• Қоғам
  • 25 Қараша, 2021

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АДАМДЫ АЛМАСТЫРУЫ МҮМКІН БЕ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ­жасанды интеллект және деректерге талдау жасаудың өзекті мәселелеріне арналған «Artificial Intelligence Journey» атты халық­аралық онлайн конференцияда әлемнің саяси басшыларына жасанды интеллект технологияларын адамға және оның құқықтарын бұзуға қарсы қолданбау туралы  Меморандумды қабыл­дау мүмкіндігін ойластыруды ұсынды. «Жаңа заманның табысы біздің жаңа техно­логияларға енгізетін адамгершілік дең­гейіне тәуелді болмақ. Машиналар мен роботтардың ойлау процестері сындарлы бағытта ғана дамуы тиіс» деп пікір білдірді.

Жасанды интеллект дамыған сайын ­ақ­паратқа көз тігіп, ғаламтор ақтарып отыр­ған әрбіріміз қаншама қиялдың шындыққа ай­налғанын көріп, расында, келешекте адамзатты тығырыққа тірер қауіп осы жасанды интеллект болмас па екен деп алаңдайтынымыз рас. Себебі қазір біз қолданып жүрген, біз білетін жасанды интеллект, сарапшылардың пікірінше, ең қарапайым  түрі.  Мәселен, Apple өнімдеріндегі Siri немесе «Яндекс» компаниясы құрастырған «Алиса» дауыстық қызметтері, Telegram чат боттары, жол көрсететін GPS, Google-дегі іздеу қызметі, адамды тану камералары, әлеуметтік желідегі өзімізге ұнайтын контенттер мен ­аккаунттарды дәл тауып көз алдыңа әкеп беретін бағдарламалар – бәрі осы жасанды интеллект. Демек, бәріміз күнделікті жасанды интеллекттің игілігін көріп жүрміз. Ал күнде жетілдіріліп, апта сайын бір жаңалығын ұсынып отырған жасанды интеллект құрастырушылары «қуырдақтың көкесі әлі алда» дейді. 

Яғни «Дамытылған жоғары сатысында адам санасындағы ойлау процесін жасанды түрде құрастыруға қол жеткізіледі» дейді ғалымдар. Жасанды интеллектінің дамуына әрбіріміз үлес қосып отырмыз. Әлеуметтік желідегі ұсынылған сауалнамаларға жауап беріп, түрлі жазбаларға «like», «dislike» батырмасын басуымыз арқылы да деректер жинауға, алгоритмдерді бағдарламалауға атсалысып жатырмыз. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде күніне мыңдаған, миллиондаған әрекет жасалады. Мұның барлығы ақпарат қорын жинақтауға қосылған үлес. Демек, біз жасанды интеллект құрсауындамыз десек те болады.

Интеллект негізі түйсіну, ұғыну, елестету арқылы алынған деректердің адам миы арқылы өңделуі, мидың қабылдау қабілеті. Бұл әр адамда әртүрлі. Жан-жануарларда, жасанды роботтарда тіпті бөлек. Интеллект өлшеуге болатын нәрсені санауға, салыстыруға, сақтауға қауқарлы болса, сана адам ғана сезінетін сезіммен бағалау, сыни ойлау мүмкіндігін береді. Жасанды интеллект пен нейрон желілері, бұл – интеллектке ие машиналар мен компьютерлік бағдарламаларды жасауға негізделген қуатты технологиялар.

Сондықтан көп ғалымдар тек санау, өлшеу, дерек жинау, сақтау, қорытуда адамнан мың есе жылдам роботтарды, сезіну тұрғысынан келгенде адаммен теңестіруге әлі тым ерте деп санайды. Сарапшылар «сондай-ақ қазіргі кезде күрделі есептеулердің шешімін табу үшін алгоритмдерді бағдарламалауға құрастырушылардың көп күш және уақыт жұмсауына тура келеді», – дейді. Себебі ақпарат шамадан тыс көп. Тіпті көп деректі өңдейтін оңтайлы код жасалған күннің өзінде оны пайдалану қиын болары сөзсіз. Көлемді ақпараттарды пайдалануға көптеген құрылғылар жарамауы да мүмкін. Әлбетте жасанды интеллектіні дамыту дәл бүгінгі күні адам еңбегін жеңілдету үшін, күрделі есептеулер процесін жылдамдату үшін өте маңызды.

«Күннен күнге дамытылу үстіндегі жасанды интеллектінің қуатты типінің бағдарламасы терең үйрену жүйесімен жасалған» дейді ғалымдар. Терең үйрену деген – қазір біз қолданып жүрген жасанды интеллектінің машиналық үйрену саласынан бөлініп шыққан бөлек бір әдіс. Америкалық кәсіпкер, информатик, бір кездері Google Brain мен Baidu компаниясының жасанды интеллект жобасын басқарған Эндрю Ян-Так Нг терең үйренуге негізделген кез келген компьютер адамның ойындағы тапсырмаларды орындай алатынын айтады. «Әзірге жасанды интеллектінің мүмкіндіктері толығымен пайдаланылған жоқ. Тек қарапайым түрі игерілді», – дейді Эндрю Нг. Сондықтан ғалымдар жасанды интеллектінің бар мүмкіндігін дамытып, анализ жасау, білім жинау, үйрену, жоспарлау, мәселе шешу сияқты барынша мол қарекеттерді орындауына бас қатырып жатыр. Яғни жасанды интеллект адам санасының көшірмесі болуына күш салуда.

Адамның өмірін оңтайландыратын пайдалы тұсымен бірге адам миымен біріктірілетін нейрондар желісі, адамның миы ғана атқаратын жұмыстарды өзі ойланып, шешім қабылдар болса, кейде адами фактор ескерілмей қате шешім қабылдауы мүмкін. Ондай сәтте қателігін келер жолы қайталамайтындай өзін бағдарлама арқылы түзеп, өзін дамыта түседі. Жасанды интеллектінің қаупіне қатты алаңдаған белгілі физик ғалым Стивен Хокинг айтқандай, «Компьютерлер бір күні өздерін өздері шығаратын жағдайға жетеді». Қиял-ғажайып ертегі секілді. «Яндекс» ­компаниясы басшыларының бірі, сарапшы Григорий Бакунов дәрістерінің бірінде былай дейді: «Белгілі бір тұрғыдан алғанда, жалпы адамзаттың алдында маңызды және қызықты міндет тұр. Әрбір жеке тұлғаға адамзат жасанды интеллект жүйелерін дамытқаннан да әлдеқайда жылдамырақ даму керек». Демек, жасанды интеллект қарыштай дамып, бақылаудан шығып кетуі де мүмкін. «Сондықтан жасанды ­интеллектке ерік бермей, адам үнемі даму үстінде болуы керек» дегенді меңзейді сарапшы пікірі.

Сарапшылардың бірқатары жаңа айтып өткеніміздей, жасанды интеллектінің адамзатқа төндірер қаупіне алаңдаса, бірқатары адам миымен астастырылған нейрондар желісі адамзатқа көп пайда әкелетініне көбірек назар аударады. Әсіресе медицина саласында диагноз қоюға, емдеуге, дауысты ажыратуға, мәтін аударуға, музыкалық шығармалар жазуға орасан көмегі тиеді деп санайды. Британдық биохимик Ник Лейн «Адамды шағын әрі пайдалы «ақылды заттар» қоршайтын болады. Мәселен, бұрын қабырғаға орнатылған сенсор тек кімнің өтіп бара жатқанын ғана анықтай алған болса, болашақта ол кім, ниеті қандай, адамға қауіп төндіріп тұрған жоқ па, соны да түсінетін болады. Қауіпті болған жағдайда түймедей сенсор адамға қауіпті алдын ала ескерте алады», – дейді. Сондай-ақ алдағы уақытта күнделікті күйбең тірліктерді және ауыр жұмыстарды «ақылды машиналар» атқарып, бос уақыты пайда болған адамдар көптеп шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алады» деп позитив пікір айтады ғалымдар. Бұл тұрғыда Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс бүкіләлемдік экономикалық форумда: «Бізді ұзақ демалыс күтіп тұр. Адамзаттың мақсаты күні бойы дүкенде тұрып, зат сату емес. Адамның бос уақытының көп болуы – ол тіпті де қорқынышты емес», –дейді. Алайда барлық сала автоматтандырылған жағдайда адамдар жұмыссыз қалып, күрделі проблемалар туындауы мүмкін. Ол үшін не істемек керек? Жасанды интеллект мүмкіндіктері сараланатын түрлі жиындарда сарапшылар осы сұраққа жауап іздеп, кадрларды қорғау, өмірге қайта дайындау мәселелерін ойлану керек деген ұсыныс айтып жатыр.

Расында жаңа инновациялық технологиялар дамыған сайын пайдасымен қоса көптеген мәселелер туындайтыны сөзсіз. Ғалымдардың көпшілігі жоғарыда айтып өткендей, жасанды интеллектінің қауіп-қатері болғанмен, адам­ның орнын толықтай басып, адамды басқаруы мүмкін еместігін алға тартады. Енді көп салада, әсіресе өндірістік салада жасанды интел­лектіні басқара алатын, инновацияны игерген маман­ның сұранысқа ие болатыны анық. Жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығына сәйке­сін­ше мамандар даярлауға да әсері орасан болмақ.

Ғарыштық жылдамдықпен дамып келе жатқан жасанды интеллектіні игеріп, игілігін көрумен қатар, енді біз балаларымызды осы салаға қызықтырып, жаңа технологияны игеретін, бағдарламасын басқаратын маман болуына мүдделі болуымыз керек. Ғылым-білімге бағыттауымыз қажет. Өйткені уақыт күттірмейді.

Айнұр МҰРАТОВА

2021 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы