• Әдебиет
  • 11 Қараша, 2021

СҮЙГЕНІМ МЕНІҢ ҚАЛАДА НЕМЕСЕ «ҚАРАКӨЗ» ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

Дүниеде махаббаттан құдіретті толағай күш жоқ!
Табынсақ, махаббатқа табынайық!
Бұл «Қыз Жібек пен Төлеген», «Баян сұлу мен Қозы Көрпеш», «Еңлік пен Кебек», «Ләйлі мен Мәжнүн» хикаясы емес. Бірақ олардан бір мысқал да кем емес!
Тыңдап көріңіз.
Екі жас алғаш жоғары оқу орындарының көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыса жүріп танысқан-ды. Қазақтың заң институтының үшінші курс студенті, республикалық өнер байқауына қатысып, жарқырап көрінген Есімхан Алматыда жаңадан ашылған театрға шақырылып, «Қыз Жібек» қойылымындағы Бекежан, ал Қыздар педагогикалық институтының студенті Зеберше Қыз Жібек рөліне ұсынылады. Негізінде нар тұлғалы Есімхан Төлеген рөліне лайық болғанымен, ол орынға басқа актер бекітіліп қойғандықтан, Бекежан рөлін қанағат тұтады.

Қалай дегенмен де бұл тағдыр еді.

Алабұртқан алапат сезім селдей толқытқан соң қоя ма, қос жүрек бірдей лүпіл қағып, махаббат ұшқыны екеуін де өртеп бара жатады. Бұл – жүректерге түскен алғашқы шоқ еді.

Осыдан соң артынша өткен ғасырдың елуінші жылдары Мәскеуде бүкілодақтық өнер фестивалі басталады. Есімхан Мәскеудің Съездер сарайында «Қыз Жібек» операсынан Бекежанның ариясын орындағанда тыңдармандар сілтідей тына қалады. Бұл анау-мынау әншінің пешенесіне жазыла бермейтін мүмкіндік еді.

Тағы бір тосын жайт, «Қыз Жібек» фильмі түсірілерде кино байқауға Асанәлі Әшімов пен Құман Тастанбековпен бірге Есімхан мен Зеберше де бақ сынап көріпті. Батыр тұлғалы, кең жауырынды, көркем де келісті Есімхан батыр образын шебер сомдап шығар ма еді, кім білсін, бірақ өнердің шоқ жұлдызы Асанәлі ағасынан асып қайда барады?

Осыдан соң-ақ Есімхан өнер жолына біржолата түседі. Туған ауылына оралып, Жетісай, Киров аудандарындағы мәдениет ошақтарында жұмыс істеп, ерекше қабілетімен, актерлік шеберлігімен көзге түседі.

Біздің қазақта қашаннан қалыптасқан дәстүр бар. Ол – әке-шеше таңдауына қарсы шықпау. Есімханның әкесі Қысабек ауылдағы өзі құрмет тұтатын бір кісінің қызына бесіккертпе дәстүрімен құда түсіп қойған екен. Ата жолын аттап кете алмаған Есімхан сол қызға үйленеді. Арада жыл өткенде қызды болады.

Ал бұл кезде Алматыдағы оқуын бітіріп, ауылына оралған Зеберше аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп жүреді. Қыз жүрегі қашанда құлыптаулы. Ол Алматыда жүргенде Есімханға қызға тән ұяңдықпен жүрек сырын аша алмаған еді. Қыз құпиясын құндақтаған күйі Алматысында қала берген. Бірақ жүрекке түскен шоқ оны байыз тауып отырғыза алмады. Көңілін толқытқан алапат сезім арнасынан асып, ән болып қалықтады.

Бұл – «Қаракөз» әні еді.

Сол-сол-ақ екен, ән көгершіндей қалықтап, еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Жастар қолдарына мандолин алып:

Жайнаған гүлдер далада,

Сүйгенім менің қалада.

Сенсің менің сүйгенім,

Басқаны қалама, – деп кешкі тымық ауаны жаңғырта әуелете осы әнді шырқайтын болды.

«Қаракөз» өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары ғашықтардың гимніне айналды! Автордың өзі қалап, ән ­атауын «Қаракөз» қойғанымен, халық арасына кең тарай келе ғашықтардың ынта-ықыласына, сұлу сүйіспеншіліктеріне толы бұл әуен «Сүйгенім менің қалада» деген атпен танылды. Көгершін ән көгілдір көкті көктей ұшып ­Киров ауданы Ынтымақ ауылындағы Есімханға да жетті. Есімханнан ес кетті, алабұртқан жүрегіне ем іздеп, шарқ ұрды. ­Сонда барып ол Зебершені шексіз сүйетінін, онсыз өмір сүре алмайтынын ұғынды.

Бұл кезде Қысабек ақсақал «әуейі» ­болып кеткен баласын тәртіпке шақырып, Алматыдағы тастап кеткен оқуын қайта жалғастыру үшін Есімханды қыспаққа алып ­жатыр еді. Қолына диплом тигеннен соң Есімхан өнермен қоштасып, театрды ­тастап, Шардара аудандық Ішкі істер бөліміне қызметке орналасады. Ол шалқар айдынға қарап отырып, тұңғиық ойларға терең батушы еді. Қиялы шағала болып шарықтап, әр қиырды кезіп кететін.

Беймаза жүрек ақыры бір шешімге келді. Есімхан жүрек әміріне бағынды. Зеберше Ынтымақ ауылына келін болып түсті.

Иә, Зеберше зерек те қайсар қыз еді. Әйтпесе, ол күш атасы Қажымұқанның немересі болар ма? Құнтақандай күнінде атасының тізесіне отырып, тамақ жеуші еді. Бәлкім, оған қайсарлық атасынан ауысты ма екен?

Махаббат айдынында қос аққудай жараса жүзген Есімхан мен Зеберше сол өңірдің гүліне айналды. Той-думанда:

Көңілімде бар түйгенім,

Сенсің сәулем сүйгенім.

Көптен күткен жарым менің,

Қаракөз сүйгенім, – деп ән қайырмасына келгенде ұйықтап қалған сезім селк етуші еді. Жұптары жарасқан ғашықтарға төңірегіндегілер таңырқай да тамсана қарайтын. Сүйсінетін. Иә, қаншама жылдар бойы мөлдір махаббаттың үлгісі ретінде бірнеше буынға рухани ләззат сыйлап келе жатқан сырлы ән сиқырымен әлі талайларды әлдилей бермек.

Осы жерде тағы бір таңырқатар әңгіме өрбіт­пекпіз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев Теміртауда жүргенде «Сүйгенім менің қалада» әнін шырқауды ұнатады екен. 2007 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде еліміздегі бір топ іскер әйелдерді қабылдағанда Президент басын кішірейтіп, «Сүйгенім менің қалада» әнін домбыраға қосылып шырқай жөнелгенде қабылдауға келген қыз-келіншектер қосыла жөнелгені қалай ұмытылар?! Халық әндерін ерекше құрметтейтін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы әнді таңдауы кездейсоқ емес.

Иә, кезінде Қазақ радиосынан осы әнді шығысқазақстандық Ораз Кәкиев тамылжыта орындап жүрді. Мұнан соң Татьяна Бурмистрованың орындауында тыңдадық. Әсіресе Ораз Кәкиев әнге ерекше әр беріп, түрлендіріп орындайтыны құлағымызда.

Жетісай, Киров аудандарындағы мәдениет ошақтарының даңқы Зеберше Оспанова келгеннен соң одан әрі дүркірей түсті. Бірнеше музыкалық аспаптарда шебер орындайтын Зеберше сахнаны гүлдендіріп жіберуші еді. «Ол сахнаға шықты» дегенше, көрермендер залында ұшқан шыбынның ызыңы естілетін. Жиын-тойларда шешіліп сөйлеп, «Мен Есімханға ессіз ғашық болдым. Осы бір ән сондықтан жүрегімді жарып шықты» деп ақтарылушы еді. Қайын-сіңлілері жібектей жұмсақ жеңешелерінің нұрланып тұрған жүзіне сүйсіне қарайтын.

Көргенді келін, жібектей жеңеше атанған зейінді Зеберше «Қаракөз» әнінен соң да бірнеше әуен шығарыпты. Алайда сол әндері бүгінде сирек орындалады. Ауыл-ауылдарды аралап, концертті «Сүйгенім менің қаладамен» бастайтын Зебершенің бұл әні төлқұжатына айналады. Ерке көңіл байсал тартқан күндері аңсар, арманды сәттерін жиі еске алып, көңіл толқындары теңіздей тербеліп, ұзақ ойға шомады екен.

Өйткені...

...Сол жолы аудандық Ішкі істер бөлімінің барлық милиционерлері сапқа тұрғызылып, бастық тапсырма беріп жатады. Осы сәт көшені шуға бөлеп, «К-700» тракторын бұлғақтатып айдап келе жатқан тракторшы туралы хабар түседі. Ә дегенше әрі-бері теңселіп, бұлғақтаған трактор да көрінеді. Рульдегі удай мас еді. Жолда әлдекімді қағып кетсе немесе үйлердің бірін сүзе тоқтаса, мұның соңы үлкен қайғы болмай ма? Осыны түсінген Есімхан Қысабеков (учаскелік милиция инспекторы, милиция капитаны) алып көлікті тоқтатпаққа ұмтылады.

«К-700» тракторының баспалдағына аяқ қоюдың өзі де қиын. Оның үстіне шайқатылып келе жатқан тракторға қарғып шығу оңай емес-ті. Есімхан спортпен де айналысқан нар тұлғалы азамат еді, трактор кабинасына жылдам көтерілді. Рульдегі жүргізушіні кейін серпіп тастап, көлікке өзі иелік ете бергенде тас төбесінен әлдекім қойып қалады. Бұл маскүнем жүргізушінің қаскүнем серігі болатын. Иесіз қалған ауыр трактор бағанаға соғылып барып тоқтайды. Қансырап жатқан әріптесін милиционерлер ауруханаға жөнелтеді.

Білетіндер ота сәтсіз жасалған деседі. Үш күн сөйлеп жатқан Есімхан әп-сәтте есін жоғалтады. Есін жоғалтпас бұрын басын балғамен ұрғанын айтып кетсе керек. Алайда тергеушілер мас жүргізушінің серігін ұстамаған. Әлгілерден пара алып, «милиционер тасқа өзі құлады» деп хаттама толтырады. Судья да сыбайлас жемқорлыққа бір иығын беріп тұратын сабаз болса керек, екеуін аз жылға соттап «міндетінен» құтылады. Алайда Есімханның іздеушілері бар еді. Ағайындар жиналып, жоғарыға арызданады. Есімханның мүрдесін қайта зерделегенде оның басына балға тигені анықталады. Сонымен, екі маскүнем ату жазасына кесіледі.

Сүйгенінен Бағлан, Аян, Гүлжан, Тоғжан, Бота атты екі ұл, үш қыз сүйген Зеберше осылай аңырап қалады. Бұл оқиға оның жүрегіне ауыр салмақ түсірген еді.

Мақтаарал ауданында ұзақ жыл дәрігер болып жұмыс істеген, бірнеше жыр жинағының авторы, кең жүректі, дарқан пейілді Ағман Сабырханұлы деген азамат болды. Іссапармен бір барғанымда ол мынандай мұңлы әңгіме айтып еді.

– Сейілбек ағамыз бен Нәзипа жеңгеміз келін түсіріп, ұлан-асыр той жасады. Тамадалық менің қолыма тиді. Бір кезде той иесі қасыма келіп, «Осында Зеберше ­Оспанова да отыр. Ән сұра», – деді. Мен Зебершені ортаға шақырып, бір ән салып беруін өтіндім. Ол тойға ән айтуға дайындалып келсе керек, қолына гармонын ұстап шықты. Микрофонға жақындап, көтеріңкі күймен, ерекше екпінмен «Сүйгенім менің қалада» әнін шырқай жөнелді. Әуеге бозторғайдай қалықтап көтерілген ән кенет күрт үзілді. Қарасам, адамдар құлап түскен Зебершенің басын сүйеп, қол-аяғын уқалап жатыр екен. Апыр-топыр үймелеген адамдарды ығыстырып, оған ауа керек екенін айттым. Дәрігермін ғой, оған алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жүрегіне массаж жасап, жасанды дем бердім. Өкініштісі, Зеберше құлап түскен бойы жантәсілім етіпті. «Жедел жәрдем» дәрігерлеріне хаттама толтыру ғана қалды.

Бұл 1989 жылдың 2 желтоқсан күні еді.

Осылай деген Ағман аға үнсіз ұзақ отырды.

...Бүгінде даңғаза, даңғырлақ, құлаққа түрпідей тиетін тұрпайы әнсымақтар көбейді. Көбік қиялға күрмелген «композиторлар» күпініп, маңайына кісі келтірмейді. Әлгі әнсымақтарды тыңдап отырғанда айқаптағы жындарың қозады.

Осындайда Зеберше Оспанова апайымыз еске түседі. Бір ғана әнімен аты қалған, тамаша туындысымен талайлардың сусынын қандырған дара таланттың есімін ардақтап жүрсек, оған деген құрметіміз болмас па?

Селдей сезімін, мөлдір махаббатын жүрек түкпіріне құндақтап өткен өнерпаз соңғы рет ән салып тұрып:

Елжіреп сүйер жүрегім,

Бақытым сенсің білемін.

Сағынтпа мені, жан сәулем,

Өзіңсің тілегім! – деп жүрегінен шымырлап шыққан тілегін сарқа айтып, мәңгілік сағынышына айналған баққа қарай аққу болып ұшып кетті ме екен?

Иә, бұл өмірдің жұмбағы көп...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

2027 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы