• Қоғам
  • 14 Қазан, 2021

ІНДЕТТІ АДЫРАСПАНМЕН АЛАСТАЙТЫН ПРЕЗИДЕНТ

Түрікменстанның президенті, ұлы аркадаг тағы да кітап жазып шықты. Жылда бір еңбек және оны салтанатты жағдайда атап өтеді. Бұл жолғы кітап «Түрікменстанның дәрілік өсімдіктері» деп аталады. Медицина өндірісі мен денсаулық сақтау қызметкерлерінің күніне орайластырып шығарылған бұл еңбекті қазір түрікмендер қуана қабылдап жатыр.

Енді қайтсін, бұл ұлы аркадагтың шығарған 13-томы. Былтыр 12-том, 2019 жылы дәрілік өсімдіктердің 11-томы жарық көрген. Бәрінен бұрын шекарашылар мен студенттерге оңай болмай тұр. Жылда шекарашылар дәрілік өсімдіктерді жинайды, ал студенттер бір сәт сол өсімдіктердің маңына барып, оның қадір-қасиеті туралы дәріс тыңдайды.

Бір қызығы, осы уақытқа дейін республикада денсаулық сақтау қызметкерлерінің күні – 21 шілде күні аталып өткен. 2019 жылдын бастап, неге екені белгісіз, бұл мереке 10 қазанға ауыстырылды. Оған байланысты ешқандай түсініктеме де берілген жоқ. Соған қарағанда, «ұлы түрікменбашының» алғашқы медициналық кітабы осы күні жарық көрген болса керек. Ойына не келсе, соны істей беретін Түрікменстанның президенті келер жылы тағы да бір кітап жазуды көздеп отыр. Осындай президенті бар түрікмен халқын аяйсың. Амал жоқ, қайпек керек? Жабық мемлекетте өмір сүріп отырған ұлт қалай өмір сүріп жатыр, оны да ешкім біле бермейді. Мемлекеттік сайттарын ашып қарасаң, түрікмен халқы бай-қуатты өмір сүріп жатқанға ұқсайды. Шын мәнінде, олай емес. Елде азық-түлік тапшылығы байқалады.

Республикалық басылымдар әртүрлі аурулардан сақтану үшін дәрілік өсімдіктер мен президент ұсынған шайдың рецептін жиі жариялап тұрады. Елге келген Денсаулық сақтау ұйымының өкіліне «Түрікменстанда коронавирус жоқ, тек қана оның белгілері бар» деген президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың өзінің шын мәнінде жағасы жайлауда. Бақытты өмірді бастан кешіп отыр. Тіпті «коронавирусты адыраспанның түтінімен емдеу керек» деп жарияға жар салып, бастамасын жүзеге асыруда. Елдің ғалымдары да «түтіннен вирустар өледі» деп, президенттің бастамасын қызу қолдап отыр. Ал «мияның тамырын шайға салып ішсең, кесел жоламайды». Бұл да президент бастамасымен жолға қойылған аурудың алдын алуға қатысты амал-қадамдар. Осыдан екі ай бұрын «Түрікменнің рухани әлемі» атты кітабын жарыққа шығарған президент Бердімұхамедовтың еңбектерін қазір халқы тұщына оқып жатыр. Республика басылымдарында президент еңбектерін қолдаудан басқа мақала, ақпарат жоқ десе де болады. Бұл президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың 54-кітабы.

Айта кетейік, «Түрікменстан: алтын ғасыр» басылымының жазуынша, «Мемлекет басшысының бұл ғылыми еңбегі отандық фармацевтика ғылымын дамытуға ғана емес, әлемдік фитотерапияға қосылған үлкен үлес». Сондықтан да болар, Денсаулық сақтау ұйымының өкілі елге келген уақытта адыраспанның түтіні арқылы бүкіл ғимараттардың іші аластатылып, вирустан қорғанудың жайы көрсетілген. Елдің денсаулық сақтау министрі «Бұл әдіс халықтық медицинаның әлемдегі озық түрі» екенін айтқан. Сөйтіп, Түрікменстан коронавирусты адыраспанмен аластайтын дүниедегі жалғыз ел болып отыр. Әзілдеп айтсақ, шекарасы жабық, халқы ешқайда шықпайтын, сыртқы дүниемен көп араласпайтын бейтарап ел Түрікменстанға адам түгілі, вирус қайтіп жоласын?!.

874 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы