• Қоғам
  • 14 Қазан, 2021

ЖАҺАНДЫ КЕЗГЕН ЖИҺАНКЕЗ немесе АЯЛДАМАНЫ СУРЕТКЕ ТҮСІРІП, АТАҒЫ ШЫҚҚАН ФОТОГРАФ ТУРАЛЫ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

Әлемді аралайтын саяхатшылар бар. Олар көрген-білгенін қағазға жазады, әдемі көріністерді бірден суретке түсіреді.  Қас-қағым сәт сөйтіп тарихта қалады. Әлемдік интернет көзінде олардың суреттері бар.
Солардың бірі – саяхатшы Кристофер Хервиг.  Ол төркүл дүниені аралап, 30 мың шақырым жол жүрген. Жақында FUEL баспасынан канадалық фотографтың суреттері жарияланған фотоальбом жарық көрді. Мұнда біздің елімізге  де қатысты суреттер бар. Өйткені ­Кристофер Хервиг Қазақстанда үш жыл тұрған. Бармаған жері, түсірмеген суреті жоқ. Бұрынғы Кеңес Одағының 15 республикасын түгел аралаған. Бір қызығы, ол кез келген адам назар аудара бермейтін суреттерді түсіруге әуес. 20 жыл бұрын әлемді аралап, тазалығы әртүрлі деңгейдегі далада соғылған  әжетханалардың неше түрін түсірген. Ол да фотоальбом болып жарыққа шықты. Бұл жолы оны қызықтырғаны, халықаралық маңызы бар жол бойындағы автобус аялдамалары. Сөйтіп, ол велосипедпен арнайы жолға шығып, автобусқа мініп, қай жерде әдемі аялдама көрсе, тоқтап суретке түсірген. 

Бұл қызығушылық оның шабытын одан ары оятып, ақырында Кеңес Одағының 15 республикасын түгел аралап шыққан. Басты нысана – аялдамалар. Ақыры біраз жыл өткен соң, «Кеңес Одағының автобус аялдамалары» (SovietBusStops) атты кітап-альбом шығарған. Шын мәнінде еңбек қызғылықты. Біз де интернет  арқылы Кристофер Хервиг түсірген Қазақстандағы аялдамалардың суретін таптық. Бірақ неге оның Кеңес Одағындағы аялдамаларды түсіруге қызығушылығы артты? Канадалық фотографтың басқа емес, неге жол бойындағы аялдамаларды түсіруге аңсары ауды? Мұның қандай себебі бар?

Айта кету керек, ол ең алғаш 2002 жылы велосипедпен Лондон арқылы Санкт-Петербургке келген. Аялдамаларды сол кезде көріп, әлемнің басқа елдеріндегі жол бойындағы нысандарға еш ұқсамайтынын байқаған. Салыну сипаты да мүлде бөлек, бір-біріне ұқсамайды. Архитектурасы айрықша. Жол бойындағы адамға пана боларлық бұл нысандар әртүрлі әрі өте әдемі. Айрықша әсер қалдырған аялдамаларды Кристофер Хервиг тоқтап, суретке түсіре бастаған. Әсіресе оған Тараз қаласына жақын жердегі аялдама ұнаған. Бір қарағанда, оның дизайны қарапайым болып көрінгенімен, бұл шоқиған иттің отырысына (суретте) ұқсайды. Бірақ жаһан далада қалған жалғыз аялдама тартымды. Бірден көзге түседі. Сондай-ақ ол 2000 жылдардың басында Астана қаласының маңынан орақ пен балғаның суреті бар боялған, әлі де жолаушыларға қызмет етіп тұрған сапалы салынған аялдаманы (суретте)  көрген. Мұндай сәтті фотограф  қалт жіберсін бе? Бірден суретке түсіріп алған. 

Бірақ бұл шағын нысандар он-он бес жылдан кейін арнайы кітап болып шығып, әлемді аралап кететінін ол сол кезде білген де, сезген де жоқ.

– Әйелім екеуміз Қазақстанда үш жыл тұрдық. Үш жылдың ішінде Қазақстан мен Орталық Азия елдерін түгел араладым. Жол бойында жүріп, тіпті ескі жолдың бойында қалып кеткен бұрынғы аялдамаларды да суретке түсірдім. Бірақ айдалада қалса да, ол әдемі. Мені қызықтырғаны бір-ақ нәрсе: Кеңес Одағындағы аялдамалар асқан шығармашылықпен салынған. Мұны «нағыз өнер ­туындысы» деп атар едім. ­Автобус аялдамалары мені әдемі өрнек салынған дизайнымен, архитектурасымен, бір-біріне ұқсамайтын ерекшелігімен қызықтырды. Бірақ барлығында да кеңестік стиль бар, – дейді канадалық фотограф.

Кристофер Хервиг Қырғыз­станды аралап жүріп жол бойында қырғыз қалпағының формасында салынған аялдаманы да көрген. Ол  әр елдегі аялдаманы көрген сайын шабыттанып,  жаңадан Америка ашқандай әсерде болған. 

– Менің аялдамаларды түсіруге  15-20 жыл уақытым кетті. Адамдар жел мен суықтан, жаңбыр, қардан паналайтын жол бойындағы шағын аялдамалардың салыну формасы маған шабыт берді. Айрықша құштарлықпен суретке түсірдім. Бұл сапар үлкен жобаға айналды. Тіпті арнайы сыйлықты да жеңіп алдым, – дейді Кристофер Хервиг.

Ол соңғы 20 жылда  әлемнің 90 елін аралаған. Ванкуверден Кейптаунға дейін автобуспен жүріп, Исландияның территориясын  түгел сүзіп шыққан. Бүкіл Еуропаны велосипедпен кезген. Памир мен ­Батыс Африканың жауынды, қалың ну орманын аралаған. Қолынан бейнекамерасы мен фотоаппараты түспеген ол қазір Иорданияда тұрады. Ол өмірбаян парағына «Иордания­дан басқа тұрақтаған жерім – Қазақстан мен Либерия», – деп жазған екен. Оның фотосуреттері әлемнің ең мықты  GEO, CNN Traveler, Geographical және  Lonely Planet журналында жарияланған.

Жаһанды кезген жиһанкез фотограф Кристофер Хервиг, сөйтіп, жақында «Кеңес Одағының автобус аялдамалары» атты фотоальбом-кітабын екінші рет жарыққа шығарды. Ал біз өткенді санадан өшіре алмаймыз. Өйткені ескі сурет те – тарих...

 

1206 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы