен өзіңмен сұхбаттасудың орайы бір келмеді. Жұмысбастылық. Міне, тап қазір көгілдір экран арқылы жүздесудің сәті түсіп отыр. «Қолтаңба» хабары бойынша ақын Тұрсынзада Есімжановты төрге оздырып, өзің жетелеп, хабар жүргізіп отырсың. Тұрсынзада Есімжанов – кезінде қазақ поэзиясына мөлдір сурет, тың образ, тегеурінді ой айта келген, аз жылда айрықша танылған талантты ақынымыз. Творчествоға (әдейі осылай алдым) орысша қатынастың әсерінен бірталай кермеге тап болды. Бәрін де жеңіп поэзияға оралған осы ақынның халқына қайда жүргенін, әдебиетке салар қандай олжасы бар екенін айтып есеп беретін реті бар-ақ еді. Ақындық есепті ақынжанды дос сенің орайын келтіргенің жөн болды. Көгілдір экранда екі кісі сұ­х­бат­тасып отырған соң сол екі адам жа­йында алма-кезек ойлану заңды. Мен де Тұрсынзада ақын тағдыры жайында ойлай бастап, сен туралы – қырық жылдай қатар келе жатқан журналист Нұртілеу Иманғалиұлы туралы ойға ойысып кетіп отырмын. Ілгері-кейінді бірер жылды есептемегенде, біз сарыуыз шақтан қатар түбітиектеніп, бірқатар темір­қанаттандық. Жастық кешулері бірге өтті. Сен тәп-тәуір ақын едің. Ақын­дықты тағдыр тұту орнына журналистік жолға түстің. Онда да – тележурналистика! Жалындап жүрдің, не істесең де жанып істедің. Түрлі хабар жасадың. Сен өмірге әкелген хабардың бірі көгілдір экранға келіп жатса, бірі кетіп жататын. Сен үкілеп экранға шығарған хабарлардан «Алтыбақан» есіме түсіп отыр. «Алты бақан» – қазақтың түнікелі көк аспаны астында қыз бен жігіт бір-біріне ынтыға қарап, тербеле ән салатын, бір-біріне деген ын­тық жүрек сырын үздіккен ән үздігімен жеткізетін аяулы дәстүрі аялаған ұлттық ойын. Осы бір ата дәстүрді жаңа уақытқа сай түрлендіре көгілдір экранға шығару арқылы қазақ ән әлеміне қанат қаққан қаншама жас өркенді әлеуметке таныттың. Елге әнші, сазгер танылды, жаңа ән кең байтақ әлемге тарады. Бұған қоса, әлеуметтік салмағы бар қаншама мәселе көтерілер еді осы «Алтыба­қан» хабарында. Тіпті қошқар мүйізді байырғы өрнекті ұлттық киімді жастар киіп, сызылта ән салып, көгілдір экранға шыға келгенде қазақтық қаның қызып, жаның марқайып отыратынсың. Бұл – ұлттық дәстүрді жаңғыртудың кешенді көрінісі, оны жас ұрпақ санасына сыздықтата сіңірудің әдемі үлгісі болатын. Жолсыздан жол тауып жүрген саған сол кезде біз талай рет риза болыстық. Талай рет ақжарылып алғыс айтып, қолыңды қыстық. Бірде «Ақиқат» клубын құрдың. «Жастар» редакциясы Бас редакторы Жарылқасын Нұсқабаев жүгеніңді бос қойған. Сенгені. «Ақиқат» клубында қазақ қоғамы жайында қаншама идеялар ортаға түсер еді. Ортақ қазанға түскен идеялар Сен арқылы «Ашық әңгіме» хабарынан бір-ақ шы­ғады. «Ашық әңгіме» қайда өтпеді? Алматының бір бұрышындағы кафеде, жас өркенді «коммунистік рухта» тәрбиелеп жүрген жоғары оқу орнындарында, телестудияда... Қыздар педагогикалық институты жанында «Бригантина» аталатын бір кафе болатын. Кезекті хабарыңды сол кафеде түсірдің. Хабарың «интернацио­нализм» туралы еді. Жастар жалындап сөйлеп жатты. Сен дулы ортаға қарап тұрып, «Қазақ баласы орыс баласына қол жұмсады. Әйтпесе, керісінше... қайсысы қалай қабылданады?» – дедің жасындай жарқылдап. Сен осындай күтпеген сұрақ қойып, жастарды ойландыра білдің, қызулы жастарды қызындырдың. Бәлкім, сенің есіңе «Сен кіммен біргесің?» деген қыжыртпа сұраққа Шоқан Уәлихановтың: «Егер қазақ пен орыс азаматы жанжалдаса қалса, мен – қазаққа, орыс пен француз азаматы жанжалдаса қалса, мен орысқа жақтасар едім...» деген сөзі ойыңда тұрды ма екен?! Саған еліктедім бе екен, Қыздар педагогикалық институтының «Қыз Жібек» эстетикалық клубымен бірлесіп хабар түсіргеніңде «Қазақ даласында өткен ғасырларда түрме болмаған, ал қазір ше?» деп қойып қалдым. Бәлкім, осындай ой айтуға сен итермеледің. Өйткені Сен хабарды қасаң қалыпта телестудияда түсіруді қаламас едің. Содан да тонналаған салмақ тартатын телетехникаңды «арбаға» артып сандалып жүргенің. Ал біз жастарды ой айтуға жетелеу үшін қойды шеңгелге ұрындырар қоңыраулы теке секілді жастар арасына кіріп-кіріп аламыз. Керек кезінде сопайып, солардың өз арасынан шығып «сайрап» тұрамыз. Сенің тапсырмаң... Мақсат не? Мақсат жастарды арандату ма? Жоқ. Жастарды ұйықтап қалудан сақтау. Жастарды ұтырлы ой айтуға бас­тау, мәдениетті болуға баулу, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақыру. Ол тәуелсіздік алған бүгінгі күні де оңай емес. Кеңестік кезеңде тіпті қиын еді. Ал сен тәуекелге бас тігіп, осындай іске бардың. Ұлттық сананың қалғуы оңай, ал одан оянуы оңай емес. Жастардың ұлттық санасына тарихи сапа бітіруге, Нұртілеу, сендей журналистің еңбегі үлкен болғанын бүгін мен мақта­нышпен еске алып отырмын. «Көкпарың» – ой көкпары, «Додаң» – ой додасы еді. Жастарды ой жарыс­тыру, пікір сабақтауға – осы хабарла­рың бір мектеп болды деп ойлаймын. «Ақиқат пен аңыз», «Есіңде ме, жолдас», «Дидар» секілді Сен басы-қасын­да жүретін хабардың қай-қайсысы да – жастарды ой салғырттығынан сақтандыру қамын күйттеген сергек хабарлар. Аты әр басқа болуына қарамастан, мақсаты – бір. Ол мақсат – қазақ жастары қалыбынан айнымай, ұлттық қалпымен ертең қазақ азаматы болып жетілу! Бұдан асқан мұрат бола ма, Нұртілеу?! «Дарақ бір жерден көгереді» дейтін сөз бар. Сен қазақ теледидары­ның Жас­тар редакциясында ұзақ отырдың. Ал бүгінгі жас – қазақ қоғамының ер­теңгі тізгін ұстар атпал азаматы. Демек, Сен аға келе теңізге құяр тұма бұлақ бастауында отырдың. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа мемлекет міндетін «өгіз» (С.Мұқанов) болып жегіліп, жиырма жылдай өрге сүйреп келе жатқан орта, тіпті аға буынға айнала бастаған ақбасты азаматтары – кешегі Сен көгілдір экран арқылы, онда да жастар редакциясы хабарларымен тәрбиелеген өндір жас­тар. Тележурналистика – тез жаңарып отырар жедел ақпарат құралы. Сақалын сауып отырған адамды көгілдір экран кешпейді. Ал сен болсаң бағасын білемін деп бойын күтіп отырыңқырап қалған кәрі қыздай жастарға басымшылық жасай бастадың. Қандай хабар жүргізсе де өзінің Позднерлік мәнеріне салып, өзі билеп-төстеп кететіні секілді жастарды жиып, оларды өзекті проблемаға бас­тай тұра, буынды сәтінде түйінді сөзді жастарға сөйлету орнына түйдектете өзің толғай жөнелетін әдет таптың. Оның дұрысымен бірге, бұрысы да бар. Міндетің (редакция міндеті) – өзіңді ашу емес, жастарды ашу, оларды ой сабақтауға баулу ғой. Жастар үшін «кәртайып» бара жатқаныңды, өзге редакцияға өсіру керектігі жөнінде, ұмытпасам, марқұм Сағат аға Әшімбаев үшеуміз отырғанда айтты да. Ендігі өрісің – интеллектуалдық теледидар еді. Ұзамай сені «Хабардың» «Бетпе-бетінен» көре бастадық. Бұл хабарлау, саралау, үндеу, талдау хабары болатын. Байламды батыл айту, кемшілікті кесіп айту, хабарды мінездер шарпылысына құру «Бетпе-бетті» бұқарамен етене ете түсті. «Бетпе-бет» хабарымен интеллектуалдық ой-өрісің қа­лыптасу үстіндегі тәуелсіз жас қазақ қоғамының алдында тұрғаныңды көр­сеттің. Бұралаң-соқпақты «өтпелі кезеңде» қалыптасу үстіндегі жас қоғамның жетістігімен бірге келеңсіз кемшілігін формасын тауып аямай айтып, арылтуға көп үлес қостың. Оны достарың түгілі, дұшпаның да мойын­даса керек! Көрермен хабар сайын «Бай, қуатты болайық!» деген сөзіңді өзіңмен бірге қайталап отырар еді. Ол сөз – Сенің халықпен жүздесер «пароліңе» айналып кетті сол кездері. Бұл – біздің ортақ ағамыз Сағат Әшімбаевтан айырылып қалған ке­зіміз. Ұлттық рухты азаматтың өзі кеткенімен, теледидардағы жолы «әрбір телехабар отты публицистикаға суарылған, ұлттық болмысты болуға керек» деген сөзі үлгі болып қалды. Жалын сөзі жүрегімізде әрдайым жаңғырып тұрады. Ол үкілеп көгілдір экранға алып шыққан «Қарыз бен Парыз» тоқтап қалмауы үшін кезінде «Жүректен қозғайық», «Әдептен озбайық» және осы «Қарыз бен парыз» хабарына қатысқан адам әрі рухани інісі ретінде, әрі қарай жалғауды бәрің жабылып менен өтіндіңдер. Ойландым. Содан сәл бұрын орыс теледидарында табыспен жүрген Владислав Листьевтің «Час пик» хабарын (авторын атып өлтіргені белгілі) Александр Любимов секілді өмірі теледидарда өтіп келе жатқан майталман журналистердің өзі әлсіретіп алғаны бар. Бұл – авторлық хабардың қиындығы. Бұл жай мені сақтандырды. «Қарыз бен Парыз» – Сағат ағаның авторлық хабары! Оның үстіне «Қарыз бен Парыз» – өтпелі кезеңде өмірге келген, міндетін артығымен орындаған хабар. Сағат ағаның өзі енді «Асыл мен масыл» секілді (өзге де бір-екі хабар жоспарлаған) өзге хабарлар жоспарлап, бірін Әбіш аға жүргізсе, біреуін сен жүргізсең деген ойларын айтқан. Осы жайларды аргумент етіп, Сағат аға өресінде жүргізе алмаспын деген оймен мен бас тарттым. Есесіне «Қарыз бен Парызды» Сағат ағаға арнап жасақтайық, ол тар кабинеттен халықтық аудиторияға алып шыққан, атаулы хабарда ой толғаған, сөйтіп ашылған азаматтарды қатыстыра­йық, олар естелік айтсын» дедім. Келіскендей, Ә.Тәжібаев, Ш.Мұртаза, С.Сартаев, Ә.Бейсенова, Т.Кәкішев, Н.Оразалин, сыншы, жары-жазушы Ш.Бейсенова, қос құлыны «Қарыз бен Парыз» хабарында Сағат аға жайында естелік айтып, ой толғады. Мен «Қарыз бен Парыздың» соңғы хабарының сценарийін жазып, көгілдір экранда жүргізіп, түйдім. («Алтын қорда» сақтаулы болса керек. – Қ.Е.) Есесіне «Қарыз бен Парыз» хаба­рының интеллектуалдық үрдісі Сендер жасаған хабарларда жаңа жағдайға қарай жалғасып жатты. Тек Сағат ағаның Омбы, Орынбор, Өзбекстан секілді қазақ диаспорасы шоғырланған сырт аймақтарға қазақ теледидарын алып барамын деген арманы ғана жалғасын таппады... Сен көгілдір экран міндетіне жегі­ліп жүріп жаттың. Мен денсаулығыма байланысты Түркістанға қоныс аудардым. Отбасым – Алматыда. Салт бас­ты, сабау қамшылымын. Алматыдан арнайы ат сабылтып іздеп келгеніңді, сірә да, ұмыта алман. Түркістанның 1500 жылдық тойы қарсаңы. Елбасы тапсырмасы! Облыс басшысы – Б.Сапарбаев. Жан беріп, жан алып, жанұшырып жұмыс істеп жатқан сәт. Ғасырлар қойнауынан талмаусырап жеткен жәдігер қаланың жәутеңдеген жанарына жан кіре бастаған. Қазақстандықтар жан-жақтан жабыла жәрдем беріп жатыр. Қазақстандықтар патриотизмі шарықтаған бір сәт! Қазір бюджетте қаралған қаражатты ұрлап-жырлап көмейіне тығады. Ал ол кезде, о-о, адамдар аузындағысын жырып, Түркістанды түлетуге берді... Ғажап. Міне, осындай отандық ортақ іске құмбыл кірісіп жатқан тұста Сен жай келмей, жасалу үстіндегі жасампаз жұмысты көгілдір экран арқылы насихаттау үшін де келдің. Бір емес, бірнеше рет. Жұмыс жүрмей жатса бірсәрі. Зор қарқынмен жүрген жұмыс та азаматтығынан пенделігі басым, күннен гөрі түнді жақсы көретін байғыз бейіл жандарды сүйіндіру орнына күйіндіреді екен. Оңтүстік Қазақстанды түн-түнекте отырған қараңғы қалпында қабылдап, аз уақытта электр шамын, көгілдір отын жағып берген іскерлігі үшін «жазықты» бола жаздаған сәтінде етектен тартқан топшыл, жікшіл пенделерге басшымыз Б.Сапарбаев «Бетпе-бет» телебағдарламасы арқылы дәйекті, дәлелді жауабымен тойтарыс берді. Ұйымдастырушы – Сен. Түркістанның 1500 жылдық тойын көгілдір экраннан жоспарлы көрсету, түрлі хабар жасау – Сенің кәсіби шеберлігің ғана емес, отаншылдық рухың, азаматтық асқақ болмысың! Өтініш айтқаннан өзге болысуы болмаған мен де Сен арқылы, Сен жазған, жасатқан хабарлар сериясы арқылы Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойына үлес қосқандай мерейленгенімді қалай жасырайын?! Айта берсе, сен жайлы, сенің кісіге сыртынан қамқор болар азаматтық болмысың, тележурналист ретінде тапқырлығың, кәсіби шеберлігің жа­йында әңгіме көп. Қашанда әріп­тестерің арасында дода бұзып – дараланып жүргенің, қашанда өміріне қауіп ойламай жартас үстінде мүйізін айға шағылыстырып кетіп бара жатар таутекедей оқшырайып жүргенің. Әне, қазір де ақын Тұрсынзаданың өлеңін өзінен оздыра оқып, көзілдірігіңнің үстінен шаншыла қарап отырғаның. Өз өлеңін кітабынан оқып отырғанда, Сен актерлік мәнермен төгіп-төгіп тастадың жыр кестесін. Сол мінезіңмен аудиториядағы азшы­лық пен көгілдір экранға телмірген көпшіліктің назарын өзіңе аударып әкеттің. Ақпараттық сараптама бағдарламасында да осылай дербес көрініп отырар едің. Қай хабарды да өз биігіне көтеріп алып шығып, композициялық құрылымын дөңгеленте, ағынды күйінде алып шығарыңа, сірә да, күмәнданбан. Тек бір сәт. Көңіліме күдік алған бір сәтімді айтсам, ол – Сенің «Қазақстан» телерадио корпорациясы Басқарма төрағасы болып тағайындалған сәтің. Обалы не, Ғалым Доскен, Тұрсынжан Шапай, Амантай Шәріп – «Үш ноян» «Қазақстан» телерадио корпорациясын таза ұлттық ақпарат құралына айналдырған еді. Кісінің іскерлігі де ұнамайтын, жақсы нәтиженің өзі жанға қас болып шығатынын қайтерсің?! Ал сол орынға Сен келгенде жанашыр тілектесің ретінде «әлдеқалай болады?» деп көңіліме күдік алғаным рас. Жоқ. Күдігім бекер екен. Тас қайнатар Қайнардан бастап өрелі, ойлы азаматтарды айналаңа жинақ­тап, іске кірістің. Иненің ұшында отырып бақыладым. Әдеттен тыс телекөрерменге айналдым. “Қайырлы таң, Қазақстаннан” тартып “Күй-керуен”, “Дала-думан”, “Ән айтыс”, “Күй тартыс”, “Отау”, “Құрбы-құрдас”, “Тау тұлға”, “Бастау”, “Айна-апта”, “Діңгек” көгілдір экранға шықты. “Қымызхана”, “Айтыс”, “Көкпармен” көрермен қайта қауышты. Хабардың руханиятынан өз орнын алды. Әрине, хабар жүргізуге өзіңнің қолың тиген жоқ, сан салалы ұйымдастыру ісінен артпадың. Ендігі күдік – шенеунік Нұртілеу Иманғалиұлы арнайы авторлық бағдарлама ашып, шегедей етіп, сценарийін жазып, шалқытып жүргізетін отауыз шебер журналист Нұртілеуді “жеп” қоя ма дегенге сайды. Жоқ. Олай болмады. Ұйымдастыру ісін жолға қойған соң, “Діңгек” аталатын ұлттық этнографиялық автор­лық бағдарламаны үкілеп теледидар сахнасына алып шықтың. Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков, өзге де қазақ елінің жай-жағдайын қабырғасы қайыса ойлайтын ұлттық болмысты тұлғалар “Діңгек” телехабарында ой толғады. Дүйім көрермен тұлғасын танытты, көрермен көпке ұлт тағдыры жайында ой толғады. Тұлға мен көрермен арасын “алтын көпірдей” жалғап, Нұртілеу сөз сабақтады. “Діңгек” – тарихи танымды, қазақы сипатты, тұлғатану бағытындағы тұшымды хабар еді. Әттең-ай, Нұртілеу Сенің басқарма бастығы қызметінен кетуіңмен бірге тарихи-этнографиялық, мәдени, әде­би, әдемі хабар “Діңгек” те көңілден тасаланып, көзден кетті. Өкінішті. Қызметті сөмкеталас деп қараймыз ба, әлде кеткен кісі жамандығынан кетті деп ойлаймыз ба, әлде жаңа бастық бұрынғы басшыны бәсекелес, тіпті “күндес” көре ме, әйтеуір сахнадан өзіне дейінгі хабарларды өшіріп өзі ойлаған хабарларды сахнаға көшіріп ит әуреге түседі. Сиырға туған күн ертелі кеш бұзауға да туатынын ескерсек, жөн емес пе? Кім жасаса да, жасалған хабар көрермен халықтікі! Әрине, “бетке келгенді бетке...” дегендей мінезді Нұртілеу, Сені басшылықтан кетті деп өкінбеймін. Дөңгеленіп формасы табылған, айтары анық, мазмұны бай, көрермен іздеп отырар хабарлардың бастық ауысқанға байланысты қарасын көрсетпей кетеріне қынжыласың. “Діңгек” – сондай хабардың бірі. Қасым Аман­жоловтың “Шынның жүзі” – сондай хабардың екіншісі... Ал, Нұртілеу, саған келсек, жайшылықтағы басынан сөз асырмас мінезің өзі алдына, осындайда мансапқа көзілдірігіңнің үстінен бір қарап қойып, шығармашылық жұмысқа кірісіп кете баратын майлық-сулығыңның бірдейлігі ұнайды-ақ. Бұйырған қызметті істедің. Бұйырса, тағы көрерсің... Ал мына “Қолтаңба” хабарына беріле кірісіп, көсіле жүргізіп отыр­ғаныңа шын қуандым. «Алдымен сөз жаралған...», «Сөз өнері дертпен тең» (Абай). Күні ертең таразы басары – шығармашылық. Кез келген басшылық қызметке көтерілген шығармашылық тұлға – өз бойындағы дарынға қиянат, тіпті опасыздық жасаушы. «Қазақстан» телерадио корпора­циясы басшыларының біразын біле­мін. Олардың Сенен мықтылары аз емес екен, ойланып отырсам. Ал майталман тележурналист райында сенің орның бөлек! Сөзсіз, сенің орның бөлек, Нұртілеу. Хабарға тақырып таңдауың, оны саралауың, тіпті бастауың мен сабақтастыра алып барып, кім-кімді де ойландырып аяқтауың... – бәрі тек өзіңе тән мәнермен жасалады. Сен жасар хабар авторлық алымдылық, әртістік такт, ұрт мінез, ұрма сөйлеумен де ерекшеленіп тұрады. Сол ерекшелік атаулыны жинақтап түйіп айтсам, ол – Сенің өзіндік Қолтаңбаң! Қазір саған еліктеушілер көп. Өлермендікпен өнер жасалмайды. Бірақ өнер еліктеуден бастау алады. Саған еліктеушілердің көптігі сенің жауапкершілігіңді екі есе арттырады. Өйткені Пайғамбар сүрінсе, соңын­дағы мүридтер мүдіреді... Қолтаңбасы әбден қалыптасқан Сенің жағдайың, міне, осындай. Қолтаңба! ...Ақын Тұрсынзада Есімжанов қолтаңба беруге оңтайланды. Сен жа­пырлаған жастарға бұрылдың. Мен ойымды жинақтадым. Өрмек жүзі ауғалы қашан?! Енді қанша ғұмыр бары бір Аллаға аян. Қуатты, отты кезі “өтпелі кезеңге” тап келіп, уақыттан ұтылған біздерге үлгеру керек, үлгеру! Бай, қуатты болайық! Құрметпен, Құлбек Ергөбек

4876 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9342

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7402

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5144

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4525

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4490

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4449

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4185

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4177

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы