• Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2022

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ БІР АПТАДА ҚАНША ҚАРЖЫ ЖИНАДЫ?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Елдегі төтенше жағдайдан кейін 11 қаңтар күні Мәжіліс отырысында Президент 
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құруды тапсырды. 
«Бұл қорға лотерея қызметі операторының, бәс тігу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдары жіберіледі. Әрине, айтарлықтай тұрақты аударымдар, ірі бизнес тарапынан қорға тұрақты аударымдар күтеміз», – деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде. 

Президенттің айтуынша, Үкімет компания тобын жасап, олармен қорға төлейтін жыл сайынғы жарна көлемін келісуі керек. Осылайша, «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры құрылып, оған қаржыгер Болат Жәмішев басшы болып тағайындалды.

Сонымен, небәрі бір аптаның ішінде аталған қорға 12 миллиардтан астам ақша түсіп үлгерген. Белгілі болғанындай, 17 қаңтардағы жағдай бойынша, қорға жеке тұлғалардан 10 миллион теңге, заңды тұлғалардан 12,36 миллиард теңге түскен.

«Kaspi.kz және оның құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 10 миллиард теңге көлемінде қомақты үлес қосты. Сондай-ақ, «Халық» қайырымдылық қорынан екі миллиард теңге түсті. «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС 350 млн теңге аударды. Сонымен қатар, қоғамдық қорға ерікті ретінде 6519 қазақстандық ақша аударған. Қазір оның жалпы сомасы 10,1 миллион теңгеден асады. Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа және оның кеңсесінің, Президент әкімшілігінің және басқа да мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметкерлеріне бір күндік жалақысын аудару арқылы қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз»,  – деді қор өкілі.

Бір күндік жалақы демекші, осы орайда экономист Олжас Құдайбергенов осындай тенденцияны сынға алып, мұны тоқтатуды сұрады. Оның айтуынша, аталған қор әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер мен жеке компаниялар қорға бір күндік жалақыларын аудару мақсатына арналмаған.

«Қазақстан халқына» қоры салықтан жалтарған, қаржысын шетелге шығарған жандарға азаматтық борышын өтеу үшін ашық болуы керек. Сонымен қатар табысы заңдастырылған қалталы азаматтар мен компаниялар да артық қаржысын аудара алады. Әрине, қарапайым тұрғындарға да аздаған соманы жіберуге болады. Алайда бір күндік жалақы аудару науқанын доғарған жөн», –  дейді Олжас Құдайбергенов.

Осылай ел басына күн туған қын-қыстау кезеңде банктердің де үнсіз қалмағаны белгілі. Қор басшылығы жоғарыда Kaspi.kz құрылтайшылары қомақты қаражат бөлгенін айтса, Halyk Bank өз қаражаты есебінен жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендерге 3 миллиард теңге бөлуге шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Halyk Bank өз қаражатынан еліміздегі болған жағдайға қатысты 3 миллиард теңгені бөледі. Бұл туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіп, ресми сайтымызда да жаздық. Енді бұл қаражат нақты «Қазақстан халқына» қорына бөлінеді ме, әлде шағын кәсіпкерлердің жеке шотына аударылады ма, қай бағытта кететіні туралы қазір мемлекеттік мекемелермен, әкімдіктермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бірақ қазіргі уақытта нақты аударылған есепшот жоқ. Дегенмен қазір қаражаттың аударылатын мақсатын айқындап жатырмыз», – деді банктің ресми өкілі Досбол Арыстанбеков.

Банк өкілінің айтуынша, белгісі сол, қаражат шағын және микро бизнес сек­торының кәсіпкерлеріне көмек ретінде, сондай-ақ қираған нысандарды тез арада қалпына келтіруге және шұғыл шешімді талап ететін басқа да міндеттерге жұмсалады.

Сонымен, қор басшылығының айтуынша, барлық қаржының ашықтығы мен есеппен жұмсалуы қамтамасыз етіледі. Халыққа деп жиналған қаражат халықтың игілігі үшін, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, мәдениет және спорт мәселелерін шешуге бағытталады. Сонымен бірге сирек кездесетін және басқа да аурулары бар балаларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына, қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау, арнайы органдар қызметкерлерінің отбасыларына, басқа да қайырымдылық мақсаттарға қолдау көрсетеді.

Ал күні кеше «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев «Ошакбаев LIVE» телебағдарламасының эфирінде қорға қатысты сұрақтарға жауап берді. Бағдарлама барысында қор басшысына «Қазақстан халқына» қорына аударған қаржыны кері қайтарып алуға бола ма?» деген тосын сұрақ та қойылған еді. Ол еркінен тыс қайырымдылық жасауға қарсы екендерін жеткізді.

«Қордың бюджетін қамқоршылық кеңес бекітеді. Егер қорға қаржы аударылып, кейін аударған адам белгілі себеппен ақшасын қайтарып алғысы келсе, проблема жоқ. Қаржы иесіне қайтарылады. Ал, егер жеке тұлға немесе ұйым өз еркімен қайырымдылық жасаса, онда мәселе жоқ. Біз еркінен тыс қайырымдылық жасауға қарсымыз. Біреуден қинап ақша жиналмауын талап етеміз. Бұл – ақылға сыймайтын жайт. Жеке өз басым, қор басшысы ретінде де еріксіз қаржы жинауға қарсымын», – деді Болат Жәмішев.

Сондай-ақ аталған телебағдарламаның қонағы болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан халқына» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ирина Смирнова қайырымдылық жасауға қатысты пікірімен бөлісті. Ол өз сөзінде қарапайым адамдардан ақша жинау қордың жұмысына абырой бермейтінін атап өтті.

«Мен халықтан қаржы жинауға қарсымын. Маған мектеп кезінен бастап ақша ­жинау деген ұнамайтын. Мемлекет басшысы қор жұмысына қатысты нақты айтып өтті, ­байып, масайған адамдардың халыққа көмек көрсететін уақыты келді деді. Қорға қаржыны еркінен тыс аудартып жатыр деген шағым да түсіп жатыр. Мен мәжбүрлеуге қарсымын. Қор жұмысы аяққа басып, ел игілігін көре бастағанда қайырымдылық көрсеткісі келген жандар өздері-ақ түсінеді. Сондықтан біреуді қинаудың қажеті жоқ. Еріксіз аударылған қаржыны қайтарып беру керек», – дейді ол.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ірі бизнес тарапынан қорға тұрақты аударымдар күтетітін айтқан еді. Сонымен бірге, ол өз сөзінде қорға лотерея қызметі операторының, бәс тігу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдары жіберілетінін нақтылаған болатын.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Қазақ­стан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын қаржылан­дыру жеке көздерден, ­ха­лықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражатынан, лотерея қызметі опера­торының, мөлшерлемелерді есепке алу орталығының және басқа да моно­полистердің міндетті ­аударымдарынан, ірі бизнес тарапынан тұрақты аударымдардан, қайырымдылыққа, оның ішінде квазимемлекеттік секторға ­ар­налған қаражаттан жүзеге асырылады.

765 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы