• Әдебиет
  • 08 Шілде, 2021

Мың қабат тарихы бар қазақпыз біз, Талай жыл өмір кешкен азат күнсіз...

Бақтықожа 
ІЗМҰХАМБЕТОВ

 

 

ОТЫЗ ЖЫЛДА ...

 

Кеттің-ау демен ашық тым,

Айтуға бәрін асықтым,

Жазғаны болды тағдырдың,

Құтылған одан қашып кім?

 

Көп жыл біз көп ұлты бар елміз дедік,

Кімдікі екенін ел елемедік,

Тіл де, дін де жойылып бара жатты,

Басқаға көшті әбден жер иелік.

 

Кеңестік бәрін жұрттың теңегенді,

Байды да, кедейді де деген еді,

Көп ұлттай, қазағым да сол дәуірде,

Өз жерінде дербестік көрмегенді.

 

Қырылып, қашып сыртқа азайғанбыз,

Тұншықтық қанымызға жанайқайсыз,

Ғасырлар сүрген өмір жерімізде,

Қақпай көрдік, талай жыл талайдан біз.

 

Ұлттық мүдде құндылық болмай қалды,

Баласы қазағымның сорлағанды,

Ойлағанның, осыны айтқан жұртқа,

Қамап, қорлап, азаптап, жанын алды.

 

Ренжіп қала ма деп, өзге халық,

Қиналғанда ештеңе сұрамадық,

Талайымыз тым-тырыс жан тапсырып,

Тіріміз жүре бердік, жылап алып.

 

Жасқаншақтық біртіндеп сіңді қанға,

Орын тиді жалпылдап, жағынғанға,

Дәуір жұтып рухын халқымыздың,

Қосылдық балшабектік ән ұранға.

 

Тәуір жерді басқалар алып алып,

Біз далада, ауылды сағаладық,

Айрылып бас көтерген алашыңнан

Қор болдың-ау сол кезде қайран халық.

 

Тың игеру дегенді бастан кештік,

Елге, жерге орнаған астаң кестік,

Жер біздікі игерген басқалары,

Жабусыз қалды жұртқа ашқан есік.

 

Көбейді елді мекен аты бөтен,

Өзгерді өгейленіп атамекен,

Талайлар көшіп бізге, толды жерге,

Бос қалған, қашып шетке, қазақ, елден.

 

Компартия қазақты қоймақ қылып,

Ауылда мал өсіріп, қой бақтырып,

Шығарып елу миллион меже деген,

Мойнымызға ілгенді мақтап тұрып.

 

Фариза апам, бірде сөз сұрап алып,

Деген екен, қорықпай, оқшауланып,

Қазақтар класымен қой баққанда

Кетпейді неге басқа шошқа бағып.

 

Кетпейтін шығар ұзақ естен әлі,

Ызғарлы сексен алты желтоқсаны,

Шыдамай озбырлыққа жаны күйіп,

Жастардың, қарсы шығып, бас қосқаны.

 

Жүрдік ұзақ, қараумен басқалардың,

Тұратын қабақ түйіп, қас-қабағын,

Бірге еске аламын, Есенғали

інімнің «Қара бауыр қасқалдағын».

 

Дейтінбіз дүниеден озғандарды,

Алланың өзі берді, өзі алды,

Тәуелсіздік сыйлады, дәл осылай

Одақтың күні бітіп, бұзылғаны.

 

Әлі тұр сол күндердің көлеңкесі,

Келгендер болғысы кеп жер иесі,

Жалаңаяқ  жеткенді, енді міне,

Аз болғандай жинаған дүниесі.

 

Тілсіз, дінсіз қалғанда ұлт жойылар,

Осыны әлі де көп ұқпағандар,

Біреулердің соңынан шапқылаған,

Бұралқы иттей болып, сыртта қалар.

 

Тоқтайын, бәрін теріп, қазбаламай,

Өтті ғой, басымыздан заман талай,

Үстіне бұлт үйрілмей еліміздің,

Қазағым жүргей аман әрі қарай.

 

Қандай қымбат екенін қазір білдік,

Ғасырлар қол жетпеген тәуелсіздік,

Еске сақтап жүрейік, екендігін,

Құны бар әр күніңнің мың бір күндік.

               

Тұрайық сақтай біліп арымызды,

Сынауда,сырттан қарап, әр кім бізді,

Ұзақ жыл көлеңкеде жүргеннен соң,

Жатыр ғой жаңа танып халқымызды.

 

Қамқоршы жоқ қазақты жетектеген,

Көп болды, дос еместер, көктеп кірген,

Ақтабан шұбырынды жылдарда да,

Қазағым жолын тауып, өтіп келген.

 

Біз халықпыз ешкімге ұрынбаған,

Кезіміз жоқ біреудің жібін алған,

Қазаққа бергей ғұмыр ниетіне,

Осыны тілейміз біз бір Алладан.

 

Өкпе емес, тап шындық айтқандарым,

Табасың тарих бетін ашсаң бәрін,

Бақытын көру жазғай бізге алда,

Тәуелсіз боп, қайтадан атқан таңның.

 

Кезең өтіп, шыбын жан шырылдаған,

Ұмытылып бара жатыр зұлым заман,

Отыз жылда өзгерді ел, халқымыз,

Күтейік болашақты бұзылмаған.

***

Жазғандар көп тарихын Шыңғысханның,

Мұражай, жылнамадан жинап бәрін,

Тереңірек ойланып, оқығанда,

Байқадық бұл тарихта көп сыр барын.

 

XIII ғасырда Жалилиддин,

Айдан анық жазыпты ашық әбден,

Шыңғысханның тегінің кім екені,

Белгілі болды өзгертіп, жасырғанмен.

 

Тарихын Шыңғысханның ең көп жазған,

Жалғастырып ұрпағын, Басилий Ян,

Терең зерттеп, іздеген болса керек,

Дерек көп, келтірілген басқалардан.

 

Батый атты кітаптан аңғарасыз,

Сөздерін айтқан оның аудармасыз,

«Бәрекелді» дегенді жиі айтқан,

Оқыңыз талайына таңғаласыз.

 

Кітаптарын Ян жазған алсақ қолға,

Тақырыпты бұрғанмен моңғолдарға,

Қаған емес, хан болған басқарған ел,

Қазақ атын көресің әр жолдарда.

 

Жазғандар бір шындықты аңғармаған,

Моңғолда ешбір заман хан болмаған,

Шыңғысхан, Жошыханды, Батуларды,

Жазғандар, моңғол қылып, қайдан алған?

 

Төре деген рудан шыққан бәрі,

Хандардың ел билеген, қазақтағы,

Шыңғысханның тегінен тарағанды,

Дейді бізде әлі де Хан ұрпағы.

 

Керей, Найман аталар аттары да,

Ерекше, орын жиі тапқан мұнда,

Күмән жоқ, туып, өсіп Шыңғысханның,

Қазақтың шығысында жатқанында.

 

Тарихына ешкімнің ұрынбадық,

Шындықтан, бірақ талай, біз құр қалдық,

Халқымыздың сан ғасыр өткен жолын,

Енді ғана келеміз біліп анық.

 

Тарихы, тілі, діні, жойылғанда,

Қалмаған ұлттық сезім талай жанда,

Аты-жөні өзгеріп, соры қайнап,

Кетіпті басқа халық қармағында.

 

Жаугер заман талайлар бастан кешкен,

Біреу жеңіп, біреулер өшпендескен,

Бергісін, таяқ жеген кейбір халық,

Тарихты етпек  болған астаң-кестең.

 

Қояйын мұнан әрі қазбаламай,

Ашылар талай шындық әрмен қарай,

Ойланып оқысақ та жетер әзір,

Біреулерді бермесін ой мазалай.

Мың қабат тарихы бар қазақпыз біз,

Талай жыл өмір кешкен азат күнсіз.

Қыспақ, қақпай көрмейтін күнге жеттік,

Заманға өмір сүрер қасіретсіз.

 

Тарихын халқымыздың іздеп жүрміз,

Өзгермеген шындықты білсек дейміз,

Қорқытпақ ойымыз жоқ өткенменен,

Бейбіт, тыныш, қайғысыз күн кешкейміз.

 

АНАМ МЕН ЖҰМЕКЕН

 

Жұмекен елге ақын, аға маған,

Менің де «Ақ шағылда» ізім қалған,

Жұбайына сан рет деген екен,

Әсима апам мені арқалаған.

 

Анамнан естігенмін мен де мұны,

Арқалағам дейтінді Жұмекенді,

Көрші болып, өскенін бір ауылда,

Еске түсіріп, айтатын сол күндерді.

 

Талайын тыңдағанмын есте қалған,

Жинаған сол жақтағы аңыздардан,

Ашақ сорда қазанмен төңкерілген,

Ақынның әкесінің ізі қалған.

 

Дина күйші сол кезде күй тартыпты,

Қона жатып, маңайдан, жинап жұртты,

Анама да қоныпты сондай өнер,

Ел білген күйші болды құдіретті.

 

Ақын да асқан күйші болып еді,

Қол соққан, тыңдап талай, төңірегі,

Жарысқанда күй сазы жыр шумақпен,

Ақындық күйшілікке жол бермепті.

 

Өткізген бірге жүріп талай жасты,

Болып кеткен жылдар жан жолдасы,

Ілулі тұр орталық мұражайда,

Анамның шерткен қара домбырасы.

Әкесі де, өзі де,  өтіп жалғыз,

Жұмекен ерте көктен аққан жұлдыз,

Ән ұраны елімнің шырқалғанда,

Бар қазақ, жүрек ұстап, тік қаламыз.

 

Аталған жас кезінде күйші келін,

Арқалаған қазақтың Жұмекенін,

Динаны көре қалған домбырашы,

Анамның білсін дедім кім екенін.

 

БІТПЕГЕЙ ІС ...

 

Жалғасумен бір іске бір ісіміз,

Тоқтамайды күндегі жүрісіміз,

Қашан бітпек, бұл шаруа, жұмысымыз,

Ойланып қалам кейде тұрып үнсіз.

 

Білмеймін жаратқан ба беймаза ғып,

Өмірде заң ба әлде диуаналық,

Көңіл кетсе қаңғырып, таяқ ұстап,

Жүремін уақытыма сыймай қалып.

 

Аз ба, көп пе тірлікте бітіргенім,

Тынымсыз жүгіргеннің бірі менмін,

Жүрейін деп қасында біреулердің,

Ергенім жоқ артынан кім көргеннің.

 

Өтіп жатыр күн жетпей, түн қысқарып,

Көрмеппін отырып бір, тынышталып,

Бір досым бар, мен соған еліктеппін,

Жүретін, жұмыс жоқта жұмыс тауып.

 

Әлденені, дамылсыз, түнде, күндіз,

Жоғалтпай-ақ ештеңе, іздейміз біз,

Үмбетбай Уайдин аға айтқандайын

Бітбегей тырп-тырп жүріс, істейтін іс.

 

 

1460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы