• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2021

ЕГЕҢ ҚАЙДА, EGOV?!.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

Бір аптадан аса уақыт болды, әлеуметтік желіде аса қызу тартыс жүріп ­жатыр. Әңгіме еGov порталын алмастыру және Ресейдің «Сбер» компаниялар тобының Қазақстанмен осы мәселе бойынша меморандумға қол қойылуы турасында болып отыр. Рас, аталған келісім қазақстандықтар арасында ­алуан пікір туғызды. Ең алдымен, тұрғындарды жеке деректердің сақталуы мен қауіпсіздік мәселесі алаңдатып отыр. 

Тіпті бұл мәселеге қатысты еліміздегі жетекші «Nur Otan» партиясының мүшелері де үнсіз қала алмады. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Цифрлық даму, инновация, аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусинге депутаттық сауал да жолдады. Депутат қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге ­байланысты министрден келесі сұрақтарға жауап беруді өтінді. Атап айтар болсақ:

1. Неліктен Қазақстан Респуб­ликасының сандық трансформациясы саласындағы жұмысқа «Сбербанк» серіктестігімен меморандумға қол қойылды?

2. Неліктен, банк ­тө­рағасы қол қойған мұндай құжатқа Қазақстан Рес­публикасының ­Премьер-­Ми­нистрі қол қоюы тиіс? Министр немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» бас­шысының деңгейі емес пе?

3. Осы мәселе бойынша Қазақстан ­Республикасы серіктес болу үшін жаһандық деңгейде лидер ірі компаниялармен келіс­сөздер жүргізді ме?

3. Аталған жоба іс жүзіне асқан кезде, ақпараттық қауіпсіздік нормалары қалай қадағаланады, азаматтардың ­деректер базасы қай жерде сақталады, бұл базаға шет ел азаматтарының кіру, көру еркіндігі бола ма?

4. Алты жылда мемлекеттік «Ұлт­тық ақпараттық технология» акционерлік қоғамына 860 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен бірге барлық мемлекеттік органдар, квази мемлекеттік сектор, ешқандай қызметін көрмесе де, осы компаниямен келісімшартқа отыруы тиіс деген ақпарат та бар. Осыншама қаржы бөліне отырып неліктен азаматтар сыртқы-ішкі қолданушы ретінде, үзіліссіз, кедергісіз жұмыс істейтін ұлттық сервис алаңын жасай алмады?

5. Архив саласын цифрландыруға 1,2 млрд теңге бөлінген, осы шаруа неге аяқсыз қалған, қаржы қайда? Азаматтар ең көп қолданатын жердік ­кадастр саласы неліктен әлі күнге дейін цифрландырылмаған?

Біздің ойымызша, халық, қоғам алдында цифровизация саласындағы жағдай жөнінде есеп беретін уақыт жетті, – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Әрине, депутаттың сауалы орынды. Қазақстандықтардың көкейінде де осы мәселе тұр. Рас, отандық базалық деректер сақталған eGov порталын қайтадан ресейлік «Сбер» компаниялар тобының мамандары жасаса, жеке құжаттардың барлығы да қолды болып кетпей ме? Бүгінге дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарын мыңдаған IT мамандар бітіріп шықты. Ендеше, министрлік неге отандық IT мамандарға арқа сүйемейді? Әлде, олар әлсіз бе? Жеке ақпараттың барлығы да ертең eGov порталын жасаған ресейліктерге қолды болып кетпей ме? Ертең eGov-тың егесі солар болып шықпай ма? Қазақстандықтарды алаңдатып отырғаны да осы.

Алайда Цифрлық даму, инновация, аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин «қазақстандықтардың барлық деректері Ресей Федерациясына қолжетімді болады» деген түсінік мүлде қисынсыз екенін айтты.

Біріншіден, eGov порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді! Неліктен? Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекемелер бар. Десе де, олардың бәрі біздің мәліметтерді ала алады деген сөз емес.Электрондық үкіметке келетін болсақ, бұл жерде «біреу біреуге ақпарат береді» деген сұрақ туындамауы да керек. Бұл базаларға немесе жүйеге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды!

Екіншіден, бөлінетін 500 млн доллар­дың барлығы «Сбер»-ге жұмсалмайды.

Меморандум – келісімшарт емес. Үкімет цифрлық трансформация мүм­кіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды, оның бағалау құны шамамен 500 млн доллар. Бұл не деген сөз? Бұл аталған соманың бір бөлігі жергілікті IT нарығына инвестицияланатынын білдіреді. Бұл қаражатты қазақстандық компаниялар платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс шеңберінде жұмсайды. Соманың екінші бөлігі – инфрақұрылымдық шешімдерге кетсе, үшінші бөлігі ғана «Сбер»-ден шешімнің өзін сатып алуға арналатын болады.

Үшіншіден, платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады. Платформалық модельді енгізудің таныстырылымы мен талқылауы қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдерінен тұратын сараптамалық комиссиямен (70-те 30) бірлесіп өтетін болады. Ниет білдірушілер жекеге өз байланыс мәліметтерін қалдыра ­алады, сараптамалық кеңес тізімін ­жасау кезінде ескеретін боламыз. «Сбер» платформаның жұмыс істеуін көрсетіп, оқытатын ­сарапшылармен сессиялар ұйымдастырады, содан кейін ғана біз платформада жұмыс істейміз. Бұл жобаны іске асыруға отандық IT компаниялар жұмылдырылады.

Біздің міндетіміз – әртүрлі технологияларда жазылған, кейде бағдарламашы этикасы мен ескірген құжаттамасыз жүздеген жүйелердің орнына, барлық деректер бірыңғай платформада реттелген және түсінікті болатын ондаған жүйелерге өту. Қазір eGov-ты миллиондаған ескі құрылғылармен салыстыруға болады, олардың орнына біз сапалы заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнатқымыз келеді. Бізге халық үшін де, экономика үшін де барынша оң нәтиже алу мақсатында цифрландырудың «құрақталған» моделінен тұтас платформалық моделіне өтетін кез келді.

«Сбер» барлық қолжетімділікті бере отырып, барлық компоненттердің бастапқы кодтарын көрсетеді және барлығын Қазақстандағы серверлерге орналастырады, – деді Цифрлық даму, инновация, аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин.

Алайда біз үшін ең басты мәселе, қазақстандық азаматтардың жеке дерек­терінің сақталуы және ақпараттық қауіпсіздік. Әрине, қазіргі кезде «Сбер»-ге күмәнмен қарап отырғандардың жайы түсінуге тұрарлық. Бірақ министр «Бәрі де ойдағыдай болады, аталған платформаны қондыруға отандық компаниялар қатысады және олар сол туындының авторы болып есептеледі. Осы жобаға байланысты құрамында өзіміздің IT ­мамандары бар қоғамдық кеңес құрылады», – деп отыр.

Сенеміз бе, қайтеміз? Тек ертең «Егең қайда, eGov?» деп сан соғып қалмасақ, болды...

 

1043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы