• Әдебиет
  • 17 Ақпан, 2022

«Ауылдың кішкентай археологтары»

БАЛАЛЫҚТЫҢ БАЛДӘУРЕНІН АРҚАУ ЕТКЕН КІТАПТЫҢ ТАРАЛЫМЫ НЕГЕ АЗ?

«Асыл сөз» баспасынан жазушы Жаңабек Шағатайдың «Ауылдың кішкентай ­археологтары» атты кітабы жарық көрді. Мемлекеттің «Балалар әдебиетін қолдау жылы» аясында шыққан әңгімелер мен хикаяттар топтамасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы бағдарламасы бойынша  жарияланып отыр.

Кітап төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімге енген әңгімелер мен хикаяттар тақырыптық ерекшеліктеріне қарай екшелген. Олардың қай-қайсын оқымасаңызда өмірдің өзінен алынған шынайылығын сезінесіз. Сонымен қатар жазушының кейіпкерлері әр ісімен оқырмандарына үлгі көрсетіп тұрады. Жалаң насихаттау, баяндау жоқ. Тап-таз, тұп-тұнық болмысымен жүрегіңе жол тартады. Мәселен, «Көлдің беті – аппақ бу» деген әңгімесінде бала кейіпкер Мақсат пен оның әкесі қыстың күні көлдің бетін ойып, ондағы балықтардың оттегімен демалуына мүмкіндік береді. Кішкентай Мақсат мұз ойығына жақындап, «теңгедей ауыздарын» ашып, демалып жүрген балықтарды көріп, қуанады. Сондай-ақ мұз ойығынан көлге нан қоқымдарын тастап, оларды азықтандырады. Осы шағын эпизодтардың өзі оқырманға ой салып, экологиялық тәрбие береді. Және әкенің балаға өнеге көрсетуінің жарқын бір көрінісі суреттелген.

Ал «Рымтай, робот және инеліктер» атты әңгіме де қазіргі техника дамыған заманның оқиғасын суреттейді. Онда жасөспірім кейіпкер Рымтайдың ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейтін әкесі қызы ойнау үшін сонда құрастырылған роботты әкеліп береді. Құлтемірдің және бір қызметі ата-анасы үйде жоқ кезде қызға бақылау жасап, оған қамқоршы болу, жаман әдеттерге жоламауын қадағалау еді. Робот өзіне берілген бағдарлама бойынша бұл міндеттерді мүлтіксіз орындайды. Бірақ құлтемірдің тым қатал, ақылман әрекетінен Рымтай жалығады. Аулада алаңсыз ойнап жүрген достарын сағынады. Бұл эпизоттардан балаға да өзі сияқты бала дос керек екенін байқаймыз. Достыққа адалдықты, шынайылықты сезінеміз. Жалпы бұл кітапқа 31 әңгіме мен ­хикаяттар еніпті. Олардың барлығы да осындай өзіндік ерекшеліктерімен оқырманды өзіне тартады. Кітап – әсем безендіріліп, 3000 таралыммен жарық көріпті. Әрине, осындай тамаша туындының аз таралыммен жарық көруі өкінішті. Өйткені қазіргі таңда еліміздегі мектептер бұдан үш есе көп. Олай болса бұл кітап әр мектептің кітапханасына бір данадан да жетпейді. Балалар шығармаларына қолдау көрсетіп отырған министрлік болашақта мәселенің осы жағын ескерсе дейміз.

Думан НҰРТАЙҰЛЫ

 

1389 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы