• Қоғам
  • 26 Мамыр, 2022

5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады

Биыл пайдаланылмай жатқан 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді.
– Министрліктің 2021 жылғы 26 шілдедегі №223 бұйрығымен «жаппай қауіп» ұғымын айқындау жө­ніндегі ұсынымдар бекітілді. Ал 2022 жылғы 4 ма­мыр­дағы №139 бұйрыққа сәйкес, «жаппай қауіп» аясында жалпы алаңы 5,8 млн гектарды құрайтын 1 901 шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр, – деді Әбілхайыр Тамабек. 
Вице-министрдің атап өтуінше, жер пайдаланушыларды экономикалық мәжбүрлеуге жағдай жасау үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық ставкасы 10 еседен 20 есеге ұлғайтылды. 
– Жоғарыда аталған шараларды ескере отырып, биыл 5 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтаруды ­жоспарлап отырмыз. Бұл ретте пайдаланылмайтын және заңнаманы бұзып берілген жерлерді алып қою – бір күннің жұмысы еместігін атап өтемін. Өйткені Конституцияның және Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес меншік құқығы қорғалған. Ал алып қою процесі тек сот арқылы жүзеге асады», – деді ол.
Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, елімізде 29 млн гектар жер деградацияға ұшыраған. 
– Бізде гидрогеологиялық мелиоративтік экспедиция бар. Бұрын олар еліміздің 4 өңірінде ғана болған еді. Биылдан бастап экспедицияның ауқымын кеңейтіп жатырмыз, барлық өңірлерде жұмыс жүреді. Олар су құрамын, жер асты суларының көтерілу деңгейін, топырақтың сортаңдануын, тұздануын анық­тап, мониторинг жасайды, бағасын береді. Содан кейін уәкілетті органдарға іс-шара қабылдау үшін жібереді. Болашақта жеріне дұрыс қарамаған, тоз­дырып жіберген адамдарға, әкімдіктерге шара қабыл­дауды қарастырып отырмыз, – деді Әбілхайыр Тамабек.

Еркін ҚАЛДАН

1130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы