• Әдебиет
  • 30 Қыркүйек, 2021

ЗИЯЛЫ ҚАУЫМҒА АРНАЙМЫН

Бибігүл Иманғазина, 
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жер жүзінің басына түсіп жатқан індеттің ауыртпалығын сезінген сайын өзіміз бала күнімізден естіп өскен «Ел басына күн туғанда» деген аталы сөзді іштей қайталай беретін болдық...
Ел басына күн туғанда батырла­рымыз найзасын қолына алып, атқа отырар еді, енді кіммен алысып, жұлысатынын білмейтін батырдың өзі шарасыз...
Шарасыздықты жер жүзі мойындап жатыр, жұртшылықтың міндеті – індетке қарсы талаптарды мүлтіксіз орындау ғана...
Бұл аждаһадан да құтылармыз, әрі қарай жалғаса беретін өмірімізді ойлайық...

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың «Зиялы жүгі – зіл батпан» деген мақаласы қолыма қалам алдырып отыр.

Өткен жылдың сәуір айында ақын, бүгінде мәжіліс депутаты болып отырған Жанарбек Әшімжанның «Зиялылық жауапкершілігі» атты мақаласына мен жауап жазған ем. Сол мақаламда «Елдің басына күн туғанда күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, қара халықтың еңсесін көтеріп, жылағандардың көз жасын құрғатып, тыныс-тірліктеріне жан-тәнімен араласатын зиялыларды көре алмай келеміз», – дегенім біреуге қолдап, біреуге қолдамай жатса да, талайға ой салғанын сездім.

Президент өзінің дәстүрлі Жолдауында зорлық пен зомбылықтың қай түрі болса да қатаң түрде жазаланатыны туралы және зиялы қауым өкілдерін сын сағатта сыр бермеуге, зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен, нақты ісімен бағаланатынын айтады.

Періште қызға зорлық көрсету, ол қыздың ғұмырына балта шабумен тең. Енді бір шал депутаттың он төрт жасар қызға жасап келген зорлығын естіген күннен сол істің немен аяқталатынын күтіп отырмын. Тағы да бейшара қыздың анасын сатып алғандай сот пен прокуратураны сатып алып, ол шал құтылып кетсе мен Қазақстанның бар анасын көтеремін. Қашанға шейін біздің періште қыздарымыз қалталылардың ойын­шығына айнала береді?! Мен де біреудің гүлдей жайнап өсірген қызы едім. Тапа-талтүсте мені үнемі аңдып жүретін бір жігіт жатақхананың бөлмесіне баса көктеп кіріп, мені зорлағысы келді. Екі сағат бұрын ғана консерватория­ның актер факультетіне қабылданғанымды білген болатынмын. Мен ол Ібіліспен әбден алысып, ақыры ашық тұрған терезеден секіріп кеттім. Ол Ібілістің педофил екені кейін анықталды. Мен алпыс жылдан бері мүгедектіктің бар тауқыметін тартып келемін, ол Ібіліс бірнеше рет сотталып, ақыры өзі өртеніп өліпті. Қыздарын сатып жатқан аналарға қатаң жаза қолданылуы керек...

Аллаға шүкір, марапат үшін аямай барын салатындар мен шынайы халық үшін еңбек ететін текті, талантты адамдарды бүгінде халық сараптай алатындай жағдайға жетті.

Зиялының жүгінің зіл батпан екені шындық, т ағы да бұл шындықты мемлекеттік хатшы айтып отырса бұл қуанарлық жайт.

Есеп-қисапсыз жақсылық жасайтын адам Зиялы, еңбегін сатпайтын адам Зиялы, туған елін бір сәт те есінен шығармайтын адам Зиялы, өзіне тиесілі емес дүниені арамза жолмен иемденбейтін адам Зиялы, ұрпағының болашағын болжай алатын адам Зиялы, өзі жасаған қайырымдылықтан іштей марқайып, өзіне-өзі риза болып жүретін адам Зиялы, шүкірлігі мен қанағаты мол адам зиялы...

Елден кеткеніме алпыс жыл болса да, елге алаңдаймын да отырамын. Елдің ішінде сөзі дуалы, елді аузына қарата алатын ­зиялы ақсақалдар аз емес. Менің әкемнің көзін көрген, сондай бір ақсақалға «Аға, көл деген бір күнде тартылып кетпейді ғой, әбден ортасынан машина жүретін жағдайға жеткенше үнсіз отырғандарыңыз қалай?! Айналасы темірмен қоршалған құнарлы жерлерді күзетіп тұрған иықтарына мылтық асынған күзетшілердің жұртшылықтың бір қой мен бір сиырын жайылымға жібермей жатқандарын көрсеңіздер де, көрмеген болып отыратындарыңызды қалай түсіне аламыз?», – десем, ол ағатайымның «Сөз тыңдайтын заман ба, балаларымызға зиянымыз тимесін деп отырмыз ғой, иә, өлінің қатарында жоқпыз, иә, тірінің қатарында жоқпыз. Ішіміз түтін, сыртымыз бүтін», – деп күрсінгеніне мен де қосыла күрсінемін.

Соңғы кездері «Атаға тағзым», «Анаға тағзым», «Аналар кеңесі» деген сияқты ұран­дата ашылып жатқан бағдарламалардың аты бар да заты жоқ! Бұл бағдарламаларды қолға алғандар анда-санда жиын өткізіп, ол жиындарын әдемілеп телеарнадан көрсетуден шаршамай келеді.

Жастарға ең бірінші қажеттілік – әділеттік! «БИБІ-АНА» қорының атынан жоғары білім алған балалар әр салада жұмыс істеп жүр, солар арқылы әртүрлі әділетсіздікті біліп отырамын.

Қоғамдық ұйымдар үкімет пен екі ортадағы алтын көпір! Бұл туралы да аз айтылған жоқ...

2005 жылдары Алматыда Қоғамдық ұйымдардың саны 5800 болатын. Солардың бүгінде ізі де жоқ... Қоғамдық ұйымды құрған адам ең алдымен өзінің жоспары мен міндетін өте жақсы білуі керек, сол жоспары мен міндетін іске асыра алатындай мүмкіншілігі бар ма, соған өзінің көзін жеткізіп алуы керек. Қоғамдық ұйымды басқаратын басшыға үкімет тарапынан алалаушылық болмауы керек! Айтқанына көнбейтін, айдағанына жүрмейтін қоғамдық ұйымның басшылары ешуақытта шенеуніктерге қолайлы болған емес, сондықтан да олар ретін тауып ол басшылардың жолын жауып жатады. Өзіне бес-алты орынбасар сайлап алып, қай жерде ырду-дырду болса сол жерде көрініп қалуға тырысып жүретін кейбір Қоғамдық ұйымның басшылары билікпен әмпай-жампайлар... Әр Қоғамдық ұйымның өзінің жарғысы болады, сол жарғыда жазылған мақсаттар мен негіздерді орындап келе жатқан Қоғамдық ұйымға үкімет тарапынан көмек, қолдау көрсетіліп отыруға тиісті!

Ақпарат құралдары ақсап тұр, малдың құлағын саңырау ететін масқараларды естіп, өмірден түңіліп отырамыз, ақпаратты қай жағынан алса да толыққанды Адам басқаруы керек!

Ел ішіне іріткі сал­ғысы келетіндер ең алдымен өзінің қара басына, ұрпағына қиянат жасап жүргендерін ұғынғандары жөн.

Қазақстанның бей­бітшілігі мен ты­ныш­тығына шүкірлік етейік! Әр ер адам ең алдымен өзінің отбасының жағдайын жөндеу үшін қолынан келгенше тырысса, әр ана баланың тәрбиесіне ең алдымен өзі жауапты екенін бір сәт есінен шығармаса, әр баланың жүрегінде патриоттық сезім болса, намысты, өлімнен ұятты жоғары қоятын қыздарымыз азаймаса мемлекетіміз өсіп-өркендеген елдердің қатарына тезірек қосылар еді...

Жақында «БИБІ-АНА» деген фильм түсірілді, сол фильмде Тайбек деген екі қолы иығынан жоқ жігіттің «Жұмыс істегісі келген адамға тіпті қолдың да керегі жоқ, шай кесемді өзім алып ішу үшін үш жыл жаттығу жасадым», – дегені менің өзіме де жігер берді.

Тайбектің екі баласы бар, өзі кәсіпкер, ол өсіріп отырған балапандарды әрі қарай көбейтудің қамында жүр. Мен Тайбек сияқты өмірдің мәнін жақсы түсінгендерге ешуақытта көмегімді аяған емеспін.

Масыл еркекке күйеуге шығып, қор болып жүрген қыздарымызды түсіне алмаймын...

Жақында көпбалалы аналармен кездестім. Әрине, олардың алдында басымды иемін, бірақ бірімізді-біріміз түсінуіміз қиын болды. Мен оларға «Бір бала дүниеге келсе бір түп жусан артық шығады» деген мақалды мен де білемін. Бірақ, жаным-ау, сіздер енді жусан шығатын кең далада емес, тас қалаға келіп отырсыздар ғой. Он баланы туғанша ауылда бір баспаналарың болған шығар, неге сол ауылда балаларды еңбекке баулып, мал ұстап, табиғи сүт ішкізіп, май жегізіп, таза ауада өсіріп, сосын барып, баяғыдай қалаға білім алуға ғана жібермейсіздер. Енді Алматыға келіп, бір бөлмелі жалдамалы пәтерге он баланы тығып, ішкісі келгендерін ішкізе алмай, жегісі келгендерін жегізе алмай көз жастарыңды көлдетіп, әр шенеунікпен алысып-жұлысып жүрсіздер. Мен балалардың денсаулығы мен болашағын ойлап отырмын», – деп ем, олар қатты ренжіп, ақырында «Бибі-Ана, сіз бізді жақтайды десек» дегендеріне мен де ренжідім.

Өмірге келген әр баланың алдындағы жауапкершіліктің шексіз болатынын бала оқулықтан оқып, санасына құйып өсуі үшін, баланың санасын оятып отыратын арнайы оқулық болса екен. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек екеніне күн сайын көзіміз жетіп жатыр.

Ұрпағымыз өмір сүретін мемлекетіміздің әрбір ісі алға басу үшін ұрпағымызға қажетті барлық істің тыңғылықты жоспарлануына және әрбір жоспардың мүлтіксіз іске асуына жұмыла кіріссек... Осы тілегімді ең алдымен Зиялы қауымға арнаймын...

1706 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы