• Әдебиет
  • 13 Қаңтар, 2022

ИМАМНЫҢ МАХАББАТЫ (новелла)

Әбубәкір ҚАЙРАН

Анық асық – әулие!
Кереметке сол ие. 
Жаны құрбан жарына, 
Керексіз оған дүние.
Шәкәрім

Соңғы кездері намаздан басқа еш нәрсеге зауқы соқпай, мешіттегі шаруаларын да найып имамға тапсырып қойып, үйінде жатқан Сәбит имамның бір сәтке көзі ілініп кеткен екен, екінті намазы қаза бола жаздапты. Асығыс-үсігіс тақиясы мен мәсісін киіп, дәрет алатын жез құманын алайын деп барса, баумен бекітілген қақпағы бір бүйіріне салбырап, имек мойыны одан сайын имиіп, бос күйінде тұр екен. Терең бір күрсінді де, газдың үстінде тұрған шәугімнен құманына су құйып  алды. «Бибім дәрет суды да ұмыта бастапты» деп ойлады ішінен. 
Асыға басып аулаға шыққан соң, бір тізерлей отыра қалып: «Ә`узу биллаһи минаш-шайтанир-ражим. Бисмилләһир-рахмани-рахим» деп, сүннет ниетін жасады да, қолына құманнан су құйып, үш рет аузын шайды, үш рет оң қолымен мұрнына су тартып, сол қолымен сіңбірінді. Бетін, құлақ тұсы мен алқымын сулы қолымен сипап өтіп, қолын жуды. Шынашақпен бірге үш саусағын біріктіріп, сол үш саусағымен маңдайынан желкесіне дейін сипап өтті. Сұқ саусағымен құлағын тазалап, екі қолдың сыртымен мойнын жуған болды. Мәсіх тартудың осы шарттарын орындап болған соң, сақтиян мәсісінің бас жағын  сулы қолымен сипалап отырып: «О, Алла! О, жаратушы ием!» деп күңірене күрсінгені өзіне де оғаш боп көрініп, орнынан тез тұрып кетті. 
Үйге кіріп, өз бөлмесіне қарай өтіп бара жатқанда Зейнеп бибісінің есігі ашық тұрғанын байқап, ырқынан тыс солай қарай бұрылды. Зейнеп үлкен айнаның алдында боянып тұр екен. Үстіндегі ұзын қара көйлегі денесімен дене болып, онсыз да сұлу мүсінін тіптен әйгілеп, тіптен әсірелеп тұрғандай. 

– Бір жаққа бара жатырсыз ба? – деді имам бибісіне деген ренішін білдіргісі келмей, бәсең дауыспен.

Айнаға табынып, қасын сүрмелеп тұрған сұлу келіншек селт ете түсіп, жалт қарады. Оттай жанған қара көздерінде үрейге де, таңданысқа да ұқсамайтын әлдебір жат ұшқын бар сияқты.

– Әлгі құрбыма... Тағы да ауырып қалыпты. «Тез кел» деп шақырып жатыр, – деді Зейнеп, айнаға қайта бұрылып.

– Ә-ә... Аты кім еді?.. Иә, Бәтимә... Оның сізден басқа жақын адамдары жоқ па?

– Сізге айттым емес пе – ауылдан көшіп келгендеріне бір-ақ ай... Балалары жас қой. Мұнда таныстары да жоқ.

Намазына асығып тұрған имам:

– Бір жаққа барар болсаңыз, маған алдын ала ескертуді ұмытпаңыз, – деп бөлмеден шығып кетті.

Имам намаз оқып болғаннан кейін де о дүниелік аруақтарды, бұ дүниелік жақын адамдарын дұғаларына қосып ұзақ отырды. Өзінің жақсы көріп, жаны жаратып алған бибісінің пейіл-пиғылына шайтани ойлар араласпай, тек қана ақ періштелердің дәргейінде жүруін Бір Алладан тілеп, өтінді. Бұрын мұндайы жоқ еді, кейінгі күндері ғана өзінен-өзі өстіп жалбарынуды шығарыпты. Құбылаға қаратылған, бас жағына күмбез бейнесі кестеленген ақ шаңқан жайнамаздың бетіне мөлие қараған екі көзінен мұң төгіліп, жыбыр-жыбыр еткен еріндері өзіне ғана көрінетін періштелерге әлдебір құпия сырларды жеткізіп жатқандай.

Кенеттен есіктің сықырлап ашылғанын естіп, артына жалт қарап еді, қолын қусырып, иіліңкіреп тұрған бибісін көрді.

– Сіз әлі кеткен жоқсыз ба? – деді жайнамазын жинап жатып.

– Сіздің рұқсатыңызды өз аузыңыздан естиін деп күтіп отырдым, пірәдар, – деген әйелінің үнінен жасандылық сезінгендей болған имамның көзі оның үстіндегі хиджабқа түсіп:

– Киіміңізді ауыстыра қойыпсыз ғой, – деп, мұртын сипап, жымиып күлгендей болды.

– Жаңағы қара көйлекті Бәтимәш сыйлап еді. Киіп, көріп тұрғаным ғой, – деді Зейнеп саусақтарын салалай түсіп. Саусақтарындағы тасы әртүрлі қымбат жүзіктері терезеден түскен күн сәуле­сімен шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Келіншектің қара хиджаб қалқасынан көрінген аппақ жүзі де бұлттан шыққан айдай боп нұрланып тұр екен. Жұбайының осыншалық сұлулығына жаңа көргендей таңданып қалған Сәбит имам бойын тез жинай қойып:

– Бар. Бар, бибім. Менен рұқсат, – деді.

Имам өз зайыбының атын атамай, «бибі», «бибім» деп қана атайтын. Оның себебі – ерлі-зайыптылардың екеуі де қожа тұқымынан болғандықтан, ақсүйектік үрдісті бекем ұстауға серттескен еді. Зейнеп те осы босағаны аттамай тұрып-ақ Сәбит имамға «пірәдар» деген ат қойып алған. Бұлардың өзара сыйласымдылықтары мен жарасымдылықтарын көрген дінбасылар мен әкімқаралардың өздері де үлкен құрметтерін көрсетіп тұрушы еді.

Зейнеп шыға салысымен, темір торлы қақпасын бекітіп алу үшін сыртқа шығып еді, бибісі әлдеқандай бір жеңіл көлікке мініп жатыр екен. Ұзын шашы желкесін жапқан бейтаныс жігіт көліктің алдыңғы есігін ашып тұр.

«Осы жалбыр шаштысы кімі болды екен?» деп күбірлеген имамның қабағы түйіліп, қаны қайнай бастағандай. Ол қақпаны бекітуді де ұмытып, кері қарай ілбіді. Үйіне кірген соң да көңілі байыз таппай, екі қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы сенделумен болды. Сәл кемдігі бар оң жақ аяғы сырқырай бастаған соң, өз төсегінің аяқ жағына шоқиып отырды да, бір кезде орнынан тез тұрып, ас үйге барды. Кофе қайнатып ішейін деп оқталып тұрып, онысынан да айни қалды. Ақыры, қонақ бөлмесіне барып, шкаф үстінде тұрған фото альбомды қолына алды да, креслоға нығарлана жайғасты. Бұл альбомда үйленген кездері мен жұбайлық өмірлерінің алғашқы айларындағы суреттер жинақталған.

Сәбит имам альбомның бірінші парағына орналастырылған ­Зейнеп екеуінің үйленер алдында түскен суреттеріне ұзақ қарап отырып, бір сәтке болса да пейіштің сегіз жәннатының нығметіне бөленгендей болған сол шақтарын терең тебіреніспен есіне алып отырды. Отыз жасқа келгенге дейін өзінің жеткіншек кезінен құштар болған дін іліміне деген сүйіспеншілігі басқа жаққа мойын бұрғызбай, Алланың ақ жолымен ғана жүруді мұрат тұтқаннан ба – ешбір қызды сүймек түгілі қызықпапты. Мұның дін жолына түсуіне басты себепкер болған Әкрам қожаның бұған айтып берген бір әңгімесі еді. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінде әжесі бұған: «Әй, Сәбитжан, қасиетті рамазан айында мешітке барып пітір садақа беру – әрбір мұсылманның парызы. Міне, жігіт боп қалдың. Сен мешітке барып, ата-бабаңның рухына бағыштап құран оқыт. Имам Әкрам қожаның өзіне бар. Менен сәлем айт. Ол – менің жақын туысым. Сенің нағашы ағаң» – деп, қолына ақша ұстатты. Содан соң шүперекке түйілген күміс теңгелердің бір уысын мұның қалтасына салып: «Мына сөлкебайларды мешіт алдында отырған кәріп-кәсірлерге таратарсың» деді. Сол бір сәтте өзінің кеудесіндегі бала жүрегінің лүп-лүп етіп, ғажайып та рахат сезімге шомылғанын осы күнге дейін ұмытпайды. Қалашықтағы жалғыз мұнаралы шағын мешітке екі өкпесін қолына алып, жүгіріп барғаны да әлі есінде. Мешітке жетіп барса, есік көзіндегі баспалдақ пен ұзынынан қойылған екі орындықта әжесі айтқан кәріп-кәсірлер қаптап отыр екен. «Біздің жерде де қайыршылар көп те?» деген бір жағымсыз ой санасында жарқ ете түсті де, мүсәпір адамдарға деген аяушылық сезімі әлгі жаман ойын дереу жойып жібергендей болды. Қалтасындағы күміс теңгелерін отырғандардың бәріне үлестіріп, олардың бата-тілектерін қабыл алғаннан кейін, қос қолтығына қанат біткендей болып, мешіттің ішіне қарай ұмтылды.

Имам Әкрам қожаны сұрастырып, тез-ақ тапты. Ол өз жұмыс орнында екен. Баланың арнайы іздеп келіп, құран оқыт­қызып, пітір садақасын тапсырғанына дән риза болған ақ сақалды кісінің Сәбитке ақ батасын алғаш бергені де – сол жолы.

Әкрам қожа мұны баласынбай, құдыреті шексіз жаратушы Алла туралы, оның жердегі елшісі Мұхаммед пайғамбар және оның төрт шадияры – Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли туралы түсінікті түрде әңгімелеп отырды. Содан соң дүниеден жүз жиырма төрт мың пайғамбар өткенін, он сегіз мың ғалам бар екеніне тоқталды.

Бала Сәбит қожаның сөздерін балбырай тыңдап, бейнелеп айтуға тіл жетпестей нұрлы бір әлемге еніп кеткендей болып, елігу мен сезінудің құзырынан шыға алмай қалып еді, сонда. Жеткіншектің өте ынталы бала екенін біле қойған қожа: «Егер дін ілімін меңгергің келсе, осы уақыттан ­бастап талпына беруің ләзім» деп еді, Сәбит: «Сіз мені оқытасыз ба?» деді. «Оқытам! – деді имам, – Ертең осы уақытта кел. Мен сен үшін сабақтың кестесі мен уақытын белгілеп қоямын».

Әкрам қожа ең алдымен намаз оқуды үйретті. Одан соң «Мұғалім сәни» оқулығымен таныстырып, араб әріптерін оқып, жазуға дағдыландырды. «Мұғалім сәни» дін оқуының әліппесі іспеттес екен. Қазақшасы – «Екінші ұстаз». Содан соң араб сөздерін жаттап алу үшін – «Мәбдәл қирағаты», грамматикасын меңгеру үшін «Сарф» пен «Нахуды» оқытты.

Орта мектепті бітірген кезде діни оқудың кіріспесімен танысып үлгерген соң Әбу-Ханафи медресесіне түсу еш қиындыққа соққан жоқ. Медресені үздік бітіріп, Нұр – Мүбарак Египет – Ислам мәдениеті университетінде оқып жүрген кезінде де ізденіп, білім алудан бір танбапты. Имамдық дәрежеге тез көтеріліп кетуіне де сол білімпаздығы мен таза діндарлығы себеп болған шығар.

Иә, осы Зейнеппен де мешіт имамы болып орналаса салысымен танысты ғой.

Бір күні ертеңгілік уақытта сымбатты да сұлу бір қыз мұның жұмыс орнына келіп, иіліп сәлем салды. Оның кіріп келгендегі нұр сипатына таң қалып отырған имамды иіліп сәлем салғаны тіпті қызықтырып: «Келіңіз! Келіңіз!» деп, орнынан тұрып кеткенін өзі де сезбей қалған. Тумысынан мұндай ұшқалақтықты жек көре тұра, бұлай істегеніне қысылып та тұрды.

Қыздың арнайы келген шаруасы – жақында қайтыс болған анасының рухына арнап қырқына дейін Құран аудартпақ екен. Қырқы болған күні хатым түсірмек. Осы қасиетті рәсімдерді орындауға мешіт имамын лайық деп тауыпты.

Өз өтінішін айтып болған соң сұлу қыз анасының өте жақсы адам болғандығын, бес уақыт намазын үзбей оқығанын әңгімелей отырып, қайта-қайта көзіне жас алумен болды. Сөз арасында өздерінің оңтүстік жақтан шыққан дуана қожалар екендігін де айтып өтті. Құран аударғаны үшін бір жылқы атайтындарын білдіріп еді, имам шошып кеткендей болып: «Ондайды айтпаңыз, біз тек мешіт тағайындаған ақысын ғана аламыз» деп, шыр-пыр болды.

Құран аударып, хатым түсіруге уағдаласқан соң өзінің аты-жөні мен марқұм анасы туралы мәліметтер жазылған және мекен-жайы көрсетілген қағазды имамға ұсынып, анасының қырқына дейін әрбір жұма сайын таңертеңгілікте үйіне келіп, құран оқып тұруын өтінді. Имам келіскенін білдіріп, басын шұлғи беруді ғана білді. Хас сұлудың жас жуған жанарынан ана ажалының қасіретінен де басқа, тереңде жатқан бір қою мұңның көлеңкесі байқалатындай. Сұлудың қыз екенін де, келіншек екенін де біле алмай отырған соң, оң қолының саусақтарына бажайлай қарап еді, неке сақинасы жоқ екен.

– Отбасылық жағдайыңызды білгім келіп отыр,– деді бір кезде. Өз өңінің қызарыңқырап кеткенін сезіп, маңдайын уқалады.

– Менің атым – Зейнеп. Тұрмыс құрмағам, жасым – жиырма бесте.

Зейнеп орнынан тұрып, қолын ұсынды.

Сәбит имам да орнынан тұрып, сұлудың қолын алды.

– Менің атым – Сәбит. Бойдақпын. Жасым – отызда, – деді сонсоң. Қол алысып тұрып, екеуі бірдей күліп жіберді.

– Үлкен ағам екі жыл бұрын қайтыс болған. Артында әйелі мен екі ұлы қалды. Мен сол жесір жеңгеммен бірге тұрамын. Жоғары оқу орнында оқып жүріп, бір жағ­дайға байланысты үшінші курста тастап кеттім.

– Қандай жағдай? – деп имам шошып кеткендей болды.

– Енді... Не дейін?.. Жастық дегендей.

Имам бұл әңгімені әрі қарай қауза­майын деп, жұма күні таңертең Зейнептің үйінде болатынын айтып, жылы қоштасып, шығарып салды.

Зейнептің шешесінің қырқы өткенге дейін әр жұма сайын ерте барып құран оқып тұрды. Уағда бұзбау әр дін адамының парызы екендігі белгілі ғой. Солай болса да, жұмадан жұмаға дейінгі күндері мен түндері тым ұзарып, уақыт өтпейтіндей, таң атпайтындай, Күн батпайтындай сезіліп, Зейнеп арудың ай дидарын бір көруге асығатын да тұратын. Мұны көрген сайын Зейнеп арудың да бота көздері жұлдыздай жарқырап, аршыған жұмыртқадай аппақ өңінен таңның арайындай жұп-жұқа қызғылт сәуле шашырайтын.

Иә, сонымен... Құран да аударылды, марқұмның қырқында хатым да түсірілді. Бірақ, Сәбит имам мен Зейнеп сұлудың кездесулері мұнымен доғарылып қалған жоқ. Бұл кездесулердің соңы шын сүйіскен махаббатқа ұласып, Зейнептің анасының жылдығы өткеннен кейін қос ғашық үйленіп тынды.

Содан бері – үш жыл. Үш жылда бір-біріне үш рет болса да бір ауыз суық сөз айтып көрмепті. Оттай жанған ыстық сезімнің жан рахатына бөлейтін жылуы да күндіз-түні салқындап көрген емес. Тек қана кейінгі кездері «бір перзент көрсек» деген мұрат-мақсаттары жеткізбес арманға ұласып, көз көрмес, көңіл жетпес бір қиырға ұзап бара жатқандай. Оның үстіне келіншегінің кейінгі кездердегі тұнжыраңқы жүзі мен мұң ұялағандай болған көздері де бұған құпия әлдебір сырларды жасырып тұрғандай болып көрінеді. Имам бұл сырдың түйінін бала сүйе алмай жүргендеріне әкеп тірегісі келеді. Тіпті, анық содан екендігіне шәк келтіруден де қорқады. Сөйтіп жүргенде... немере ағасының осында тұрып, оқып жатқан студент қызы құлағына кісі шошитын сыбыс жеткізді. Осы оншақты күннен бері имам мешітке кеткен соң бір сұңғақ бойлы, шашы ұзын жігіт Зейнепті есік алдынан мәшинесіне мінгізіп, алып кетіп жүр екен. Оқуға енді түскен он жеті жасар қызды бала деп ойлай ма – «Мен дүкен аралап келем. Көкеңе айтпа» деп өтінеді екен. Сафура деген сол қарындасы да сөзге үйірлеу қыз болса керек, көрген-білгені ішіне сыймай, бәрін жеткізгенше асығып тұратындай. Жеңгесіне берген уәдесінде шаруасы жоқ. Бірақ, бұлай деп сөгуге де болмайды – жақын ағасының әйелі жеңіл жүріске салынып жүрсе, нағыз саппас болмаса, кім шыдап тұра алады?!

Зейнеп бұл қызды тым қатты еркелетіп, «Сәулем» деп атайды. Ешбір іске араластырмайды, бәрін өзі тындырады. Ылғи: «Жақсы оқы. Жақсы оқысаң, жаман болмайсың» деп отырғаны. Бибісі мен қарындасының мұндай тату сыйластықтарына іштей мәз боп жүретін имам студент қыздан әлгі сөзді естігенде, төбесінен жай түскендей болғаны рас. Әйелі туралы жағымсыз жаңалықты естіртіп тұрған қарындасының жүзіне қараса, қыбы қанып, жайраңдап тұрған сияқты. Сол сәтте оны жек көріп кеткені соншалық – теріс айналып, бұрылып кетті. Бөлмесіне кіріп алып, алуан түрлі ой кешті. Ең бірінші есіне түскені – «Күйеуінің рұқсатынсыз үйден шығып кеткен әйелге періштелер қайтып оралғанша лағнет айтады» деген пайғамбардың сөзі. Ислам діні әйелді қызғана білу керек екенін де қолдайды. Әйелін ешқашан біреуден қызғанбайтындар «даюс» деп аталып, о дүниеге барғанда жұмаққа жолай да алмайды екен. Алайда, бұл – «әйеліңді кім көрінгеннен қызғана бер» деген сөз емес қой.

Ислам дінінде әйелі алдындағы күйеуінің міндеттері де қолмен қойғандай анық көрсетілген. Әйелге қай уақытта да қамқор болу, киіну мен ішіну жағынан ешқашан тарлық көрмеу үшін жетерліктей нәпақа түсіріп отыру, жаны мен тәнін бірдей қанағаттандырып, бала сүю, оны тәрбиелеу – еркектің ең басты парыздары. Ал, бұл болса, бала сүюден басқа әйелінің алдындағы осы міндеттері мен парыздарының бәрін орындап келеді.

Имам өзін өзі жегідей жей бергенше, кейінгі кездегі өзгерістері туралы бибісінен сыр тартып көруге бел байлады. Кешкі шәй үстінде бибісінің соңғы кезде біртүрлі болып жүргенінің себептерін сұрағансып отырып:

 – Анда-санда көшеге шығып, бой сергітіп, көңіл көтеріп жүрген боларсыз? – деп жып-жылы жүзін одан сайын жұм­сартып, мейірімді көздерін күлімдетіп, оның бетіне барлай қарады.

Зейнеп бұл тосын сауалға сәл абыржып қалғандай болды да, бойын тез-ақ жиып алды.

– Анда-санда дүкенге шығып қайтам ғой. Ішім пысатындай не бопты?! Үйдің шаруасы да жетеді, – деді.

Имам әйелінің бұл жауабына қанағат­танып қалғандай болды. «Бәсе, менің бибімнен нашар қылық шықпауға тиіс» деп, ішінен Бір Аллаға мың да бір тәуба келтірді. Сол түні тыныш ұйықтады.

Амал қанша, бұл жайланғанын Құдай көпсінген екен, екі-үш күннен кейін-ақ азаншының аузынан тағы бір мұздай суық сөз естіді.

Азаншы мен әйелі балаларға киім алайық деп «Балалар әлеміне» барыпты. Сонда жүріп күтпеген жерден Зейнепті көріпті. Қысқа ғана сәлемдесіп, бибінің қасынан өте шыққан екен, сонысына осы күнге дейін өкініп жүрген көрінеді. Жанында ұзын бойлы бір жігіт жүр екен.

Азаншы имамнан: «Ол кім? Сіздің туысыңыз ба, әлде, бибінің жақын адамы ма?» деп сұрады. «Ә, бір бауыры бар еді, сол шығар» дей салды имам. «Бибім «Балалар әлемі» дүкенінен не іздеп жүр?» деп ойлады да, таяуда осында көшіп келген Бәтимә құрбысын есіне түсіріп, соның балаларына киім алып жүрген ғой деп жорамалдады. Өстіп көңілін бір демдеп алғандай болғанмен, әлгі жалбыр шаш ұзын жігіт есіне түсе қалып, жан дүниесі тағы бұзылып, жүрегі шанши бастады.

Міне, содан бері имамда күлкі де, ұйқы да жоқ.

Имамның көз алдына Зейнепке есік ашып, көлікке мінгізіп тұрған ұзын жігіт тағы да елестеп ала жөнелді. Екі құлағы бірдей шулап, тым алыстан әлдебір үздіксіз ызың естіліп тұрғандай. Күн де кешкіріп қалыпты. Альбомды алдына жайып қойып қанша уақыт отырған?

Имам орнынан атып тұрып, үстелдің үстін жұдырығымен бір ұрды. «Бұл мәселенің басын бүгін кешке-ақ ашып тастаймын!» деді қатты дауыстап. Көрші бөлмедегі студент қыз мұның дауысын естіп, жетіп келіпті. Имам оған оқты көзін қадап тұрып, «Кет! Кет!» дегенді білдіріп, қолын сілтеп-сілтеп жіберді.

Бұл кезде құндақтаулы бөпе көтерген Зейнеп бастаған Бәтима мен оның інісі сұңғақ бойлы қара жігіт – Бейсен есіктен кіріп келе жатқан болатын.

***

Екінті әлетінде имамның үйінен аттанып кеткен Зейнеп пен Бейсен әйелдер босандыратын туытхананың ауласына кіргенде, Бәтимә бұларды асыға күтіп тұр екен. Қолында – бір құшақ гүл.

– Әлгі баласын бізге беретін қаншық айнып қалмаса болды. Жүріңдер! – деп, алға түсіп заулай жөнелді. Созылмалы сырқаттан әбден жүдеген келіншектің жүрісі де ширап, жүзі де жайнап кетіпті.

– Сендерге айттым ғой, – деді Бәтимә тоқтай қалып, – мен – ана бала тапқан қыздың жеңгесімін, сендер – нағашысыңдар. Қазір оны көре саласымен, құшақтарыңды жайып, қарсы жүретін болыңдар. «Күләштай! Күләшжан!» деп.

Бұлар ішке кірген соң көп уақыт өтпей-ақ құндақтаулы бала көтерген Күләш та көрінді. Екі жағында – екі медбике. Қыздың боп-боз жүзі мен жасқа толы жаутаңдаған көздерін көріп, Зейнептің жүрегі шымырлап, арқа-басы мұздап кеткендей, енді болмаса жылап жіберердей. «Күләш!.. Күләш!.. Айналайын!» деп, қызды құшақтай алып, сүйе бергенін өзі де сезбей қалды. Қыз да еңіреп жылап жіберді. «Мені кінәлай көрмеңіздер! Бұдан басқа амалым қалмады!» деп өксіген кезінде, Бәтимә нәрестені өз қолына алып: – Әй, қыз, қуанып тұрып кісі жылай ма екен?! – деп, қолындағы гүлді Зейнепке ұстатып, медбикелерді иегімен нұсқады.

Зейнеп гүлді мосқалдау медбикеге ұсынды да, сөмкесінен ақша шығарып, «бөпенің көрімдігі» деп, екеуінің де қолына қыстырды. Күлміңдеп тұрған медбикелер мәз болып, «Сау болыңыздар! Қуаныштарыңыз құтты болсын!» деп, жөндерімен жөнелді.

Бәтимә Зейнепті інісінен оңашаға апарып, құлағына: – Студент кезіңде ішіңе біткен балаңды алдырып тастап, оқудан кетіп қалып едің. Енді, міне, сол балаң өзіңе қайтып оралды. Бауы берік болсын! – деп шақалақты Зейнепке ұстатты. Туғанына бес-ақ күн болған нәресте екі көзін тарс жұмып, алаңсыз ұйқының рахатын көріп жатыр. Құтты бір анасының емшегін іздегендей, еріндерін тамсап-тамсап қояды.

Бөпесіне емірене қараған Зейнептің шаттыққа толы нұрлы көздерінен тарам-тарам жас сырғанауда. Ол осы бір қуаныш пен бақыт жасын сүрткісі де келмеді. Сәбиін иіскелеген сайын оның оранып жатқан ақ көрпесіне өзінен өзі сүртіліп жатқан жас қой, өйткені! Енді Құдай қайғы мен қасіреттен жылатпаса екен! Бала көтере алмайтынын біліп, баз кешіп жүргенінде Бір Алланың өзі әкеп берген құлыншағы ғой, бұл!

Бұлар көлікке мініп, жүріп кеткеннен кейін Бейсеннің қатарында, алдыда отырған жас қыз жылауын тоқтатса да, өрт кеудесінің өксігін баса алмай отырып:

– Еліме кетемін! Алыста қалған ата-анама барамын! – деді.

– Енді жылама, қарындасым! Сен мұны Алланың бір сынағы деп ойла. Бір сыннан сүрінсең, екінші кедергіден қарғып өтесің. Өмірдің сабағы деген – осы! Әлі жап-жассың! Бар қуаныш, бар қызығың алдыңда! Енді қателеспейсің! – деді Бейсен жас қыздың иығынан еркелете қағып.

Інісінің бұл сөзіне риза болып қалған Бәтимә сықылықтай күліп: – «Ағасы бардың бағасы бар» деген осы-ау! Ағаң дұрыс айтады, қарғам, – деді.

– Бәтимә, – деді Зейнеп ақырын дауыс­тап, – саған мына Күлпәшті тауып берген әлгі әйелмен мені таныстырсаңшы. Оған сыйлық жасауым керек қой.

Бәтимәнің екі көзі адырайып, шарасынан шығып кете жаздады.

– Ондайды доғар, қыз! – деді Зейнепке шатынай қарап, – Ол – сені, сен оны білмеуің керек. Бұл істегенімізді білетін – осы отырған төртеуміз. Бесінші болып Пірәдар ғана еститін болады. Одан осы күнге дейін жасырып келдік қой.

Бұлар Күләштің қалауымен бір мейманхананың тұсына келіп тоқтады. Ол артта отырғандарға еңсеріле бұрылып: – Сіздер баланы маған беріп, сыртқа шыға тұрыңыздаршы. Ең соңғы рет мейірін қандырып емізіп алайын, – деді.

Екі әйелмен Бейсен сыртқа шыққан соң, көңілдері бұзылып, бір-біріне жас шүпілдеген көздерімен қарап тұрды. Жүректері дүрс-дүрс соғады. Бәрі үнсіз.

Бір қауым уақыт өткен кезде көліктен шыққан Күләш бұлардың қасына келіп, баланы ендігі анасы Зейнепке ұсынды.

– Сәл тұра тұр, айналайын, – деді ­Зейнеп, – менің саған жасайтын сыйлығым бар еді. Мына редикюлдің ішінде әзірше саған керектің бәрі бар. Еліңе, жеріңе, алыстағы ата-анаңа жеткенше қиналмайсың, тарықпайсың. Енді көрісеміз бе, жоқ па?! Бар тілегім – аман бол, бақытты бол! – деп, шынжыр бауы алтындалған кішкентай сөмкешені Күләшқа ұстатты.

Күләш бетін басып жылаған күйі мейманханаға қарай жүгіре жөнелді.

***

Болған істің мән-жайына әбден қанып алған соң, не қуанарын, не мұңаярын білмеген адамдай, бет-аузы құбыла күлмеңдеген имам қызылшақа ұлын қолына алып, креслосына отыра кетті. Сәбидің бет-жүзіне тоймай қарай береді. Иісі де жұмақтың жұпарынан кем емес шығар. Әйелдер дастархан даярлап, тамақ істеп жатыр. Бейсен екі қолын екі жағына жайып жіберіп, диванда отыр еді, кенет, әлденеден шошып кеткендей, орнынан ұшып тұрып: – Имам, намаз уақыты өтіп барады ғой! – деді, – Тезірек дәрет алайық! Жамағат болып, намазымызды оқиық!

Имам бөпесін Зейнепке беріп, басына сәлде орнына киетін дастар бөрігін, үстіне шым жібектен тігілген өңірі мен етегі кестелі ақ шапанын киіп, бейне бір мешіттің мінберінде айт намазын оқуға бара жатқандай киініп алды. Намаз оқитын бөлмесіне беттеп бара жатты да, кенеттен артына шалт бұрылды.

– Мен қасиетті намаздың алдында балама ат қоямын! – деп, сәбиді Зейнептен алды да, қос алақанына әуектеп көтерді. Алдымен үш рет азан шақырып, сонсоң қысқалау бір дұғаны оқыды да: – Сенің атың – Иманжүсіп! Сенің атың – Иманжүсіп! Сенің атың – Иманжүсіп! – деп баланың құлағына айқайлады.

Ең керемет есімдердің бірін иеленген кішкентай шақалақ имам әкесінің қолынан ару анасының қолына көшті. Жылтыратып көзін ашты. Өз үйінің шаңырағына қарап жатыр.

Имам намазын аяқтаған соң, сәждаға телміріп отырып, Жаратушы Иеден әйеліне күмәнданғаны үшін үш рет кешірім сұрады. Өзінің көзі оттай жанады. Жүзі шоқтай жайнайды. Мұның себебі – өзіне сәби сыйлаған Алла тағаланың шапағаты ма екен, әлде, жүрегіне қайта оралған Зейнепке деген махаббаты ма екен? Мүмкін, оны өзі де білмейтін шығар.

1921 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы