• Әдебиет
  • 21 Шілде, 2022

АУЫЛДАН МЕН КЕТКЕЛІ ҚАНША ЗАМАН?

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН

Ассалаумағалейкүм, 
Алатау, қадірмендім.
Шыңдар неге алады ауыр демін?
Шөктің бе, әлде уақыт салмағынан?
Үміт үзіп біржола алдағыдан.
Әлі жарқын заманның туады ері,
Мызғыма, сен, ғасырлар куәгері.

Таңғы жаңбыр

Таң таяу, төпеп жауын құйып тұрды,

Ағаштар құшақ жайып, иық бүрді.

Саусағы көктің нәзік оятып жүр,

Қытықтап бүйірінен бұйық қырды.

 

Түбінде түз толғауын бір құрайды,

Балапан жусан исі бұрқырайды.

Байқаусыз енесінен адасты ма?

Тебінде титтей құлын шырқырайды.

Қызық-ау табиғаттың малшынғаны,

Не үшін томсарады талшын пәлі?

Аспанға қол таңбасын қалдырғандай,

Найзағай шақпақ шағып әлсін-әлі.

 

Ой оты сөне жаздап маздағанда,

Зығырдан қайнағаны азба қанда?

Сезімді алақұйын сапырады,

Шыбын жан шығып кете жаздағанда.

 

Қайтседе жасып жігер жасымады,

Жандағы «бүлік» қашан басылады?

Топ торғай қақ суына бас қойыпты,

Енді күн көп ұзамай ашылады.

 

Тасты тес, тамшы, сенде толас таппа,

Рухтың рауаны тола шақта.

Жау, жаңбыр!

Тазарт қоқыс дүниені,

Баруға жарқын бетпен болашаққа.

 

Жетімтау

Тәңіріңнің тұғырындай Бұланай,

Әлдеқайда биік заңғар қасыңда.

Көзайым бол көріскенде жыламай,

Балалығым ұстап кетер расында.

 

Сырт көз сені төбешіктей көреді,

Зілзалада қайырлаған кемедей.

Қаратаудың қойнындағы өр еді,

Дімкәс болып, дәру тапқан денедей.

 

Тағдыр жатыр сенің әрбір тасыңда,

Аяғымды сәл басуға аяймын.

Бәр Жетімтау алтын қайнар басыңда

Сейіледі көңілдегі қаяу мұң.

 

Жазатайым желкен тартса алыспен,

Ел қайғысы айналса егер мұң-сазға.

Күнді құшып, тілдесетін ғарышпен,

Асқарпаздар армандайтын шың аз ба?

 

Мекендейтін мұз балықтар текті тек,

Баурың бүтін, алашабыр басың бұлт.

Тұрса мейлі Тәңіртаулар көк тіреп,

Ерекшесің көзге оттай басылып.

 

Жүрсек-тағы аласұрып, аһ ұрып,

Қызықтырар шыңда өскен шынар тік.

Бас айналар биіктіктер шақырып,

Тұрамыз біз неге көкке құмартып?!

 

Жайтартқыш

Тағы да таң тұлданып бөлек атты,

Шала бықсып әлі де жалын бойда.

Жалау етіп жүрегін келе жатты,

Жазға салым жас шопан қалың ойда...

 

Қабақ түйіп сәскеде торлады бұлт,

Күн күркіреп жай оғы осқылады.

Азан-қазан қарбалас орнады кілт,

Жымда қоян салбырап қос құлағы.

 

Солыпты гүл салмастан қауызына,

Мұрша бермей көбелек билеуіне.

Қаздияды саршұнақ ін аузында,

Құмырсқалар тығылып илеуіне.

 

Жүгірген аң, ұшқан құс байқалмайды,

Гүжілдейді аралар отаршасы.

Бел-белесте қара жол қайқаңдайды,

Томсырайып даланың томар, тасы.

 

Көз тоймайды қыр қызық тола жайға,

Шікірейді шәниіп сонша шілік.

Қайтпаса ма, қайтса ма қоражайға,

Жайылмай жүр қойлары онша емініп.

 

Осындайда әркімді ой қаузамай ма?

Жамиғат пен табиғат жарасуда.

...Тарту күшін білдірмей найзағайға,

Тұрған қандай жер мен көк арасында.

 

Додагер

Ауылдан мен кеткелі қанша заман,

Отқа қақпан, жанымды боршалағам,

Баз біреуге болысып өмір өзі,

Бермеді рай безеріп онша маған.

Ауылдан мен кеткелі қанша заман.

 

Арғымағы арманның арымады,

Қайрат тасып, қайтпапты қарым әлі.

Неге Қамбар Атаның түлігіне,

Махаббатым айрықша дарымады.

Арғымағы орманның арымады.

 

...Білеу-білеу бұлшық ет айқасқанда,

Бұрқырайды тектілік жай жас қанда.

Азаматтар сарт та сұрт ұстасқанда,

Шығарғандай болады айды аспанға,

Білеу-білеу бұлшық ет айқасқанда.

 

Қай қиырға бастайды бұндағы жол?

Жетімтаудың жері сор, құмдары мол.

Көздің жасын жасырып оңашада

Қаратаудың бұлттары бұлғады қол.

Қай қиырға бастайды бұндағы жол?

 

Гүл таратып хош иіс үй бағында,

Күй рухы бар қобыз қияғында

Көкпар кетті ер жігіт тақымында,

Ұшқын ұрлап тұлпарлар тұяғында.

Гүл таратып хош иіс үй бағында.

 

Ауылдан мен кеткелі қанша заман,

Отқа қақтап жанымды боршалағам.

Баз біреуге болысып өмір өзі,

Бермеді рай безеріп онша маған.

Ауылдан мен кеткелі канша заман.

***

Мені, бәлкім, зайғы заман биледі,

Ада түгіл ол темірді иледі.

Қолбала етіп дедектетіп қаңбақтай,

Білдіреді бұл күрделі күй нені?

 

Тағдыр мені тарпаңдарға теліген,

Берді маған алдарқатып бөліп ен.

Жүруші едім құлдыраңдап құлындай,

Арыстанды – Қарабастың желімен.

 

Бақтың құсы, қонбай қойдың қолыма,

Гүл біткендей қиыр-шиыр жолыма.

Өрде өкініп, ойда опынып жүргенде,

Қаратпады мезгіл оң мен солыма.

 

Мен байғұсты беттен ешкім қақпады,

Көп бәледен Құдай өзі сақтады.

Өгей өмір етті мені әуейі,

Іңкәр қылып бұлбұл үні бақтағы.

 

Алағаржақ көңілім неге пәс бүгін,

Нарға да ауыр батпан-батпан басты мұң.

Жетімтаудың жауқазыны жайқалып,

Жалт-жұлт етіп қайда қалды жастығым?!

 

Қасқырға

Тыныштық, сені ешкім бұзбайды,

Туғандай сындарлы енді шақ.

Ауылда жүрегім сыздайды,

Ұлығым келеді сен құсап.

 

Әлдекім қыстығып жылады,

Білмеппіз ұшқанын бақ қандай.

Тау шөгіп, тартылып бұлағы,

Аңырап жер мұңға батқандай.

 

Не жетсін беймарал жатқанға,

Ел-жұрттың еңбегі – еш, тұзы – сор.

Тұманды түріп таң атқанда,

Болмайды ұлы мен қызы қор.

 

Сандалып қайтеді қол сонда?

Тіршілік қалдырмай түйір ілік.

Мен адам, сен жыртқыш болсаңда

Тұр босқа қара бұлт үйіріліп.

 

Сынайды бұл тағдыр қанша рет,

Өткендей еді кез жаманы.

Неге мен барамын әлсіреп,

Қайтқандай қасқырлар заманы!..

 

Мұқағалиға

Үлкен қолқам бар менің бұл өмірге,

Құлпыр, қуар, тамыр тарт, гүлде бірге.

Ұзарт қыран ғұмырын мейілінше,

Бермесең де оларға жүлде бірде.

 

Уысынан босатпай қала мекен,

Сағындырмай қоятын дала ма екен?

Дәм-тұзымыз, еһ қандай жарасатын,

Айырылдым мен ағадан алабөтен.

 

Ұлы өзеннің бағына егер болса мұзда,

Жұмбақ еді көп кәрі-жасымызға.

Таудың өзі сықылды көрінетін,

Хан батырдай тұрғанда қасымызда.

 

Омырауын қан сорпа бояп термен,

Сәйгүліктер бәйгеден саяқ келген.

Оралмайды ол күркіреп ортамызға,

Қарасазда қаншама той өткенмен.

 

Қайтып қиып қоямыз қырды тұл ғып,

Қатпар-қатпар қойынға сырды тығып,

Құлаққа ұрған танадай неге жым-жырт,

Білген бар ма тау неге тұрды мүлгіп?!.

 

Күнбағыстар

Мөлтек бақша онда өсіп тұратын,

Қауын-қарбыз, жүгері һәм күнбағыс.

Дихан тұсап жоңышқаға құр атын,

Ақабаның суыменен тынды ағыс.

 

Уақыт қуып, кетті қаңбақ сайына,

Не болса да құлақ естіп, көз көрді.

Қалалықпыз бәрі қалып жайына,

Өмір өтіп үсті-үстіне өзгерді.

 

Мен өзгердім, сен өзгердің, ол дағы

Ақ жем етшіл қыран құстай қолдағы.

Өкінішке діттегендей болмады,

Жан ауыртып ауыр ойлар толғағы.

 

Жағажайда жас жеткіншек жетілді,

Өмір-өзен тоқтамастан ағады.

Біздің жылпос жағымпаздар секілді...

Күнбағыстар күн қабағын бағады.

***

Түйіліп тұр біртүрлі күн қабағы,

Ұйысыпты бұлттар жүн жабағы.

Көңіл күпті, уақыт беймазалау,

Шыркөбелек жарықшақ мұң табағы.

 

Қысы жылы, жаз жайлы тәңірдің бұл,

Жұпар шашып, өседі көңілге гүл.

Шайдай болып ашылар көк әлемі,

Ақ жол бола бермейді өмірде кіл.

 

Түсіріпті төңірек ұнжырғасын,

(Әлдекімнің қайтеміз жүн-жұрқасын?)

Сәл-пәл желдің лебіне емексіген

Зипа терек іздейді тұнжыр басын.

 

Таңғы дауыс қамығып жатыр әлі,

Еліреді еменнің жапырағы.

Құлазыған тоғайда жалғыз көкек,

Қайта-қайта өз атын шақырады.

 

Ақтұңғиық

Тағат тауып тыныштық түнді ұйытқан,

Көкжиектен көрінді күн қиықтан.

Сақтанады судағы суретіне

Ақтұңғиық қарайды тұңғиықтан.

 

Таңсық бәрі сағынып нұр күтеді,

Шыбыққа да шуақпен шыр бітеді.

Салқын сабат айдында асыр салып,

Ақ сазанды аққулар үркітеді.

 

Құмға қарай сыңсытып нөпір шиді,

Сор таңдайы тақырдың кеберсиді.

Сезінді ме келетін дауыл демін,

Айдың үсті мап-майда көпіршиді.

 

Ауыр кезіп аулаққа аң құлайды,

Арғы беттен ақ самал аңқылдайды,

Байғұс сонша беймаза күйге түсіп,

Шағым айтып шағала шаңқылдайды.

 

Адамдарға талбесік жер беті еді,

Төрге оздырып өмірді өрлетеді.

Алаулаған ақ жақұт, ақ тұңғиық,

Сені сәуле сұлулық тербетеді.

 

Көкірегіме күй толтыр күмбірлеген,

Ештеңеге мен басқа ділтір емен.

Көрген сайын өзіңді түседі еске,

Сен сықылды бір ару үлбіреген.

 

Құстар менен гүлдердің арасында,

Жан бітіріп жататын қара суға.

Ақтұңғиық, біз болсақ жан тұңғиық

Болар ма екен сендермен жарасуға?

 

Бірімізбен біріміз қарасуға,

Ғашық болып, қауышып тарасуға.

Жалғыздықтан жүрегім жабырқайды,

Тіршілікте тап болып тар асуға.

 

*Ақтұңғиық – лотос

1795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы