• Әдебиет
  • 26 Тамыз, 2021

ЖАНКЕШТІ

Тұрсын Жұртбаев!.. Осы бір есімді көзі қарақты жұрт өте жақсы біледі десек, бұл әсте артық айтқанымыз емес, құрметті оқырман! Себебі, сан қырлы талант иесі ол қазақ баспасөзінде білікті журналист, көркем әдебиетте көрнекті қаламгер, өнер әлемінде білгір сыншы атанған жан. Ал туған тарихымыз саласында атқарған жанқиярлық еңбегі ше? Қадым ғасырдан қазіргі заманға дейінгі ол тауып, жазған тақырыптар тіптен ғажап! Керемет! Мұны қысқа да нұсқа түрде түсіндіріп, көзге елестетер болсақ, былай. Ғалымның бұл ұлан-ғайыр жұмысы геология ғылымының құдды бір жер рельефі деп аталатын қыртысын ашып, қопарып тапқан қабат-қабат қазына белдеулеріне ұқсайды. Иә, солай. Жалпы ол қолға алып атқарған тақырыптар өте үлкен. Ауқымды. Кең де күрделі. Сондықтан да біз сөз еткелі отырған талант иесін «глыба», яғни болмыс-бітімі көп қатпарлы, қалың қыртысты, жүлгелері құж-құж құймалардан тұратын алып жартасқа теңегеніміз жөн шығар, сірә.
Осы арада атап айтар бір жайт бар. Ол – кейіпкеріміздің жоғарыдағы сан қырлы талантының арқасында өмірге келген әмбебап еңбектерін үлкенді-кішілі ғылым өкілдерінің жұртшылыққа жеткілікті жазып, көрсетіп келе жатқанында. Сондықтан төменде біз мәселенің бұл жағына бармаймыз. Керісінше, курстас, замандас, досымыздың осы күнге дейін ел көп біле бермейтін жақтарын сөз етіп, соларды қаузап көрсек дейміз. Ол – оның өмірі. Өмірі болғанда да ащы, аянышты тағдыры. Содан соң... Сөз етпек болып отырған жанның басынан өткен қиындықтар... Кедергілер... Соған қарамай бойынан жігер мен қайрат атты құдіретті күшті таба отырып, Қазақ елі руханиятындағы Толағай секілді тау көтерген жанкешті тірлігі.
Сонымен...

***

Оның аты-жөнін біз, абитуриенттер кездейсоқ естіп-білдік. Оған себеп болған «Лениншіл жас» газетінің 1969 жылдың 31 шілдесіндегі нөмірі еді. Сондағы «Тұсаукесер» айдарынан кейін алдымен көзімізге түскені түбіт мұрт бозбала бейнесі болды. Одан соң қос бағанаға орналасқан өлеңдер топтамасы және «Тұрсын Жұртбаев» деген фамилия көзге шалынды. Аңдатпада жас талапкердің Семей облысындағы Абай ауданының Қызылту кеңшарынан екені, КазГУ-дің журфагына түсуге ниет етіп Алматыға келгені айтылыпты.

Сол күні әрқайсымыздың қолымызда киоскіден сатып алынған жоғарыдағы газет бар біздер университет алдында көп тұрғанбыз. Ойымызда: «Суреті мен өлеңдері «Лениншіл жасқа» шыққан ақын жігіт абитуриенттер жиналатын осы хабарландыру тақтасы маңына келмес пе екен? Танысып, әңгімелессек» деген алғаусыз балаң көңіл, ізгі ниет еді. Бірақ ол бұл жерден бой көрсетпеді. Ал ертесінде, 1 тамызда емтихан басталды да оған сол айдың 18-іне дейінгі үш сынақ бірінен кейін бірі жалғасып, әркім өзімен өзі болып кеткені бар. Сөйтіп, ақыры 20 тамыздағы журфакқа қабылданған студенттердің тізімі оқылғанда: «Тұрсын Жұртбаев» деген фамилияны қайтара естігенбіз. Естіген бізде: «О-о-о! Ол да оқуға түскен екен ғой!» деп іштей қуанғанбыз. Содан көп кешікпей, оны студенттердің Талдықорған облысындағы ауыл шаруашылығы жұмысына апаратын автобус ішінде көріп танысқанбыз. Бірақ ондағы бір айлық күзгі жиын-терінде ол басқа бригадада болды да онша араласып кете алмаған едік.

Ал нағыз таныстық пен білістік... Иә, ол жаңа оқу семестрінің қарсаңында басталды. Жоғарыдағы ауыл шаруашылығы жұмысынан келгенде кураторымыз: «Жатақхана мәселесі бір апта ішінде шешіледі. Оған дейін ептеп-септеп күн көріп, сабаққа келе беріңдер» деген. Өкінішке қарай... Деканаттың бұл бағыттағы жасайтын жақсылығы бәрімізге жетпеді. Курсымыздағы 50 қыз-жігіттің ішіндегі 35-іміз жатақханаға қолымыз жетпей, пәтер іздеуге кірістік. Ол кезде КазГУ-дің бас корпусына кіре берер жердегі вахтер алдында студенттерге жалға үй, бөлме беретін қала тұрғындарының хабарландырулары жататын. Соған ентелеп жете бергенімде: «Саған да жатақхана тимеді ме?» деген дауысты естіп, жалт қарамаймын ба? Сөйтсем... Тұрсын! «Жоқ». «Олай болса, жүр! Қолымдағы мына хабарландыруда Виноградов пен Красиннің қиылысында екі адамдық бір пәтер бар дейді. Соны барып көрейік».

Әлі ұмытқаным жоқ. Ол Красин 105 деп аталатын еңселі ағаш үй еді. Қақпаны ашқан орыс әжей бізге бас изей амандасты да астыңғы жертөлеге алып кірді. Едені тақтай, шығыс жақтағы көшеге қараған тұста кіп-кішкене үш терезесі бар, ал қарама-қарсы қабырғада қос темір төсек пен екі орындық, бір үстел қойылған құрқылтайдың ұясындай құжыра екен бұл. «Ең бастысы автобус тосып немесе сабақтан қалып қоямын деп абыржымайсыңдар. Өйткені бұл жер университетке тиіп тұр. Жаяу барып келулеріңе өте ыңғайлы» деген үй иесінің сөзінен кейін біз бұған келіскендей болдық. Сөйттік те, сөмке, рюкзактарымызды төсек үстіне қоя бастадық.

Содан не керек, әлгі пәтерге тұрғаннан бастап Тұрсын екеуміздің жұбымыз жазылмайтын болды. Университетті бетке алып, ондағы аудиторияға кіру. Үзіліс арасында Бас почтаға барып, ауылдан хат келді ме деп сұрау. Асханада тамақтанып, қосымша сабаққа қатысқаннан кейін кітап дүкендерін аралау. Ал кешке жертөледегі сықсиған шам түбінде отырып семинарға дайындалу. Одан бір сәт сергу үшін түнгі Алматыны көреміз деп сол төңіректегі академия мен Опера және балет театры алдындағы алаңдарға барып серуендейтініміз тағы бар. Міне, соның бәрінде әңгімеден аузымыз бір босамайды. Сөздің қысқасы, алғашқы айлардағы сол сырласудан ол туралы ұққаным мынау. Әкесі малшы болыпты. Қазір зейнеткер екен. Ал анасы өте ерте көз жұмыпты. Аз ғана ғұмырында 12 құрсақ көтерген ғазиз жанның қазақ әйеліне тән жігері мен төзімділігі-ай десеңізші!.. Өмірде ұрпақ қалдырамын деп тағдырмен тайталасқанда жарық дүниеге әкелген жоғарыдағы бейкүнә ғайып құстарынан қалғаны әпкесі Айымхан мен өзі және Төлеу атты қарындасы ғана екен. Қалған 9-ын қатыгез қара жер мен ашкөз ажал өзінің суық құшағына алып кете барған.

– Әкем мен әпке-қарындасым үшеуі қазір ауылда, – деді ол алғашқы әңгімесінің соңында ауыр күрсініп.

– Анам ерте қайтыс болды дейсің. Сонда ол кісі сенің есіңде ме? Сөйлеген сөзі немесе бет-бейнесі дегендей... Сол кезден көз алдыңда нендей өмір суреттері сақталып қалды деп ойлайсың? – деймін мен жүрегім сыздап.

– Неге есімде болмасын. Анам бақилыққа аттанарда мен жеті ж­астамын ғой. Аты Хадиша еді. Ол кезде кеңшардан қашық, жапандағы жалғыз қыстауда тұрамыз. Сондағы екі оқиғаны ұмытпаймын. Біріншісі, шешемнің қора төңірегіндегі алабота ішінде ойнап жүрген мені көріп, ұзақ қарап тұрғаны. Содан соң жаныма келіп: «Жарығым-ай! Әкең екеуміздің көргенімізді Құдай ешкімнің басына бермесін. Енді сенің жолың ашық болса екен» деп құшағына қысып ұзақ жылағаны. Сөйтсем, ол кісі қатты ауырып жүр екен ғой. Екінші жағдай да жадымда. Анамның төсек тартып жатып қалғанына көп болған. Сонда көңілін сұрап келген қатарластарының бірі: «Бұл кеселге көк кептердің сорпасы ем дегенді естуші едік» деп қалғаны. Сол-ақ екен әпкем Айымхан екеуміз ал кеп қора жаққа жүгірейік. Өйткені онда не көп, нәпақасын науадағы жем қалдықтарынан тауып жүрген кептер көп. Соның бірі біз құрған тұзаққа түскенде қандай қуандық десеңші!

«Ішсем ішейін, – деді құс еті пісіп, әбден дайын болғанда шешем. – Балаларымның олжасы әрі мен жазылып кетсе екен деген үміті ғой. Ниеттеріңнен айналдым, жарықтарым!» Сөйтті де, кеседегі сорпаны қолдары дірілдей ұстап екі ұрттады. Қалғанын әпкем аузына қасықпен тамызды. Содан аз уақыттан соң ол кісінің маңдайы жіпсіп, маужыраған күйі ұйықтап кетті. Біз бұған қуандық. «Анамыз тыншыды. Енді жазылып кетеді» деп ойладық. Бірақ ол ғазиз жанның тіршілігіндегі соңғы ұйқысы екенін қайдан білейік...

Тұрсын екеуміз бірде көңілді, бірде көңілсіз жоғарыдағыдай әңгімелерді айтып, аш пен тоқтың арасындағы жағдайда сабаққа барып-келіп жүргенімізде, Алматыдағы алтын күздің мизамшуақ күндері де бітіп, қыс ызғары сезіле бастаған. Осыған байланысты қайтадан пәтер іздеуге тура келді. Өйткені біз тұрған жертөле жөнді жылымайды екен. Қараша айы басталысымен түнімен тоңып, дірдектеп шығатын болдық. Сондықтан үй иесінің үгіттегеніне қарамай, жаңа баспана тауып алуға әрекет ете бастадық. Нәтижесінде мен өзіммен бірге оқитын жерлесім Келеке Құсайыновтың көк базардағы автовокзал жақтан жалдаған пәтерінде бірге тұруға шешім қабылдадым. Ал Тұрсын өз жерлесі Несіпбек Айтовтың қала іргесіндегі Дружба поселкесінен тапқан үйіне баратын болды.

Екеуіміз осылай бөлініп кеткенімізбен, байланысымыз үзілмеді. Университетте бұрынғыша бірге жүреміз. Кітапханаға да бірге барамыз. А.С.Пушкин атындағы бұл руханият орталығы ол кезде Ленин мен Комсомол көшелерінің қиылысындағы ескі ғимаратта-тын. Екеуміз сабақтан босаған соң сонда барамыз. Сөйтеміз де одан іңір қараңғылығы түскенде әзер шығамыз. Бізді мұнда үйір еткен оқытушымыз Рымғали Нұрғалиевтің бір ауыз сөзі. «Онда барып көрдіңдер ме? – деген ғалым ағамыз лекция арасындағы үзілісте. – Кітапхананы айтамын да. Біріншіден, ол жер тыныш әрі жылы. Пәтерде тұратын көбіңнің жағдайларың жоқ екенін білемін. Сондықтан жалға алған суық үйде көгеріп отыра бермей, сабаққа сонда барып дайындалыңдар. Екіншіден, кітапхана астындағы асхана тамағы өте арзан. Мемлекет мұны әдейі солай істеп қойған. Ол аспиранттарға, сендер сияқты студенттерге кәдімгідей жеңілдік. Үшіншіден, демалыс күндерінде ондағы оқу залының артқы жағына жайғасып, жеке шығармашылық жұмыстарыңмен айналысуларыңа болады. Жазушы Мұхтар Мағауин ағаларыңды білесіңдер ғой. 3-4-курстарда ол кісі сонда барып әңгіме жазуды әдетке айналдырғаны бар. Мысалы, «Жұлдыздың» биылғы 2-ші нөмірінде шыққан «Әйел махаббаты» туындысын оқыған шығарсыңдар. Оны болашақ ж­азушы 1963 жылы сол кітапхана з­алында отырып жазып шыққан. Оған мен куәмін. Ал аталмыш әңгіменің кейіндеу жарық көруі ол енді әртүрлі жағдайға байланысты нәрсе».

Сөз деген жарықтықтың әсері күшті ғой. Оқытушымыздың жоғарыдағы әңгімесінен кейін ал кеп кітапхананы жағалайық. Оның оқырманы ретінде тіркеліп, оқу залдарына қарай аяқ басайық. Сөйтіп, алдағы семинар, коллоквиумдарға дайындалғаннан кейін мықшыңдап, «өз творчествомыз»: әңгіме, мақала, өлең жазумен айналысамыз. Сол кездері Тұрсынның мұнда отырып алып «Соқыр Есжан» және «Көшпелі сауық маймылы» деген көркем туындыларды жазғаны есімде. Соның алғашқысына тоқталар болсақ, оның қысқаша мазмұны мынадай. Аңшы жігіт. Буаз марал. Оны ату. Бейкүнә түз тағысы оққа ұшқанда мергенді аңның киесі ұрады. Содан қос жанарынан айрылған жігіт уақыт өте келе кеудеге жиналған мұң мен зардан дәулескер күйшіге айналады. Әңгімедегі мына бір әсерлі сөйлем де есімде. Ол шығармадағы: «Әу баста бұл бейбақ... Тау кезген аңшы еді. Тағдыр оны күйші етті» деген шығармадағы қорытынды тұжырым.

Кітапханадан кеш шыққан кейбір күндері Тұрсын Дружба поселкесіне бара алмай қалып жүрді. Өйткені қала шетіндегі ол елді мекенге 50-ші деп аталатын жалғыз автобус қатынайтын да жұмыс рейсін ерте тоқтататын. Ондағы соңғы айналымға іліне алмай қалған кезде курстасымыз автовокзал маңайындағы біздің пәтерге келіп қонатын. Тұрсын келген сондай кештің бірінде мен орыс әдебиетінің факультативті сабағындағы берілген тапсырманы орындап отырғанмын. Бұл ақын Олжас Сүлейменовтің «Доброе время восхода» кітабындағы «Дикое поле» өлеңінен өзіміз ұққан нәрсені жазып, айту еді. Сондағы соңғы шумаққа түсінбей, әбден басымның қатқаны. «Ақын, – деймін ішімнен: «Если мир не тоскует и ты, Казахстан, не грусти. Мир испытан тобой Казахстан, если можешь, прости. И да здравствует запрещенные испытании!» – деп нені айтып отыр? «Сынақтарға тыйым салу жасасын!» – деген не сөз?»

Шай ішіп отырып: «Осының мән-мағынасын қалай түсінуге болады?» – деп сұрамаймын ба, Тұрсыннан. «Ол атом бомбасы. Біздің Семей жақта оның қуатын байқау үшін қанша жарылыс жасалды десеңші... Одан хабарың бар ма?» «Жоқ, – деймін мен. – Алғаш рет естіп тұрмын. Сен... Оны қайдан білесің?». «Ой, білмек түгілі көрдім ғой. Иә, көрдім... Тыңда, ендеше...»

Осыны айтқан курстасым маған мүлде белгісіз бір әңгімеге кірісіп кеткені. Ұққаным: 1949 жыл. Баспа­сөзде КСРО-да атом бомбасының жасалғаны туралы хабар жарияланады. Оны жетілдіру үшін біздің республикамыздағы Семей өңірінің шет жағы таңдалып алынады. Содан 1963 жылдың ортасына дейін бұл алапат күшке ие қару сол аймақтағы жер үстінде сыналады. Тек әлем халқының үздіксіз наразылығынан кейін ғана КСРО Үкіметі 1963 жылы оған мораторий жариялайды. Және белгілі бір уақыттан кейін тәжірибелік жарылысты жер астында жүргізуге шешім қабылдайды. Ақын Олжас Сүлейменовтің: «Сынақтарға тыйым салу жасасын!» деп бар дауыспен жырлап отырғаны міне, сол мораторийге байланысты үн қосу екен.

– Ал енді ол тажалды көргенімді айтайын, – деді жоғарыдағы жайтты баяндағаннан кейін сәл ойланып барып тіл қатқан Тұрсын. – 1963 жылғы маусым айы еді. Онда біз Абыралы мен Қызылту ауылдарының ортасындағы Қазақстан елді мекені маңында тұрамыз. Соның қыр желкесіндегі адырда сиыр бағып отырған әкем қатты ауырды да қалды. Кеңшардан келген ферма меңгерушісі мен дәрігер әпкем Айымханмен ұзақ сөйлесті. Содан соң: «Бұл жеңіл-желпі сырқат емес. Аудан орталығындағы ауруханаға жатпаса болмайды» деп әкемнің қарсыласқанына қарамай алды да кетті. Содан ол кісінің үйден шығар-шыққанша бізге айтқаны: «Табынға сақ болыңдар. Бір сиыр жоғалса өкімет мені соттайды. Зейнетке шығуыма екі жыл қалғанда қарашы... Жаманатқа іліктірмеңдер, қарақтарым» деген қорқынышқа толы сөздері. Мұны естігенде бізде жан қала ма? Айымхан екеуміз күні-түні табын төңірегінен шықпаймыз.

Бір күні сай-саланың бәрі түрлі техникаларға толды да кетті. Аңырып қараймыз, көз жетер жердегі қойшы ­ауылдарын әскерилер машиналарға тиеп, шығысқа қарай әкетіп жатыр. «Полковник Иванов, – деп таныстырды өзін жер астынан ойда-жоқта шыға келгендей болған ГАЗ-51 автокөлігіндегі орыс кісі. – Машинаға отырыңдар. Көшесіңдер». «Қайда? Малды не істейміз?» деп шырылдайды Айымхан. «Корова. Совхоз... Расписка» деймін мен де әпкемнен қалыспай. Ойым – полковниктен қолхат алу. Сонда әкемнің алдында жүзіміз жарқын болары анық. Бірақ олар біздің бұл сөздерімізге қарамады. «Потом... Да, потом» деген күйі үйдегі үшеумізді ­машина қорабына асығыс мінгізді. Сөйтті де, үстімізді брезент жамылғымен жауып, ойлы-қырлы жерлермен жүріп кеп берді.

Содан біраз уақыт өткенде автокөлік белгісіз жерге келіп тоқтады. Сырттағы дабырлаған дауысты естіп, машинадан түссек, сай іші қаптаған адам. Өзіміз танитын қойшы-қолаңның бәрі осында. Олардың сөзінен аңғарғанымыз, кезекті атом қаруы сынағы боларда, жел бағытын өзгерткен. Мұны күтпеген әскерилер апат бұлты келе жатқан біздің өңірдегі шопандар мен малшыларды асығыс көшірген. Қолдарында қалайы тостақтары бар гарнизон дәрігерлері: «Алыстағы көрінген анау бұлттар мұнда келіп жеткенше ішіп алыңдар» дегендей солтүстік батыстағы көк жүзін нұсқап қойып, кәрі-жастың бәріне арақ үлестіруде. «Это лекарство» деп 12 жастағы маған да оны бір ұрттатып жібергенде, күні бойы нәр тартпаған мен не болғанымды білмей сылқ ете түстім. Содан бір уақытта оянсам, төңірек тып-тыныш. Сай ішіндегі елдің бәрі қирайсоқ ұйықтап жатыр. Көзіммен Төлеу қарындасымды іздедім. Жанымда екен. Қуыршағымен ойнап отыр. Ал Айымхан сиыр табынын айдап, жотадан бері асып түсіп келе жатқан жауынгерлерге беттеп бара жатыр. «Біздікі!.. Иә, біздің малдар ғой!» Есім кіресілі-шығасылы боп жатса да сиырларды көргендегі ойыма келгені, міне, осы сөз болды. Әлсіреген денемді әрең көтеріп, әпкемнің жанына бардым. Әскери шенді мосқал адам жазған қағазын аяқтап қалыпты. Бұл қолхат еді. Ол қолымызға тигенде полковник Ивановтың кешегі: «Потом... Да потом» деген сөзін сонда ғана барып ұққандай болдық. Бірақ.., иә, бірақ бұл құжаттан не пайда...

Арада екі-үш сағат өткенде, табында адам түсінбес жағдай орын ала бастады. «Жолдан қаталап келді ғой» деп сиырларды бұлақ басына айдап апарсақ, су ішпейді. Ештеңеге зауқы жоқ қалыпта тұрады да қояды. Бір мезетте қатар тұрған екі құнажын сүйкеніп кеп қалып еді, бүйіріндегі жүндерінің қобырап сыпырылып түскені. Терілері қызылшақа болып жидіп жатыр. Зәрем ұшқан мен жылап жібердім. Мұны естіп, жоғарыдағы жағдайды көрген әскерилер машинадағы рацияларына қарай жүгірді. Осыған байланысты шақырылған арнаулы бригада келгенде не болды дейсіздер ғой. Табындағы 42 бас мал теңкиіп-теңкиіп өле бастаған еді. Сөйтіп, оларға енді бұл жануарларды сақтап қалу емес, өліктерін жинап өртеу ғана қалған болатын.

«Ойпырай-ай!.. – дедім мен курста­сымның жоғарыдағы сөздерін естігенде. – Өз елімізде отырып, өз жеріміздің бір шетінде не болып жатқанын білмеуіміз қалай? Бұл не сұмдық?..» Кейін өсе келе байқадық қой... Сөйтсек, Қазақ­стандағы Семей қасірет ошағы жалғыз емес екен. Ол – Аралдағы Возрождение... Ол – Нарындағы Капустин яр... Ол – Бетпақдаладағы Сарышаған... Ол... Жә, 60-жылдардағы мойнымызға алқызыл галстук таққан «бақытты елдің балалары» біз: «Ура! Ура!» деп барабан соғып, керней тартып, «Бейбітшілік маршы» әнін шырқап жүргенімізде, жоғарыдағы жайлардың бірінен де хабарымыз жоқ-тын. Ал, Тұрсын... Бұл қасіретті ол сол 12 жасында-ақ білген... Көрген...

***

КазГУ-дің 1969-1970 жылдар­дағы 1-курсының қысқы және жазғы сессияларынан кейін-ақ кейіпкеріміз өзінің ерекше қабілетке ие студент екенін таныта бастады. Олай дейтінім, журфактағы біздің курстың екінші тобындағы студенттерден барлық сабақты «5-ке» тапсырған үш-ақ қыз-жігіт болдық. Олар: Тұсын Жұртбаев, Клара Хамзина және мен. Ал 2-курста үздік оқуымен қатар, шығармашылық шабытын да үдетіп, КазГУ мен КазПИ және Жазушылар одағында өтетін әдеби кештерде жұрт назарын өзіне аударта бастады. Оны мұндай танымалдыққа жеткізген «Лениншіл жас» газетіне жиі шыққан өлеңдері болатын. Мұнымен бір мезетте оны жаңа альманах «Жалын» да жатсынған жоқ. Жиі басып отырды. Тұрсынның сол газет-журналдағы жарияланған туындыларының ішіндегі курстас біздің есімізде ерекше сақталып қалғаны «Әкеге хат» атты өлеңі еді. Онда атамекен, ауыл, қарашаңырақ, осы қастерлі үш ұғымның өзі мен көзі болып отырған қара шал бейнесі арқылы ақын әкеге деген сезімін қалай айтып, жеткізген десеңізші. Қателессем ғафу етерсіздер, ұмытпасам онда мынадай жолдар  бар. «Бағыңа бағаланып, Болып ем басыңа Ай-Күн. Әкелер дана халық, Ассалаумағалейкүм! Арман-ай, ән болды да, Көктемгі гүлді құштым. Он жеті таңы алдында, Көзіңнен бұл-бұл ұштым. «Жат етпе жаныңды елге, Жазып тұр тұрағыңды», – деп едің қара жерге, Сілкіп ап тұмағыңды... Сағыныш салмақтарын, Таяққа тіреп тұрып: «Күткенде қарақтарым, Болмайды күн өттіріп. Келсейші қаршығам», – деп, Жаныңды қайыстырып. Он өрім қамшыға деп, Жүрсің бе қайыс тіліп?! «Шақшаңды әпкел бері, Найманның қара шалы, Түнерген көптен бері, Күзіндей қарашаның. Сырыңды айт ішке бүккен», – деп еркін амандасып. Шешендік туын тіккен, Сау ма екен замандасың?»

Осы өлеңге өзек боп өрілген қайран әке, көнекөз қарт Тұрсын 3-курста оқып жүрген қыста қайтыс болды. Суық хабарды естіген ол сессиядағы қалған екі емтиханға қарамады. Семейге жедел аттанып, Алматыға тек жарты айдан кейін барып қана оралды. Сол жылы жатақхана бәрімізге де тиген еді. Сондықтан оның бөлмесіне жиі жиналамыз да бірге болып, жалғыз қалдырмауға тырысамыз. Осындай күндердің бірінде мен СМУ-15 жақтағы «Мир» кинотеатрына билет алып, екеуміз латынамерикандық жазушы Жорж Амаду романы негізінде түсірілген «Құмды дала нояндары» фильмін көруге бардық. Сондағы оның жатақханадан шығып та, келе жатып та айтқан әңгімесі әкесі, тек сол кісі туралы болды. Бұрын Тұрсынның қарияны малшы деп айтқанынан басқа ештеңені білмеппіз. Сөйтсек...

Құдагелді ақсақал 16 жасынан бастап 1918 жылы Семейде құрылған Алаш әскерінің Мақаншыдағы командирі Садық Аманжоловтың шабарманы міндетін атқарған екен. Кейін елде Кеңес өкіметі орнап, алашордашыларға кешірім жасалған соң бәрі ұмыт болмай ма? Десек те, 1932 жылғы ашаршылық, соған байланысты шекараға жақын отырған жұрттың арғы бетке үдере көшуі кезінде НКВД тарапынан жергілікті жердегі «жат элементтер» іздестіріле б­астайды. Міне, сол уақытта қызылкөздер тарапынан біз сөз етіп отырған жанның баяғыдағы Алашқа қатысы бары еске алынады. Соны айтқан арызқойлар: «Қашқындарды комотрядқа ұстатпай, шекара асырып жүрген сол. Өйткені ол бұл маңдағы жер жағдайын жақсы біледі» деп Құдагелдіні ұстатады. Бірақ «ебепке себеп» деген сөз бар ғой. Түрмеден мұны кездейсоқ жағдай құтқарады. 1935 жылы Семейде М.И.Калинин атындағы ет комбинаты салынбай ма? Оған қажет өнімге кеше ғана ашаршылық жайлап өткен бұл өңірден мал табу оңай емес-ті. Орын алған мұндай қиындықтан шығу үшін «Совимпортскот» мекемесінің Сібір филиалы көрші Моңғолия мен Қытайдан басы артық аша тұяқтының бәрін сатып алып, комбинатты сол арқылы қамтамасыз етуге шешім қабылдайды. Осыған байланысты арнайы бригада құрылып, оған жер мен ел жағдайын жақсы білетін, қиын сәттерде тез шешім қабылдай алатын жігіттерді жинай ­бастайды. Сол кезде жөн білетін адамдар батыл да әбжіл әрі екі сөйлемейтін табанды жан деп Құдагелдіні абақтыдан шығартып алып, өздерімен бірге ала кетеді. Ол жолдастарының бұл сенімін көп ұзамай-ақ ақтайды. Ақтағаны сол «Совимпортскот» мекемесінің Семей ет комбинатындағы өкілі оны екі жылдан кейін гуртуправ дәрежесіне көтереді. Көрші елдерден айдап әкелетін мал фермасының басшысы деген ұғымды білдіретін бұл міндет өте қиын да ­жауапты жұмыс еді. Көктем шыға бірде Моңғолияға, енді бірде Қытайға барып табанынан таусыла қой отарларын іздеу, оларды сатып алған соң жаз бойы ұры-қарыға алдырмай бір жерге жинап ұстау, ал күз түсе сол аша тұяқтылардың бәрін далалы, таулы жерлерге жая отырып, Семей ет комбинатына жүдетпей жеткізу азаптың азабы болатын. Қыста ғана тыным тапқызып, жылдың қалған үш мезгілінде Моңғолия мен Қытай жерінде үй-күйсіз тентіреп жүрген бұл тірлік бітпеді. Қоймады. Тұп-тура 25 жылға созылды. Содан соң барып орган адамдары оны кеңшардағы сиыр фермасына жұмыс істеуге рұқсат етті. Ширек ғасырға созылған азапты жол... Онда Құдагелді ақсақал не көрмеді дейсіз?.. Өмір бойы бақылауда болу. Көзінің ағы мен қарасы дерлік 9 перзентін жер қойнына беру. Жан жарының өкіндіріп, өксітіп дүниеден өтуі. Қалған ғұмырын ядролық полигон дүмпуі естіліп жатқан Абыралының Қазақстан елді мекенінде өткізуге келу.

Жастайынан жоғарыдағы қиын­дықтардың бәрін көріп өскен Тұрсынның қатал тағдыр үсігі ұрған әке, бейдауа дерттен көктей солып, көз жұмған шеше, өзінен таяныш-тірек күткен жаралы жүрек әпке мен жаутаңкөз қарындасы үшін алға ұмтылмауы мүмкін емес еді. Уақытпен есептеспей, солардың өмірде кеткен есесін қайтаруы тиіс-тін. Ол, міне, солай істеді де. Журфакты озат оқып, бесінші курсты үздік дипломмен бітірді. Содан көп кешікпей ауылдағы әпке-қарындасын қаланың 70-разъезд жанындағы Гагарин поселкесіне көшіріп әкелді де, өзі Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қызметке орналасты. Содан кейін республикалық «Білім және еңбек» журналына ауысып, оқырманды терең, ойлы әдеби-ғылыми және танымдық мақалаларымен қуанта бастады. Сондай-ақ оның «Қайнар» баспасынан «Замандасым, сырласым» атты очерктер жинағы мен «Жалыннан» «Қоңыр қаз» өлеңдер кітабының жарық көруі де міне, осы кез. Тегеурінді талант иесі қанатын осылай қағып, енді самғайын деп келе жатқанда...

Тұрсын Жұртбай, Жанболат Аупбаев, 2010 жыл, Астана қаласы.

Бұл кейіпкеріміздің қарындасы Төлеуге қатысты қайғылы оқиға еді. Осы бір ибалы да инабатты жас қыз орта мектепті бітіріп, КазГУ-ге оқуға түскенде біз қатты қуанғанбыз. Жүдеу жүз, жыртық көңіл Тұрсынның көп армандарының бірі орындала бастады-ау деп ойлағанбыз. Ол қарындасымызбен соңғы жүздесуді де ұмытқан жоқпын. Бәрі есімде. Бұл 1977 жылғы шілде айы болатын. Өзім жұмыс істеп жүрген «Лениншіл жас» газеті Кеңес өкіметінің алдағы келе жатқан мерейтойы қарсаңында «Алпыс жылдың алыптары» деген айдар ашқан-ды. Мақсат – Қазан төңкерісі болған уақыттан бергі қазақ даласында өмірге келген зауыт-фабрикалардың тарихы мен тыныс-тіршілігін көрсету. Осы жоба жоспарында тұрған «Ғасыр металы» атты тақырыпты игеру үшін мен Шығыс Қазақстандағы титан-магний комбинатына баруым керек екен. Өскеменге билет табылмады. Сондықтан Алматыдан Семейге ұшып, ол жаққа сондағы Ертіс өзенімен жүретін «Ракста» жолаушылар катері арқылы баратын болдым. Әуежайға келсем, рейске тіркелетін жерде Тұрсын мен Төлеу тұр. «Қарындасымның жазғы сессиядағы емтихандарды тапсырып біткен беті осы, – деді ол. – Филфактың екінші курсына көшті. Ауылға бара жатыр. Жүгі ауыр. Көмектесерсің». «Жарайды» дедім мен. Сөйтіп, қарындасымызбен Семейге дейін бірге келдік. Әуежайдан түскен соң жүгін автовокзалға дейін көтерісіп келіп қоштастым да, өзім қаланың Затон жағындағы пристаньға кеттім.

Содан арада жаз өтіп, күз келген. Одан қыстың алғашқы айы қара­шада: «Тұрсынның қарындасы Төлеу қайтыс болыпты» деген суық хабар естідік. «Ой, қой!..» дедік біреуіміз ештеңеге түсінбей. «Қалай?» дейміз екіншіміз ­абдырап. Баспасөз үйіндегі редакцияларға ­хабар айтуға келген Қажытай Ілиясов ағамыздан естігеніміз: жоғарыда мен айтып өткендей, жас қыз каникулға ауылға барған. Шыңғыстаудың табиғатын тамашалап жүріп, бөктердегі бұта, тал арасынан бүлдірген мен қарақат терген. Қайтар жолда қызығып, соларды жумай жеген ғой. Бейкүнә бойжеткен ол жеміс-жидектердің қабығы сыртында қонақтаған радиация тозаңын қайдан білсін. Алматыға қайтып келген бір айдан соң ауыра бастайды. Емханаға барса... Ақ қан түйіршіктері.

...Сол кездегі Алматының халқы-ай!.. Жоғарыдағы хабарды естіген зиялы қауымды айтамын да. Олар ауыр қайғы үстіндегі Тұрсынды кеше ғана оқу бітірген жас деп қарамады. Өздерінің сенімді әріптесі, болашағынан мол үміт күтетін ізбасары деп білді. Сөйтіп, зират басына бұлар үлкен шоғыр боп келіп, елдіктің белгісін көрсетті. Сондағы ағалар атынан сөз алған академик ­Зейнолла Қабдолов: «Қазаның аты – қаза. Саған біз қайғырма деп айта алмаймыз. Бірақ берік бол, қарағым. Өйткені сен бізге керексің» дегені есімде. Ал жазушы Қабдеш Жұмаділов ағамыз болса: «Ата-баба шаңырағының бүгіні, болашағы саған ғана қарап қалғанын ұмытпа. Сондықтан осы әулеттегі ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмайын десең, өзіңді сақта» деп басу айтты.

Осындай сөздер қуат, қайрат берді ме, жоқ әлде: «Мені мұндай қиындықтан жазу, тек жазу ғана құтқарады» деп ойлады ма, уақыт санап Тұрсын еңсесін қайта тіктеді. Сөйтіп, тағы да күндіз журнал жұмысына, түнде шығармашылық еңбекке құмбыл кірісіп кетті. Соның белгісіндей болып «Аэродром» повесі дүниеге келді. Содан соң «Қар астындағы көбелек» хикаяты жазылды. Одан ол «Ұш, маған ұш, балалығым!..» эссесіне нүкте қойды да «Бесқарагер» хамса-рисаласына кірісіп кетті.

Осылайша, кейіпкеріміз бауы­рын кең жазып, қанатын қияға қомдай ұшқанда... Тағы да бір тағдыр соқ­қысына тап келгені. Қазақта: «Айтпайын десем аузым бар» деген сөз бар ғой. Бұл ұғымнан: «Білгеннен соң айтамыз да» атты сөйлем мазмұны да онша алшақ емес екені анық. Менің сөз етейін деп отырған жайтты тілге тиек етуге осынша кібіртіктеп, күбіжіктеп отырғаным мынау: 1981 жылғы тамызда Тұрсынның бес жасар ұлы Алмастың суға кетіп, әке-шешеге аспан аударылып жерге түскендей қайғы-қасірет қалдырып кетуі.

Ол уақытта бұлар қаланың ­М.Горь­кий паркі жағындағы Бәрібаев көшесінде тұратын. Іргеден кіші А­лматы өзені ағып өтеді. Сондағы жиек жолда балалар ойнап жүрмей ме? Бір мезетте арқасын өзен жаққа бере жүрелеп отырған Алмас қарсы алдына келген өзіндей сәбиге орын босатамын деп шегіне бергенде, суға шалқасынан құлайды. Балалар шу ете түседі. Олар жеткізген жайсыз хабарды естіп, жағаға жанұшыра жүгірген Тұрсын мұнда келгенде... Өзендегі құм жиегінде тоңған торғайдай боп бүрісіп жатқан ұлының жансыз денесіз көреді. Оқиға болған кезде бұл жермен бір үлкен кісі өтіп бара жатқан екен. Алғашында ештеңе түсінбепті. Кейін бәрін ұғып суға секіргенде, шлюздегі су ағыны өтетін қуыста қысылып қалған бүлдіршін денесі қолына ілігеді. Бірақ бұл кезде бәрі кеш еді. Иә.., кеш болатын.

«Бұл не? – дейміз іштей күйзеліп. – Бір емес, екі емес... Жаттанды жұбату сөзіне жүгінсек: ол – тағдыр, соның сыны мен сынағы. Бірақ мұның да жөні, шегі бар емес пе?! Неткен әділетсіз еді мына өмір?..»

Жоқ... Тіршіліктен қанша түңіліп, алдамшы мына дүниеден қанша көңілі қалғанымен, ол бұл қайғы-қасіретке де көнді. Төзді. Шыдады. Сөйтті де, аңыздағы ерекше қасиет иесі: отқан жанғанда денесі күл болып қаусап қалып, бірақ сол күл арасынан ғажайып күш-қуатымен қайта пайда болған феникс құс сияқты ол ортамызға қайта оралды. Осылайша, тас қашап, тау қопарардай екпінмен жаңа шығармашылық жоспарларын жалғастыруға кірісті. Оның нәти­жесі – атақты Қалеки туралы «Нар тұлға» деректі кітабы. Оның белгісі – Жетісудағы 1916 жылғы Албан көтерілісіне қатысты құпия құжат­тарды жалғанның жарығына шығарған «Бейуақ» зерттеу еңбегі. Оның дәлелі – ІІІ ғасырдан ХІІ ғасырға дейінгі сақ, ғұн, түрік қағанаты мен Дешті қыпшақ дәуірінде өмір сүрген 42 дала даналарының өмірін бүгінгі ұрпаққа ұсынған екі томдық «Дулыға» туындысы. Оның айғағы – есімі тарихта елеусіз қалып келген «Кетбұға» танымдық дүниесі. Оның көрінісі – жазушы М.Әуезов өмірбаянының белгісіз тұстарын көрсетуге арналған «Талқы» атты хронологиялық-фрагменттік жазбалар.

Біз жоғарыда Тұрсынның өмірін алай-түлей етіп ауық-ауық соғып өткен уақыттың дүлей дауылы туралы айтып өткенімізді білесіздер, құрметті оқырман. Оның одан кейінгі тірлігі де оңай дей алмаймыз. Ащы болмаса да кермек дер едік. Соған қарамай ол мақсатты түрде алға ұмтылып, ұлан-ғайыр жұмыстарды бітіре білді. Нәтижесі: Ғылым академия­сында жүргенде, докторлық жұмысын қорғау, М.О.Әуезов музей үйі директоры қызметін атқарғанда, ұлы жазушының 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға мұрындық болу, елордадағы Отырар кітапханасын құрып, аяғынан тік тұрғызу. Ал шығармашылық саласында ше? Бұл кезеңде де атап айтарлықтай тақырыптарды игерді. Олар: «Құнанбай» деректі кітабы, «Сөз сарасы» ғылыми-танымдық мақалалар жинағы, «Күйесің жүрек...» ой-толғамдар туындысы мен 4 томдық «Ұраным – Алаш!» атты ауқымды зерттеу еңбегі.

***

Өмір... Онда түрлі қиындық болады, әрине. Солардың ішіндегі екеуі адамға ерекше күш түсіретіні анық. Біріншісі, Құдайдың ісі, тағдырдың басқа салғаны дейтін ауыртпашылық. Оған қарсы тұра алмайсың. Болдырмауға да кепілдік жоқ. Өйткені ол қиындық кенеттен келеді. Сондықтан оған шыдау керек. Екіншісі, өмірдегі тырмысқан тірлік: әдебиеттегі шығармашылық жарыс, ғылымдағы бәсеке, өнердегі тың идея мен бастамаларды дәлелдеудегі айтыс-тартыс... Сондағы кедергілерден туындайтын қиындықтар. Мұнымен күресуге, жеңуге болады. Тек мойымау қажет.

Біздің кейіпкеріміз осының екеуін де көрген, өз басынан өткерген және оларды жеңіп шыққан адам. Сондықтан да оның жан тері шығып отырып жазған еңбектері әлемнің 15 тіліне аударылып, ЮНЕСКО-ның ресми тілдеріне тәржімеленген. Соның бәрін қосып есептегенде ол 77 кітаптың иесі деп библиографиялық көрсеткіште келтірілген биіктікке жетіп отыр. Міне, Тұрсын Құдагелдіұлы Жұртбаев осындай тұғыры биік тұлға, ғылыми орта мойындаған ғұлама. Әңгіменің соңында айтарым, ұлы Абай сөз еткен «толық адам» – біздің кейіпкерімізді өздеріне үлгі-өнеге еткен шәкірттерге оның тағдырындағы тар жол, тайғақ кешуді тілемеймін. Руханиятымыздың жас, өндір өкілдеріне курстас, замандас, дос, әріптесімнің бойындағы дара дарыны мен тегеурінді талантын және алғырлығы, табандылығы арқасында қол жеткізген атақ-даңқын берсін деймін.

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

НҰР-СҰЛТАН

 

1943 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы