• Тұлға
  • 18 Тамыз, 2010

Алаштың ардақты ақсақалы

Ондаған жылдар бойы халқына, Отанына адал еңбегімен, ақыл-ойы, күш-қуаты, парасатымен сыйластыққа бөленген, «жер қозғалса да қозғалмас» деген мінезімен айналасына сенімділік танытқан тұлғасы биік мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімұлы әрдайым халық жадында. Табиғат заңы қатаң болса да, арада жылжып айлар өтіп жатса да, Бәйекең мен ол кісінің өмірлік серігі, ел анасы атанған Бақыт Әсетқызы арамызда жоқ дегенге әлі де күмәндана қарағандаймыз...

Сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдары халқымыз қиындықтың қыл бұрауына тап болып өндіріс тоқтаған, еңбекақы, зейнетақы айлап болмай қалған, дүкендер қаңырап бос қалған кездерде алаң жұрт кім қандай болжау айтар екен, қандай жол тиімді, кімнің айтқанын тыңдаймыз, кімнің артынан ереміз деген сияқты сансыз сұрақтар тұрды. Сол жылдары ел басқарған, көпті көрген, от пен оқтың ортасынан аман шыққан кемеңгер ағалар кагортасы – зиялы қауым өкілдері Бәйкен Әшімұлы төңірегіне ұйысты. Ал Бәйекең болса, шыдамдылық танытты, тұрақтылыққа меңзеді. Жарқын болашаққа сенімді болды. Өз қолынан Үкімет билігінің кілтін мемлекеттің жас басшысы – болашақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа табыстай отырып, оған сенімді болды, ақ батасын арнап, адал еңбек, татулық пен табандылық сақталса, оның үстіне сабырлылық пен қайсарлық ұштасса, күні ертең Отанымызды озықтар қа­тарынан, өркениетті елдер қатарынан көретінімізге күмәнданбады. Ол кісінің айтқаны келді, Бәйекеңнің өз сөзімен қайталасақ: «Жарқын болашаққа сенген» болатын және осы сенімінің іске асқанын, «қалың елі» қазағының дүниежүзі елдеріне үлгі болғанын кө­ріп кетті. Бұрын Кеңестер Одағының құ­рамында болған Қазақстан 2010 жылы Орталық Азия елдерінің тарихын­да тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төраға болға­нын, халықаралық беделінің артқа­нын, ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту жолындағы жеткен жеңістерін естігені және көргені бүгінде дәтке қуат демекпіз. «Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғарғы бақытқа жету болғандықтан, ол адам бақыт не екенін білуі қажет және өзінің мақсатына ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуі тиіс екенін біліп алуы қажет» деген екен атақты ойшыл ғалым бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби. Осындай ең жоғарғы бақытқа жетуде ғибратты еңбекқорлық қасиетімен, табандылық істерімен, кісілік қелбетімен танылған Бәйкен Әшімұлы ерекше ел ықыласына бөленген жан еді. Бәйкен Әшімұлы – жастайынан жоқшылық, ашаршылықтың не екенін өз басынан өткізген, сұрапыл соғыстың азабын тартқан және оның салдарынан келбеті құлазыған ауылды қалпына келтіруге тер төгу қандай болатынын бастан өткізген қайраткер. Мұның үстіне білім үшін «инемен құдық қазу» (ФЗО мектебін және ауылшаруашы­лық техникумын бітіру, Ленинград қаласында қолданбалы зоология және фитология институтын, КОКП Ор­талық Комитетінің жанындағы партия мектебін тәмамдау) не екенін толық меңгеріп, тағдырдың талаптан артық сыйы болмайтынын дәлелдеді. Тың игеру науқанымен бірге келген өктемшіліктің басқару жүйесінен өту және осылардың бәрінен еңсесін тіктеген Қазақстан елінің дамуына өз үлесін үстемелеп қосқан азамат – Бәйкен Әшімұлы туралы айтар ой, ақтарылар сыр аз болмас. Ғасырға жуық уақытта аумалы-төкпелі дәуірдің жүз құбылған түрін, құйыны мен желін барлай отырып, еңбекқорлықты, тұрақтылықты темірқазық етіп ұстанған Бәйекеңді қазақтың бүгінгі замандас­тары мен келер ұрпақ өкілдері де жадында сақтайтыны сөзсіз. Себебі бұл кісі «еңбек – байлықтың негізі, ғылым – өмірдің теңізі» екенін дәлелдеп өтті. Әрине, өмір деген терең мұхит, одан қиналмай өту мүмкін емес. Бірақ қиынды қиялай өтіп замана талабына сай қарекет етіп, жауапкершіліктің ауыр ершігіне шыдай түсіп шыңдала білген, халқы үшін адал тер төгіп өмір кешкен Бәйкен Әшімұлы, сайып келгенде, бақытты қайраткерлердің бірі және бірегейі. Болаттай мықты, шегедей шымыр, адамгершілік қасиетінен жаңылмай ел-жұртымен бірге өмір кешті. Алапат соғыстың азабын тартса да, жүрегі шайқалмай, жігері жасымай, талабы қайтпай арманына жол тапқан және оны іске асыра білген азамат. Бәйекеңнің сөзінде артықтық болмайтын, таразыға тартқандай етіп дәл басып, келте қайырмай, теңіздей терең жүйелі ой тастайтын қасиеті айрықша басым тұратын. Ол кісі сөз емес, нақтылы іс-әрекет иесі еді. Нақтылық пен іскер­лікті еліміздің өсу дәрежесін пайымдайтын мына жағдайдан да аң­ғарамыз: Бәйкен Әшімұлы ел басқарған 14 жылда жаңадан 3 облыс, 40 аудан, 4 қала, 31 қалашық, 490 ауылдық кеңестер құрылды. 300-ге жуық ірі кәсіпорындар іске қосылды. Жалпы, ұлттық өнім (1913 жылғы салыстырмалы бағамен есеп­тегенде) екі есеге жуық артты. Қазақ­стан 1985 жылы ай сайын 1961 жылдың көлемінде өнім шығаратын болды. Өнеркәсіп өнімдерін шығару жө­нінен Қазақстан өркениетті елдер қатарына қосылды: темір рудасын қазу мөлшері Франция мен Швецияға тең, шойын қорыту – Ұлыбритания мен Канада деңгейінде болды. Астық өндіру 28-30 миллион тоннаға жетті. Ірі қара 9,3 млн., қой-ешкі – 39 млн., жылқы мен түйе 1,6 миллионға жетті. Оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдени-әлеуметтік салалар мейлінше қарқындады. Бәйкен Әшімұлы 1963 жылы Қа­рағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің VІ шақырылуында Жоғарғы Кеңеске депутат және Президиум мүшесі болып сайланды. Осы уақытта мен Жоғарғы Кеңес Президиумының Секретары болып қызмет атқардым. Ай сайын өтетін Президиум мәжілісіне қатысып, күн тәртібінде қаралатын мә­селелерге байланысты Бәйекең­нің орынды сұрақтары, қосымша ұсы­ныстары, нақты дәлелдермен айтатын уәждері мәжіліске қатысушылардың ықыласын әрқашан өзіне аударатыны есте қалыпты. Кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес депутаттығына екі мәрте Қарағанды қаласының Киров және Совет аудандары бойынша сайланған едім. Жылына екі рет сайлаушылар алдында есеп беріп отырдым. Қала сайлаушылары депутаттарға балабақша, монша, жол құрылыстарына байланысты, тұрғын үй, мектеп (үш мезгілдік сабақ өткізу режимінен құтылу) сұрақтар беріп, тапсырмалар жүктейтін. Бұл мәселелердің кейбіріне республикалық бюджеттен қарайласқанмен олар көбіне жергілікті орындардың назары арқылы шеші­мін табатын. Сол кездегі Қарағанды облыстық және қалалық атқару кеңес­терінің басшылары – Б.Әшімов, Н.Тө­лепов және аудан қызметкерлерінің елге деген қамқорлығы туралы жиі-жиі газет-журналдарда жазылып тұратын. Сайлаушылармен бір кездесуде тұр­ғын үйге байланысты дау шықты. Ерлі-зайыпты мұғалімдердің отба­сында 9 адам бір жарым бөлмеде тұрады екен. Кезекте тұрғанымен мәселесі шешілмей жүргенін айтып шағымданды. Аудандық, қалалық ке­ңестер бұл мәселеге жөнді мән бере қоймапты. Ал Бәйкең істің мән-жайын анықтай отырып, заңды түрде шешкен екен. Сол сайлаушылар кейінгі кездесулерде оған деген алғыстарын қайта-қайта айтып жүрді. Бәйекең өзі қызмет атқарған Көкшетау, Қарағанды, Талдықорған облыстарында, Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасы болған кезде жүзде­ген, мыңдаған адамдардың әртүрлі мұқтаждарын шешуіне көмектесуді өзі­нің әдетіне айналдырғаны хақ. Мұны КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары ретінде Мәскеу Кремлінде жұмыс атқарған кездерінде де үнемі назарында ұстапты. Ол кісінің «Ел сенімі – ең қымбатым» деген кітабында (Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1997, 129-бет) әрбір шағым-арыз бақылауға алынып, орындалуына аса зер салып отырғаны жазылған. Бәйкен Әшімұлы 1968 жылы Алматы облысынан бөлініп шыққан Талдықорған облысына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысқан кезде: «Мен жаңадан бара жатқан облыста бұрын қызметтес болған адамдардың бірісіз, қолынан іс келетін, келешегі бар жастардан, әсіресе, әйел азаматтардан қызметкерлер болса артық болмас еді» деген еді. Әрине, үлкен лауазым иесінің «кішілігі мен кісілігіне» таңғаласың... Менсіз де облыстық, қалалық, ау­дандық партия комитеттерінде бір қызмет орнына бірнеше «резерв»-«талапкерлер» алдын ала дайындалып қойылатын. Жеке адамға алдын ала мінездеме беріп, сыртынан сенім арту – өте жауапты іс. Алайда ер-азаматтар қатарында қызмет атқарып жүрген Гвардия (қазіргі Кер­бұ­лақ) аудандық атқару комитеті­нің төрайымы, ұйымдастырушылық қа­білеті мол, беделді, іскер басшы Бәтима Есболатқызы Сақауова мен сол ауданның Шаңқанай ауылдық кеңе­сі­нің төрайымы, ауыл шаруашылығы­ның маманы Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаевалардың аттарын атаған едім. Бәйекең Б.Е.Сақауованы облыстық атқару комитетінің орынбасары, ал З.Ж.Тамшыбаеваны Киров (қазіргі Көксу) аудандық атқару комитетінің төраға орынбасарлығына ұйғарды. Менің айтуыммен бұл азаматтар қызметте өсті деуден аулақпын. Өйткені олар Жетісу өңіріне белгілі, жас кездерінен еңбекті жауапкершілікпен атқарып келе жатқан, әр істің мән-жайын байыптай білетін, елге етене жақын, олардың мұқтаждықтарына түсіністікпен қарайтын, отбасылары орнықты азаматтар еді. Бұл кісілер өздеріне көрсетілген Бәйекеңнің се­німін толық ақтағанына куәгерміз. Бәйкен Әшімұлы Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы кезінде Республикалық құжат-архив жүйесіне 1975-1982 жылдары қомақты көмектескенін (бұған себепкер Димаш Ахметұлы Қонаевтың нұсқауымен құрылған комиссияның да ықпалы болды, дегенмен қаражат, түрлі лимиттерді бөлу мәселелерін шешетін тек қана Министрлер Кеңесі құзырында екені белгілі – Б.Р.) айтпай кетсем, кешіріл­мес қате болар деп ойлаймын. Архив қызметкерлерінің еңбекақысы біраз өсті, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғышлақ, Ақмола, Қызылорда, Семей облыс­тарында мемлекеттік мұрағаттардың ғимараттары салынып, пайдалануға берілді.Тұрғын үйге лимит бөліне бас­тады, ауданаралық құжат мекемелері құрылды, әсіресе, техникалық жағынан ескірген, ХХ ғасырдың басынан бергі Қазақстан елінің бейнетарихын тізген киноленталарды Мәскеу, Новосі­бір қалаларында жаңартуға қомақты қаражат қарастырылды. Бұларға қоса ғасырлар бойы сақталған, бірақ сиялары өше бастаған құнды тарихи құжат­тар көшірмесін бастапқы қалпында түсіретін бірден-бір дана шетелдік «Канон» деген аппарат Архив басқарма­сы­на бөлінді. Бір сөзбен қорытсақ, тарихи, мәдени мұраларымызға бұрын-соңды болмаған көмек көрсетілді. Осындай республиканың архив жүйесінде атқарылып жатқан істерді 1976 жылы Вашингтонда, 1980 жылы Лондонда өткен дүниежүзілік Архив Конгресінде баяндаудың сәті түскен еді. Басшы қызметте болған заман­дастардың, жасы үлкен ағалардың біріне ұқсамас Бәйекеңнің мінезі әрбір жүздескен кезде отағасының, балаларымыздың амандығын сұрап, өзінің тілектестік қалпын аз сұрақ­тармен білдіретіндігі еді. Біздерде «әсіреқызыл тез оңар» болмасақ екен деумен келдік. Бәйкен Әшімұлының жоғары дә­режелі жемісті еңбек етіп, ел-жұртына сыйлы, бір қалыптан аумайтын жігерлі қайраткер болуы ол кісінің 60 жылдан астам тату өмір сүрген сүйікті жары, «тыңда да бірге, сында да бірге, шыңда да бірге» жан серігі, педагог Бақыт Әсетқызының еңбегі екені де белгілі. Ол кісі үлкен мен кішіге де, абысын-ажынға да бірдей сыйлы болды. Бақыт Әсетқызы жөнінде бірсыпыра зиялы қауым өкілдері, замандастары, жас­тайынан бірге өскен жолдастары жүрекжарды жылы лебіздерін түрлі бас қосқан кездерде де, басылымдарда да жариялады. Ол кісілерден асыра айта да, жаза да алмаспыз. Біздің білетініміз – ол кісінің өте сыпайы, айналасына нұр шашып тұратын сүйкімді мінезі, көңілі кімге де болса таза, ақылшы ана, қамқор әпкедей көз алдыңа елестейтін бейнесі. Бәйекеңнің отбасы бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, «ғалымдар бапкері» санатында болғанын атап өткіміз келеді. Ұлдары Оңдасын – техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының академигі, Петропавл қаласындағы Манаш Қабашұлы Қозыбаев атындағы университеттің ректоры. Қыздары – Нэйлюфар мен Рауза, күйеу балалары – ғалымдар, жоғары оқу орындарында жастарға дәріс береді. 6 немере, жиендер мен олардан кейінгі ботақандар өсіп келеді. Ағаштың жапырақ жайып жайқалып өсуі – тереңге тартқан тамырына байланысты деген әфсана осындайдан айтылған шығар. Біздің отбасымыз, балаларымыз Бәкеңді және оның отбасын айрықша ілтипатпен құрмет тұттық. Оның себебі – ұзақ жылдар білетіндіктен және қызмет бабында да түсіністік қарым-қатынаста болғандықтан. Шәкең – Шапағат Әлбазарұлының бірінші рет Бәйекеңмен жүздесуі 1962 жылы жазда Министрлер Кеңесінің қызметкері ретінде Өзбекстанның әдебиет және мәдениет өкілдерімен Қарағанды облысына барған сапары кезінен екен. Бұл үрдіс Талдықорған облысын, кейін Бәйкен Әшімұлы Министрлер Кеңесін басқарған кездерде Шәкең ол кісінің қоластында 14 жыл қызмет атқаруымен жалғаса берді. Зейнеткерлікке шыққан кездері­мізде де шынайы ықыласымыз жал­ғасты. Мерейтойларға қатысып, бата­сын арнаушы еді. Сондай кездердің бір куә­сіндей, біздің шаңырақ көтергені­мізге 50 жыл толған мәжілісте Байкен Әшім­ұлы өз қолымен «Шапағат Әлбазар­ұлы мен Бижамал Рамазанқызына – өздеріңізге деген құрметпен, ізгі ниетпен» (2000 жыл, 21 қаңтар) деген қолтаңбасы жазылған «Ел сенімін ақтаған» кітабын беріп еді... Ойымызды жинақтап айтар болсақ, Бәйекеңнің зейнеткерлікке шыққанына 20 жылдан асса да, ел өмірінен, тәуелсіз Қазақстанның жасампаздық істерінен бір мезет те сырт қалмаған нағыз пат­риот адам екенін ел-жұрт тегіс біледі. Осы үрдіс жастарымызға, кейінгі ұр­паққа жұғысты бола берсе екен деп тілейміз. Бәйкен Әшімұлы ел басқарып жүрген өзінен кейінгі жастарға ақ ниетімен тілекші, қамқоршы болды. Егеменді еліміздің әрбір тарихи оқиғаларына әрі куәгер және батагері болды. Бижамал РАМАЗАНҚЫЗЫ, зейнеткер, қоғам қайраткері

3895 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы