• Тұлға
  • 29 Шілде, 2010

Өнерді өрге жетелеп...

Қостанай шаһарында осыдан он жыл бұрын облыстың та­рихында тұңғыш рет қазақ драма театры ашылып, оған қазақтың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың есімі берілгенде осындағы зиялы қауымның бәрі де қуанғаны рас. Оның үстіне осы өнер ұжымының басшысы сабырлы да салмақты, өз саласын жетік білетін іскер азамат болып шықты. Міне, сол алғашқы сәттен бас­тап, театрдың бір тұрақты көрермені әрі журналист ретінде білікті басшы Нұрлан Ерікұлы Ерекешевпен араласып, киелі өнер ордасы жайлы басылым беттерінде жазып келемін. Нұрекең туған жері – Ақмола облысындағы Жақсы ауданындағы орта мектепте білім алып жүргенде осындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысты. Эстрадалық әндерді нәшіне келтіре орындап, гитарада ойнады. Осы білім ордасындағы бірде бір концерт мұнсыз өтпейтін. Мектепті бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алған соң, енді қандай мамандықты таңдаймын деген үлкен сауал тұрды. Әдетте қазақтың ұл мен қыздары әрқашанда өздері асқар тау санайтын әкеден аттап өтпейді, оның пікірімен санасады. Ерік аға бұған Ақмола ауыл шаруашылық институ­тының инженерлік факультетіне құжат тапсыруға кеңес берді. Бірақ, ол кезде оқуға түсу де жеңіл емес-ті. Зерек бозбала шамалы ғана балы жетпегендіктен конкурстан өте алмады. Содан үйіне қайтып оралды. Талантты жігіт келген соң үйінде қол қусырып отырған жоқ. Көп өтпей аудандық мәдениет үйіне әдіскерлік қызметке шақырды. Содан кейін осы ұжымға директор болып тағайындалды. Тепсе темір үзетін шақтағы бозбала бұл жұмысты да ұршықша үйіріп алып кетті. Мұның болашағынан мол үміт күттіретіндігін сезген облыстық мәдениет басқармасының басшылары 1978 жылы сол кездегі еліміздегі өнер адамдарын дайындайтын іргелі оқу орындарының бірі- Шымкент мәдениет институтына жолдама берді. Дарынды да қабілетті Нұрлан емтихандардан сүрінбей өтіп, сондағы эстрадалық-үрмелі аспаптар бөліміне студент болып қабылданды. Шымкент қаласындағы төрт жыл төрт күндей болмай зуылдап өте шықты. Оны ойдағыдай аяқтап, қолына диплом алған соң, туған жеріне оралды. Содан Қима ауданындағы мәдениет үйіне директор болды. Осындағы қысқа мерзім ішінде үгіт бригадасын құрды. Сондай-ақ, эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі дүниеге келді. Оның іскерлігін басшылық сезген болуы керек, көп өтпей Торғай облыстық ғылыми-әдістемелік орталығының «Халық шығармашылығы» бөлімінің басшысы болып жаңа жұмысқа кірісті. Өзін жан-жақты қабілетімен көрсете білген ол бұл қызметте ұзақ отырмады. Небәрі алты айдан соң, оны Жақсы аудан­дық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Бұл кезде Нұрлан небәрі 25 жаста еді. Содан жастыққа тән жалын көрсетіп, сонда өткізген бес жылда ауданның мәдениет саласын көтеруге барын салды. 1990 жылы Торғай облысы қайта ашылды. Сол жылдың күзінде Арқалық қаласында қазақ театры дүниеге келген еді. Сөйтіп жаңадан ашылған өнер ұжымына директор болып тағайындалды. Ал 2000 жылы Қостанай өңірінің тарихында алғаш рет Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры шаңырақ көтеріп, Нұрлан Ерікұлы қазақтың бес­аспап, іскер жігіті ретінде осы өнер ұжымына басшы болып тағайындалды. Міне, содан бері де он жыл өтті. Үстіміздегі жылы күзде театрдың мерейтойы атап өтілмек. Осы соңғы он жыл ішінде «Нұрлан Ерікұлының басшылығымен қостанайлық талғампаз көрерменнің есінде қалатындай қандай игі жұмыстар тындырылды?» деген сауалға келетін болсақ, Нұрекеңнің бұл тұрғыдан алғанда мәртебесі биік, мерейі үстем дер едік. Ол мұнда тікелей шығармашылық жұмыспен айналыспаса да әртістердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, қо­йы­­латын спектакльдерді қаржымен қам­тамасыз етуде барын салды. Кейде күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытқан кездері де аз болған жоқ. Өйткені, театрдың да былайғы адамдар біле бермейтін ішкі өзіндік иірімдері мен ерекшеліктері бар. Мәселен, өткен уақыт ішінде өнер ұжымындағы 21 адам пәтер алды. 51 спектакль сахнаға қойылып, көрермендер тарапынан үлкен ілтипатқа ие болды. Олардың арасында Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан», Ілияс Есенберлиннің «Хан Кене», Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» секілді драмалық шығармаларының орны бөлек. Сонымен қатар, жұртшылық назарына ұсынылған комедия, трагедия, ертегілер де жерлестеріміздің тарапынан жоғары бағасын алды. Сонымен қатар, ұжым актерлері Ақтау, Орал, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Астана, Петропавл, Қызылорда сияқты қалаларда гастрольдік сапарларда болып, өз өнерлерін көрсетті. Көршілес жатқан Ресейдің Челябі қаласындағы рухани дүниелерге сусап отырған қандас­тары­мыздың алдында да спектакльдер қойып, олардың үлкен алғысына бөленді. Жылда өтетін республикалық фестивальдарға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Әртістердің еңбегі дер кезінде баға­ланғанына не жетсін. Марапаттар олар­дың рухын көтеріп қана қоймайды, шығармашылық жұмысқа деген құл­шынысын арттырады. Қостанайда осы театр ашылғалы бері бір әртіс Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген қайрат­кері атағына ие болса, алты талантты актер Мәдениет қайраткері атанды. Министр­ліктің грамоталарына ие болғандар бар. Қарап отырсақ, Нұрлан Ерекешевтің Арқалық пен Қостанайды қосқанда театр басшысы болып келе жатқандығына 20 жыл болыпты. Оның ұжымда абырой-беделі өте жоғары. Есімі Қазақстанға кеңінен танымал. Еңбегі бағаланып, Қазақстан Респуб­ликасының мәдениет қайраткері атанды. Бұл күндері ұжымда 96 адам жұмыс істейді. Оның 84-і тікелей шығарма­шылық­пен айналысады. Қандай театрдың болмасын, ұжымның мақтанышына айналып, көрермендердің ілтипатына бөленіп жүрген актерлері болады емес пе. Енді солардың атын атап, түсін түстеп кеткеніміз де орынды болар. Қазіргі таңда мұнда Қазақстан Рес­пуб­ли­касының еңбек сіңірген қайрат­кері Қонысбек Бегайдаров, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шаһарбану Есенғұлова, Қазақстан Респуб­ликасының мәдениет қайраткерлері Қайып­берген Есенғұлов, Өзбек Мұқашев, Қабдул-Мәжит Имановтар тәжірибелі актерлер ретінде алдымен ауызға алынады. Сондай-ақ, Нұрекеңмен сонау Арқа­лық­тан бері бір мақсат жолында аянбай тер төгіп келе жатқан талантты әртістер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Шара Мүсілова, Ағдәмен Досанова, Ақмарал Қасымова, дарынды актерлер Мейрам Жапаров, Ләззат Ыды­рысовалардың әрбір жаңа сомдаған образдарын зиялы қауым асыға күтіп отырады. Театрдағы қойылымдардың жоғары деңгейде шығуына мұндағы қызметкерлер Марғайша Сабыржанова, Сәуле Бейсенбаева, Гүлзада Бектұрсынова секілді замандастарымыздың да қосып жатқан үлестері аз емес. Өнер ұжымының негізін жастар құ­райды. Олардың арасында Қостанай меценаттар клубы «Шабыт» сыйлығының лау­реаты Зәмзәгүл Балтабаева, ерлі-зайыпты­лар Архат және Гүлмира Уәлиевтер, Айбол мен Ажар Шәкіржановтар, комедия жанрының әртістері Берік Төкенов, Әлімхан Мырзахан, бір бойынан бірнеше өнер табылатын Самат Алтайлар жарқырап көрініп, өздерінің нағыз кәсіби маман екендіктерін дәлелдеді. Жоғарыда біз қазақтың марқасқа жігіттерінің бірі, өмірін театр өнеріне арнап келе жатқан Нұрлан Ерікұлының шырайлы Шымкент қаласында білім алғандығын айтып өттік. Сол шаһарда тек диплом ғана алып қойған жоқ, ол өзінің сүйген жары, қазақтың еліктің лағындай көркем қызы Жұмагүлді де кездестірді. Бұл инабатты да ибалы қарындасымыз Мәдениет институтының хор бөлімін бітірді. Олардың бір шаңырақтың астында қос аққудай жараса ғұмыр кешіп келе жатқанына отыз жылдан асты. Бұлардың отбасында төрт бала тәрбиеленді. Алды немере сыйлап отыр. Міне, біздің Нұрлан Ерікұлы тек білікті театр басшысы ғана емес, ынтымағы жарасқан отбасының да тірегі. Оразалы ЖАҚСАНОВ

3711 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8757

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7059

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4803

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4189

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4151

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4112

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3842

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3842

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы