• Тұлға
  • 10 Наурыз, 2011

Зұлмат жылдар құрбаны болған Алаш қайраткері Хасан Нұрмұхамедовтің күреске толы ғұмыры хақында

d0b0d0bbd0b0d188Алаш қозғалысы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс болғаны белгілі. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесінің енуі; қазақ жерінің орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялануы; осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі; қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы; дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді.

Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла қажет болды. Ең маңыздысы, халыққа оның алдында тұрған негізгі мақ­сат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп, оны заман талабына сай күрес құ­ралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күшке сұраныс үлкен еді. Ал ондай саяси күштің басында Алаш қайраткерлері тұрды. Өткенге көз салу оны бүгінмен, бола­шақпен байланыстыру – оқуы мен мәдениеті өскен елдің белгісін білдіреді. «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы мемлекет үшін қажетті саяси-әлеуметтік, экономикалық және құқықтық атрибуттарды қалыптастыруды қажет етті. Алаш қайраткерлері бұл салада да өнімді еңбек етті. Олардың қазақ ұлтын ұйымдастырудағы, оятудағы бірнеше жылдық пәрменді әрекеттерінде жоғарыда аталған қажеттіліктер көрініп жатты. Мемлекеттің іргесін қалау мәселелері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Шоқайдың, Ж.Дос­мұхамедовтің, М.Дулатовтың және т.б. Алаш зиялылары жазған еңбектері мен атқарған істерінен айқын аңғарылып жатты. Бірінші орыс революциясы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылдың ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде қазақ комитеттерінің пайда болуы, күзіне қарай Түркістан автономиясы және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болды. 1917 жылдың ақпан айында патша­ның тақтан құлауы Ресей империясы құрамында болып келген халықтардың ұлттық қозғалыстарының өрлеуіне орасан зор ықпал етті. Қазақ халқының көш­басшысы болған зиялылар жаңа қоғам құру сәті келгенін айқын түсініп, жаңа жағдайдағы саяси күрес жолына шықты. Сол жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көп­­теген облыс-уезд орталықтарында ай­мақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ коми­теттері құрыла бастады. Оралдың жекелеген өкілдері уақытша үкіметтің жергілікті ор­гандары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді. Сондай-ақ қазақ съездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) қа­лаларында болды. Қазақ съездерін өткі­зуге ұлт зиялылары Ә.Бөкейханов, М.Ду­латов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Ғаб­басов, Р.Мәрсеков, А.Байтұрсынов, Х.Дос­мұхамедов, Ж.Досмұхамедов, т.б. белсене кірісті. Орал облыстық қазақ комитеті – Жайық өзенінің сол жағалауын қоныс­танған қазақ ауылдарын басқару мақ­сатында құрылған атқару органы. Атал­ған комитет 1917 жылғы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өткен Жа­йық сырты қазақтарының 1-ші съезінде бұрынғы Жайық сырты бөлігін басқару жөніндегі уақытша комитеттің орнына құрылды. Комитетке мүше болып Ж.Досмұхамедов, Ы.Тоқберлиев, Х.Тасымов, Т.Сарбөпиев, Е.Мұқанов, Д.Сәрсен­баев, Ғ.Әлібеков, Д.Күсепқалиев, Б.Жан­қадамов, Р.Қар­жаубаев, Д.Жұлдызов, Х.Дос­мұ­хамедов, Ы.Топаев, Е.Әбенов, К.Жәленев, Ғ.Есенғұлов, С.Қаратілеуов, Б.Жұмағалиев, С.Омаров және Б.Тілепин сайланды. Комитетте 1-ші Орал облыстық қазақ съезінің Жайық сырты бөлігіндегі бұрынғы төрешіл-бюрократтық басқару жүйесін коллегиялық халықтық басқару жүйесіне ауыстыру жөніндегі шешімі­нен туындаған барлық қаулы-қарарды жүзеге асырумен шұғылданды. Орал қа­ласындағы, уездердегі қазақ қаржысына салынған жылжымайтын дүние-мүлікті есепке алып, қазақ пайдасына қызмет еткізу, елден ерікті жылу жинау, оқу орындарын ашу, жәрмеңкелер өткізу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, басқа қоғамдық ұйым-мекемелермен байланыс жасау ісімен айналысты. Орал облыстық 1-ші қазақ съезін ша­қырушылар оған мұқият дайындалды. Делегаттар арасында, Орал облысының уездерін айтпағанда, барлық болыстардың өкілдері болды. Съезді шақыру жөніндегі ұйымдастыру бюросы ол жұмысын бастаудан көп бұрын Ғұбайдолла Әлібеков төрағалық еткен Уақытша облыстық қазақ комитетін құрған болатын. Съезді кіріспе сөзбен ашып, оның төрағасы, екі орынбасарын және үш хатшысын сайлау жөнінде ұсыныс жасаған Ғ.Әлібеков болатын. Төрағалыққа Ж.Досмұхамедов сайланды. Жаһанша Досмұхамедов, съездің хат­тамасындағы мәліметтерге қарағанда, Томск округтік соты прокурорының қыз­метін атқарған. Ол съезд жұмыс істеген кезде Оралда демалыста жүрген болатын. Округтік сот орынбасары үлкен лауазым иесі болған. Оған Томск губерниясында­ғы саяси айдауда болғандар мен қамау орындарының үстінен қарау құқығы берілген болатын. Оның орынбасары болып Ғ.Әлібеков пен А.Қалменов, хатшылар болып Ғ.Жетпісбаев, Х.Ахметше және Н.Арғыншиев сайланды. Орал облыстық қазақтарының 1-ші съезі 1917 жылдың 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Қазақ съезіне 800-ден астам делегат қатысты. Съезд Орал қаласында қазіргі Ж.Молдағалиевтің ескерткіші тұрған жерде, бұрынғы цирк үйі болған орында өткізілді. Оған Байұлы, Әлімұлы, Жетіру өкілдері мен болыс басшылары қатысты. Съезд күндізгі сағат 12-де басталды. Съезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғ.Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Съезд делегаттарына өзіне көрсетілген сенім үшін алғысын айтып, Ж.Досмұхамедов қазақ халқының бос­тандығы мен тәуелсіздігі үшін құрбан болғандарды еске түсіріп, мұсыл­мандық рәсім жасауды ұсынды. Жаһаншаның халық алдындағы алғаш рәсімі ата көрген, парасатты, халқының әдет-ғұрпын сақтай алатын жан екенін көрсетіп берді, съезд деле­гаттары бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Съезге қатысқан халық Ақпан төңкерісін қуаттап, Уақытша үкіметтің бас­­шысы князь Львовқа, Мемлекеттік Ду­маның төрағасы Род­зянкоға, Петро­град жұмысшы және солдаттар депутаттары­ның Кеңесіне, Әділет ми­нистрі Керенскийге құттықтау жеделхат жібереді. Съезді Уақытша үкіметтің Оралдағы комиссары Григорий, Бизьянов, жергілікті татар қауымының өкілдері құттықтады. Орал облыстық 1-інші съездің 1917 жылғы 19 сәуір күнгі мәжілісінде үш мәселе талқыланды: Мемлекетті басқару туралы; Уақытша үкіметке және жүріп жатқан соғысқа көзқарас туралы мәселелер. Орал облыстық 1-ші съездің 2-ші күні (20.04. 1917 ж.) аграрлық мәселелерді талқылауға арналды. Съездің үшінші күні (21.04.1917 ж.) Халел Досмұхамедов және Жаһанша Дос­мұхамедовтердің облыстың қазақ аудандарын басқаруды қайта құру жөніндегі бағдарламасы мен «Орал облысы далалық бөлігін басқарудың Уақытша ережелері» талқыланды. Біріншіден, аталмыш ереженің 100-бабында іс жүзінде ауылды, уезді және облысты басқаруға тиісті өкіметпен ат­қару органдары жүйесін құрудың және оны іске қосудың нақтылы нұсқаулары анықталған болатын. Жаңа өкімет өзінің мәні жөнінен азаматтық болуға тиіс еді, ескі мемлекеттік аппарат түгел қиратылу­ға жатты. Жергілікті өкіметпен басқару органдарының барлық салаларының құ­рылымы мен міндеттерін осыншама жан-жақты анықтау осы мәселелерді теориялық тұрғыдан да, практикалық жағынан да шешуге қабілетті зиялы күштердің Орал облысында жеткілікті екендігін көрсетті. Екіншіден, осы уақытша ережелерді даяр­лау қазақ автономиясына деген құл­шыныстың бір көрінісі еді. Бұл пікірді «Ереженің» тоғыз баптан тұратын «милицияны құру» деп аталған төртінші бөлімі дәлелдей түседі. Бұл бөлімде ауыл, село, болыс милициясының негізгі міндеттері анықталып, уездік милиция бастығының қызмет атқару тәртібі белгіленген, сонымен бірге милиция органдарының басқа өкімет құрылымдары арасындағы қарым-қатынас жолдары анықталған. Бір сөзбен айтқанда, 1917 жылғы көктемде «Орал облыстық қазақ съезі шешімдері арқылы» Жаһанша Досмұхамедов бас­қарған облыстық қазақ комитетінің басқа мүшелері 1918-1919 жылдары мемлекет­тік саяси құрылым ретінде өмір сүрген «Ойыл уәлаятының» қызмет жүйесінің негізін қалады. Мәжілістің әңгіме болып отырған үшінші күні делегаттар Бүкілресейлік мұсылмандар съезі туралы мәселені қарап, оған қатысу үшін Мәскеуге үш саяси қайраткер – Жаһанша Досмұхамедовті, Халел Досмұхамедовті, Ғұбайдолла Әлібековті және мұғалім Сұбхановпен қатар алты молданы – Хайыршы Ахметжановты, Хасан Нұрмұхамедовті, Хаж-Мрулибердиевті, К.Андабаевты, Х.Таржымановты, И.Байгуреновты жі­беру жөнінде шешім қабылдады [80]. Об­лысқа кеңінен танымал үш бірдей саяси тұлғалардың Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайлануы олардың Жалпыресейлік саяси қызметке араласу­ға шынымен қол созғандығын көрсете­ді. Осы Мәскеу сапарында Жаһан­ша Досмұхамедов айтарлықтай табысқа жетті. Ол, біріншіден, Бүкілресейлік мұ­сылмандар съезінде оның атқару комитетіне мүше болып сайланса, Бүкілресейлік демократиялық мәжілісте Ресей Респуб­ликасының Уақытша кеңесінің (предпарламент) құрамына енгізілді [81]. Съездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және шаруашылық-қаражат мәселелері қаралды. Орал облыстық қазақ съезі 1917 жылғы көктем айларында өткен басқа облыстық және уездік қазақ съездері сияқты қоғамдық-саяси өмірдегі елеулі оқиға болды. Осылайша Батыс Қазақстан облысында Алаштың аяулы ұлдары қоғам өміріндегі саяси өзгерістерге талдау жасай отырып, қазақ халқының болашақ тағдырын шешуге білек сыбана кірісті. Осындай Алаш қайраткерлерінің бірі өзінің ақырғы демі біткенше елінің бо­лашағы жолында қызмет еткен Алаштың аяулы ұлы – Хасан Нұрмұхамедов еді. Хасан Нұрмұхамедовті тергеу хаттамасы Гурьев қаласының округтік бөлімінде 1937 жылы 25 сәуірде толтырылған. Бұл Тергеу хаттамасы бойынша – Хасан Нұрмұхамедов 1861 жылы дүниеге келген. Оның паспортының нөмірі – АЕ122391, Тайпақ аудандық КМ 6.12.1936 жылы берілген. Бұл паспортында Хасан Нұрмұхамедов бұрынғы Қызылқоға ауданында (Батыс Қазақстан облысы) молланың жанұясында дүниеге келген, ұлты – қазақ, СССР азаматы деп көрсетілген. Негізгі тұрағы Ойыл ауданы, №1 ауыл делінген. Отбасылық жағдайы – үйленген, жақындарынан туған-туысы Хұсайын Нұрмұхамедов, ол Тайпақ ауданында тұрады және еш жерде жұмыс істемейді делінген. Баласы Мұхамбет Шек­тібаев Ойыл ауданының №1 ауылында аудандық жер бөлімінде жұмыс жасайды деп көрсетілген. Мүліктік жағдайы және әлеуметтік тегі бойынша, ата-аналары кедей адамдар. Революцияға дейін 60-70 қойы, 7-8 түйесі, 3-4 сиыры болған. Білімі – жоғары, 1901 жылы Бұхара қаласының діни мектебін бітірген және негізгі мамандығы молла делінген. Пар­тиялық мәліметінде еш жерде болмаған. Қазан төңкерісіне дейін еш жерде сотталмаған, тек 1930 жылы мемлекеттік салықты төлемегені үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Осы тергеу хаттамасында Хасан Нұрмұхамедов өзінің 1901 жылы Бұ­ха­радағы оқуын аяқтап келген соң, Қызылқоға ауданында молла болып қыз­мет атқарғанын, Қызылқоғада өзінің жеке мешітін ашқанын айтады. 1905 жылы молла деген діни атақты алу үшін Санкт-Петербург қаласына келіп, дінбасы Алексей Павлович Игнатьевтің қабылдауында болып, оған өз өтінішін білдіреді. Бірақ оның бас молла атағын алу ұсынысы қанағаттандырылмайды. Ал бас молла атағы оған 1923 жылы Совет үкіметінің кезінде Ойыл діни жиналысында беріледі. Осыдан соң, яғни 1923 жылдан 1930 жылға дейін Ойыл облысында молла қызметін атқарғанын айтып, 1930 жылдардан кейін бұл қызметтен бас тартқанын айтады. Себебі моллаға ешкім сенбейтін болды және мешіт мектептен және басқару жүйесінен алыстатылды. Осыған байланысты «мен моллалық қызметімді аяқтадым» деп көрсетілген. Бір айта кетерлігі, мұрағаттағы Хасан Нұрмұхамедовті негізсіз айыптаған екі томдық қылмыстық ісімен танысу барысында ол кісінің жеке бас суретінің қолды болып кеткеніне көз жеткіздік. Осы тергеу хаттамасы негізінде тұт­қындалған Хасан Нұрмұхамедовке бірне­ше сұрақтар қойылған, соның бірі 8 мамыр, 1937 жылы еді. Сұрақ: Сіз Ойыл ауданында тұрып, Гурьев округіне қашан және қандай мақсатпен келдіңіз? Жауабы: Мен, Хасан Нұрмұхамедов, Гурьев округіне 4 рет келдім: 1) 1933 жылы келу мақсатым, жа­қын-жуықтарымнан экономикалық кө­мек алу үшін, себебі менің материалдық жағдайым өте ауыр болды. Осы сапарымда мен Мақат промыслында тұратын туысым Исмағамбетов Дәулетиярдың үйінде болдым және Доссор промыслында Нұрышев Изембайдың және т.б. адамдардың үйінде болдым. 2) 1935 жылы Гурьев қаласында болып, Мақат-Доссор промыслдарынан манифактура және т.б. заттарды сатып алдым. Осы келген сапарымда Гурьев қаласында тұратын Ибрашев Қазмұханның үйінде болдым, ол бұрынғы Алашорда мүшесі және оның әйелінің әкесі Ұрықбаев Есіммен кездестім. 3) 1936 жылы Гурьев қаласына Мақат- Доссор промыслдарында болдым, Мақат­та өзімнің туысым Текешев Қалимен, ал Доссорда Нұрсұлтанов Сахитжанмен, Гурьевте Сарбөпеев Бекмұратбетпен жолықтым. 4) 1937 жылы Гурьев қаласына емделуге келдім, бұл қалада менің қызым тұрады. Осы сапарда Мақат промыслында Текешов Қалимен және бұрынғы Алашорда мүшесі Исмағамбетов Қабылбай, Санбаев Хамза, Таярдиев Алдаберген, Бисенбаев Нұрғали және т.б. кездестім. Ал Доссор промыслында Бөреханов Ақберген, Слыхов Абдолламен кездестім, онда бірнеше күн болдым. Осыдан соң Гурьев қаласына келдім. Алдияров Қуаныштың, Сарбөпеев Бекмұхамбеттің және балық комбинатында Шинбаев Айсамен, доктор Шұғайынов Халел, Бекбосынов Мырзағали және т.б. кездестім. Сұрақ: Гурьев округінен басқа Сіз Ойыл және т.б. аудандарда болдыңыз ба? Жауап: Иә, болдым. Сұрақ: Қандай аудандарда болдыңыз және сапарыңыздың мақсаты не? Жауап: 1936 жылы мен, Хасан Нұр­мұхамедов, Қаратөбе ауданына өз қы­зым­ның үйіне қонаққа бардым. Оның күйеуі Хабиболла Мәмбетов Қаратөбе сов­хозында жұмыс жасайды. Қаратөбе ауданында мен қонақта болып, көптеген адамдармен кездестім. Қазақ Қайырханбаев Өтеғали мен Досымғалидың, Жанасов Сәлімнің, Жәнібеков Мәулетқалидың, мұғалім Жазық­баев Макаримнің үйінде болдым, бұл адамдармен әртүрлі әңгімелер айтылды. Сұрақ: Сіз Беркінғали Атшыбаев деген есімді қазақты білесіз бе? Жауап: Иә, білемін, ол – бұрынғы Алашорда мүшесі. Сұрақ: Сіз қашан, қандай жағдайда Беркінғали Атшыбаепен таныстыңыз? Жауап: Мен Беркінғали Атшыбаев­ты Алашорда үкіметі құрылғанға дейін білемін. Онымен Алашорданың съез­дерінде делегат болған кезімде бірнеше рет кездестім. Міне, осы жауабынан Хасан Нұрмұ­хамедовтің Алашорда үкіметінің бірнеше съездеріне делегат болғандығын біле алдық. Атап айтсақ: Мәскеу қаласында өткен 1917 жылғы Жалпыресейлік Мұсыл­мандар съезінде, Орынбор қаласындағы 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығындағы Жалпықазақтардың 2-ші съезінде Хасан Нұрмұхамедов Жаһанша Досмұхамедов­­ті жақтап, Алаш автономиясын құруға да­­уыс береді. Орал қазақтарының Ойылда өткен 2-ші съезіне, Қаратөбеде өткен Орал қазақтарының 3-ші съезіне және Жымпитыда өткен Орал қазақтарының 4-ші съезіне Хасан Нұрмұха­медов қатысып, «Ойыл уәлаяты» атты құрылған Уақытша үкіметтің құрамына сайланады (авт. Д.Сүлей­менова). Хасан Нұрмұхамедов Алашорда үкі­меті таратылған соң, Беркінғали Атшыбаевпен байланыстарының үзілгенін айтады. Беркінғали Атшыбаевпен Хасан Нұрмұхамедов 1933 жылы Гурьев округінен келген кезде ғана кездескенін айтты. Мен 1933 жылы Мақат-Доссор промыслдары мен Гурьевке келген сапарымда машинамен Мақат промыслынан шығып, Эмбаға жол тарттым, орта жолда Қандыбай жерінде машина сынып тоқтап қалды. Осы жерге түнеуге тура келді. Осы жерде геологтардың зерттеу жұмыста­рын жүргізу тобының басшысы, геолог қызметін атқарып жүрген Беркінғали Атшыбаевпен кездестім. Келесі күні мен Беркінғали Атшыбаевпен бірге Ойыл ауданының Таңдыкөл территориясына барып, қазақ Жалмағамбеттің үйінде шай іштім, сосын мен Ойылға кеттім, ал Беркінғали Атшыбаев сол жерде қалды. Бұл менің Беркінғали Атшыбаевпен көп жыл өткен соң, бірінші кездесуім болатын. Менің Беркінғали Атшыбаевпен екінші кездесуім 1937 жылы Доссор промыслында болды. Бұл кездесуде мен Дос­сорда сыртта отырған едім, Беркінғали Атшыбаев келіп, менімен қол алып амандасты. Бірақ біз өзара ешқандай әңгіме айтқан жоқпыз. Сұрақ: Сіз Қаратөбе ауданында болған кезде Беркінғали Атшыбаевпен таныстығыңызды, оны көргеніңізді біреулерге айттыңыз ба? Жауап: Мен оны ешкімге айтқан жоқ­пын. Сізге бұдан басқа Беркінғали Атшыбаев туралы ештеңе айта алмаймын. Осыдан соң Хасан Нұрмұхамедовті тергеу ісі 1937 жылдың 21 шілдесіне дейін тоқтатылған. Келесі тергеу жұмысы 1937 жылдың 21 шілдесінен 11 тамыз аралығына дейін жүргізілген, тергеу ісі № 2368, латын әрпімен жазылған. 1937 жылдың 13 тамызында Хасан Нұр­мұхамедовтің тергеу ісі жалғасады. Бұл тергеу ісінде Хасан Нұрмұхамедовті контр­революцияшыл ұлтшылдар ұйымы­ның мүшесі және контрреволюциялық істер­ді жалғастырушы ретінде айыптайды. Сұрақ: Сіз ұлттық контрреволюция­лық ұйымның мүшесісіз бе? Контрреволюцияшыл ұйым туралы, оның қызметі туралы айтыңыз? Жауап: Мен, Хасан Нұрмұхамедов, контрреволюциялық ұйымның мүшесі болған емеспін және контрреволюцияық ұйымның Қазақстанда бар екені жөнінде ештеңе білмеймін. Сұрақ: Сіз тергеуге шындықты ай­туға тиіссіз, тергеу органына контр­ре­волюциялық-ұлттық ұйымның мүшесі болғаныңыз белгілі, оның тапсырмаларымен Батыс Қазақстан облысында белсенді контрреволюциялық іс-әрекеттерді жүр­гіз­генсіз, енді сол туралы шындықты айтуыңыз сұралады? Жауап: Қайталаймын, мен – Хасан Нұрмұхамедов, контрреволюциялық ұйымның мүшесі болған емеспін және контрр­еволюциялық іс-әрекетпен айналысу туралы ешкім маған тапсырма, нұсқау берген жоқ. Өздеріне керекті оңтайлы жауапты ала алмаған тергеушілер келесі сұрақта­рын жасанды жауапқа сай етіп қойып отырған. Бұл жерде екі нәрсе белгілі. Бірі, төмендегі берілген жауаптардың Хасан Нұрмұхамедовке тиесілі еместігі, оның қолдан жасалғандығын аңғаруға болады. Екіншіден, төмендегі жауаптар мойындату бағытында жазылған. Сол себепті жа­уап берудегі мойындатқызу әрекеті анық көрініп тұр. Сұрақ: Сіз шындықты айтудан бұл­тарып отырсыз, Батыс Қазақстан облысы территориясында белсенді түрде контрреволюциялық-ұлттық бағыттағы іс-әрекетті толықтай жүргіздіңіз, сондықтан қарсыласуды тоқтатып, толықтай шын­дықты мойындаңыз? Жауап: Мен, Хасан Нұрмұхамедов, жоғарыда айтқанның бәрін мойындаймын. Мен советтік жүйеге мүлде қарсымын. Сондықтан контрре­волюциялық үкімет құрған Алашордашылардың белсенді мү­шесімін. Осы негізде белсенді діни топтарды Совет үкіметіне қарсылық көрсетуге ұйымдастырдым. Ойыл ауданына айдауға жіберілген жерімнен бұрынғы Батыс Қа­зақстан облысының Гурьев округіне, Дос­сор промыслына, Қаратөбе аудандарына барып, өз еркіммен контрреволюция­лық ұлттық негіздегі іс-әрекеттерді жүргіздім. Осы бағытта кеңестік билікке қарсы контрреволюциялық-ұлттық іс-әре­кет­тер­ді жақтайтын ұлтшыл элементтердің басын біріктірдім. Менің осы іс-әрекетімнің нәтижесінде Батыс Қазақстан облысында контрреволюциялық-ұлттық топ құрылды. Осы топтың негізгі міндеті: біріншіден, Кеңес үкіметіне қарсы белсенді күрес жүргізу және Алашорда үкіметінің идеясын насихаттау; екіншіден, өз алдымызға бөлек қазақ буржуазиялық мемлекетін құру; үшіншіден, діни іс-әрекеттерді жолға қойып, оны нығайту. Осы бағытта контрреволюциялық-топтардың мүше­лері контрреволюциялық-ұлттық насихаттарымен және белсенді түрде діни уағыздарды жүргізуге тиіс болды. Осы бағытта контрреволюциялық-ұлттық іс-әрекеттерді жүргізуге Совет өкіметіне қарсы элементтерді өз қатарына тартуға тиіс болды. Сұрақ: Сіздің бастамаңызбен Батыс Қазақстан облысында аталған контрре­волю­циялық-ұлттық топ құрылды ма және осы топтың мүшесі болған адамдарды атап беріңіз? Жауап: Аталған контрреволюциялық-ұлттық топтар Батыс Қазақстан облысында менің бастамаммен құрылды. Контрре­волюциялық-ұлттық топтың мүшелері: Қаратөбе ауданының бұрынғы молласы Жазықбаев Макарим молланың ұлы Утегалиев Жұмағали, ұлтшылдар Тастенов Берек және Тастенов Сейтқали. Аталған адам­дар контрреволюциялық-ұлттық топтың алдына қойған мақсат­тары туралы өз аузымнан естіп, өз ке­лісімдерін берген болатын. Мен құр­ған контрреволюциялық-ұлттық топ­тың барлық қызметіне мен, Хасан Нұр­мұха­медов, өзім басшылық жасадым. Сұрақ: Контрреволюциялық-ұлттық іс-әрекетке Жазықбаев Макаримді, Өтеғалиев Жұмағалиды, Тастенов Берек пен Тастенов Сейтқалиды қандай жағ­дайда, қалайша ұйымға тарттыңыз? Жауап: Бұл 1936 жылдың көктемінде болды. Мен Ойыл ауданынан Гурьев округі Доссор промыслындағы алыс туысым Тастенов Берекке келдім. Бұл келуімнің себебі контрреволюциялық-ұлттық қызметті жүзеге асыру еді. Тас­тенов Беректің үйінде болған кезде Тас­тенов Берек және оның ағасы Тастенов Сейтқалиді діни және ұлттық тақырыпқа әңгімеге тарттым. Әңгіме барысында Тас­тенов Берек те, Тастенов Сейтқали да контрреволюциялық-ұлттық топтың мү­шесі болуға келетін адамдар екенін түсініп, ашық түрде контрреволюциялық-ұлттық ойларымды және Алашорданың идеяларын жүзеге асыру керектігін түсіндірдім. Мен Доссорға келіп жатқан кезде өзінің ағасының қайтыс болуына байланысты Доссорға Қаратөбе ауданынан Қаракөл болысы молланың баласы Өтеғалиев Жұмағали да келді. Контрреволюция­лық-ұлттық қызметке тарту үшін Тастенов Сейтқалиға Өтеғалиев Жұмағалиды қонаққа шақыруды тапсырдым. Тастенов Сейтқали менің тапсырмам бойынша Доссорда балабақшаны басқаратын Нурумов Сесеннің үйінде тоқтаған Өтеғалиев Жұмағалиды қонаққа шақырды. Тастенов Беректің үйіне жиналғаннан кейін мен дін, мұсылмандардың бұрынғы өмірі, орыс­тардан бөлек жеке мемлекетінің болға­нын, мұсылман мен орыстың жауласуы қажет екенін Құранның сүрелерін негіз­ге ала отырып айттым. Дін туралы әңгіме бастау арқылы бірте-бірте қазақ халқы­ның тарихын айтуға көштім. Мен тарих­тағы түрлі хандар туралы, соның ішінде Шыңғыс ханға тоқталып, жеке хандық кезінде қазақтардың қазіргіге қарағанда жақсы өмір сүргені туралы, т.б. айттым. Өз әңгімемде Алашорда туралы да айтып кеттім. Мен өзімнің контрреволюциялық ойымды айтып, былай деп мәлімдедім: «Біз қартайдық, өмірден өтетін кезіміз жақын. Қазақ халқы үшін Алашордашылар бастаған күресті жалғастыруды сіздерге тапсырамын». Сол жерде Тастенов Берекке қарап былай деп нұсқау бердім: «Сен, Берек, алашордалықтар секілді Қазақ халқы үшін аянбай күрес жүргізуің керек, сіздер Алашордашылардың армандарын өмірде жүзеге асыруларың қажет» дедім. Тастенов Берек, Тастенов Сейтқа­ли, Өтеғалиев Жұмағали да менің контрре­волюциялық-ұлттық ойларыммен то­лықтай келісті. Осы жоғарыда айтылған мәселелерден түйін жасайтын болсақ, Хасан Нұрмұха­медов дінбасы ретінде 1925 жылдан бастап қудалауға ұшыраған. 1928 жылы байларды тәркілеу мен діни қызметкерлерді жазалау жап­пай етек алған кезде Хасан хазіреттің мешіті тәркі­леніп, өзі істі болған. Сол жылы Тайсойған­дағы Ахмедияр Халфе, Еркінғали Ахон мешіті, Қарабала мешіті, Маман мешіті, Жайық бойындағы Тегісбай және Құспан, Ғабас, Мырзағали мешіттері, Толыбайдағы Хасан, Ғұбайдолла, Нарындағы Әйіп туған-туыстары және басқа да діни қызмет­керлер жаппай қуғынға ұшыраған. Қорыта айтқанда, Хасан Нұрмұхамедов 1937 жылы 21 маусымда РСФСР Қыл­мыстық Кодексінің 58-10 және 58-11-бабымен іс жасақталып, Орал абақтысына жабылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіп­сіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мұраға­тында Хасан Нұрмұхамедовтің ісінің 2 томдық ісі бар. Сол істің 1-томында П-1124-ші іс, №6 қорда Тұтқынның анкетасы сақталған. Бұл анкетада Хасан Нұрмұхамедовтің 1871 жылы туылғаны, туған жері Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, №1 ауыл деп көрсетілген. Оның негізгі тұрағы Ойыл ауданы, Ақтөбе облысы делінген. Оның әлеуметтік тегі: бай- молла, білі­мі – жоғары діни және 1930 жылы салық төлемегені үшін 5 жылға жер аударыл­­ған (бірақ қай жер екені көрсетілмеген.) Оның жанұясында: әйелі Нұр­мұ­хамедова Сахып – 47 жаста, баласы Шектібаев Мұхамбет – 22 жаста, Ойыл ауданында жер бөлімінде жұмыс жасайды деп берілген. Оның ағасы Хұсайын Нұрмұхамедов – 65 жаста, Тайпақ ауданында жұмыс істеп, сол жерде тұрады деп көрсетілген. Бұл анкетаның толтырылған уақыты 26 қараша 1937 жыл делінген. Хасан Нұрмұхамедовке тағылған айып­тың қаулысында былай деп жазылған: «Нұрмұхамедов Хасан – Батыс Қазақстан облысының ең беделді Мұхтасиб ла­уазымындағы хазірет. Ол – Совет үкіметіне қарсы жүйелі түрде контрреволюция­лық үгіт-насихат жұмысын жүргізу­ші. Ол контрреволюциялық күштерді топ­тастырған және мүшелікке жаңа адам­дарды тартып отырған. «Пан ислам» ұйымына мүшелер тартып, Жапон тың­шысы, ақ эмигрант басшысы Мұстафа Шоқай, Оразмағамбет Тұр­мұхамедовпен байланысты деп көрсетілген. Батыс Алашорда үкіметінің басшыларының бірі» деген бағытта айыпталған. Кеңес заманында жаппай саяси қу­ғындау діни оқыған зиялыларға өте ауыр тигені мәлім. Соның ішінде Хасан хазірет Батыс Қазақстан аумағындағы «Пан ислам» ұйымының «басшысы», «кө­семі» ретінде жазаланса, тек Атырау облысында 45 молда, 13 священник Хасан хазіреттің «ізбасарлары» деген желеумен атылып кетті. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығын­да тарихымыздың ақтаңдақ беттерін то­лықтырып, жаңартудың дәуірі келді. Орынсыз жала жабылып, жазықсыз жапа шеккен ұлт зиялыларының ақталып, олар­дың еңбектерінің рухани-мәдени, ғылыми айналымға қосылуы бүгінгі күнде жаңа­ша пайымдауды қажет етеді. Алашорданың Батыс бөлімінің бас­шылары Жаһанша және Халел Дос­мұ­хамедовтермен бірге ұлттық бірлік саясатын таңдап алған Хасан Нұрмұхамедов сияқты Алаш қайраткерлерінің ақтала­тын ақ күні туды. Алаш қайраткерлері қазақ ұлтын ұлттық тұтастық пен бірлікке шақыра отыра, осы идеямен қаруланған. Алаш азаматтары 1917-1920 жылдары аралығында аз уақытқа болса да ұлан-байтақ қазақ топырағында Алашорданың Батыс бөлімін құрып, миллион жарым қазақты біріктіріп, ел басқарды. Сөйтіп, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы нышандарын құрып беріп кетті. Тарих – адам баласының дәріс алар мектебі, оның жүріп өткен қасіреті мен қуанышының жиынтығы. Егер біз өткен тарихымызды қозғап таразыласақ, ол біреулерді айыптау, кінәлау, жек көру емес, керісінше, өзек өксіткен өткеннің өкінішін қайталамауға деген жүрекжарды жанайқайымыз екені сөзсіз.

Хасан Хазірет, Хасан Нұрмұхамедов (т.ж.б., Орал обл., Гурьев уезі, Тайсойған болысы – 1938) – Батыс Алашорда діни қайраткері, мұхтасиб. Тегі – Байұлына жататын шеркеш руы. Бастауыш ибтидай, орта рушдия медресесін аяқтағаннан кейін 1901 жылы Бұхара қаласындағы жоғары дәрежелі діни білім беретін Мір-Араб медресесін тәмамдаған. Тайсойған құмында медреселі мешіт ұстаған. Халел Досмұхамедов арқа сүйеген ықпалды адамдардың бірі. 1917 жылы Орал облысындағы дін мәселесі Орынбор дін басқармасына қаратылуына байланысты тағайындалған алғашқы мұхтасибтардың (ауд. көлемдегі дін ісін жүргізуші) бірі. 1917 жылы сәуірде Орал қаласында өткен I Орал облыстық қазақ съезінің делегаты. Осы жиында Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне Орал облысынан делегат болып сайланды. Сол жылы мамыр айында Мәскеуде өткен Мұсылмандар съезінен соң осындағы қазақ делегаттарының кеңесіне қатысып, кеңес қаулысымен 1917 жылы 1 тамыз – 10 қыркүйек аралығында Ташкент қаласында жалпықазақ съезін өткізуді қолдады. 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінің делегаты. Съезде Алаш автономиясын дереу жариялауды және автономияға Түркістан қазақтарын қосып алуды жақтап дауыс берді. IV Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылған «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің жанынан ойылдық мұхбар Сағидолла Ізтілеуовтің төрағалық етуімен ұйымдастырылған Дін істерін басқару жөніндегі комиссияның мүшесі, «Ойыл уәлаятының» Тайсойған, Бүйрек, Кермақас, Қызылқоға, Қарабау өңіріндегі мұхтасибы. Батыс Алашорда таратылған соң Уфадағы Орталық діни басқарманың алқауымен Тайсойғандағы мешітте діни істермен айналысты. 1925 жылдан бастап өзге діни қайраткерлермен бірге Кеңес өкіметі тарапынан қатаң бақылауға алынып, діни-рухани қызметіне шектеу қойылды. Уезд орталығы Гурьевке келіп, белгіленіп тұру талап етілді. Ақыры, 1937 жылы тұтқындалып, Орал қаласындағы ел аузында «Қырық тұрба» аталатын губерниялық түрмеге қамалды. «Маңғыстаулық мұхтасиб Хади Сұлтанов, белгілі Оразмағамбет молда Тұрмағамбетов, имам Әбі Өтемағамбетовпен бірлесіп жапон тыңшысына агент болды, ақ эмигрант Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысты» деген айып тағылды. Сонымен бір мезгілде Хасан хазіреттің туған-туысқандары және Қаражан Сарбөпиев, Нұғыман Хасанов, Мырзағали Иманғазиев, Қосмұқан Маманов секілді пікірлес, таныстары қудаланды. Белгілі «Хасан хазірет мешіті» бұзылып, жоқ етілді. Хасан хазірет КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясы «үштігінің» қаулысымен 1938 жылы ақпанда атылды (Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. «Арыс» баспасы, 2002 жыл).

Дәметкен Сүлейменова, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Орал

7801 рет

көрсетілді

88

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8997

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7188

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4929

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4314

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4280

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4238

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3971

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3968

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы