• Тұлға
  • 24 Ақпан, 2011

Жасай бер қазыналы қартым!

Өмірді қалай сүру әркімнің өз еркіндегі іс пе, әлде кездескен қиындықтар мен қуаныштарда жасымай, тасымай өту арқылы өрнектелетін жол ма? Жауап та әрқалай. Бірақ сынағы көп сүрлеуде салғырттыққа бой бермей, ғұмырын халық игілігі үшін сарп етуге дайын парасатты тұлғалар болатыны анық. Өмірде ондай адамдар сирек кездеседі. Өмірдің мәнін, оны қалай сүру керектігін және бұл тірліктегі адам баласының рөлін соларға қарап білуге болады. Кейіпкерім Бисембі ӘРІПҰЛЫ – осы санаттан.

Сонау өткен ғасырдың отызыншы жыл­дарындағы сталиндік-голощекиндік озбыр саясатқа қарсы баба-намыстан қанат алған әйгілі Адай көтерілісі болғаны тарихтан белгілі. Осы көтерілістің он жастағы саналы куәгері, Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңдерін бастан өткеріп, кеудесін оқ тескен қайсар жауынгер, соғыстан кейінгі жылдары еліміздің дамуына екпінді еңбек еткен басшы азамат, тәуелсіз Қазақстанның құрметті де данагөй ақсақалы 90 жастағы Бисембі Әріпұлы Ақтауда тұрады. Қосай ата ұрпағы, жұбайы Дарайы екеуінен тараған бала-шаға, немерелерінің ар­дақты атасы боп қарттық ғұмырын салтанатымен сүруде. Бар ғұмырын халыққа арнаған атамызды Ұлы Жеңіс мейрамына орай Елбасы Н.Назарбаев өткен жылы мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапаттаған болатын. Бұл – алтынды қолда барда құрметтеген оң іс, ғибратты шешім болғанына өлке халқы ризашылық танытты. Бұл кісінің есімімен сырттай жақсы таныс жандардың бірі едім. Өйткені соғыс ардагері ретінде, өлкенің, тіпті еліміздің десек те қателеспейміз, ауыл­шаруашылық саласын өркендетуге үлес қосқан еңбек озаты және басшылық орындарда абыройлы қызмет еткен азаматымыздың бірі. Ол кісі бұдан бөлек өзінің ғұмырында көрген-білгенін ұрпаққа табыстыру мақсатында «Асулар», «Маңғыстау – маңғаз мекенім», «Ел тарихы және есімдегілер» кітаптарын шығарған қаламгер ретінде танымал. Бисембі Әріпұлымен жүзбе-жүз кездесудің сәті Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай облыс әкімінің соғыс ардагерлерін қабылдау салтанатында түсті. Үстіне қазақы шапан мен бас киім киіп, кең залға ұзын бойын тік ұстап, еңселене енген ақсақал сырт киімін шешіп ұлдарына қалдырып, төрдегі орынына барып жайбарақат жайғасты. Бойынан, өзін-өзі ұстауынан мәдениеттің, тазалық пен сыпайылықтың табы атойлап тұр. Заманы қалыптастырған тұлға – Бисембі Әріпұлы осы екен. Бисекең 1921 жылы Орта-Еспе ауылдық кеңесінде өмірге келді. Бұл –қаһарман апамыз Қаламқас батырдың мекені, қазір Қаламқас кен орны деп аталады. Осыны естігенде батыр қызбен өрбіген қаны да, жаралған топырағы да бір Бисекеңнің қарабайыр болуға хақы жоқ екенін сезінесің. Солай болды да. 1939 жылы аталмыш ауылдағы орталау мектептен 7 сыныптық білім алған Бисембі Әріпұлы алғаш колхоздың жұмысшысы боп еңбекке араласты. Осы жылы Атырау қаласынан есепші мамандығын алып кеп, «Бірлік күш» колхозына бас есепші боп қызметке кірісті. Оң-солын танып, болашаққа қадам жасауға қамдана бастаған шағында өмірінің алғашқы тауқыметімен кездесті. Аяулы анасы, белгілі Құлбарақ батырдың ұрпағы Орын шеше дүние салды. Келесі жылы күңірене тараған соғыс хабары жетісімен, Маңғыстаудан алғаш шақырылған 3 000 боздақтың бірі боп майданға аттанды. Соғыстың алғашқы жылдары аса ауыр жағдайда қалған Кеңес үкіметінің тағдыры қыл үстінде тұрғаны, 1943 жылдардың орта тұсынан бастап қана жауды кері шегіндіріп, майдан даласында жеңіске деген үмітті серпіліс болғаны бізге тарихтан мәлім. Бисекеңдердің тағдыр талайына соғыстың осы ең ауыр, қан қасап, зұлматты шағы кезікті. Бұл немістердің барынша күш алып, Кеңес әскерін тықсыра қуып келе жатқан 1942 жылдың жаз айлары болатын. Орынборда қысқа мерзімді же­делдетілген курстан өтіп, әскери өмірдің әліппесін үйренген Бисекең алғырлығымен дереу сержант шенін алып, соғысқа кіші командир боп түсті. «Осы жылы шілдеде В.Сталиннің «Бір адым шегінуге болмайды!» деген қаһарлы бұйрығы шықты. Харьков-Ростовтан Сталинградқа дейін 90 күн дамылсыз шегіну бізді есепсіз қырғынға тап қылды. Жан-жағымыз оққа ұшып қырылып жатқан Кеңес жауынгерлері, шындықты айту керек, ерікті-еріксіз беріліп жатқан қаруластар... Маңғыстаудан бірге кеткен жерлестерімнің ауыр өлімін көрдім, бірақ қайрыла қарап, бетін жабуға уақыт жоқ, ішің қан жылап, қайғымен өксіп жүріп соғысқа түсесің. Шегіне-шегіне Сталинградқа тірелдік. Осы жерде жан алып, жан беріскен өте қиямет соғыс жүрді. Төңірек қан сасып, жер бетін айқыш-ұйқыш сұлаған өлік басып қалды. Қанша адам қырылды десейші!» деп күрсіне еске алады Бисекең. Қиын-қыстау Сталинград шайқасында оң қолы мен өкпесінен тиген екі оқтан ауыр жараланған оны медбикелер тауып әкеліп, әскери госпитальге жатқызады. Жан алқымға келген тұста жайбарақат емделуге уақыт қайда! Бисекең алты ай емделіп, толық жазылмаса да майданға қайта жіберіледі. Алайда ауыр жарақат салдарынан алғы шепке жарамсыз болған оны мүгедек деп елге қайтарады. Бұл 1943 жыл болатын. Б.Әріпұлы бейбіт өмірін еңбек май­данына арнады. Жолын тосып, күні-түні Құдайдан тілегін тілеп отырған әкесі Әріп ұлы әскерден келген соң көңілін бірлеп, үш жыл мауқын басып бақиға бет түзеді. Ол кісі сонау Адай көтерілісінің басшысы болған Смайыл Сарбасұлымен тумалас болатын. Жорықшылардың сапынан табылуы да сондықтан. Смайылдың әкесі Сарбас би заманында атақты Жұма әулиеге Қаражанбастың құмдақ төбесінен құлпытастан ескерткіш қойған. Жұма әулие атанған бұл қауым ертеден белгілі. Өйткені Жұма – өзінің көзі тірісінде зайырлылығымен, шипагерлігі­мен, айтқаны дөп келетін көріпкелдігімен аты шыққан белгілі тұлға. Маңғыстауды қазақтың жауынгер Адай тайпасы иеленген 17-ғасырдың соңғы бедерінен бері тартыс-талас пен қанды соғыстардың, шапқыншылықтардың отты нүктесі болған Бозашы өңірінде арғы заманаларда Адайды осында бастап келген, кезінде Әбілқайыр ханның бас сардары болған Шотан батырдың Кете Әжібайға бата айтқызып ту тігетіні, осынау ұланғайыр аймақтың бірден-бір қожасы болып, көлденең көк аттыға есе жібермей, керісінше, олардан «Сүйінғара сыбағасы» деп алым-салық алып отырған Сүйінғара Үргешбайұлының да, Кеңес өкіметі орнаған тұстарда қызыл комиссар Ә.Жанкелдиннің Ақтөбедегі аштықтан қырыла жаздаған жауынгерлерге әскери көмек пен тамақ жеткізуге жергілікті халықтан жәрдем сұрайтын, сол сапарында Тобанияз Әлниязұлын Адай революциялық кеңесінің төрағасы – «хан» етіп сайлайтын, 1870-73 жылдардағы Иса-Досан бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тамыр жаятын, одан өзіміз жоғарыда сөз еткен Адай көтерілісінің сабақтасатын тұсы да осы қасиетті Бозашы өңірі еді. Әрине, оның қатпар-қатпар тарихы әріде жатыр. Беріге үңілгенде, осынау қойнауы ырыс пен құтқа толы Қаламқас-Қаражанбасты үш ғасыр мекендеген көптеген адай рулары кеңестік солақай саясаттың кесірінен ата­қонысынан айырылып, отырған жерлерінен күшпен көшірілген еді. Осындай ішкі қысым, ішкі департацияның қасіретін адайдың осы аймақты мекендеген Жары, оның негізінен Бектемісі, Қосай-Тінейдің Тәңірберген тар­мағы және Адайға Маңғыстауды қайта жерсініп, иеленген ереуілді кезеңдерде бірге ере келген екі үйден өрбіген Қара­тоқай Беріштің жұрағаты тартудай-ақ тартты... ...Иә, ет қызуымен тарихтың шоғы сөнбе­ген қоламталы кезеңдеріне ой бойлатып кетіп­піз-ау. Ол – қанша айтсаң да, қанша жырға қоссаң да таусылмайтын көне тарих парақтары. Ал сол тарихтың беденді беттерін біздің кейіпкеріміз Бисекең ақсақалдай май­дан қыл суырғандай етіп, қазақтың бай тіл өрнегімен жеріне жеткізе айтып бере алады. Шежірешіл, шешен, өмірді «бақыт та ақылға қонар» деп пайымдайтын кісі. Дана қарттың тауып айтқан пәлсапалық ойлы уәждерін ауыл-аймақ сөз сарасы ретінде алға ұстанады. «Сөзді тыңдаушысына, оның ақыл-парасатына қарай айтқан дұрыс» деген де көркем ойын ести қалдық. Бисекең ел басына күн туған күрделі кезеңдерде дәуір жүгін иығымен қаранардай қайыспай көтере жүріп, соңынан ерген екі қарындасы мен жалғыз інісі Дүйсембінің арқасүйері бола білді, мұның алдын кесе-көлденең өтпей әкедей сыйлап олар жүрді. Бір-біріне бас-көз бола жүріп, әрқайсысы өз орнын тапты. Інісі Дүйсенбі – ел сыйлаған азамат, ағасының мақтанышы. Әріп ұрпақтары бірнеше шаңырақтан құралған үлкен әулет болса да, әлі күнге аражігі ашылмаған, бәрі бір үйдің балаларындай бірлікте. Бәрінің басшысы – Бисекең. Бисекең бірнеше колхоздар мен кең­шарларда зоотехниктен бастап, төраға, директор, ауылдық кеңес төрағасы боп қызмет етті. Жарты ғасырдан астам ел тұр­мысын түзеп, Отан ырысын арттыруға тер төкті. Еңбекте де даңқсыз болған жоқ. Колхоз бен кеңшардан бастап, ауылдық, аудандық, облыстық Кеңеске ұзақ жыл­дар депутат болды, облысымыздың бел­сенділері қатарында Қазақстан Ком­партиясы съездеріне делегат болып қатысты. «Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығына еңбегі сіңген қызметкері» атанып, екі рет Құрмет грамотасымен мара­­патталды. Шалғайдағы Маңғыстауда ат­қарған еңбегінің екпінінің қаттылығы болар, алып Мәскеудің өзі екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапаттап, басқа да бірнеше мемлекеттік марапаттарды табыстады. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанып, есімі түрлі деңгейдегі бірнеше кітаптар мен жинақтарға енді. «Айтпаса – сөздің атасы өледі» деген ұлағатқа жүгінген абыз-қария облыстық әкімдікте ардагерлерді құрметтеуге арналған салтанатта қысқаша түрде көшелі сөз бен көркем ойдың тиегін ағытты. Бір заманаларда қаймана қазақ атанған киіз туырлықты елін тарихы ерен, түп-тамыры терең, текті де тұғырлы халық тұлғасында жалпақ әлемге мәшһүр еткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ішкі-сыртқы сая­саттағы сұңғылалығына аталық бата арнаған-ды. Әсіресе, соңғы жылдарда ерек­ше екпін, тың тыныспен дүр сілкіне көтерілген қарт Маңғыстаудың бүгінгі жар­қын бейнесіне ажар кіргізген облыс басшысы, рухани бай һәм текті азамат Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа да құлашты қияға сермеген іргелі істерінде сәттілік тілеп, халқымызға бақ пен береке тілеген, осынау оң ниет, ізгі қадамға құ­діретті Тәңір мен киелі өңірдің үш жүз алпыс әулиесінен медет сұраған-ды. Құ­дайға шүкір, қай кезде де атышулы аймақ атанған киелі өңір байтағында қолға алынып жатқан шаруалар шаш-етектен. «Ал сол мың-сан шаруа, кемел ойлы жөн-жоба-жоспарларды Келешекке бастаған қырандарды бүгінгінің батыры деп бағалау орынды» дейді Бисекең. Ертегілерде ұдайы жақсылық пен жамандық арбасқанда жақсылық, яғни халық мұраты жеңеді. Бисекеңнің тағдыры – осы ертегінің өмірдегі шынайы көрінісі. Кездескен барлық қиындық атаулыны жеңген, ел-жұртына қызмет еткен, сол арқылы халқының құрметіне бөленген жан. Бүкіл өмірі бойына өнегелі жолды өрнек етіп, дені мен жанын адамгершілік пен имандылыққа суарған ақсақал биыл толғауы терең тоқсан жасты еңсеріп отыр. «Хан бол, қаншама деңгейдегі басшы бол, ертең оның бәрі де өтеді, есте қалмайды, бір күнгідей өте шығады, ал бір түйір ғана жақсылық пен қайырым жасасаң, ол ешқашан ұмытылмайды», «Азаматтар, жақсылықтарың бір Алладан қайтар, өзімнен қайтар, інілеріңнен қайтар, бол­маса балаларымнан қайтар» деген тәрізді неше алуан саф алтындай қанатты сөз төркіндерінің данагөйі Бисекеңнің елге жасаған жақсылығы түптің түбінде өзіне ризық болып оралып, оның осыншама ұзақ та мағыналы ғұмыр кешуіне түрткі болды ма, бәлкім?! Әрбір қартты халықтың құты, қазақ­шы­лықтың, өткен тарихымыздың қа­зы­насы, болашағымызға алаңсыз арқа сүйеп барар қасиетті тірек деп сезінетін мен Бисекеңді көргенде соғыста хабарсыз кеткен атам мен ол кеткенде аяғын апыл-тапыл басып жүрген ұлы, күні кеше өмірден өткен әкемді көргендей болдым. Әкенің құдіретті иісін аңсап жүрген перзенттік жүрекпен Бисекемнің бас киімін алып, маңдайыма тигізіп, құшырлана иіскедім. Жасай бер, қазыналы қартым! Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ Маңғыстау облысы

3364 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9079

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7241

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4981

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4366

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4330

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4290

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4025

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4017

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы