• Әдебиет
  • 10 Ақпан, 2022

ҰЛЫ ҰЛТТЫҢ ҰЛАНЫ АМАН БА?

«Аллаға арзу айтқан жүрегімді, 
Жаратқан жалғыз рет тыңдаса деп...»

(Ақын Ғалым Жайлыбайдың 
«Сұлубайдың әні» кітабынан ой-түйін...)

ХІХ ғасыр соңы, ХХ ғасыр әлем қазақтары тарихында қарама-қайшылыққа толы күрделі кезең. Бұл тұста Қазақ жері сталиндік ұжымдастыру салдарынан, ашаршылыққа ұшырап, 1,5 миллион қазақ өздерінің байырғы атамекенін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Ал осы кезде шекаралас Қытай еліндегі қандастарымыз да ұлттың азаттығы жолында жан алып, жан беріскен күреске толы қиын-қыстау кезеңді басынан өткеріп жатты. 
Туған халқының бостандығы жолында отарлаушы империяларға қарсы күрескен Оспан батыр Ісләмұлы, Зуқа батыр, ақын әрі батыр Сұлубай Сапыұлы т.б. бейнелерінің қазақ поэзиясында сомдалуы мен ұлт азаттығы жолындағы күрес тақырыбын бүгінгі күн мәселелерімен байланыстыра зерттеу, оның қоғамдық-саяси мәні туралы мәселе көтеру мақаланың өзектілігін танытады.

Ақын Ғалым Жайлыбай «Сұлубайдың әні», «Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы» аталатын туындылары арқылы Қытайда өмір сүріп жатқан қазақтардың басынан өткен сындарлы жылдар туралы мәселені көтерген қаламгердің бірі. Ақынның өзі ол жайында: «Қытайдағы қазақ мәселесі... Жалғыз қазақ емес, аз ұлттар жағдайы. Екі-үш жылдың көлемі болды бізге жетіп жатқан түрлі хабарлар жаныңды жылатады, жүрегіңді сыздатады. Тәңіртаудан Өр Алтайға дейінгі аралықтағы қандастарды ана бір жылдары аралағаным бар. Арғы беттегі ағайынмен емен-жарқын сырласып бір ақсайран күндерді бастан кешіріп едім. Сол сапар Ақыт қажының басына құран оқып, Зуқалардың басын ілген Қаракөпірді» де көргем...» – дейді.

 «Ұлытауымның ұлары аман ба,

Өр Алтайымның қыраны аман ба.

Халдерің нешік,

Мына заманда –

Ұлы даланың ұланы аман ба?»

Ұлы даланың ұланы аман ба?» – деп басталатын «Сұлубайдың әні» поэмасы «Кілт», «Темірқазық», «Сұлубайдың әні», «Ескірмеген екі аңыз», «ХХ ғасыр. Шеруші Қылаң батырдың ақтық күйі», «Сұлубай шоқысы», «ХХІ ғасыр. Уақ Жармұхамед жыраудың Жайырды жоқтауы», «Қайқая шапқан Қарагер» атты тарауларға бөлінеді.

Ертістің арғы беті, бергі беті

Бұл да бір шежіремнің шерлі беті.

Зар мұңға толған кезде тостағаның –

Алдыңда ақ сөйлейтін келді реті.

 

...Ертістің бергі жағы, арғы жағы,

Ананың еміс-еміс таңғы зары.

Асыл кім ат жалында атойлаған –

Ғасырдың қойнауында қалды бәрі...

«...Ертістің бергі жағы, арғы жағы»... бір халықтың тағдыры бірнеше елге қалайша бөлінді? Алып Алтай тау сілемдерінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың төрт елге бөлініп қалуының себебі бар: «Қазақ ел болып қалыптасқаннан соңғы төрт ғасырға жуық уақытта өз атажұртынан бес дүркін үдере көшуге мәжбүр болды. Оның алғашқысы тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп аталатын Жоңғар қысқан 1720-50 жылдар аралығы... Екіншісі, бір бүйірден орыс, екінші бүйірден Қоқан қысқан ХІХ ғасырдың басы. Осы бір қысылтаяң заманда қазақтар өзінің бұрынғы атамекені тау тәңірі – Тянь-Шаньның солтүстік өңіріне көптеп қоныс аударуға мәжбүр болған. Қытайлар басында іштей қарсылық көрсеткенімен, еті үйрене келе, неге екенін кім білсін, қазақтарға шекара қарауылы маңындағы қазақтың өз жерінен өздеріне қыстау, күзеу бөліп бере бастады. Бірақ бейуаз (момын) қазақ Қытайдың бұл жымысқы саясатының терең сырын түсіне қойған жоқ. Жылытау мен Пекинде ұлықтарын қабылдап, сый-сияпат көрсетіп, «көшіп келген жерінен» кері көшіріп жібермегеніне мәз болып отыра берген. Құпия саясаттың сыры осыдан сәл кейінірек, 1860 жылдары ашылды. 1864 жылы шілденің 7 жұлдызында Ресей мен Қытай арасында «Батыс солтүстік шекараны тексеріп отыру шартының белгілері» деп аталатын «шартқа» қол қойылды. «Шартта»: «Осыдан былай осы бір белгіленген шекара маңындағы шаруалар қоныстанған жер екі елдің қайсысына бөлінген болса сол елдің қарамағында болады» деп түйеден түскендей кесіп тастады. Мұнда екі түрлі жайды ескермеске болмайды. 1)Шарт жобасын жасауға ешкім қазақтан пікір сұраған жоқ, керісінше, шарт қазақ халқынан ұрланып жасалды. 2)Қазақ жері саудаға түсті. Орыс империясы Алтайдың арғы бетіндегі қазақтың шұрайлы жерін Қытайға саудалау арқылы көп жылдар бойы Қытаймен жер дауына түсіп келген Уссури, Чита, Шығыс Сібір төңірегіндегі дау-дамай уақытша тынышталды. Ұлтты ұлтынан, жерді жерінен, ағайынды ағайыннан зорлық-зомбылықпен бөліп тастаған, ұлтты саудаға салған бұл зұлымдық оқиға тарих алдында ешқашан ақталуға тиісті емес. Қазақтың келешек ұрпағы сонау тарихи сонардағы гүннің, сақтың, ата-түріктердің, керей мен найманның, Қоңырат пен меркіттің атамекенін жоқтамас-ау, ал ұлт пен жер тарих таразысына түсіп, әбден төселіп қалыптасқаннан екі жүзден аса жылдар өткен соң ат жалындай қиып тастаған атамекенін, ағайынын күндердің күнінде іздеусіз қалдырмас. Әрине, ұлттың осы аяусыз тағдырына дүйім қазақ қарсы болды... Қазақ көшінің үшінші бір ағыны Ресейдің империялық саясатына қарсы қазақ, қырғыздың 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының тұсы. Бұл оқиға бірінші дүниежүзі соғысының көмескі жұмысына қазақ жігіттерін шақырғанына қарсы өрістеген еді. ...1929-30 жылғы аштық нәубеті, бірлестіктендіру әлегі, 1937-40 жылдардағы тап қырғыны... Халықтың бұл қорлыққа шыдамаған бір бөлігі үйірінен адасқан құлындай күңірене шырқырап, артына қарай-қарай атамекенінен жырақ кете тұруға мәжбүр болды...», – дейді тарихшы ғалым З.Қинаятұлы.

«Алтайдың арғы беті немесе Шыңжаң қазақтары» деген ұғым осылайша қалыптасқан еді. Мінеки, «Атажұрттағы жергілікті қазақ», «Шет елдегі кірме қазақтар» деген тарихи құбылыс осылай пайда болған еді.

...Басында өр Алтайдың бұлты қалың,

Ұша алмай қанатымнан қырқыламын.

Қырқыспай дұшпаныммен қырын тартсам –

Жыртыстай өңі кеткен жыртыламын.

 

Тау асып тағдыр кешкен тылсым елі,

Алынар күн туа ма бір шідері?

Іленің толқындары торыққанда

Тарлан тау Тарбағатай күрсінеді.

Алтай тауларының жалпы биіктігі теңіз деңгейінен 450 метрден 4653 метрге дейін келеді. Оның ең биік тау шоғыры Табын-Богдо-Ола, яғни Бес Боғда (биіктігі 4653 метр) МХР жерінде жатыр.

Алтай аймағы – Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты әкімшілік аймақ. Батысында Қазақстанмен, солтүстік батысында Ресеймен, солтүстік шығысында Моңғолиямен шектеседі.

Алтай қазақтары – Ресей Федерациясы Алтай Республикасындағы Қосағаш ауданында тұратын қазақ диаспорасы. Оларды қазақстандық бауырлар «Қосағаш қазақтары» десе, моңғолиялықтар «Шүй қазақтары» деп атайды.

Өр Алтай!

таупық берсін қыраныңа,

Жұртымның мұңы ілінсе мұнарыңа.

Көз жасым Қанас көлдей мөлдіреді –

Қазақтың зары жетіп құлағыма.

Жүгі ауыр қасіреттің мәңгі батпан,

Бұрқасын басылмаса – әр күн ақпан.

Арысы азап кешіп арда жұрттың –

Дауысы талып жетті арғы жақтан.

 «...Енді Қытай саясатының сойылы менің қандастарымды түрлі соққының астына алып тұр. Алабағанның арғы жағы тынышсыз. Бұл мәселеге әлемдік қауымдастықтар да үн қата бастады...», – дейді ақын.

...Бұл 2017 жылдардан бастап бізге арғы беттегі қазақ, қырғыз, ұйғыр т.б. азшылық ұлттардың жылан байрақтылар еліндегі қолдан жасалған нәсілді, ұлтты жоюға арналған лагерлерде азапты бастан кешіруі жайлы ақпараттар легі толастамай келе бастады...

Бұл мәселені ашып айтатын бір ел, бір халықтың қауқары жоқтай сезіледі. Осындай алмағайып ­заманда ұлттың басына түскен ауыртпалықты ашық айтып халық сөзін сөйлейтін, әділет пен шындықты айтатын қауымның бірі қалам ұстаған буын. Бірақ «заманына қарай адамы» дегендей, халық сенген жұрт әділетті жақтап, шындықтың қасқайып тұрып айтылар орны келгенде көріп тұрып көрмегендей, біліп тұрып білмегендей ақиқаттан жалт беріп айни беретінін де көз көрді.

Әсілі, қаламгер шынайы қаламгер болса қаламына қасиетсіздік жасамайды. Ақиқаттан айнымайды! Ақын Ғалым Жайлыбайдың туындылары осындай қоғамдағы ең маңызды тақырыптарға үн қоса білетінімен құнды.

Сондай тарихи маңызы бар өзекті мәселені көтерген туындыларының бірі «Сұлубайдың әні» поэмасы.

 «Сұлубайдың әні» – шынайы таланттан туған тағдырлы шығарма. Ұлт-азаттық күрестің алдыңғы шебінде болып, жау қолынан опат болған ақын, батыр Сұлубай Сапыұлының тағдыры мен артында қалған әні туралы айта отырып, сол мемлекеттегі бүгінгі қазақ жайын меңзейді».

 «Қайқая шапқан Қарагер,

Қайрылар ма екен қайран ел»

Бүгінгі күннің сұрағы да: «қайрылар ма екен қайран ел?..».

Сұлубай — Сұлубай Сапыұлы (1907-1944) Оспан батырдың бас батыры, әскербасы. Қытай қазақтарына әйгілі тұлға. 

Ақын жырының келесі жолдары әйгілі Оспан батырға арналады.

Түйілген шүберекке жаның қалай,

Қайтейін ағындамай, арындамай.

Оспанды ақ киізбен хан көтерген –

Бұлғынның жағалауы, қалің қалай?

«Оспан батыр (Оспан Исламұлы) (1899—1951) — ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі ұлтының азаттығы үшін күрескен ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Алтай қазағы. Қытайдың Гоминдан және коммунистік үкіметімен қан кешіп ұрыс салған ұлт қаһарманы. Ол туралы АҚШ зерттеушілері «Қазақтың XX ғасырдағы алтын аңызы» деген ат берген. Ұлтының азаттығы үшін шаһит кешкен оғлан.

Алаштан заты да асқан, аты да асқан,

Атадан арда туып ақылы асқан.

...Түсімде арыстандай айбат шегіп –

Көрінен ыршып тұрды батыр Оспан.

 

Кім көрген тап осындай марқасқаны,

Ер Оспан – өр Керейдің алдаспаны.

Тағы да әруағын шақырып тұр –

Жалына ақбоз аттың жармасқалы.

 

...Қараорман қайран жұртым, қайда қалың?

Қайырлар қайырмасыз қайран әнім.

Ести сап сай-сүйегім сырқырады –

Денесіз сол бастардың сайрағанын.

 

Бұл пенде бірде жаяу, бірде аттылы,

Көз жасы көп аққаннан құрғап тынды.

...Қосылып Ақыт қажы өсиетіне

Денесіз әлгі бастар жырлап тұрды:

«Бірінші: уа, сүйікті, бауырмал қазақ халқым, алты бақан, ала ауыз болмай, ынтымақты, берекелі, бейбіт ел болыңдар. Руға, жүзге, жерге бөлінбеңдер! Ұру қуудың түбі – құру, жершілдіктің түбі – жегі құрт, жүзге бөлінудің – жүзі қара, көңілі нала... Қазақтан басқа да жұртпен тату-тәтті өтіңдер. Қазаққа жер де, мал да, дүние-мүлік те бәрі жетеді. Бір жетпесе, береке-бірлік жетпей қала ма, деп алаңдаймын. Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ. Берекесіздіктен сақ болыңдар!

Екінші: көрші қақысы – тәңір ақысы. Көрші жұртпен тәңір ақысын өтеңдер. Оларды ренжітпеңдер. Көрші ренжісе тәңірі налиды. «Іргеңде жауың, көрші елде дауың болмасын» деген нақыл сөзді дана көкірекпен ұстаныңдар... Біреудің адал қақысын жемеңдер. Адал жұмысын қараламаңдар. Кім болса да қақылы істетуді, ақысын тері құрғап болғанша беріп болыңдар!

...Артыма айтар өсиетім осы...».

Ғалым ақынның келесі жыр шумақтары Зуқа батырға арналады:

Иә, солай қоштасқанмын асылыммен,

Бошалап кеткен кезде ғасыр-інген.

Қыранның үстіндегі Қаракөпір –

Қылаң,

Бөке,

Зуқаның басы ілінген.

 «Зуқа батыр, Зауха Сәбитұлы (1869 жыл не 1867 жыл, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Кендірлік ауылы – 1929 ж.) – Қытайдағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Керей тайпасы Абақ руының Ителі бөлімінен шыққан.

Тарихи деректерге сүйенсек, XX ғасырдың 20-жылдарының аяқ шеніне келгенде Алтай өңірінің қоғамдық жағдайы тіпті де асқына түсті. 1928 жылы жазда Алтайдың дау иыңы (қосымша қорғаныс елшісі) болып Ви Жыңго дейтін біреу келді. Ол келе сала Алтай халқына қанды шеңгелін салды. Халықты қан қақсатты. Әскери күшпен озбырлық жүргізіп, алым-салықты шектен тыс ауырлатып, елді ерекше қатты күйзелтті. Ви Жыңгоның бұл зұлымдығына шыдамай қарсы күрескендердің бірі – Зуқа Сәбитұлы болды».

Соңында батқан күннің түн бар екен,

Қайғымды қай құдірет тыңдар екен?

...Көрінен түрегелген Оспанға еріп

Ақырып теңдік сұрар кім бар екен?

Ғалым ақынның туындыларында суреттелгендей «Алабағанның ар жағынан тыныштық кетіп, біздің қандастарымыздың тағдыры қыл үстінде қалуы...», жылан байрақтылар еліндегі адамзат баласының көз алдында адам баласына ашықтан-ашық жасалып жатқан қиянат, зобалаңдар геосаяси, эконо­микалық мәселелер, мемлекеттің тұтастығына тосыннан төнетін қауіп т.б.  аса сақтықты қажет етеді.

Осы реттен қарағанда, ақын Ғалым Жайлыбай жырларындағы арғы-бергі жақтағы қазақ жайы, ұлттың қуаты мен күші, берекесі мен бірлігі мәселесі бүгінгі таңдағы қазақ үшін ауадай қажет!

Бабадан қалған асыл сөз: «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді».

Ғалым ақын да:

Рухпен сырласа кеп, мұңдаса кеп,

Кеткенмін ұрпағына: – мың жаса! – деп.

Аллаға арзу айтқан жүрегімді –

Жаратқан жалғыз рет тыңдаса деп.

Жаңа ғасырдың алғашқы ширегінен басталған азшылық ұлттардың тынысы тарылып, кей ретте қолдан ұйымдастырылған тектік, нәсілдік жою, ұлтты ассимиляциялауға ұшырату т.б. бүгінгі кезеңнің маңызды мәселелері адамзат қоғамын үлкен өзгерістер дәуірі – жаһандану, «алыптар дәуірі» күтіп тұрғанын білдіреді.

Араға қаншама жылдар салып ХХІ ғасырға жетсек те өмірдегі мәңгілік тақырып – Жер тақырыбы, Ел еркіндігі, Ұлттың азаттығы туралы мәселелер де әлі маңы­зын жоймай келеді, бұдан кейін де ЖЕР, ТІЛ, ДІЛ, ДІН тақырыптары маңызын арттыра бермек.

Бұл жаңа ғасырдың басты тақырыптарының бірі.

Осындай «алпауыттар айқасы» заманында онымен қапталдаса көтеріліп, төрткүл дүниедегі барша адамзат баласының назарын аударған келесі бір тақырып – Қазақстандағы қаңтар қасіреті.

Бүгінгі адам баласына ортақ, өркениет биігіне құлаш ұрып, дамыған қоғамда аса маңызды мәселе – Адам құқығының қорғалуы, адамзат баласының өмірінің қауіпсіздігі болуы тиіс еді. Еуропа елдері, Америка, Жапония секілді асқан ақылдылықпен мемлекеттігін құрып, елдігінің іргесін бекітіп, темірдей тәртіпті Заң жасап алған елдерде бұл мәселе әлдеқашан жолға қойылған.

Ал біз, аз ғана қазақ айналадағы анталаған империалистердің көз құртына айналған ұлан-ғайыр жерге ие бола отырып, ұлт ретінде басқа халықтарды айтпағанда, бір қазақ бір-бірімізге бауырмалдық таныта алмай келеміз. Руға, жүзге, жікке, жерге бөлінгеніміз аздай, соңғы уақыттарда тіпті билік, халық, бай, кедей, ұры-қары, элита, оралман, южан т.б. ат қойып, айдар тағып, бір-бірімізден сыртқа тебіліп, ақыр соңындағы «қаңтар қасіреті» тұсында әскер, сарбаздарына әкелері мен аталары, ағалары қарсы шығып, өзімен бір туған қандас қазағына қарулы күштер қарсы шығып... әйтеуір бөліну мен жарылуға келгенде алдымызға жан салмай келе жатқан ұлт екенімізді жасырғанда қайтеміз?!.

Туысқан түркі елінде кез келген түркітектес халықтарды «түбі бір түркі туысқандар» деп, бауырмалдық танытып жатады. Тіпті діні басқа саха, якут, монголдарды да «бой, сойымыз бір» деп, кардеш-бауыр деп жан тартады. Бұл ел болуының тарихында ешкімге бағынышты болып көрмеген, керегесін кеңейтіп, елдігінің қуат-күшін арттырумен келе жатқан мықты мемлекеттіктің белгісі болар, бәлкім.

Ғалым, зерттеуші М.Мырзахметов: «Ғалым ­Жайлыбай поэмалары – бір-біріне жалғасқан тұтас дүние. ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ жұртының толыққанды шежіресін, тарихын осы шығармалардан оқи аламыз. Ізденіске бай, талантты дүниелер», – дейді.

Әсілі, тума талант, шын дарын ең әуелі адамдыққа, ақындыққа – «сөз патшасы – поэзияға» адалдығын әрдайым сақтауы шарт. «Сөз сарасы – өлең» – өмірде шындықтан алыстап, ақиқаттан айнып, жалған сөйлеуге хақысы жоқ!

Еркегүл АРЫҚҚАРАҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті

«Отырар кітапханасы» Ғылыми

орталығының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымының кандидаты

1324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы