• Әдебиет
  • 29 Сәуір, 2021

Алма апайдың шәкірті

Самал Дәрібаевтің 
«Ана тілінің» архивінде сақталған 
(1991 жыл) суреті

Отыз жылдан астам уақыт өтсе де біз білетін Самал сол қалпы, өзгермеген. Кішіпейіл, сабырлы, биязы қалпы. Бозбала Самалды, студент Самалды, әнші ­Самалды көргенбіз, бірге жүрдік, бір кісідей білеміз десек, артық айтқандық емес. Әріптес болып жүргенімізге де ширек ғасырдың жүзі болды. Сол баяғы Сәкең, сол баяғы ағай сияқты. Уақыт алға жылжығаны, жас есейгені анық. Бірақ бәрібір Самал «ағай» болып қала бермек. Неге ағай?! Бәрібір бізге ­Самалды «ағайсыз» елестету қиын, тумысынан, болмысынан ағай болып туған секілді көрінеді де тұрады. Зейнолла, Тұрсынбек ағайлардың Алма апайдың ұстаздық болмысын тап басып, зиялылығынан шәкіртке деген ізгілікті аңғарып, айналасына шуақ шашып тұратын мейірбан жүзінен жылылықты сезіп, өздерінен көп кішілігіне қарамай «Алма апай» дейтін. Онысы өздеріне де, апайға да әдемі жарасып тұратын. Алма апайдың шәкірті болған Самалдың да болмысында бекзаттық, тұла бойында имандылық пен ізгілік, өмір салтында қарапайымдылық пен кішілік есіп тұратынын жас та, жасамыс та сезетін, аңғаратын  болу керек, үлкен-кішінің, алыс-жақынның бәрі Самалды бір көргеннен, сөйлескен сәтінен бастап-ақ «ағай» дейді. Басқасын қайдам, осы тіркессіз ­Самалды елестету қиын, әдемі үйлесіп тұратындай. Оның сыры, құпиясы неде екен? 

Бұрыннан бар мақалды «Мұғалім мұғалімді алыстан таниды» деп өзімізше өзгертіп айтсақ, ешкім кінәлай қоймас. Талай ұстаздың алдын көрген ғой, біздің Самал. Мектептегі мұғалімдерін де ерекше ілтипатпен атайды. Соның ішінде әдебиетті ерекше жақсы көргенін де жасырмайды. Әдебиеттің әсемдік әлемінің көзге көрінбес, қолға ұстатпас әсерлілігін, сұлулық пен әдемілікке, ізгілік пен тазалыққа үндейтін адам жанымен үйлесімділігін ұғындырған, талабын ұштаған мұғалімдерінің қатарында әдебиет пәнінің мұғалімдері Несібелі апайын, Жолдас ағайын да ерекше ілтипатпен жақсы көреді, үнемі айтып жүреді. Мектеп қабырғасында жүрген кезде «Лүпіл қаққан пәк жүрек» деп аталатын үздік шығармалар жинағына енуі де ағайының ақыл-кеңесіне құлақ асқаннан, жазу-сызудың қадірін ерте түсінгеннен болар деп топшылаймыз. Апайды ақылшы тұтып, ағайды зиялы деп ұғынып, мұғалімдікті мәртебелі мамандық санап өскен Самал қателескен жоқ. Ұстаздықтың ұлы қасиет екеніне өмір сапарында көз жеткізді, ұстаздан асқан ұлы болмайтынына да сенімді еді.

Университетте де талай ұстаздар болды. Тәлімін көрді, тағылымын терді. Солардың бірі һәм бірегейі Алма апай еді. Алма апай! Ұлағатты ұстаз, білікті педагог, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Жамбыл Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева! Ұлттық негіздегі мектептің моделін түзіп, тәуелсіз елдің ұландарын жаңаша бағытта оқытуды да қолға алып, бағдарламасын жасап, мектеп ашуы да рухани кеңістіктегі олқылығымызды түгендеуге, кеңестік кезеңдегі кеткен есемізді толықтыруға бағытталған игі істері де Алма апайды жаңа қырынан танытқан еді. Әттең, игі бастаманың сол кезде кеңінен қолдау таба алмағаны өзекті өртейтін өкініш болды.

Самалдың апайы! Апайдың жолын жалғастырып, ізгі арманын жүзеге асыруға келгенде Самалдың орны бөлек, ұстаз аманатына адалдығы ерек. Апайдың алғыр шәкірті ретінде соңынан ілескені, ұлттық негіздегі мектеп ашып, «Сенім» бағдарламасы негізінде оқу мен оқытуды қолға алғанда сенген санаулы шәкірттерінің қатарында болды. «Күндіз отырмады, түнде ұйықтамады». Аз ғана уақыттың ішінде аяққа тұрғанымен, уақыт көшіне, нарық қыспағына қарсы тұра алмай, қиналғандары да рас. Осы кезең, осы мектеп Самал үшін де, үзеңгілес әріптестері үшін де «Өмір мектебінің» нақ өзі болды. Үйренді, үйретті, ысылды, ұлағатты ұстазға, кәсіби маманға айналудың алғышарттарын игерді. Аз уақыттың ішінде өмірлеріне рухани қуат алып, ұстаздық жолда ұстанымдарына айналдыра алды. «Мектептің ішкі жүйесі мен жұмыс мазмұны әміршілдік қатынастарды қажет етпейтін қағидаға құрылды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс адамгершілік негізді басшылыққа алды. Шәкірт көзқарасында біздің тұлғамыз білім беріп, тәртіпке салушы емес, рухани өсірушіге, үйретушіге айналуымыз бұлжымас заңдылық еді» деп еске алады біздің кейіпкеріміз. «Өнегесі, тәлімі оқшау ұстаз», «Арман мектебін сыйлаған Алма бибі» деп ұстаздың қайраткерлігі мен даралығын, сабырлылығы мен қарапайымдылығын ұмытпай, үнемі еске алып, жиын-конференциялар өткізіп ­жатуы, сөзіміздің дәлелі. Соның бел ортасында, Алма апайдың бел баласындай ­Самал жүреді. Парасаттылықтың үлгісіндей болған Алма апайдың соңында қалған еңбектерін жинастыруда, томдықтарын құрастыруда да еңбегін аяған емес. Үлгі аларлық, үйренерлік іс екені анық. Қала мектептеріндегі басшылық қызметін, республикалық жыл мұғалімі байқауының жеңімпазы, Білім беру ісінің үздігі медалінің иегері екенін ескерсек, ұстаз аманатын ұлықтағанын, «Ағай» мәртебесіне шаң жуытпағанын аңғару қиындық тудырмайды.

Енді Самалды тек студенттері мен әріптестері ғана емес, күллі қазақ елінің оқушылары ағай деп танитын, ұстаз деп бағалайтын болды. Олай демеске әдді жоқ, Самал Дәрібайұлының авторлық бірлестікте жазылған жалпы білім беретін мектептің қазақ әдебиеті пәніне арналған оқулықтары жас жеткіншектердің қолында. Әдебиет әлеміне деген іңкәрлікті, сөз өнеріне деген қызығушылықты Самал ағайдың кітабы арқылы тереңдете түссе, қызығушылығы арта түссе, Самалды ағай деп танымағанда, кімді таниды?! Сөйтіп, бастауыштағы «Әліп­педен» басталған әңгіме ағайдың «Әде­биетімен» түйінделіп жатса, одан ары әдебиетші болам деген талаппен ұштасса, оқушылар қауымы Самалдың ұстаздығына, ағайлығына келіспейді дей аласыз ба?

Самал – ғалым, ұстаз, әдіскер! Самал­дың ғылыми-әдістемелік, оқы­тушылық қызметінің негізгі бағыты фольклортану, Сыр сүлейлерінің әдеби мұрасы, сал-серілер шығармашылығы, әншілік дәстүр мен ақындық өнер, т.б. құрайды. Көп жылғы ізденістерінің нәтижесінде «Ақын-жыраулардың шығармашылық тұлға ретінде қалыптасуы және орындаушылық дәстүр», «Ақын-жыраулар поэзиясының түсіндірме сөздігі», «Қазақ әдебиетін оқытудағы әдеби ойындар мен жаттығулар», «Фольклор жанрларындағы сұлулық пен сымбаттылық өлшемі», «Ақын-жыраулар поэзиясындағы пайғамбарлар қиссасы», «Педагог-ғалым А.Қыраубаеваның «Сенім» бағдарламасы және ұлттық мектеп», «Қазақ фольклоры мен әдебиет бойынша мәтін талдау сабақтары» атты еңбектер жазылды, мақалалар жарияланды. Орта мектепке арналған оқулықтар, әдістемелік құралдар жазылды. Әдебиеттің әсемдік әлемінің, көркемдік құпиясының, рухани құндылығының ғылыми негіздерін саралады, студенттерін де осы бағыт аясында ізденуге, білімін тереңдетуге жұмылдырды.

Самал сері! Алма апайдың әншілігін ұмытқан жоқпыз. Қоңыр даусымен әуелеткен әндері, баяу, ырғақты сөз бен саздың үйлесімін тауып шырқайтыны әлі есте. Әсіресе жыр алыбы Жамбылдың, қырғыз халқының әндерін де нәшіне келтіре, мақамын бұзбай орындайтын. Апайдың ізбасары Самал да әнші, студент кезінде «Қоғалы-ай» дейтін халық әнімен танымал болған Сәкеңнің де репертуары бай, соның ішінде, апай орындаған әндердің насихаттаушысы да, жалғастырушысы да. Әсіресе, қырғыздың әндерін орындауы тіпті ерекше. Көмейден құмығып шыққан дауыстың сыртқа шыққанда құбыла жөнелетініне құлақ үйренді. Самалдың әнін тыңдау – өзгеше әлемге ену, ерекше әуенге елту, дауыс пен дірілдің үйлесімін сезіну деген сөз. Домбыра, баян, сырнайды кәсіби маманнан кем тартпайды, бар болмысымен әннің де сәнін келтіреді, тынысын да ашады, тыңдарманын да ләззатқа бөлейді. Арасында әннің тарихын түгендейді, қате нұсқаларын түзейді. Ұлттық өнерді дәріптейді, шәкірттерін шығармашылыққа баулиды. Дәстүрлі ән өнерін насихаттайды, орындаушыларын ерінбей-жалықпай ортамызға ертіп келіп, бірде ертіп апарып тыңдатқызады. Айгүл, Еркін, ­Ерлан, Сәуле, Ардақ, Ұлжан, т.б. әншілерді факультет, университет білімгерлері ­Самал арқылы таныды, «Тұран», «Хассақ» этнофольклорлық топтарын Самал басқаратын «Жәдігер» шығармашыл жас­тар клубының ұйымдастырған кештері арқасында қасында отырып тыңдады. Көне аспаптардың қасиетін ұқты, дәстүрлі өнердің, ән-күйдің шығу тарихына қанықты.

Самал ағай! Самал Дәрібайұлы! Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верси­тетінің доценті, филология ғылы­мының кандидаты, Республикалық жыл мұғалімі байқауының жеңімпазы, Қазақстан ­Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ғалым, ұстаз, азамат. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Самалға шәкірттерінің құрметі алабөтен, әріптестерінің ілтипаты ерекше, дос-жаранның көңілі түзу. Құдай қосқан қосағы Саида екеуі ұл-қыз өсіріп, немере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Бозбала шағынан ата жасына жеткенше біз білетін Самал өмірінің кей сәттері, кезеңдері осындай. Мағыналы, мәнді ғұмыр тілейміз!

Самал ағай! Самалдың еңбектері елге жетті, ғалым болды, есімі көпшілікке мәлім болды. Ұлағатты ұстаз атанды, үздік әдіскер болып танылды. Бізге бәрібір Самал­дың «ағайы» етене жақын, қымбат. Біздің ағай тамаша! Ердің жасы құтты болсын!

Шохан Шортанбай,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің аға оқытушысы

2683 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы