• Әдебиет
  • 16 Қараша, 2017

Еңлікгүл

(Ақын Зайда Елғондинованың рухты жырлары хақында)

Ақын Зайда Елғондинованың құралайдай құралпы балаң шағында «Қазақ поэзиясының еңлікгүлі сен боласың» деп арқалы да адуынды ақын Мұқағали Мақатаевтың айтқан мірдің оғындай өткір сөзі айна-қатесіз келді. Ақын Зайда Елғондинова қазақ поэзиясының еңлікгүлі атанды. Поэзия әлеміне жарқ еткен құбылыс болып кірді. Ғарыштық ғазалдарымен, махаббатқа толы лирикалық сарындағы жырларымен қатар, қазақ поэзиясына батырлықты, ерлікті, биік рухты ұран еткен жыраулық дәстүрді қайта жаңғыртты. Сонау бағзы заманнан ата-бабамыздың асқан ерлігін, қажыр-қайратын жырына арқау етіп, намыстың асқақ туын желбіретті. 

Сақ дәуірінде әлемді қаныпезерлігімен дүрліктірген қатыбас Кир патшаның қоқан-лоққысынан ешшайлықпаған, сол қанішердің басын шауып, жер шарын өлім аузынан алып қалған жойдасын, жоян батыр Тұмар ханшайымның ерлігін жырлау арқылы, ақын Зайда Елғондинова қазақ қыздарының асқан намысқойлығын, айдыны сесті, айбыны күшті екендігін байқатты. Шайқаста әуселесі басылмаған, меселі қайтпаған Тұмар ханшайымның өр рухы сонау жиырма бірінші ғасырға жетіп, ақын Зайда Елғондинованың жырының негізгі ұстынына айналды. Алтын қалпақ басында, Жарқылы ұқсап жасынға. Бадана киген батыры, Ер қосыны қасында.

«Батыр аңғал, ер көдек», Қамданып жаудан ертерек. Алтын жақты айбалта, Қас жауына сермемек. Екітүгей ат мініп, Алтыннан ерді шапқызып. Көксүңгісін жастанып, Ертоқымын тақ қылып, – деп ақын Зайда Елғондинова «Жорық» атты өлеңінде ата-бабамыздың «көксүңгіні жастанып, ер тоқымды тақ қылып», «екітүгей атмініп», кірмембес шерікке қасқайып қарсы тұрып, тайсалмай тап бергенін асқан шеберлікпен, ұлы рухпен суреттейді. Көделі, бетегелі байтақ даланың иесі ержүрек батырлардың қанымен келген ұлы тәуелсіздігіміздің қаншалықты құнды қазына екенін ақынның уытты жырларынан білеміз. Тұмар ханшайым күллі бір дәуірді өзгерткен ерлігі ерен ердің ержүректігімен пара-пар ұлы тұлға. Жамшы тонын жамылып, Қара ойлардан сабылып. Кірпігіне тұнған көз жасын, Саусағымен таң іліп. Жүрегі ойдан езілді, Таң алдында көзілді. Кирдің сөзі есінде, «Оям» деген көзіңді! «Қасарыссаң тіл қатпай, Сүйретермін тулақтай. Маған әйел боларсың, Күллі әлемді шулатпай!». ...Атып тұрды аһ ұрып, Аруағын ханша шақырып. Шайқасқа кірді тастүлек, Тырнағын жауға батырып, – деп ақын Зайда Елғондинова сақ патшасы Томирис ханшайымның жан арпалысын асқан сезімталдықпен жырына тиек етеді. Халқының, елінің алдындағы өте үлкен жауапкершілік, әлемді тітіреткен қылышынан қан тамған, қабағынан қар жауған Кир патшаның әйелсің деп есіріп, басынғаны – бәрі-бәрі де Тұмар ханшайымның жүрегін тілкемдеді. Алайда Томирис ханшайым мойымады. Басына түскен ауыр сынақты көтере білді. Намысын таптатпай, рухын жоғалтпады. Басынғысы келген жауыздың жүрегін тіліп, жон терісін айырды. Күллі Сақ елін қаскөйдің қанды қасасынан ада қылды. Ақынның өлең шумақтарын оқып рухтанасың. Биікке, құзар шыңға ұмтыласың. Осыншама ұлан-ғайыр байтақ өлкені өскелең ұрпаққа аманаттап қалдырып кеткен ата-бабаңның асқан ерлігін, тартқан тауқыметін, көрген мехнатын күллі алпыс екі тамырың шымырлап, жан-тәніңмен сезінесің. Бұл Алланың құдіреті. Бұл ақынның ұлылығы. Бұл ақын жырының сонау 5-6 ғасырдағы ата-бабамыздың сара жолын, дара егейлігін қазіргі ғасырға саф күйінде жеткізіп, ғасыр мен ғасырдың, дәуір мен дәуірдің алтын көпірі болуында. Ақын Зайда Елғондинова Тұмар ханшайымның образын дәл әрі бірегей етіп қазақ поэзиясына алып келді. Сонымен қатар күллі елді қаныпезерлігімен дүр сілкінткен сонау гректің патшасы Ескендір Зұлқарнайдың Сақ жеріне тұтқиылдан тап бергенде 19 жасар сақтың батыр ұлы Спитаменнің Ескендірдің санын сақетермен жаралағанын, үш жыл бойы қарсылық көрсетіп, ақыры қалың жауды тойтарғанын мынадай өлең шумақтарымен береді. Жаңбырша жауды аспаннан жебелері, Тізгінін тұлпарлардың тежемеді. Сағымына сары даланың араласып, Желкендей желпілдеді кемедегі. Тізгінін тұлпарлардың босатпады, Шайқаспен өткізді олар қос аптаны. Омырып ат тұяғы қара жерді, Қып-қызыл оттай қылды ошақтағы. Қырылып сары далада жан кешті өмір, Шаһитті сағымға орап әлпеште, қыр. Атылып дұшпанына жолбарыстай, Сілтеді Спитамен наркескенін. Жер қайыстырған кірмембес шерік. Аспаннан жаңбырша жауған қалжуыр, әндіген батырлардың жүрегіне қадалып жатыр. Жерді тітіреткен тұлпарлардың дүбірі. Сермескен семсер, қармасқан қанжар. Жүрегі түкті он тоғыз жасар баһадүр Спитамен сермескенді сұлатып, қармасқанды құлатып, атанәкес дұшпанның бетін қайтарып, үлкен бір дәуірді өзгертеді. Осынау өскелең ұрпаққа өлең шумақтарымен өткен ғасырлардағы ержүрек баһадүрдің ерлігін осы ғасырға саф күйінде жеткізген ақын жырының құдіреттілігі таңдандырмай қоймайды. Қамшының сабындай бескүндік жалғанда бәрі де өтпелі екенін ақын жырын оқып қатты түйсінесің. Ал сөздің құдіретіне, ақын жырының құдіретіне тең келер ешнәрсе жоқ екенін тағы да түсінесің. Себебі ақын Зайда Елғондинова Кирдің басын алған ержүрек Тұмар ханшайымның, Ескендірдің қалың қолын кері қайтарған Спитаменнің ерлігін жырлау арқылы, сандаған ғасырдың тамырын солқылдатып, жүрегін дүрсілдетті. Өмірді қайта тірілітті. Ерлікті қайта ­тудыртты. Ғасыр мен ғасырдың, дәуір мен дәуірдің арасын қайта жалғады. Бұл өмірде адам баласының ең биік адами құндылықтары ғана мәңгілік болатынын тағы да ұғындырды. Бұл – ақын жырының құдіреті. Ақын Зайда Елғондинова сонау 1336-1411 жылдары ата-бабамыздың қазіргі Иран, Ирак, Ауғанстан, Күрдістан, Армения, Әзербайжан жеріне ат басын тіреп, Ұлы Елхандар мемлекетін құрғанын әрі бұл мемлекеттің тұғыры биік, ұстыны берік іргелі ел болғанын былайша суреттейді: Балбалдар төкті-ау талай шықтарын, Сарбаздар өтті-ау талай шу салған. Қазақтың даңқы қалай шыққанын, Бір айтса, айтар дала бусанған. Алдаспан ажал шын қысса-дағы, Тұлымды ұлдар туын жықпаған. Қорғаған олар Шыңғыс қағанды, Уын жұтқанда уылжып ғалам. Елсізде қалған қирандылары, Тіл бітсе айтар хан сарайлары. Билеген олар Иранды-дағы, Желпілдеп желмен он сан айдары. Ақын жырынан ата-бабамыздың ерлігі мен өрлігін, айбаты мен қайратын көреміз. Ұлан-ғайыр байтақ өлкені дұшпандардан қорғап, бірлігі мен адалдығының, қажыры мен қайсарлығының арқасында «Мәңгілік ел» атанып, өскелең ұрпағының қамын ойлап, жанын құрбан еткенін, жарты әлемді билеп, әділдігімен, бекзаттығымен, ержүректігімен тарих сахнасында елеулі орын алған Шейх Хасан Бұзырық ханның патша болса да, қаншама қысталаңнан, қияпаттан өткенін, ешкімге өздігінен соғыс ашпағанын, білім-ғылымды дамытқанын ақын үлкен шеберлікпен суреттейді.Сыртынан сұқ қанжарын сұғатын сансыз зұлымдардан, патша жүрегін жаралаған жауыздардың жымысқы әрекетінен зәрезап болған Хасанханның күйінген сәтін де, назаланған сәтін де ақын Зайда Елғондинова өлеңінде дөп басып айтады. «Қансыз майданда» шайқасып жүріп, қансыздар мен жансыздардың арам пиғылын, сатқындығын, құйтырқы әрекетін көргенде ақын жүрегі үнсіз қала алмайды. Ерлік пен өрлік ақынға тән құбылыс. Мейлі, ол қанша қиыншылық көріп, қысталаңнан өтсе де, оның меселі қайтпайды. Оның ақын жүрегі тулай береді. Оның рухы өлмейді де, өшпейді де. Өйткені ақын адалдық пен тереңдіктің, қайсарлық пен ұлылықтың символы. Ал, ең бастысы, ақын адамзат баласына Алланың берген ұлы сыйы. Ақынсыз халық – рухсыз халық. Ақынсыз халық – жүрексіз халық. Сондықтан ақын Зайда Елғондинова қазақ поэзиясының еңлікгүлі, яғни ұлы рух пен намыстың асқақ туын желбіреткен батылдықтың, ерліктің, айбаттылықтың айбыны.

Аружан Биназартегі

Алматы

2389 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы