• Тұлға
  • 24 Ақпан, 2022

«ЕЛГЕ БАРҒЫМ КЕЛЕДІ»

ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ХАТТАРЫ

Биыл ұлт руханиятының абызы атанған Шерхан Мұртазаның туғанына – 90 жыл. Мерейлі датаны атап өтуде біздің бірден-бір қосар үлесіміз, Халық жазушысының жеке архивтерін зерделеу, зерттеу және оны мемлекеттік сақтауға өткізуге бар мүмкіндікті жасау деп білдік. Сондықтан алғашқы қадам ретінде 2021 жылдан бастап, жазушының қолжазба мұраларын жинастырдық. Жетпіске жуық күнделігі, жүзден аса хаттары және өзге де қолжазба қағаздары Шерхан Мұртаза атындағы ­руханият және тарихтану орталығына жеткізілді.

Бүгінде орталық қызметкерлері қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жеке архивтерін саралап, оларды электронды-сандық жүйеге түсіру жұмыстарын жүргізуде.

Құжаттардың бір бөлігі – хаттар. Яғни Шерхан Мұртаза жазған жүз елуге жуық хат. Әрине, «үлкен тұлғаның жазысқан хат-хабары сол ғана ма?» деген заңды сұрақ та туындауы мүмкін. Бірақ бұл хаттар – Шерхан Мұртазаның өмірлік бір белесінде ғана жанына жақын адамдармен бейресми түрде алысқан, біздің қолымызға жеткен хаттары екенін айта кетуді жөн деп отырмыз. Олардың негізгі бөлігі 1950–1955 жыл аралығында жазылған. Ішінара 1957, 1959, 1960, 1980 жылғы хаттар да бар. Олардың ерекшелігі – бұрын-соңды еш жерде жарияланбағаны.

Хат – жүрек көзі, адам жанының айнасы. Одан жазу мәдениеті, қағазға әріптердің ұқыпты жазылуы, тыныс белгілерін орналастыруы… бәрі-бәрі автордың өзі туралы анық хабар беріп тұрады. Хат жазу мәдениеті өткен жиырмасыншы ғасырда, яғни электронды хат алмасу пайда болғанға дейін қоғамдық өмірде ерекше орын алып, дамыды. Сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданда жүрген ұлынан, жарынан хат алу тіпті бөлек еді. Оның хат иесіне жетуге дейінгі жолы да – бір тарих. Тағат таппай, уақыт санап күткенде келген жақсы хабар хат иесін ғана емес, күллі ауылдастарын да қуаныш сезіміне бөлейтін. Себебі мұндай хаттарда автор тек өзі туралы ғана емес, көрген-білгені туралы да, қоғамдағы жайттарды да ықшамдап жеткізетін. Әрине, майдан хаттарында цензура болды. Дегенмен ұлттық тілдік ерекшелігімізде астарлап сөйлеуіміз – жазылған хатты одан да көркемдей түсетін. Әсіресе өлең-жырмен жазылған хаттар бүгінде архив қоймаларында сақталып, әдеби қорымыздың баға жетпес мұрасы болып отыр.

Бұл тарихи кезеңді көзбен көрген ­Шерхан Мұртазадай алып тұлға хат алмасудан алыс болған жоқ. Ол да өз замандастары сынды сауатты хат жазысуды, пікір алмасуды жақсы көргенін жеке архивінде сақталған мол мұрасынан аңғардық.

Шераға Мәскеуде оқуда жүргенінде оған қал-жайын сұрасқан ауылдастар, ағайындар мен сыныптас дос-құрдастары көптеп хат жолдаған. Бірі – туған жері Жуалыдан, Жамбылдан, Шымқала мен ­Алматыдан, Ташкенттен, тіпті Ленинградтан да хаттар бар. Ол жайында анасына жазған хаттардың бірінде өзі де атап өткен. Шерағамыз мүмкіндігінше өзіне келген хаттарды ұқыптап, кешеге дейін асыл мұрадай сақтап келген.

Білім мен тәлімді қазақ тілінде алған Шерхан Мәскеуге алғаш барғанында қиналғанымен, табандылығының, еңбекқорлығы мен намысының арқасында орыс тілінде де сауатты маман болып шықты. Оны Жамбыл мектебіндегі ұстазы Хабибат Аубакировнаның 1951 жылдың 3 маусымында жазған жауап-хатынан ұғуға болады: «Так же и я спешу тебе сообщить, мой дорогой, о том, какую радость меня пос­тигла, когда я прочитала такое художес­твенно красочно и политически правильно офирмленное письмо от моего вчерашнего абитуриента – казаха, владевшегося русской речью несводободно. Твое письмо обрадовало и удивило не только меня одну, а всех учителей, которые тебя учили…». Бұл уақытта Шерхан Мұртаза редакторлық факультеттің бірінші курсын тәмамдаған студент еді.

Жырақта жүргенінде, студенттік қысылтаяң кезінде дәл осы хаттар оның жанына жылу беріп, туған жерін сағынғанда демеу болғандай. Біраз бөлігі Әбдуәлі, Төлен, Әбутәліп достарынан келген хаттар. Олардың мәтінін оқи отырып, Шерхан Мұртазаның редакторлығы сол хаттарды түзеуден-ақ басталған деп білерсің. Себебі қай хатты алып оқысаң да Шерағамыз әдеби түзетулер жасап, тіпті хат мәтінін түгелімен талдап, қателерін айқындап беріп отырған. Онысы хат иесін мұқатқысы келгеннен емес, ­сауатын ашуға, терең білімге бағыттауы. Мұнысын жақын достары жанашырлық лебізі ретінде оң қабылдап, құптаған. Алғашқы жылдары жазылған хаттардағы қателер кейінгілерде сирек қайталанады. Сөйлем құрау, жазу үлгісі біршама жақсара түскенін де байқайсың. Демек, Шерхан өзі оқып қана қоймай, оқығанын, білгенін жерлестеріне де үйретіп отырған. Оның турасын Әбутәліп досымен 1952 жылы жазысқан хаттарынан да анық аңғарасыз.

Жамбыл қаласында білімін жалғаған Әбутәліптің 1952 жылдың 17 наурызында жазған: «…Мәнерлеп тартымды етіп жазуға менің шамам келмейді, себебі мен «тәуіп» болуға дайындалып жүрген адам емеспін. Салған жерден осылай етіп хатты жазып отырғаным, 24.11.1951 жылы жазған хатыңа жауап жазып едім. Сол хатта мен өзім тиянақты ой бере алмай лағып бос сөздер жазып жіберіп ем. Соған ренжіп, болмаса көңіл қойып оқып, тартымды сөз болмаған соң жауап жазбай қойдың ғой, шамасы. Мен хатты жөндеп те жаза алмаймын, сондықтан да ойым тиянақсыз болып сорақылау шығады… Дүниемен ешқандай қатыс жоқ, газет-журналды қолға алмаймын. «Тек сабақта ертең сұрайды» деп қауіптенгенде ғана оқып болмаса, ауызды ашып, көзді жыпықтатып отырғаным. «Не мяса, не рыба» дегеннің кері келіп. «Сендерден хат арқылы бірдемеге барып аламын ба?» деп өмір тануға жәрдемдері тие ме десем, сен хат жазбайсың, Абдуалы жазса, Ленинградты мақтаулы болады, қайта-қайта бір сөзді мыжып жаза берсе, оқығың да келмейді екен. Одан да жалығып біттім. Тек шыным оқуға дым да ниетім басқа, сессия кезінде өліп-тіріліп оқып өткізіп кетпесем, басқа уақытта ешбір ашып қарағым келмейді…» деген мазмұндағы хатына Шерхан былай деп жауап қайтарған екен: «Қымбатты Әбуталіп! Хатыңды алдым, қуаныштымын. Рахмет. Мен туралы қате пікірдесің. Мен сендер сынды болашағы бір студент-жастар тұрмақ, Ө.М. сияқты қыз жігіттерін де жиі-жиі есіме түсіретін кездер болады. Сондықтан, ұмытты деп ойлауың шындық емес. Орынсыз жабылған жаланы жаным сүймейді. Хатыма жауап жазбады деуіңе шындықтың үлесі бар, бірақ, апта сайын хат жазысып тұрылсын деген заң жоқ. Кәзір жазып тұрмын, алдымда сенің хатың жатыр. «Мен хатты жөндеп те жаза білмеймін…» деген сөздерің бізді қара дегендей бадырайтып тұр. Амал жоқ, сөзді осы мәселеден бастауға тура келеді. Сен хатты жөндеп те емес, тіпті жаза білмейсің. Сөздерің көбі құлаған керегедей күйреп, қыйсайып, сөйлем құра алмай қыбы қашып-ақ тұр. Бұл сорақы кемшіліктерді жөндеу, жөндемеу өзіңнен. Көп оқу ­керек. Осымен байланысты мына сөздерің тағы еске түсті: «Дүниемен ешқандай қатыс жоқ ­газет-журналды қолға алмаймын». Біріншіден, осы сөйлемсымағыңның бірінші жартысында логикалық ой жоқ. Дүниемен ешқандай қатысы жоқ адам, өзінен-өзі белгілі, жер бетінде жоқ. Өзге студенттердің жөні басқа. Рас, кәзір «өмірде артта қалған» деген үш сөз қосылды әр жерде қолданылып жүр. (үш сөздің қосындысы деуім – бұл сөздер сөйлем емес, бастауышы жоқ). Сенің айтайын дегенің, осы болар. Онда өлекселігіңді мойындапсың. Екіншіден, газет-журнал қолға алмауың қайғылы, шүбә жоқ, мен үшін емес, сен үшін.

Cras cras semper cras sic evadit aetas.

Ертең, ертең, күнде ертеңсонымен өмір өткен».

Бұл хаттан тағы аңғаратын дүниеміз – МГУ-дің 2-курс студенті Шер­ханның философия пәніне тереңірек ­бойлауын, оның ішінде латын тіліндегі тұрақты сөз тіркестерін оқып, қойын дәптеріне түртіп жүруі және сол сөздерді достарына жолдау арқылы сауаттандыруы. Бұған Ленинградта білім алып жүрген Әбдуәлі сыныптасының 1953 жылдың 16 қаңтарында жазған хатындағы мына үзінді де дәйек болып тұрғандай: «…Шерхан, мен Д.Лондонды социалист деп дәлелдеген жоқ шығармын. Автордың социализм жолынан тайып кеткенін, яғный «түсінбегенін баяндағанмын. Дегенмен еңбегін бағалауым сол өзіңе жазғандай. Қатты ұнады. Мопассанды өзің айтқан соң оқымақшы болып едім, біздің кітапханада көрнекті еңбектері жоқ екен. Табу қыйындау…».

Анасына, бауырларына жазған хат алмасуларда да бауырмалдықты, жанашырлық ілтипат пен қамқорлықты сезінесің. ­Дегенмен, қай хатта да ­Шерхан Мұртазаның өз стилі бар. Жазуынан қатал тәртіп пен өз бойына алған үлкен жауапкершілік сезіледі. Барынша намысқа тырысқан жас талаптың мінезі байқалады. Ол кісінің еңбек жолын білмесең, тіпті мұғалімнің өзі жазған хаттар дерсің.

Шерхан хаттарының алғашқысы үйден жырақ кеткенде, апасы Айшаға жазылған. Онда Мәскеуге кеткеннен кейінгі анасынан алған «посылкасына» қуанышын жеткізіп, өз хабарын баяндапты:

«Москвадан сәлем! Апатайым! 29/ІХ-50 ж. Аман сау, оқып жатырмын денсаулығым жақсы, оқу да жақсы. Бүгін, 28 сентябрьде посылкелеріңізді алдым. Бәрі қалпында, бүлінбепті. Мені өте қуантқан тері көкірекше болды. Бұл жақта қанша дегенмен күн ызғарлы ғой. Апа, енді посылкенің онша керегі жоқ. Үйткені сіздерге қиын соғары құсайды, алыс жер болғандықтан көп ақша шығын болады. Өте керек болып қалған уақытта өзім хат саламын ғой. Елдің, өздеріңіздің әл-ақуалдарыңыз қалай, қысты қалай қарсы аласыздар? Мен дүниенің төрт бұрышынан түгел хат алып тұрамын, яғни атап айтқанда алматылық Өсерден т.б. жолдастардан, Латвиядағы Дүйсенбайдан, Ленинградтағы жолдастардан, Сибирде, Қытай шекарасында оқып жатқан жолдастардан, ал сіздерден өте сирек аламын, ол қалай? Ауылдың хал-жағдайын, жаңалығын айтып хат жазып беруге Қырекеңнің қолы тимей ме, хатты қанағаттандырып жазу Барысханның, Құрмаштардың т.б. қолынан келмей ме? Қаржаубайға ағалық рахметімді айтамын, аз күннің ішінде 2 хатын алдым. Әйнек апайдың, Шебелдің халдері қалай? Сәлем айтыңыздар. Қуанышбай қалай жүріп жатыр, Байбосын науқасынан айықты ма? Пашира апайға сәлем, Өсекең неге хат жазбайды? Басқа не айтамын, әзірге жаңалығым жоқ. Сау болыңыздар! Апа, мені уайымдамаңыз, тек аманшылық тілеп, қайратыңызға мініп жүре беріңіз!

«Апа! Бұл жақта қазақша кітап жоқ, сондықтан сағындым. Үйде менің кітаптарым көп болушы еді ғой, атап айтқанда «Ботагөз» деген кітапты Машанға айтып сол арқылы почтамен жіберулеріңізді өте сұранамын. Оған онша көп ақша да алмас. Ол посылкедей қиын емес. Жақсы қағазға орап, 2-3 кітап салуға болады. Шерхан Мұртазаұлы».

Хат 1950 жылдың 29 қыркүйегінде жазылған. Яғни анасы салып жіберген заттар Шерханның дәл туған күнінде қолына тиген екен. Әрине, «өткен заманның адамдары туған күнді тойламаған» дегенімізбен, алыстағы анасынан мұндай күні сый алған бала көңілі қандай болды екен?!

Жазушы Шерхан Мұртаза бір сұх­батында алдымен ақын болып танылғанын айтқан. Жалындаған жастық кезеңде ақын болмаған қазақ жоқ шығар. ­1949–1950 жылдардағы жазушының сақталған құжаттарында ғашықтық өлеңдерімен қатар, табиғатқа арнаған лирикалық төрт­таған жырлар, достық әзіл-әжуа өлеңдер, арнаулар да бар. Шерхан мен анасының жазысқан хаттарының арасында да өлең-хаттар кездеседі.

Анаға хат

Өрмелеп өзім ойнаған,

Алатаудай тым биік,

МГУ-ім – білім сарайы,

Төбесі көкке тұр тиіп.

Оқуым жақсы, денім сау,

Көңілім шат-шадыман.

Ішімдегі бір қаяу –

Ауылды, сені сағынам, – деген Шерханның хатына анасы Айша былай жауап қатқан екен:

Анадан хат

Жазыпсың хат МГУ-дің заңғарынан,

Ақ сүтімді емізген құлыншағым.

Мақтаныш, қуанышың аңғарылған,

Елде мен де қуанам, ұлым, соған.

«МГУ-ім Алатаудай биік» депсің,

Қадірлеп тасын сүйгін – о да анаң.

Білімің де үйіңдей биіктесін,

Кеуек болсаң нәрсе жоқ содан жаман.

Кейінгі заманда тілек дәптердің 2000 жылдары жастардың арасында сәнге айналғаны белгілі. Бұл да хат алмасудың бір түрі. Бірақ тілек дәптерлер сонау Шерхан Мұртазаның мектеп жасында, 1945–1950 жылдары да сән болғанын кім ойлаған?! Сондай дәптердің бірі Шерхан Мұртазаның жеке архивінде де сақ­талыпты. Дәп­тердің екінші беті Шерағамыздың қолмен жазылған мына шумақпен басталған:

«Алдымызда әлдеқандай заман бар,

Қатты қысып,

құшақтаймын мойныңнан.

Өсіп бірге, оқып білім алғандар,

Біз емеспек, шығармағың ойыңнан».

Ал сыртында: «Өмір – үлкен мектеп. Бұл дәптерді бұзықтығым үшін сыйлыққа алғанмын» деп естелік жазбасын қалды­рыпты.

Сақталған хаттардың ішінде төмендегі хат көзіме ерекше басылды. Ол – «теміржол генералы» атанған шежіреші, өлкетанушы Әбдуәлі Данайдың 1950 жылы жазған хаты. Көнекөз қария Шерхан Мұртазамен бірге Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы (бүгінде №5 Жамбыл атындағы мектеп-гимназия) мектеп-интернатта бірге білім алып, Шерағамыз дүниеден озғанға дейін достығы ажырамаған. Әбдуәліден келген хаттар жиырмаға жуық. Оның көбісін ­Ленинградта білім алып жүргенінде жазған екен. Солардың бірегейі – мына хат: «Алтын нұрлы еліңнен достық сәлем! Жамбыл қаласынан жалынды достық сәлемін жолдап отырған Әбдуәлі деп білерсің, Шерхан. Немене көптен бері хат салмай қойдың, әлде менің жазған хаттарым өзіңе жетпей жатыр ма? Бас себеп менен хат алмағаның шығар. Сенің хәліңді Кеңесбектен біліп, айдарлы ақ жүзіңді көріп (суреттен) қуанышқа бір кенелдім. Бұл жақта өзгеріс шамалы. Баяғы қалыбынан өзгерер емес. Өз тұрмыс халің, сабақ жағдайың қалай болып жатыр. Қанағаттанарлық па? Әрине, Отаны­мыздың бүлкілдеп соққан жүрегіңде көңілді – ақ шығар, егер жағдай болса. Мен баяғы жұмысымды ермек етіп жүрмін, әйтеуір. Саған жеткізер жаңалығым гор­ко­мол­дағы Қамбатыров Талас районына ауысты. Айсұлу, Мажит Хабибаттар ежелгі жұртында.

Адамзаттың қиялында шек жоқ екен, кейбір уақыттарда құйылжыған ойым шартарапқа самғап халықтап кетеді. Сол мезгілде оған кесір етер дәнеңе де жоқ сияқты. Кейде тұңғиыққа қалтқысыз батып тыпыршып барып аз тыныс шығарады. Әйтеуір шытырманы көп өмір екен. Біріне қызықсаң, екіншісінен түңілесің. Қуанышы мен күйініші қатар келіп отыратын сұм заман, қу дүние екен.

Хатты жиі салысып, пікір алысып қателеріміз болса түзеп, әдеби сөздерімізді безеп жазысып тұрысайық.

Менің қазіргі сенен өтінішім сол. Үйткені дүние майданына қатар от салысатын жас төлдерміз ғой біз. Саналарымыз да бірер жылдығы болмаса қатарлас-ақ өсер. Надан қазақ деген мен үшін ауыр тиер сөз арамызда жүрмес деп білем. Қолыңды қыстым. Сәлеммен досың Әбдуәлі. ­Жамбыл қаласы 19/12-1950 жыл». (Хатты талдамай-ақ, өзін бергенді жөн көрдім).

Әбдуәлі ақсақалды мен де көрдім. Сол баяғы облыстық архивтің Абай көшесінде орналасқан ғимаратындағы Мақұлбек ағайымның (Мақұлбек Рысдәулет) кабинетінде. Дербіс Қалабаев, Бошай деген би-болыстар туралы біршама мағлұматтар берді. Бір өзі – бір кітап дерсіз. Сол кездесуде ағайдың Данай ақсақалмен алғаш Шерағаның үйінде танысқанын білдім. Кейініректе ақсақалдың 85 жас ­мерейтойына орай Мақұлбек ағай мақала жазып, ол жерде Шерағаның диктофонға басып алған мына сөзін көрсетті: «Сендер Темірбек Қожакеевті «мық шеге» дейсіңдер. Ал біздің Әбдуәлі Данай «нақ шеге». Бойы кішкентай болғанымен, ойы терең азамат. Бұл кісі жастайынан уақытты бағалай білетін, айтқан уәдесінің үдесінен шығатын, нақтылықты сүйетін жан. Сондықтан да мен Әбдуәлі ­Данайды «нақ шеге» деймін. Екеуміз соғыстан кейінгі жылдары Әулиеатадағы Жамбыл атындағы мектепте бірге оқыдық. Сенің Қаратай Тұрысов деген көкең бәріміз бір бөлмеде жатып, бір табақтан ас ішкен жандармыз. 1950 жылы мектепті бітірдік. Әбдуәлі мен Қаратай мектепті күміс медальмен бітірді. Өмір бойы бір-бірімізден көз жазып қалған емеспіз. Оларды мен ұмыта алмаймын». Бұл – балалықтан бірге келе жатқан досы туралы жазушының жылы лебізі еді.

Ресми хат алмасуларының арасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2007 жылы оқырман ретінде жолдаған хаты сақталыпты. Ол жерде автор ­Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланып жүрген «Бір кем дүние» пәлсапалық шығармасын оқып жүргені туралы және онда қоғамның дамуы үшін айтылған өткір ойдың ашық жазылғанын құптайтынын жеткізген. Бұл – біздің қолымыздағы бір ғана хаттан мысал.

Ал 1998–2000 жылдары өзіне «нағыз» дос санаған «Зико, Жако, Иликомен» хат алмасуы тіпті бөлек әңгіме. Олар кімдер десеңіздер, Шерханның інісі Батырханның немерелері. Оларды нағыз дос деп, күнделіктерінің бірінде былай деп жазыпты: «Адамдардан түңілгенде елге барғым келеді. Үлкендеріне емес, сәбилер арасында: Жако, Илико, Әлішер, Зико, Алмастардың ортасында отырғым келеді. Нағыз достар солар. Бірақ үлкейгенде олар да бұзыла ма…». Оларға арнаған хаттарында қоғамға бейімдеу, тәрбие беру, жұмбақ жазып, тапсырмалар жолдау арқылы ой қозғаған. Әдемі ашықхаттар (открыткалар) таңдап, оны жазған кезімен байланыстырып отырған. Атасының ашықхаттарын көзіндей сақтап жүрген Зиба Мұртаза атасы олардың сауатын ашып, кітап оқуға баулығанын, хат жазуды үйреткенін тебірене еске алады.

Хат жазу Шерхан Мұртазаның қоғамдық өмірінде де үлкен рөл атқарды. Шерхан шығармашылығының айнымас бөлігіне айналып, жаңа жанрды тудырды. «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен тыңда!» деген Камал Смайыловпен циклді ой-толғау хаттары қалың оқырманға ашық түрде жол тартып, кітап болып та басылып шықты. Онда қозғалған мәселелер әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпады. Ел болашағы, әдебиет, қоғам тынысы туралы орамды ойларын қағаз бетіне түсіріп, бүгінгі күнге өсиет етті. Автордың өзі өмірден өткенімен, ақыл хаттары еліміз үшін мәңгі мұраға айналды.

Назым ҚОЖАМАРОВА,

Шерхан Мұртаза атындағы

руханият және тарихтану орталығының

бөлім меңгерушісі

2452 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9363

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7420

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5164

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4544

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4509

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4467

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4204

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4195

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы