• Әдебиет
  • 04 Қараша, 2021

ТЫНЫШБАЙДЫҢ ЖАНЫ ЖҮДЕГЕН ЖАЗ (ЭССЕ)

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

1994 жылдың маусым айы. Төле би мен Ленин көшесінің қиылысындағы Халық шығармашылығы үйінен шаршаңқырап, Базар жырауды зерттеуші Шәрібек Алдашев ағамыздың алдынан «аман» шығып, Панфилов саябағына келіп жайғастық. Сол сәттегі ішкі көңіл күйінен хабар білдіргісі келді ме екен, ақын темекісін құшырлана сорып, түтінін дөңгелентіп, ой кешіп отырды.
Күн күйіп тұр. Өзі тершең адам одан әрмен қара терге түсті. Тоқтаусыз жөтеледі. Жөтелінің күштілігі сонша, көзі жасаурап, тұла бойы қалтырап, қалшылдап кетеді. (Осы жөтел де алып тынды ғой). Сәлден соң өзін өзгеден өзгешелеп тұратын ұзын шашын лақтырып тастап, қауырсын қалам мен рояль клавиштеріне арналған арық саусақтарын көкке жайып жіберіп, өктем сөйледі.
– Қандастардың көз жасын сүрткен бір ән шыққан екен, тарақанша талаңдар онда, – деді дүр сілкініп.
– Ой, қойыңызшы, кім не демейді? – дедім.
– Қалай не демейді? Жоқ батырым, бұлай болмайды. Осы жұрт қарап жүрмей кісіні қарадай күйдіруге неге құмар, айтшы? Бұл өзі не, дерт пе, дағды ма? 
Осы қысқа әңгімемен «Егемен Қазақстанға» келдік. Редакция Халық шығармашылығы үйіне тиіп тұр. Төртінші қабатқа көтеріліп, менің кабинетіме кірдік.
– Бұл қандай бөлім? – деді.
–  «Таным және талдау».
– Шығармайтындарың жоқ. Сен әдебиет бөлімінде емес пе едің? 

Бөлімнің атына таңырқайтын да жөні бар. Тәкең газет ісін де бір кісідей біледі. Аздап түсіндірме беруге тура келді. «Егеменге» Шерағаң басшылыққа келген соң Ә.Меңдеке, Н.Жүсіп, Е.Бапи, Қ.Олжай секілді жігіттерді ұлт жұмысына жегіп жатқан тұс еді. Шетінен ширығып тұрған,  ой, идея айтқыш, жастарды Шерағаң жауапты қызметке қоя бас­тады. Нұртөре Жүсіп бас редактордың орынбасары. Газет ішінен «Қазақстан» деген қосымша ашылды. Сол кезде ғой «Еңбекші хаттар» бөлімі «Таным және талдау» боп өзгертіліп, мені сонда басшы етіп жіберді. Мұны тәптіштеп айтып отырған себебім, ол кезде бөлім басшыларына жеке кабинет берілетін. Соның пайдасы тиді. Шаршаңқырап келген ақынды диванға жантайтып, сыртынан құлыптап шығып кеттім.

– Аян қайда, Аян? – деп айқайлап қалды.

Бұл әңгіменің жалғасына айналып соққанша, басқа арнаға бас бұра тұрайық.

Тынышбай  Рахимов туралы әр жылдарда қалам тербеп, телеарналарға сұхбат бердім. Соның ішінде «Қазақстан» ұлттық арнасынан Айгүл Иманбаева жүргізген «Әлі есімде» атты хабар өзіме айрықша ұнайды. Осы сұхбатта ақын шығармашылығын жан-жақты ашуға талпыныс жасалады. Одан соң «Бір туындының тарихы» атты хабар да сәтімен түсірілді. Таяуда танымал тележурналист, ақын Жаңыл Асылбекова «Ұмытпаймыз» атты хабарында ақынның жары Қарашашпен жүргізген сұхбатында да көп жайға қанықтырды. Қысқасы, оның шығармашылығы назардан тыс қалған емес. Сан қырлы суреткердің уақыт өткен сайын ашыла беретіні хақ.

Қайсыбір жылы бір шағын кафеде ақын немерелерінің тілашары болды-ау деймін. Осы қызықта көрнекті жазушы Берік Шаханов Тәкеңнің Абайдың сөзіне жазылған бір романсын қоңыр даусымен орындап, сүйсіндірді. Сабырлылығы сары атанға жүк болатындай ағамыз сол отырыста өзіне тән емес өзгеше бір толқуды бастан кешіп сөйледі.

– Айналайын Тиышбайды (ол кісі солай атайтын) тірілттің ғой, – деді.

Айтып тұрғаны рас. «Қазақ әдебиетінде» жарияланған толғаныстардың бірінде былай деппіз.

«Бір тойда отырмыз. Жұрт ән салып жатыр. Бір кезде елден келген екі келіншек сөйледі. Жұрт оларды да қолқалап қоймаған соң ән салды. Ел жиі айтатын ән емес. Тыңдаған сайын баурап барады. Тынышбай Рахимовтың «Боз орамалы». Әні де, сөзі де өзінікі. Әлгі екі келіншек тіпті қанаттанып, көздері күлімдеп, құштар көңілмен айтты. Қысқасы, әнді түсініп, сондай бір ынтызар әсермен төпеді. Кәсіби әншілер де бұлай орындай бермес. Ел Тынышбайдың «Алтайдың ар жағынан келген аруын» жақсы біледі. Айтылатыны осы бір әні ғой деуі де мүмкін. Оның жақсы әндері баршылық. Әншілер ән іздемейді ғой. Бағы ашылмай жүрген әннің бірі – «Боз орамал». Ел ішінің адамдары асыл ғой. Әнді де қалай тауып, талғап айтады және қалай айтады!? Тынышбай тірі екен».

Солайы солай. Дарынды адам өзі өлсе де, өнері, өнегесі алдыңнан шығып отырады. Жұрт Тынышбай Рахимов (бұрынғы фамилиясы ыстық көрінеді) «Алтайдың ар жағынан келген арумен» танылды деп ойлайды. Бекер. Бұған дейін де әндері ел ішінде жаңағыдай келіншектердің аузымен айтылып жүрді. Басқасын былай қойғанда «Боз орамалды» да көп әншілер орындады. Әркім өз мәнерімен шырқады. Соның ішінде бөле жарғаным емес, Нұрлан Өнербаевтың орындауы алабөтен.

Тынышбай дегенде, әдебиетке қатар келген әріптестеріне соқпай кете алмайсың. Олар – Ж.Әбдірашев, Д.Стамбеков (Дәукеңмен екеуінің «Қазақстан пионеріндегі» қызмет еткен күндері бір хикая. Бір үйде көрші тұрды), К.Мырзабеков, С.Тұрғынбеков (Тәкеңнің елу жылдығын жандырып жүргізді әкем театрда. Хамаңның бұл итің де деп сөйлейтіні сол кез), Т.Медетбек, С.Ақсұңқарұлы, И.Оразбаев, Н.Оразалин. Текті, тегеурінді толқын. Шабысы да, дабысы да, бітімі де бөлек, бір-бір биік. Соның жуан ортасында Тәкең де жарқырап жүретін. Кеудесінен сөз бен сазды қатар ұшырған ол сан қырлы суреткер еді. Әдеби сында да ерек көрінді. «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты әдеби эссесінің өзі жырдай оқылатын. Өлеңді хат секілді, халықтың жүрегіне жақын мақаммен жазатын. Содан ба екен, жетпісінші жылдар жастары оны махаббат жыршысы деп те таныды. Студент дәптерлері, альбомдарында басқалармен қатар оның өлеңдері де жиі көзге түсетін. Қу қыздар жымыңдап оқи жөнелетінін талай көз көрді. Тележүргізуші болып та жарқырап, «Кеш жарықтың» алдына көрермендерін жіпсіз байлады. Бұл хабар тек студияда түсірілмей, облыстарды аралап кетті. Жұрт малын ертерек жайғап, іңірде осы хабарды көруге тас түйін дайын отыратын. Қысқасы, бұл хабар талай бұлақтың көзін ашты. Соның бірі – Сәкен Қалымов еді. «Алтайдың ар жағынан келген арудың» бағын ашқан да осы Сәкен. Ән қолға тиісімен ол бір тынбады. Талғат Сарыбаевқа барды. Жаны жаннаттың  төрінде болғыр Талғаттың  арқасында керемет оранжировка жасалды да, ол Сәкеннің орындауында тіпті құлпырып кетті. Таңғы дауыс секілді әсерлендірді. «Кеш жарық» осы әнмен басталып, осы әнмен аяқталды. Студияға қап-қап хат келді. Жер-көктің бәрі осы ән. Сәкен бірден «Тамашаға» қызметке алынып, танымалдылығы одан сайын артты. Ол кезде «Тамашаға» шықсаң, ертеңіне жұлдыз боп оянасың, одан биік сахна болмайтын.

Енді осы тағдырлы әннің тарихын көктей шолып өтейік.

– Бір күні есік алдында кір жайып жатыр едім, Тынышбай қатты қуанып келді. «Қареке, бір ғажап ән туды. Тез рояльға жеткіз мені. Бір қызды көрдім, ұнаттым», – деді. Мұндай сөзге құлағым әбден үйренген адаммын ғой. «Жүр одан да шәйіңді іш», – дедім. Ұққаным: Қытайдың Шыңжаң автономиялы ауданынан телевидениеге бір делегация келеді. Тәкең ол кезде телеарнадағы музыкалық хабарлар редакциясының бас редакторы. Кездесу өтеді. Соның ішінде сол ауданның жаңалықтарын жүргізетін диктор Әмина Ергешқызы да болады. Қоштасарда үстінде қара көйлек, мойнында қызыл шарфы бар әлгі қыздың артына жәутеңдеп қарай бергені қатты әсер еткен ғой. «Ее, жақсы екен, халық әндерінің ырғағы бар екен», – дедім. Бұл ғашықтық сезім емес, қарындасты жат жұртқа қимағаннан, атажұртқа деген сағыныштан туған ән ғой. Соны Әминаның көзімен береді. Сонымен, бұл ән шарықтап кетті. Онсыз той өтпейтін. Қайда барсаң да, алдымыздан шығады. Тіпті бұл әннің төңірегінде өсек-аяң да көбейді. Бір күні елге барсам, шешем: «Әй, Тынышбай әлгі қыздың соңынан кетіп қалды деп жүр ғой жұрт, рас па?», – дейді. «Өнер адамының артынан сөз көп ереді ғой, апа», – деп едім, «Е-е, бәсе», – деп қуанып қалды. Кейін Әмина бізді Қытайға қонаққа шақырды. Осы әннің арқасында сүйген жарын тапты. Өсек-аяң ештеңе емес қой, ең сорақысы бұл әнді ұрланған деді ғой. Әйтеуір газетке шығып аман қалды. Өліп қалуы мүмкін еді, – дейді Қарашаш жеңгеміз.

Кейде бір жақсы ән үшін де өмір сүргің келеді. Оны айтып жүрсең, өмірің ұзара түсетіндей. Тыңдасаң тамсанасың, демаласың. Әрине, бұл әнді он орап алатын әндер де бар. Мәселе сол әннің ел өмірінен алатын орнында. Аталмыш әннің бір ерекшелігі, оның тұла бойына бір елдің де тағдыры сыйып кетіп жатады. Олай дейтініміз, тәуелсіздік таңы атқанда сырттағы қандастардың ел жаққа қарап алаңдауы күшейді. Сол тұста елге шақыру басталғанда бұл туындының да атажұртқа деген махаббат сезімін лаулатуға себеп болғанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ән әсіресе Қытайдағы қандастардың арасында кең ­тарады. Әрине, үздік өнер туындысының негізінде ұлы махаббат, ұлы сағыныш жатады. Бұл басы ашық нәрсе. Дей тұрғанмен де, қаршадай қазақ қызының жанарынан сол сағынышты көрген Тынышбайдың әні де кейіннен бәйге атының тағдырын кешті. 

Рас. Бұл әннің аспанын аласартқысы келгендер де болды. Сол тұста Алматыда «Мәдениет» деген мәдениетсіздеу газет шығып, онда «Алтайдың ар жағынан келген ару» ма, әлде ән бе?» деген мақала жарық көрді. Бұл ән Қытайдағы қандастарымыз айтатын «Ақ көйлек» әніне ұқсайды-мыс. Бұның алдында Мемлекеттік сыйлық бұйырмай пұшайман болып қалған ақынға бұл жолғы соққы ауыр болды. Аса мән бермей қоя салуға да болар еді. Бірақ ақын жанының қарадай жараланғанын, жүдегенін көріп тұрып, әрекет етпеу мүмкін болмады. Бұл мақаланы оқыған ұлы Нұрғиса қатты қапаланды. «Бұлар ертең біз кеткен соң да бұлай деуден тайынбайды», – деп өзімізді боқтап жібере жаздады.

Әрине, Нұрағаң айтқандай, әннің дәлелі ең алдымен нота. Белгілі ақын Оразақын Асқар Қытайдағы қазақ әндерін жинақтап, нотасымен бірге «Мәдениет және тұрмыс» журналына жариялап жүреді екен. Ұзын-ырғасы жүз жиырма ән болыпты. Соның ішінде «Ақ көйлек» те бар. Бұл әнді нотаға белгілі күйші Уәли Бекенов түсіріп беріпті. Сол нотаны белгілі ақын алып келіп, екі әнді нотасымен қатар жарияладық. Екі әннің құрылымын музыкалық сауаттылық тұрғысынан терең талдаған Ә.Бейсеуов, Н.Нүсіпжановтың пікірлері де нақты дәлелдерге негізделді. Ән туралы мақала жазып отырған адамның «боқбасар ұры», «әуейі», «ұяты кеткен ит» деген сияқты былапыт сөздерді қардай боратқанына жағаңды ұстайсың. Мақала өнер туралы емес, бір алаяқ, жемқор туралы фельетон сияқты. Қысқасы, «Егемен Қазақстанға» «Әсем әнге араша» атты топтама (11.08.1994 ж.) берілді. Сөйтіп, бұл өресіздікке нүкте қойылды.

Таяуда архивімдегі папкаларды ақтарып отырсам, Тынышбай ақынға арналған біршама дерек-дәйектерге кезіктім. Сол күндерде кербез Көкшеден белгілі ақын Төлеген Қажыбаев та Тәкеңе кәдімгі қара машинкаға басылған сәлем хатын жолдап, былай депті:

 

«АЛТАЙДЫҢ АР ЖАҒЫНАН

КЕЛГЕН АРУ» ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

 

Құрметті Тынышбай!

Баршамыздың сүйікті газетіміз «Егемен Қазақстан» өзіңнің аса бір сәтті шыққан, қазақтың ән өнерінің алдыңғы легінен лайықты орын тебетін «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніңе ара түсіп, орынсыз жаладан қорғап қалғандығын зор сүйіспеншілікпен қабылдағандығымды жасыра алмаймын. Нұрғиса ағамыздан бастап сөз алып, өздерінің әнге деген адал көзқарастарын білдіргендіктерін азаматтық тұрғыдан алғанда игілікті іс болды деп бағалау керек болар.

«Аққа Алла жақ» дегендей, творчестволық жолда кездесіп қалар мұндай қолайсыз құбылыстың дау тудырмас табанды да дәйекті төрелік табуымен құттықтауға да болар.

Менің осы тұста сұлу әніңнің поэтикалық қуаты нәрлі әдемі текстінде кеткен бірер әттеген-айды алдыңа тартқым келіп отырған жағдайым бар. Өлеңіңде «Баянды болсын сенің ұшар бағың» дейтін тіркес бар. Ал осыған ой көзімен үңілер болсақ, онша бір көңілге қонымды болмай шыққанын айтпай қала алмасақ керек. Өйткені бақтың «қонуы мен ұшуы» дейтін ұғымдар қазақта бір-бірін сыртқа тебер кері мағынаға ие екендігін есіңе салсам деп едім. Бақтың басқа қонуын игілікті құбылыс тұрғысында қабылдар қазақи көңілдің «ұшар бақты» бақытсыздыққа саярын сезінетін боларсың. Ендеше, «Баянды болсын сенің ұшар бағыңды» оң көңілден туған ниет тұрғысында айтылғанымен мына тұрысында сәттілік сипатындай қабылдай алмасақ керек. Басынан бағы тайған адамды «басынан бағы ұшқан бір сорлы» деп, басына бақ қонған адамды бақытты дейтін қазақ үшін «ұшар бағыңнан» да «құшар бағың» өтімдірек сезілетіні де сондықтан.

Ән текстіндегі «Жалт етіп қарағаның емге дәру» деген тіркестің де бойында мағыналық жағынан кінәратсыз еместігіне көңіліңді аударғым келеді. Өйткені дәру болар нәрсе дертке, ауруға, сырқатқа қатысты болса керек, ал ем, емге, емдеу дегеніңіздің өзі дәрумен бір арнадан өріс тапқан, мағыналық жағынан бір-бірін үстемелеп тұрған біртекті тіркестер ғой. Ендеше, бұл туралы да қайта бір үңіліп, ой елегінен өткізер болсаң жақсы болар еді деген тілек бар. Мәселен, «Жалт етіп қарағаның жанға дәру» болса айып па?

Сонымен, құрметті Тынышбай, осындай ойға оралған бірер пікірімді өз құзырыңа ұсына отырып, ел аузына ілігіп, Қазақстан аспанына қанат қаққан әсем әніңмен құттықтап, алда да творчествоңа сәттіліктер тілеймін.

Төлеген Қажыбаев,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі, ақын.

Көкшетау қаласы.

Біржан сал, 29, 1 пәтер

14.09.1994»

 

Ал жаңақорғандық оқырман Қ.Қалмыр­заевтың мына хаты да бейжай қалдырмайды. Оқып көріңіз.

«Құрметті редакция!

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 11 тамыз 1994 жылғы нөміріндегі санында «Әсем әнге араша» деген сын мақаланы оқып қайран қалдым. Қолыма еріксіз қалам ұстатты. Өмірімде қай газетке осындай мақала жарияланса да өз пікірімді білдірген жан емес едім. ...Мақала авторы жақсы әнге неге қиянат жасаған? Республикамызға өлең жинақ кітабымен көрініп жүрген ақын ағамыз Тынышбай Рақымовтың атына орынсыз быламық сөздер айтқан. Бұл не деген сорақылық? Әлде көреалмаушылық па? ...Халық әртісі Нұрғиса Тілендиев «Әділ болайық, ағайын», Әсет ­Бейсеуов ағамыз «Өнерге адалдық қана жарасады», «­Жазира» ансамблінің жетекшісі, халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз, Оразақын Асқар ағаларымыздың «Ақ көйлекті» біз де  білеміз деген ой-пікірлері жақсы айтылған. Олай дейтінім, сазгер ағаларым «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінің ақ-қарасын дәл айтып отыр. Өйткені «жақсы ән жан азығы» деген емес пе! Қалай осы ән дүниеге келген күні халқы шарықтатып, аспандатып шырқап ала кетті. Осы әнді бірінші рет нотасының сиясы кеппей Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жезтаңдай әншіміз Мақпал Жүнісова теледидардан орындағанда таңғалғанбыз. Өйткені әніне сөзі сай. Шырқалғанда жеңіл айтылады.

«Алтайдың ар жағынан келген ару» әні өткен жылы жақсы ән болғандықтан үздік ән аталса, «Ән-1993» ән шашуында жас әнші Сәкен Қалымов өте керемет орындады. Қазір біз радиодан, теледидардан Сәкеннің керемет дауысымен тыңдап жүрміз.

Сөзімнің соңында талантты ақын, сазгер ағамыз Тынышбайға Қызылорда облысы Жаңақорған халқының атынан жақсы ән жаза беріңіз. Қаймықпаңыз. Еңсеңізді төмен түсірмеңіз. Қазіргі адамдар аяқпен жүрмейді, ауызбен жүреді. Сіздің «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніңізді біздің ауданның егде кісісі мен жастары шырқап жүр. Әніңіз той жиындардың сүйікті әні. Тағы да айтарым, Тынышбай аға. Еңсеңізді көтеріп, жақсы ән жаза беріңіз. Сын көзбен қарағандарға, бымыт сөздерге құлақ түрмеңіз.

Құрметті редакция тілімнің жеткеніне дейін өз пікірімді айттым. Кем-кетігі болса, өздеріңіз жөндерсіздер. Мақала жазып көрген адам емес едім.

Қ.Қалмырзаев.  5.10.1994 ж»

 

Осы эссені бітірген болып, мойнымнан бір жүк түскендей балконға шығып тұр едім, көршінің көлігіндегі радиоқабылдағыштан «Алтайдың ар жағынан келген ару» төгіліп жатыр. Баяғы ­Панфилов саябағындағы темекісін құшырлана ­сорып, аласұрған ақын көз алдыма келе қалды.

Бір нәрсе анық: кісінің жанын жазықсыз жаралауға болмайды, әсіресе шығармашылық адамының жанын.

1654 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы