• Cұхбаттар
  • 01 Қаңтар, 2021

Саян Жұмабекұлы Тәшенов, техника ғылымының кандидаты: ХРУЩЕВТІҢ ӨКТЕМДІГІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН

Ұлтымыздың ардақты тұлғаларының қатарында Жұмабек Тәшеновтің есімі ерекше аталады. Оның жарқын ғұмыры көпке өнеге. Намысты да жігерлі азаматтың перзенті, техника ғылымының кандидаты Саян Жұмабекұлымен Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрына келген бір сапарында арнайы жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді...

– Сұхбатымызды Жұмабек Тәшеновтің шыққан әулеті, тәрбиелеген ата-анасынан бастасақ?

– Әкем Жұмабек Ахметұлы Ақмола ­облысына қарасты Аршалы ауданы Танагүл деп аталын елді мекенде 1915 жылы 20 ­наурызда дүниеге келді. Тәшен атамның азан шақырып қойған аты Тәшмұхамбет екен. Олардың ғұмыр кешкен құтты қоныстары «Тәшен ауылы» деп аталған. Атамыздың бәйбішесі Гүлсім әжеміз де ұлтымыздың әйелге тән барлық асыл қасиетін бойына сіңірген ­аяулы кісі-тін.  Бір-бірін өмір бойы сыйлап, қадірлеп өткен Тәшен Жақсыбаев пен оның жұбайынан Қасым, Қасен, Манап, Жұмабек, Бибінұр, Сақыпжамал деген ұл-қыздары киелі шаңырақтың шаттығын арттыра түскен. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, атамыздың алғашқы перзенті Қасым ерте шетінеп кеткен. Қазақтың бауырмалдығы мен салт-дәстүрге деген құрметі ерекше ғой. Сондықтан да әулет басшысының көзі тірісінде-ақ өзі жақсы көретін ұлдары Манап пен Жұмабекті інісі Ахметтің балалары болмағандықтан оларға берген.  Олар ағасының ұлдарын бауырына басып, тәрбиелеп өсірген. Сол себептен де өзіміз біліп жүргендей, шаңырағымыздың тірегі Жұмабек Ахметұлы болып құжаттарында айқын жазылған.

Таратып айтсам, әкеміздің кейінгілерге өнеге болатын қыры – отансүйгіштігі, ұлтқа деген терең сезімі, халқының тарихына деген құрметі дер едім. Ол жастайынан ұйымдастырушылық, іскерлік қырларын да жарқырата көрсеткен. Сол кезеңдерде, негізінен, партиялық қызметтерге осындай жігерлі бозбалаларды тартатын. Оның болашағынан көп үміт күткен жоғарыдағы басшы азаматтар оған үлкен сенім артып, 1934-38 жылдары солтүстік өңірдегі Красноармейский, Ақмола, Вишнев, Нұра ­аудандарына жауапты қызметке жібереді. Ол кезінде оқыған Ақмола құрылыс техникумын аяқтап та үлгермеді. Сол шақтары кеңес, партия органдары әкем секілді арнаулы орта білімді, қос тілде еркін сөйлеп, сауатты жаза білетін жігерлі де қарымды қазақ жігіттеріне өте зәру-ді. Ол 1934 жылы Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, жер бөлімінің басшысы секілді қызметтерде өзін шыңдайды. Көп өтпей бұрынғы Қарағанды облысында жаңадан құрылған Красноармейский ауданына барып, жұмысын одан әрі жалғастырды. Араға төрт жыл салып, өзін жақсы жағынан көрсете білген азамат әлгі өңірден Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық тамақтандыру бөлімінің басшысы болып бекітіледі. ­Содан ол 1952 жылға дейін жоғарыда тілге тиек етілген Солтүстік Қазақстан облысының шаруа­шылық, кеңес-партия ­органдарында түрлі қызметтер атқарып, әбден шың­далды. 1952 жылы Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымды әрі жауапкершілігі көп қызметке тағайындалды.

Бұл лауазымды жұмысқа кіріскенде ол өмір көрген, жақсы мен жаманды ­ажырата білетін жаста еді. Одан кейін де туған жерінің нағыз патриотының еңбегі бағаланып, ­1955-1961 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесінің төрағасы секілді кез келген іскер жанның қолы жете бермейтін, мәр­тебелі қызметтерді үлкен абыроймен атқарып, халықтың айрықша құрметіне бөленген-ді.

Әкеміз қайда жүрсе де көмекке мұқтаж кісілерді қолтықтарынан демеп, олардың нағыз қамқоршысы бола білді. Бір мысал келтіре кетелік.  1955 жылы ол Қытайдан Алматы қаласына келіп қоныстанған бірнеше отбасының үйсіз әрі жұмыссыз жүргенін жоғарыға жазып, өзге мемлекеттен арамызға қосылған қандастарымыздың өзекті мәселелерін шешуге тікелей мұрындық болды.

– Жұмабек Ахметұлы аса жоғары лауазымды қызметтерді атқарып тұрған кездері Солтүстік өңірдегі 5, яғни Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан ­облыстарын Ресейге қоспақ болған кезде  ­ерекше қажыр-қайрат көрсетіп, тағдырлы мәселелер шешілерде тойтарыс бергені мәлім. Сондай-ақ бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар аудандарды да Өзбекстан аумағына көшіруден сақтап қалған жоқ па? Соны өз аузыңыздан естісек деп едік.

– Иә, әкем қандай қызметте жүрсе де жеке басының қамын ойлаған емес. Жоғары лауазымдар мен мансаптың құлы болмады. Туған халқының мүддесін әрқашан да жоғары қойды.

Кешегі алып Одақ дүркіреп тұрған ­кезде де Н.С.Хрущевтің көксеген ойы мен жымысқы саясатын жүзеге асыртпады. Оның республикамыздағы бес облысты біріктіріп, өткен тарихтан белгілі «Тың өлкесі» ­деген аймақты құрып, уақыт өте Ресейге қоспақ болған арам ниеті мен пиғылының жолы кесіліп, күтпеген жерден қарсылыққа тап болды. Әлгі аталған өлкенің тізгінін Т.И.Соколов деген өзінің сенімді адамына ұстатты. Кеңес елінің басшысының тарапынан қолдау тапқандықтан ол Қазақстанның басшылығына бағынғысы келмейтін сыңай танытты. Бұл кезде әкем Қазақ КСР ­Министрлер Кеңесінің төрағасы болатын. Батыл әрекет жасап, мәселенің алдын алу мақсатында 1960 жылы қоңыр күзде сол уақыттағы Тың өлкесінің орталығы ­Целиноград шаһарына шұғыл түрде ұшып келді. Содан республикалық жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне керекті мәліметтерді бермей отырған әрекеті үшін Соколовтың мысын басатындай өткір сөзін батыл айтты. Оны жауапты қызметінен ­босатып, бір тәуліктің ішінде Қазақстаннан қуып шығатынын және Тың өлкесі ешқашан да көрші Ресейге қосылмайтынын ашық білдірді.

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Кеңес Одағының басшысы Н.С.Хрущев пен әкемнің арасындағы айқас 1960 жылдың желтоқсан айында басталды.

Алматыдағы Үкімет мәжілісінің бір басқосуында келесі жылдың халық шаруашылығы жоспары қаралады. Онда Тың өлкелік атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов өз сөзінде: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны» деп қыр көрсетпек болады. Әкем оны лезде тоқтатып тастайды да: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық Комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз, мынадай қыңыр мінезбен істі қоймайтын болсаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан кейін баратын жеріңізге барып, арызыңызды айта беріңіз» деп оны қатты тұқыртып тастайды. Оның алдында Кеңес елінің басшысы Никита Хрущевтың қаһарына ілігіп, Қазақстанға жіберілген А.Козловтың зәресі ұшып, әрі күтпеген сөзден тауы шағылған ол көпшіліктің алдында еріксіз кешірім сұрауға мәжбүр ­болады.

– Ол кісі Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы болып тұрған кезде руханият саласында жүрген көп азаматтар тиісті марапаттарға, құрметке ие болыпты...

– Дұрыс айтасыз, ол кісі мәдениет және өнер саласында жүрген қайраткерлердің еңбегін жоғары бағалауға тырысты. Шығар­ма­шылықпен айналысатын тұлғалар­дың беделін көтеруге барын салды. 1959 жылы қаңтар ­айында арнайы қаулы бойынша халық артистері Шабал Бейсекова, Шолпан Жандарбекова, Кәукен Кенжетаев, Сәбира Майқанова, Бибігүл Төлегеноваға құрметті атақтар беруге ықпал етті. Басқа да қаншама адамдар осындай құрметке бөленді. ­Сонымен қатар халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 75 жасқа толуына орай қалың жұртшылық алдындағы мәртебесін асқақтатуға барын салды.

Өзі үкіметке басшылық етіп тұрған шақта, яғни 1960 жылы Алматы шаһарын­дағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшеле­рінің қиылысында 212 пәтерлік үлкен зәулім үйдің бәрін де өнер және мәдениет қайраткерлеріне бергізуге тікелей ықпалын тигізді.

Сондай баспанаға ие болғандардың қатарында есімдері қалың оқырманға жақсы таныс Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмайылова, Кәукен ­Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, ­Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, қаламгерлер Хамза Есенжанов, Зейін ­Шашкин, Жүсіп Алтайбаев және басқалар бар.

Осы алыстан жұрттың назарын бірден аударатын ғимаратты зиялы қауым әлі күнге дейін ерекше ілтипатпен «Қазақ ауылы» ­немесе «Тәшенов үйі» деп те атайды. Сондай-ақ Алатаудың баурайындағы аса көркем шаһардың қақ ортасындағы үлкен даңғылға ұлы ақын, үстіміздегі жылы 175 жасқа толғалы отырған Абай Құнанбаевтың есімін бергізді. Республика Сарайының алдында ұлтымыздың бас ақынының ескерткішін орнаттырып, оның лентасын қиюға қатысты.

Өзі Үкіметті басқарып тұрғанда аса батылдық танытып, қайсар мінезінің арқасында кешегі асыра сілтеу заманында жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың асыл жары Зылиха апамызға жоғарыда аталған мәңгі жасыл шаһарда салынған үйден пәтер бергізуі тек нағыз азаматтың ғана қолынан келетіні ағайындарға түсінікті болса керек.

– «Ұлтшыл» деген айып тағылып, Жұмабек Ахметұлы лауазымды қызметінен босатылды. Бұрынғы Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып төмендетілді. Шырайлы өңірдің халқы оны қаһарман азамат ретінде құшақ жая қарсы алды. Өңір жұртшылығы есімін әлі күнге дейін ардақ тұтады. Сіз ол кезде жас едіңіз. Осы кезеңдерге қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Арыстан жүректі әкем шын мәнінде байлық қуып, мансапты жоғары қойған емес-ті. Облыстық деңгейдегі қызметке барса да өзінің іштей адалдығына нық сенді. Біз Шымкент шаһарында ұзақ жыл тұрдық. Сондықтан бұл қала өте көркем, халқы дархан, сыйластыққа жете көңіл бөледі. Ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін ұстанады.

Әрине, адал еңбек ескерусіз қалмайды. Әкеміз Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталғаны онымен қатарлас жүрген кісілердің жадында болса керек.

Оңтүстіктегі ағайын әкемді қатты құрметтеді. Ол қолы бос кездері ғылымға ден қойды. Сондықтан да шығар, экономика ғылымының кандидаты атанды. Докторлық диссертацияны қорғауға кедергі жасағандар да болмай қойған жоқ. Әкем 1986 жылы қараша айында жүрек талмасынан қайтыс болды. Шымкент шаһарында жерленді.   Сол кезде де оның халық арасында қаншалықты қадірлі, сыйлы екенін жас та болсақ терең сезіндік. Әкемді Оңтүстіктегі ағайындар соңғы сапарға құрметпен шығарып салды. Сондағы тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатып, үлкен көшеге есімін берді. Бұл да болса ондағы бауырларымыздың оған деген айрықша құрметінің бір белгісі болса керек.

– Еліне ардақты болған азамат отбасында қандай еді? 

– Анамның тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі Әлімбаева еді. Олар ұзақ жыл бойы, яғни жарты ғасырға жуық бақытты ғұмыр кешті. Екеуінен бес бала тарадық. Ізімді басып келе жатқан Саят есімді інім осыдан біраз уақыт бұрын дүниеден өтті. Болат зейнеткер, Шымкентте тұрады. Шаңырағымыздың ең кішісі Мұрат – ғылым докторы, профессор. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет атқарады. Әулетіміздегі жалғыз қыз бала, яғни Алла есімді әпкеміз – Мәскеу тұрғыны. Менің негізгі мамандығым инженер-электрик. Кезінде қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетті тамамдадым. Көп жыл бойы Қазақ энергетика­лық ғылыми-зерттеу орталығында жұмыс істедім. 

Жалпы әкеміз өте балажан еді. Оның мейірімі мен махаббатын Болат інім сырқаттанған кезінде байқадық. Бала кезімізден бізді оқу-білімге тәрбиеледі, руханиятқа көп көңіл бөлді. Салауатты өмір салтын берік ұстанды. Шыншылдықты, әділдікті, ұқыптылықты, жинақылықты, адам баласына қиянат жасамауды осынау ардақты жаннан үйрендік.

Менің түйгенім, елі мен халқына адалдық танытқан кісіге құрмет те ерекше болады екен. Ол көзімізден кеткенмен көңілімізден ешқашан кетпейді. Шымкент шаһарын айтпағанның өзінде, Арыста, Елордамыз Нұр-Сұлтанда оның атында мектеп бар. Бас қаламызда ескерткіш те қойылды. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласындағы бір білім ордасы да оның атында. Сондай-ақ осы қалада да ескерткіш қойылған.

– Өзіңіз куә болғандай, Жұмабек Ахметұлы хақында естелік мақалалар, зиялы қауымға ой салар драмалық туындылар да қойылды. Осы жөнінде де өз пікіріңізді білдірсеңіз? 

– Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Михаил Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың еңбегін ерекше атап өтер едім. Оның «Ақбас бүркіт» деп аталатын драмалық туындысы әкемнің ­рухына арналды. Бұл жастарды патриоттыққа жетелеген шығарма Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театрында өте сәтті қойылды. Драматург пен артистердің жұмыстарын жергілікті ағайындар жоғары бағалады. 

Сөзден сөз туады. Әкемнің көзін көргендер сонау бір жылдары руханияттың үлкен жанашыры болғанын жиі еске алады. Сонау бір кезеңдері «Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан, «Социалистік Қазақстан» басылымын «Казправданың» аудармасы етуден қорғап қалғаны қолына қалам ұстағандардың жадында мәңгілік қалары сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Оразалы Жақсанов

2245 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7697

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6457

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4203

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3586

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3546

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3511

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3242

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3232

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы