• Тұлға
  • 10 Наурыз, 2011

Көркем мінез

d0bad0bed0b6d0b0d0bcd181d0b5d0b8d182d0bed0b2Бұрынғыны айтпай, соңғы есіңе түспейді десек, әркім өз өміріне өшпестей із қалдырған ерекше оқиғаларды жадында ұстауы – заңдылық. Сондай бір жағдайды ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының ортасына таман мен де басымнан өткерген едім. Төл мамандығымнан – техника саласының инженері қызметінен, бейнелеп айтқанда, адам жанының инженері болуға, яғни рухани салаға қарай бет бұрдым. Байқасам, осы бір тіршіліктің қол-аяқты тұсағанына да отыз жылға жуықтапты.

Өмірдің бір бедерінде тағды­рымның осылайша күрт өзгеруіне себепші болған азамат Сағындық Қожамсейітов еді. Мен оны алғаш облыстық партия комитетіндегі жұмыс бөлмесінде кездестірдім. Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалындағы автокөлік кафедрасында оқытушы болып жүрген мені партиялық қызметке тартуды көздеген болуы керек, осы мәселенің төңірегінде бірсыдырғы әңгімелескеніміз бар. Идеология бөлімінің меңгерушісінің мысы басты ма, не филиал басшылығының менің ғылыммен айналысуыма жағдай жасауға нақты ынта таныта қоймағанынан ба екен, әлде халықтың рухани һәм мәдени өсуіне атсалысып, пайдамды тигізсем бе деген ниет болды ма, әйтеуір Сағындық Үсенұлымен шүйіркелесіп кетпесек те оған қызметімді өзгертуге келісім бергенім есім­де. Сөйтіп, өзіме мүлдем беймәлім ор­та­да қызмет жасауға бел будым. Алайда оның реті бірден бола қойған жоқ. Қазір ғой, жастардың оқу аудиториясынан шыға сала қандай да бір құзырлы орындарға топ ете қалатыны, ал сол кездердегі қалыптасқан тәртіп бойынша, Жезқазған облыстық партия комитетіне алғашқыда «Білім қоғамы», соңынан «Саяси ағарту үйі» тәрізді мекемелерде үш жыл жұмыс істеп барып қана табан тіредім. Мінеки, содан бері бұл кісімен өмір жол айрықтарында рухани тұрғыдан ниеттес болып, айлар мен жылдар құшағында кәдімгі аға-інідей араласып келеміз. Содан да болар, кейде Сәкең ойыма түсіп кеткенде қоңырау шалатын әдетім бар. Қысқасы, ол екеуміздің арамызда көзге көрінбейтін бір жақындық байланыс орнаған. Былай байқасам, оны көп те, аз да білетін сияқтымын. Ойы терең, сөзі салмақты, қатардағы адамдар сезіне де, түйсіне де алмайтын нәрселерді сезе алушы болмыс иесінің ішкі жан дүниесін бір демде аңғара салу тіптен де жеңіл-желпі шаруа емес. Дей тұрғанмен, мен Сағындық Қожамсейітовті өз уақытының сөзін сөйлеп, қырағы көзі мен құйма құлағына айналған адамы ретінде танимын. «Істі бастадың ба – асықпа, қолға алдың ба – тас­тай қат», – дейді екен көне элладалық данышпан Биант. Сол ұлының айтқанындай, Сағындық ағамыз коммунистік партияның қағидаттарына сүйене отырып нендей бір игі істердің ұйытқысы болды. Өз кезегінде мұндай машақаты мол жұмыстарға үлкен ұйымдастырушылық қабілет, асқан сабыр мен аса көп күш-жігер қажет болатын. Бүгінде коммунистік партияның мүшесі болдым, оған адал қызмет еттім дегенді зор мақтаныш сезіммен, ерекше леппен ай­туым күлкілі шығар. Ол кезде бұл әркімнің қолы іліге бермейтін жетістік болып табылатын. Қабылдаушылар түп-тамырыңды тексеретін, қабілет-қарымыңды зерттейтін, Отанымызға тигізетін пайдалы істеріңді саралайтын, сенім-нанымыңа зер салатын. Осындай қатаң талап сүзгісінен өту дегеніңіз айтуға ғана оңай. Асылы, әрбір таныс пен бейтаныстың ерекше бір қасиеттері болмаса, әрине, есте қала бермейді. С.Қожамсейітов туралы бұлай айта алмаймын. Әлі есімде, ол кісі маған сол уақыттағы Жезқазған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Давыдовтың атынан Кеңес Одағының көлемінде шығатын «Партийная жизнь» журналына мақала дайындауға тапсырма берді. Бұл тапсырманы орындау үшін едәуір тер төгуге тура келді. Сонда ғой, менің жазғандарымды мұқият тексеріп, ана жері мен мына жерін толықтыруға, сол үшін Лениннің көптомдық шығармаларының нақты аттарын нұсқай отырып, олардың бәленшедей бетінде келтірілген түгеншедей деректерге назар аудару керектігіне кеңес беретін. Таңғаларлығы сол, оның бұл айтқандары дәлме-дәл келетін. Осылайша мақала дайындау үш айға созылып, бір жағынан, Сәкеңнің білімділігіне риза болсам, екінші жағынан, адамды осынша неге әуре етеді екен деп оған іштей ренжігенім де рас. Сөйтсем, ол мені ақпарат көздерімен сауатты жұмыс істеуге үйретіпті, кейін мұның пайдасын молынан көріп те жүрдім. Қарамағындағыларға «Қожамсейітов­ше тапсырма беруі» де ерекшелеу келетін. Басы құтты бір тапсырмалар қоймасы тәрізді, ол кісімен қай жерде болмасын кездесіп қалсаң бітті, мойныңа тапсырманы іліп алып кете бересің. Бір қызығы, мұнысын ол еш ұмытпай, тапсырма орындалғанша қадағалауын тоқтатпайтын. Шыны керек, дұрыс еместігін біліп тұрсақ та, шама келгенше Қожамсейітовтің көзіне түспеуге тырысатынбыз. Ол болса осылайша өзінің қызметкерлерін зор жауапкершілікке, үлкен тәртіптілікке баули отырып, ішкі қыры мен сыры мол саясаттың жай-жапсарын меңгеруге барынша жағдай жасайды екен. Негізі, Қожамсейітовтің тапсырмасын орындамау деген миға қонбайтын нәрсе болатын әрі бұл Сағындық Үсенұлынан қаймыққандықтан немесе өзгеше бір себептен емес. Мәселе ол кісінің жеке басының бәрімізге үлгі бола білуінде еді. Мен ешбір уақытта Сәкеңнің не біреумен сөз шайысып жатқанын, не біреуге дауыс көтергенін, не біреудің сыртынан оғаш әңгіме айтқанын естігенім де, көргенім де жоқ. Иә, кез келген жан сынай да, кінәлай да, жазғыра да алады – адамдардың дені нақ осы бір бағытты ұстанады да. Дегенмен мәселені түсініп, кешіріммен қарай білу үшін мығым мінез бен үлкен ұстамдылықтың болғаны лазым. Өзгенің кемшілігін оның көңіліне дақ түсірмей көрсету де, оған өткір сынды немесе өзекті мәселені астарлап айта білу де өнер екенін білген жөн. Осы адами қасиеттерді Сәкең бойынан толық байқауға болады. Әлдеқалай ол кісінің көңілі толмайтын іс жасап қойсаң, міндетті түрде соған қатысты баспасөзде жазылған ұлағатты сөздер немесе әңгімелердің қиындысын тауып алып, сенің қолыңа ештеңе айтпастан ұстата қояды. Бұдан кейін сен, әрине, өз мініңді жөндеуге, жіберген қателігіңді енді қайталамауға тырысасың. Бүгінде «зиялы» деген сөзді жиі қол­данатын болдық. Ретті, ретсіз кім көрінгенге жапсыра береміз. Өз басым «зиялы» деген қасиетті атауды ақыл-парасаты мол, елі мен халқына деген жүрегі таза, мә­дениетті, жүріс-тұрысы, мінезімен өзгелерге өнеге бола алатын адамдарға ғана лайық көремін. Мен көрген, парасатты лебізіне құлақ түруден бір жалықпайтын С.Қожамсейітов – сондай жан. Алты Алаштың тарихында айрықша орын алатын сыр-шежіреге, аңыз-әңгімеге, қастерлі көне ескерткіштерге бай қасиетті Ұлытау өлкесінің Сарлық ауылында өмірге келген Сағындық Үсенұлының өзгеше болып тууы мүмкін емес. Табиғатынан елгезек, жаңалыққа жаны құмар, өмірде белсенді Сәкеңе бүгінгі күн биігінен қарап отырып, әр қазақтың перзенті осы кісідей білімді, намысты, отаншыл болса, жұртына қалтқысыз жұмыс істесе, кәнеки, деген ойға берілесің. Сондай-ақ кісілік атты шыңның кішілік атты биіктік арқылы өркештене түсетініне көз жеткіземіз. Балалық шағы соғыс уақытына және соғыстан кейінгі ауыр жылдарға дөп келген бала Сағындық тұрмыстың ащы-тұщысын молынан тартып, ерте еңбекке араласты. Сондықтан да болар, «Егін екпесең, жерге өкпелеме, еңбек етпесең, елге өкпелеме» деген тәмсіл ол кісінің өмірлік ұстанымына айналды. 9-шы сыныпты бітірісімен Ұлытау аудандық газетіне жауапты хатшы болып тағайындалды. Сәл кейін Ұлытау мен Жезді аудандарында комсомол, партия ұйымдарында түрлі басшылық қызметтер атқарды. Еңбек жолының 25 жылы Жезқазған-Сәтбаев өңірінің экономикасы мен мәдениетін көтеруге арналды. Осы жылдары еңбектен қол үзбей жүріп, алғырлығының арқасында әуелде орта мектепті, соңынан Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті мен Алматы Жоғары партия мектебін сырт­тай бітірді. Қатардағы еңбеккерден облыс­тық деңгейдегі үлкен лауазымды қызмет­терге дейін өскен С.Қожамсейітов әр кезде елдің жүгін ауырсынбай арқалап, ұлттың мүддесі үшін зор жауапкершілікпен нақ­ты жұмыстар жасады. Тіл, тарих, мәдениет мәселелеріне атсалысуды тек қызметтік емес, сонымен бірге өзінің азаматтық парызы, борышы деп ұғынып, тұрақты түрде әлеуметтің рухани сұранысына қажетті мәдени шаралардың ортасынан табыла білді. Оның тікелей араласуы нәтижесінде Ұлытау-Жезқазған аймағындағы түгел дерлік тарихи әрі мәдени жәдігерлер есепке алынып, бір жүйеге келтірілді, Теректі әулие маңынан көк тас өндіру өндірісі тоқтатылды, «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығы құрылды. Ол кісі сонымен бірге Кіші Жібек жолы бойымен өтетін «Отырар-Ұлытау» тарихи-этнографиялық экспедициясының ұйымдастыру комитетін басқарып, қазақ­тардың жоңғар басқыншыларын ойсырата жеңген Ұлытау ауданының Білеуті-Бұланты өзендері маңайына ғылыми зерттеулер жасау үшін ғылыми-этнографиялық экспедиция ұйымдастырды, «Ұлытау тарихы – қазақ шежіресінде» атты арнайы қор ашуға мұрындық болды. Оның бастамасы арқасында Қарағанды облыстық мұрағатының Жезқазған филиалы Жезқазған қаласының Мемлекеттік мұрағаты болып қайта құрылды. Мұндай шешім бұрынғы Жезқазған облысының барлық құжаттамаларын сақтап қана қоймай, осы өлкенің тарихын терең зерттеу мақсатында тиісті құжаттар мен естеліктер, халық аузында жүрген әңгімелерді түбегейлі әрі жүйелі негізде жинауға мүмкіндік берді. Қазір мұнда соңғы үш жыл көлемінде «Жезқазған-Ұлытау аймағының тарихы көне заманнан бүгінге дейін: деректер алу негізі және оларды толтыру жолдары» атты дөңгелек үстел нәтижелі жұмыс істеп келеді. «Саусағына қарай сақинасы» де­мекші, ақпарат кеңістігіндегі журналист Қожамсейітовтің де алар орны тым бөлек. Ол не нәрсені болса да қайнаған өмірдің өзінен алады, бастан кешкенін, көзі көріп, көңіліне түйгенін жазады, жүрегін тербемеген, жанын қозғамаған тақырыпқа бармайды да баспайды, өзгелердің азаматтығын паш етеді. Сөйтіп, өзіне ғана тән тынбай ізденістер нәтижесінде Сәкең атақты жырау-ақындар Шортанбай, Қожабай, Шашубай, қобызшы Ықылас Дүкенұлы, күйші Сайдалы Сары Тоқаның шығармаларын жарыққа шығарып, олардың есімдерін мәңгілік жадымызға сақтауға ықпал етті. Оның «Жетімдер дауысы», «Рухани мүсәпірліктің бір дауысы – театр», «Ескерткіштер бойтұмарымыз емес пе, ағайын!», «Асқа сауын айтылды», «Жаным – арымның садағасы» тәрізді мақалалары кезінде санаға үлкен сілкініс әкеліп, қызу пікір туғызды. Жалпы, Сағындық Қожамсейітовтің әрбір сөзі, әрбір баяндамасы, әрбір мақаласы қазақ мемлекеті­нің нығаюын, ішіміздегі тұрақтылықтың сақталуын, мүдделер мен құқықтардың бұзылмауын мақсат тұтады. Сондықтан да ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатын қолдай отырып, жетпіс деген жеке шыңға шыққан кезінде де, тек қана жасампаздық идеяларды таратушы әрі насихаттаушы қалпын сақтап келеді. Әрі мұнысы үшін кейбір қайраткерлердей азды-көпті беделін өз мақсатына тиімді жұмсауға ешқашан ұмтылған емес. Ол үшін ең басты әрі қымбат атақ – халықтың сенімінен шығу. Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының құрметті азаматы атануы, ал еліміздің ең ірі ақпарат агенттігі – «ҚазАқпарат» республика көлеміне және қазақ диаспорасы тұратын 30-ға жуық елдерге өзінің айына шығаратын «Атаулы күндер. Есімдер. Оқиғалар» күнтізбесінде Сағындық Қожамсейітовтің 70 жылдығына қатысты деректерді ресми таратуы осы бір азаматтың сол сенімді толықтай ақтап отырғанының айқын куәсі іспетті. Иә, жетпіс деген жас – адам баласының күзі. «Не ексең, соны орасың» деген сөз осы күз мезгіліне арналған. Ұйқысырап жүргеннің күзі қара суық болады. Ал еңбекқор, жан дүниесі бай, жүрек сезімі адал адамның күзі де базарлы болып келмек. Сағындық Үсенұлы – осындай көп өнім берер алтын күзге аяқ басқан аяулы жан. Рухани қоржынында сан алуан жүк теңдері бар және бола да бермек. Олай болса, сексеннің ауылына қарай жол тартқан көшіңіз көлікті болсын демекпін. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Астана

4159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9037

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7213

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4952

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4339

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4302

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4263

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3997

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3990

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы