• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2021

ЕЛ БИЛЕУДІ ЕМЕС, ЕЛ БОЛУДЫ ОЙЛАЙЫҚ

Жер-суымызды, туған елді қалай қорғасақ, ана тілімізді де солай қорғай білуге тиіспіз. Бұл бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Ел, мемлекет болып, бүкіл қоғам бірлесіп, іргелі шара қолданбаса ана тілінің тағдыры мүшкіл екені даусыз. 
Әрине, менің бұл ойым көп жылдан бері айтылып, жазылып, талай дау-дамай туғызған, әбден сүрленген тақырып. Солай десек те, нәтиже неге жоқ? Жолаушылап қайда барсаң да, мейлі көшеде, мейлі көпшілік орындарда болсын орысша шүлдірлеп жүрген қазақтың жастарын көресің. Өз еліңде емес, алыс бір шетелде жүргендей сезінесің.  Осының бәріне алдымен қарекетсіз, арқаны кеңге салып алаңсыз жүрген өзіміз кінәліміз. Жас ұрпақтың жүрегіне жол таба алмаған, қазақи дәстүрді, қазақ тілін үйретіп, үйіріп-елітіп әкететіндей іс-шаралар ұйымдастыра алмайтын мәдени орталықтарымыз кінәлі. Бөтен елдің бір-екі ұл-қызы қазақша сөйлесе немесе бірер отбасы баласын қазақ балабақшасына, мектепке берсе болғаны бөркімізді аспанға лақтырып мәз болатын аңқау-аңғалдау мінезіміз кінәлі. 

...Ерте-ерте заманда ұрлық жасап қолға түскен күнәһарды патшаның алдына әкелген уәзірі айбалтасын әлгі бейшараның мойнына тақап тұрып: «Дат, тақсыр! Не бұйырасыз? Басын шауып таста десеңіз, әп-сәтте қағып түсірейін», – дейді. Патша тұрып: «Оның басын алғаннан не пайда? Тірі жүрсе бір кәдеңе, шаруаңа жарайды. Одан да тілін кес. Тілі жоқ адамнан келер қауіп жоқ. Айтқаныңа көнеді, айдауыңа жүреді, артық сөз сөйлемейді» деген екен. Сол айтқандай тілінен айырылған ел, бәрінен айырылатыны ақиқат.

Қазақтың байырғы, қазіргі зиялылары, жанашырлары, саясаткерлері тіл мәселесін қайта көтеріп, мұны мемлекет деңгейінде ғана емес, халықаралық ауқымда ­шешуге атсалысса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жердің де, тілдің де мәртебесін көтеріп, үлкен-үлкен мінберлерден сөз сөйлеп, дабыл қаққан тіл жанашырлары көп болды. ­Талай игі шаралар жүзеге асырылды. Жұрт құптарлық іс болғаны рас. Кеңес дәуірінде бар қасиетінен айырылып, жойылып кетуге шақ қалған қазақ тілі бой түзеп, көркемденіп, өзінің табиғи бастауын қайта тапқандай болғаны жасырын емес. Көп жылдар үстемдік құрған орыс тілі айылын тартып, ығысқандай болып еді. Бүгінде сол адамдардың қатары сиреп, бірі қартайды, енді бірі өмірден баз кешті. Орысша ойлап, орыс тілінде сөйлейтіндердің саны көбеймесе, азаймай тұр. Қазақ тілінің өрісі тарылып, тұрмыстық деңгейде ғана қалып қоя ма деген қауіп те жоқ емес. Оның басты себептері де баршылық. Соның бірі үш тілде сөйлей білу, үш тілді меңгеру деген үрдістің белең алуы болса керек. Оның арнайы бағдарламасын жасап, оқу жүйесіне енгізіп те үлгердік. Пайдасы мен зиянын електеп, сараптап жатқан ешкім жоқ.

Әрине, заманның талабына қарай, сондай-ақ төрткүл дүниеге тарап, әлем халқының ортақ тіліне айналған ағылшын тілін білудің еш зияндығы болмас. Ол түсінікті жай. Ал бірнеше ғасыр бойы орыс мәдениетінің, орыс тілінің ықпалында болып келген, тең жартысы орысша сөйлейтін қазақ халқы үшін, әсіресе өскелең ұрпақ үшін осы бастаманың пайдасы бола қояр ма екен? Өз тілімізді өгейсітіп, өз деңгейіне көтере алмай жүргенде, бұл тірлігіміз тым асығыстық емес пе деген ой маза бермейді. «Артық қыламын» деп, «тыртық» етіп жүрмесек болғаны.

Қазіргі кезде бүкіл ел болып «орта және шағын» бизнесті дамытуға атсалысып жатырмыз. Өте құптарлық жай. Өйткені мемлекеттің жылдық кірісінің қомақты бөлігін құрайтын, мол қаражат әкелетін табыс көзі. Әркім жолын ­тауып, өз қалауынша «бизнесін» жүргізіп жатыр. Бүгінде жүздеп-мыңдап ашылып жатқан осы шаруа иелерінің қазақ тіліне деген немқұрайды тірлігі көңіл алаңдатады. Әртүрлі жарнамалары, мекеменің атауы, шығарған өнімдерінің қаптамасына дейін орысша. Қол астында істеп жүргендердің дені қазақ жастары. Қожайыны қай тілде (орысша) сөйле десе, сол тілде сөйлейтіні белгілі. «Қайда барсаң да, алдыңнан Қорқыттың көрі шығадының» кері келіп тұрғандай. Мұндай жағдайда қазақ тілі қайтіп оңалсын, қалай дамысын?

Ел билеудің әрқилы тетігін үйретіп, жастарымызды іріктеп, сынақтан өткізіп мемлекеттік қызметтің әртүрлі саласына тарту өте маңызды шара. Жасыратыны жоқ, бірінің әкесі, бірінің көкесі мықты деп келсін-келмесін жас адамдарды жоғары лауазымға отырғызудың қаншалықты зиянды екенін жұрт көріп отыр. Алысқа барудың қажеті не? Бірінен соң бірі істі болып, түрмеге қамалып жатқан талай жас адамдардың мүшкіл халі осыған дәлел. Бұған өмірден алған тәжірибесі жоқ жас адамдар кінәлі емес, соларды жетелеп-желпінтіп жүрген әзәзілдер кінәлі. Сон­дықтан елдің болашағы жастардың қолында деп қаншалықты жар салғанымызбен, билік тізгінін ұстатып, жоғары қызметке тағайын­дау кезінде өте мұқият болғанымыз жөн шығар.

Көңіл алаңдатар тағы бір жағдай. Жоғарыда айтып кеткендей, бар болмысы компьютерге жегулі, бүкіл тәлім-тәрбие, білімді содан алып, ұлттық ­таным, салт-дәстүрден алшақ кеткен жас буынның алды 30-40 жасқа келді. Олардың өмірге, туған елге деген көзқарасы, ­пайымдауы, жауапкершілігі өзгеше. Бұл жерде әңгіме төркіні қазақи ортада өсіп, ой-санасы қазақша қалыптасқан жас адамдар ­туралы болып отырған жоқ. Басқа тілде сөйлейтіндер жайлы ой бөлісу. Ана тілінің уызын татып, бойына сіңіре алмаған адам, ешқашан өз елінің көшбасшысы, жанашыры бола алмайды. Жақсы қызметкер, еңбекқор, іскер болуы мүмкін, алайда сол елдің жоғын жоқтайтын ұлтжанды, намысқой, патриоты болуы екіталай. Бұл ақиқат.

Ендігі қазақ жастары қандай болуы керек? Ұлдарымыз ұлықты, қыздарымыз қылықты бола ала ма? Күмән көп. Әрине, уақыт өзгерді, сонысына қарай адам да өзгеретіні рас. «Еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып» дейтін ­Махамбет бабамыздың дәуірі, ыңылдап ән сала отырып, кестелей өрнек өретін Қыз Жібек анамыздың заманы өткелі қашан. Тап қазіргі біз өткеріп отырған уақыт, «ширақтау» болмасаң аузыңдағыны қағып әкететін пысықай адамдардың дәуірі. Сондықтан ұрпағымыздың салауатты, білімді, іскер, сақ болғаны аса қажет.

 Шетелдерге шығып білім алудың, тәжірибе жинап, ел танудың еш сөкеттігі жоқ шығар. Уақыт талабы сондай. Алайда қайда жүрсең де өзіңнің қазақ екеніңді, ана тіліңді ұмытпай, еліңнің байырғы әдет-ғұрпын жадыңда мықтап сақтау қажет-ақ. Жастарға осындай талап қоя отырып, пәрменді іс-шараларға көшетін уақыт жетті. Оның заманға сай жаңа үлгілерін, бағдарламасын жасау керек. Ендігі жерде өскелең ұрпаққа қазақи тәлім-тәрбие беру, қазақ тілін сақтап қалу мәселесі бірінші кезекке шығуы тиіс.

Иә, көп сөз – көбік. Сонда не істеуіміз керек деген сауалға азды-көпті өз пікірімді айтып көрейін. Ең алдымен, біржолғы, науқаншыл іс-шаралардан бас тарту қажет. Бірнеше бет параққа жазылып, жоғарыдан келетін тапсырыстарға орай жүзеге асырылатын «ортаңқол» шаралардың ешқандай құны жоқ. Ол жай есеп беру үшін ғана қажет.

Қала күндеріне, атақты адамдардың мерейтойларына, басқа да жайтқа байланысты өткізіліп жататын іс-шаралардың шегі жоқ. Қыруар қаржы бөлініп, ат шаптырылып, дастарқан жайып қонақ күтісіп жатады. Мұндай тойдың діттегені көп ретте жастарға тәлім-тәрбие беру емес, тойға жоғары лауазымды адамдардан кім келеді дегенге саяды. Тойды қызықтап қайтқаны болмаса, өскелең ұрпаққа тарыдай да әсері жоқ. Той тараған соң, күпіне сөйлеп: «Ана жақтың жорғасы мықты екен, мына жақтың жүйрігі суырылып бірінші келді, пәлен үй тігіліпті», – деген көпірме сөзден өзге ой түйіп қалатындай дәнеңе де қалмайды. Мұнымды, жай ғана сөз арасында айтыла салған ой-пікір деп түсініңіз. Болмаса көнеден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтаудың не сөкеттігі бар. Бәйгемізді шауып, көкпарымызды тартып жүре бергенге не жетсін! Бұл жерде менің айтпағым, осындай іргелі той-жиындарды, іс-шараларды жастарға бағыштай отырып, солардың санасына сәуле түсіретіндей етіп өткізсе деген ой. Өйткені өзге елдің үгітіне еліктеп, өз ұлтына өгейсіне қарайтын, «самарқау» жастарымыздың қатары жыл санап көбейіп барады. Бұл жасырын емес.

 Қазақстанда мыңдаған тұрғыны бар ірі-ірі қалалар баршылық. Жылына бір рет, сол қалалардың бірін таңдап алып (негізінен орысшасы басым солтүстіктегі қалаларда), Бразилияның (Рио-де ­Жанейро) жыл сайын өткізетін карнавалы іспеттес (әрине ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып) көне салт-дәстүрімізді, тілімізді молынан насихаттайтын ауқымды шаралар неге өткізбеске? Бұған сырттан біреулерді шақырып, қонақ етіп, ақша төлеудің қажеті жоқ. Басқа облыстарды тарта отырып, бәрін де өз күшімізбен жасауға әбден болады. Ұлттық тұрғыдан арнайы бағдарлама жасалып, 2-3 күнге созылатын мұндай іс-шараға мемлекет тарапынан көмек берілсе нұр үстіне нұр болмақ. Тап сол күндері қазақтың бүкіл тарихы, салт-дәстүрі, өткені мен бүгіні көрініс тапқандай, бүкіл қазақ елі көшіп келгендей әсер қалдырса ғой, шіркін! Әр жыл сайын өткізілетін мұндай мереке-шараның кейінгі ұрпаққа берері мол болатыны ақиқат. Жас буынның мерейін арттырады, намысын қайрайды, санасын оятады.

«Қиялсыз адам, қанаты жоқ құс іспет­тес» деп текке айтылмаса керек. Өмірде болып жататын бүкіл игі істердің бәрі де қиял-арманнан туындайтыны рас десек, бұл ойымызды да жүзеге асырып, халық­тың игілігіне жаратуға әбден болады. Ол үшін таза пиғыл, ниет болса болғаны. Осыған орай әртүрлі атаумен өткізіліп жататын конкурстардың да ауқымын кеңейтіп, өзгеше мазмұн, ұлттық сипат берген дұрыс секілді. Мұнда да қазақ жастарына тіл үйрету, қазақи әдет-ғұрыптарды көбірек насихаттау жағына айрықша көңіл бөлген жөн. Осы үрдістен шыққан конкурс жеңімпаздарына берілетін сый-сыяпаттың да қомақты болғаны дұрыс. Тегін пәтердің кілтін, туристік жолдама беру, көлік сыйлау, әртүрлі оқу орындарына конкурссыз қабылдау, басқа да ынталандыру шараларын кеңінен пайдалану тиімді болар еді. Бұл қаражатты оңды-солды шашып, жөнсіз шығындану емес. Ертеңгі күні ұрпағың мәңгүрттеніп, тілінен жеріп, қуыс кеуде, тұрлаусыз болып қалса сол шығын. Бұл мәселені ертерек қолға алып, бүкіл ел болып жұмыла кіріспесек, ертеңгі күні кеш қаларымыз сөзсіз.

«Ауруын жасырған өледі». Сәл қатқылдау естілетіні болмаса көңілге қонатын сөз. Қазақ халқының жүріп өткен бүкіл жылнама тарихына көз жүгіртсеңіз, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» дегендей, береке-бірлігі артқан дәуірде, рухы асқақтап, айдарынан жел есіп, айбарынан төрткүл дүние тітіркенгендей қаһарман ел болғанын байқайсыз. Адамдары ақылгөй, жастары жаужүрек болғанын аңғарасыз. Сол қасиетінен айрылған бойда тоз-тозы шығып, ру-руға бөлініп, ұсақтанып, дәрменсіз күй кешкені тағы да мәлім. Осы күні ел аузында жүрген: «Қазақты ешкім сырттан келіп жаулап алмайды. Қазақтың жауы – жікшілдік» дейтін көңілге қозғау салатын сөз бар. Бұл дегеніңіз «ел болуды емес, ел билеуді» ойлайтын жетесіздердің тірлігі. Елдің берекесін кетіріп, құрымға айналдыратын әзәзіл әрекет. Біздің осындай осал тұстарымызды өзге елдердің қалай пайдаланып, өзімізді орға жығып кеткен жайтты жұрт жақсы біледі. Өткен тарихымыздан тағылым алатындай уақыт жеткен жоқ па?

Топ құру, жікке бөліну, рушылдық секілді келеңсіздік осы күні де бой көрсетіп қалады. ...Жап-жас жігіттің сәл ғана шалыс айтылған сөзді көтере алмай, дастарқан басында отырған бүкіл жұртқа тіл тигізіп, өзінің руын дәріптеп, артықшылығын айтып дау туғызатындарды талай көрдік. Мойнына дейін қызарып, шеке тамырлары жарылып кететіндей білеуленіп, жөнсіз мінез танытады. Бір түсініксіз нәрсе аузы дуалы, елге қадірі бар дейтін ағаларымыз, осы күнгі мүйізі қарағайдай саясаткерлеріміз, атақты ақын-жазушыларымыз, қоғам зия­лылары осындай мәселелерге сын айтуға келгенде күмілжіп, аса құлық танытпайды. Ал мұндай келеңсіздік адамды да, елді де іштей бүлдіріп, жегідей жейтін «ауру» емей, немене? Әсіресе ақыл тоқтатпаған, өмірдің ащы-тұщысын татып көрмеген жас буын үшін бұл аса қауіпті «індет».

Жеті атасын, өскен ортасын, ата-анасының шыққан тегін, руын сұрастырып білу қандай да бір артықшылық дегенді білдірмесе керек. Бар болмысы, шежіре-тарихы, тәлім-тәрбиесі, танымы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріліп отырған қазақ халқы үшін, мұның бәрі ғасырлап қалыптасқан ереже-тәртіп. Әке жағынан, шеше жағынан қандай туыстығың бар? Жеті атаңды біл дегенді үйрететін тағылым. Қазіргі ұғымда мұны «анықтама алу» деп те түсінуге болады. Осы заманда шетелге бара қалған қазақтан ешкім руын сұрап жатпайды ғой. Біліміңе, іскерлігіңе, бойыңдағы ұлттық ерекшеліктеріңе қарап бағалайды.

Жиырма бірінші ғасырға нық қадам басқан, пейілі таза, көңілі ақ, тәуелсіз еліміздің жастарын әлгінде айтылған жаман әдеттен аулақ болуға тәрбиелеу басты парыз. Бұл салт-санамыздың, елдің де, діліміз бен тіліміздің де біртұтастығын айғақтайтын басты өлшем болуға тиіс. Өз жерінде жүріп-ақ, түр-тұрпатынан, тілінен айырылып «өлместің» күйін кешіп, тіпті жойылып кеткен халық аз ба? Бәлкім, бізге тап қазір сондай қауіп төніп тұрмаған шығар? Алайда «сақтансаң, сақтаймын!» дейтін Жаратушының ескерту сөзін қаперден шығаруға болмайды. Аумалы-төкпелі замана көші, мың құбылған уақыт үрдісі бізді осындай ойға жетелейді. Түп қазығынан айырылып, құрымға кеткен әлгі елдер секілді, енді бір 100-150 жылда «арпа ішінде бір бидайдың» кері келіп немесе қуырдақ арасындағы қараң-құраң әбден күйіп кеткен бауырға ұқсап қалмасақ болғаны.

Бақытжан КЕНЕНҰЛЫ,

қаламгер-журналист               

937 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы