• Қоғам
  • 21 Қазан, 2021

ҚОЖАНАСЫР. ҚОЖА – ҒАСЫР

Қожанасыр – қазақ күлдіргі әңгімелерінің кейіпкері. Әңгімелерде бірде қу, бірде аңқау бейнесінде сипатталады. Қожанасыр туралы әңгімелер қазақта ғана емес, Азия, Арабия, Грекия, Румыния, Сербия, Еділ бойы, Түстік Кавказ халықтары фольклорында Молла Насреддин, Қожа Насреддин, Насреддин әпенді деген аттармен кең тараған. Мұның өзі Қожанасыр туралы әңгімелердің орта ғасырларда Азия мен Еуропаның арасындағы мәдени-экономикалық қарым-қатынастар күшейген шақта пайда болғандығын аңғартады. Қожанасыр туралы әңгімелердің сюжеттері әдетте бір ғана (кейде екі-үш) қысқа, тұжырымды, оқиғалық логика қағидасы бойынша біріккен эпизодтардан құралады. Қожанасыр туралы күлкілі әңгімелердің негізгі сюжеттік қоры – аталған аймақтарда тұратын халықтың барлығына бірдей ортақ. Қожанасыр атымен байланысты айтылатын әңгімелердің ең алғашқы шыққан жері мен кезі туралы анық мағлұматтар жоқ. Кейбір зерттеушілер орта ғасырларда өмір сүрген «Насреддин» деген аты бар түрлі адамдарды Қожанасырдың прототипі деп дәделдеуге тырысады. Алайда бұл ізденістер нәтижелі болып шықпады. Ендігі бір зерттеушілердің пікірі бойынша Қожанасыр туралы әңгімелер тобы әр жерде және әр уақытта пайда болған сюжеттерден құралған.  

Бұрыннан бар әңгімелерге жаңадан шығарылған, не айтылып жүрген сюжеттер де қосылды. Бір жерден екінші бір жерге бір халықтан екінші халыққа ауыса келе Қожанасыр туралы әңгімелер тобы өз ішіне өзге кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылып жүрген әңгімелердің кішігірім топтарын қабылдай берді. В.Гордлевский, И.Брагинский, Қ.Дәулетов т.б. ғалымдардың пікірінше, Қожанасыр атына байланысты әңгімелердің негізгі қоры орта ғасырлардың аяқ кезінде қалыптасқан. Қожанасыр туралы әңгімелер халық арасына кең тарап, сюжеттік қоры байи келе Қожанасыр бейнесі де күрделене түсті. Ол енді әрі фольклорлық, әрі тарихи кейіпкерлердің сипаттамаларын бойына жиған бейнеге айналды. Қожанасыр бейнесінің бірде қу, бірде ақымақ, бірде жомарт, бірде сараң болып көрінуінің сыры осында жатыр.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан ­бастап күлдіргі әңгімелер мен Қожанасыр хикаяларын Әбубәкір Диваев, Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Есмағамбет Ысмайылов, Төкен Әбдірахманов, Нысанбек Төреқұлов, Көбей Сейдаханов, Леонид Соловьев, Балтабай Адамбаев, Қыдырәлі Саттаровтар зерттеп, еңбектер жазған. Енді, бүгінгі айтпақ болып отырған әңгіме, сол орыс жазушысы Леонид Соловьевтің «Қожанасыр» повесінің желісі бойынша қойылған Жамбыл облыстық орыс драма театрының «Ходжа Насреддин» атты кезекті премьера спектаклі еді...

Театр. Иә, театр – бұл өлілерді «тіріл­тетін» жер ғой. Иә, Қожанасыр жайлы айтылар әрбір әңгіме, қойылған көрініс, спектакльдер де осы аталмыш тұлға жайлы деректер іспетті ғой. Енді осы орыс театрының әпенді Қожанасырды қалай, қай қырынан көрсете білгенін айта кетейік. Сонымен, спектакль басталды. Қойылым әр елде бас сауғалап жүрген Қожа мен қатыны екеуінің туған елге деген сағынышымен басталады. Қожанасыр шыншыл ғой, сол мінезінен әмірлер, патшалармен сыйыс­пай, солардың қудалауынан қашып жүрген пенде ғой. Бұл музыкалық комедияда Қожаның, тағдырдың тәлкегінен жапа шеккендерге қол ұшын созуы, өзі жүрген Бағдат қаласындағы байғұс Рақымбай дәруіштің қаланың бай-манабы қатынқұмар, жылпос алаяқ Ағабектен карта ойнап ұтылып қалған дүниелерін қайтарып алуы және байғұс Рақымбайдың қызын қатынқұмар Ағабектің алтыншы қатын қылып алу тойын болдырмай, Рахымбайдың қызы Зүлфияны өз махаббаты Саидқа қосуы баяндалады. Басты рөл Қожанасырды (Бекназар Ізбасаров) сомдаған актëр Қожаның образын шынайы түрде көрсетіп, оның қыр-сырын аша білген. Өзі бір күлмей, өзгелерді күлдіре білген Қожаның образын жасай білген актердің шеберлігін көрдік. Иә, бұл театрдың белді актері, режиссері – ­Бекназар Ізбасаров.  Актер образ жасауда музыка екпініне билей жүріп, сахнаны емін-еркін илей жүріп, партнерларын түйрей жүріп, Қожаның күрделі образын жасай білді. Қожаның қатыны Гүлжан (Нұрғайша Ибаділдаева) өзінің жуан да салмақты дауысымен көрерменді өзіне тәнті етті. Актриса алдына қойылған режиссердің тапсырмаларын тапжылмай тиянақты етіп көрсете білген. Гүлжанның тұла бойынан, шығыс әйелдеріне тән мінез бен ибалылықты көрдік. Бұл актриса Нұрғайшаның жетістігі. Қулығына құрық салдырмайтын алаяқ Ағабек (Евгений Орлов) өзінің кім екенін көрсете білді. Ағабектің бойынан рухани еркіндікті көрдік. Мұны актер керемет жеткізе білді.

Ал Рахымбайда (Анатолий Просалович) қанша жанын салып ойнап жатса да, дәруішке лайықты элементтер жетіспей жатты. Үстірт ойнайды. Өйткені ол дәруіш қой. Ал дәруіш салмақты тұлға. Сол дәруіш Рахымбайдың қызы Зүлфия (Марина Просалович) бірбеткейлігімен, сымбаттылығымен сахнада аққудай жүзіп жүрді. Бірде-бір күлмей, артық қадам жүрмей, тәккаппар Зүлфия қыздың бейнесін жарқ еткізді. Маринаға риза болдық.

Ал жұмыртқадан жүн қырыққан саудагер Арзыгүлдің (Ольга Ізбасарова) образы ұтымды шыққан. Арзыгүл рөліндегі актрисаның көп ізденіп, тер төккені көрініп тұр. Саудагердің бейнесін шынайы жеткізе білді. Ольганың сахнаға әбден төселген, талантты актриса екенін көрдік. Спектакльдің көркін кіргізген тағы бір кейіпкерлер: алаяқ, қатынқұмар Ағабектің тастап кеткен төрт әйелінің: Бану (Галина Соколова); Гүлшан (Эльмира Аққұлиева); Гүлбара (Елена Казаченко); Шоқсанамның (Надежда Новикова) образдары да сәтті шыққан.

Спектакльдің декорациясы, костюмдері қазіргі заманауи стильде қойылған. Қағаз қораптардан құралған декорацияларға: «Продам ишака без пробега», «Продается диплом», «Сдам жену в аренду»... деген сияқты жарнамалар жабыстырылған. Бұл да еріксіз езу тартқызады. Бұл, қоюшы суретші Сарвар Мирзаевтың шешімі болса керек. Спектакльдің тағы бір әсерлі шыққан тұсы, қойылымға автор Леонид Соловьевтың (Тимур Романюк) қатысуы. Автор әр көріністер арасында қысқаша баяндама жасап тұрады. Мұны да қоюшы режиссер ұтымды қолдана білген.

Өзбекстаннан арнайы келіп, осындай керемет музыкалық комедия қойған Сайфиддин Мелиев мырзаға мың алғыс айтсақ болады. Осылай ғасырлар өткен сайын Қожанасырдың бейнесі жаңара түседі. Иә, халық барда Қожанасыр өлмейді. Қожанасыр тірі. Әне, келе жатыр!..

Фархат ОМАРБЕКОВ

ТАРАЗ

 

1778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы